Көкшетауда қоғам арасында үлкен резонанс тудырған Жаңа жыл қарсаңындағы жүкті әйелді ажал аузынан арашалап қалу мүмкін болған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ақылбеков мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ана өлімі: басқарма басшысы жүкті әйелді өлімнен аман алып қалуға болатынын мойындады
878
оқылды

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыстың бірнеше медициналық ұйымдарының бірінші басшылары тәртіптік жауапқа тартылған. 

Жаңа жылға бір апта қалғанда мен барлық көрсеткіштер бойынша жағдайдың қалыпты болғаны туралы есеп бергенмін. Алайда, аталған қайғылы оқиға бұған толықтай кері әсер етті.  Мәселе көрсеткіште емес, біз уыздай жап-жас екі баланың анасынан айырылып қалдық. Олардың бірі аутизммен ауырады. Бүтін бір отбасы анасыз қалды. Қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде тексеріс жүргізілді. Облыстық көпбейінді аурухананың, қалалық көпбейінді аурухананың бірінші басшылары, жедел медициналық көмек стансасының бас дәрігері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл, әрине жеткіліксіз. Сондықтан алдын ала тексеріс министрлік деңгейінде де жүргізілді. Бір ғана нәрсе айта аламын. Қайтыс болған әйелді 100 пайыз өлімнен құтқаруға мүмкіндік бар еді. Қайғылы оқиғаға медициналық қызметкерлер жол берген, – дейді Нұрлан Ақылбеков. 

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақыттта сот-медициналық сараптамасы жүргізіле бастаған. Ол өлім себебін анықтағаннан кейін денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде барлық жағдайлар ескеріліп талдау жүргізілмек. 

Біз өз деңгейімізде алдын ала талдау жүргіздік. Бұл медициналық ұйымдар арасында медициналық көмек көрсетуде өзара сабақтастықтың болмауы кері ықпалын тигізгенін көрсетті. Ең сорақысы бұл барлық медициналық көмек беруге мүмкіндігі бар ірі көпбейінді облыстық ауруханалар орналасқан облыс орталығында болды. Біздің көпбейінді аурухана жыл бойы шалғай аудандардан ауыр жағдайдағы әйелдерді әкелгенде олардың өмірі мен денсаулығы үшін көп күш жұмсағанын да атап кеткен жөн. Бірақ осы жағдайда облыстық аурухана деңгейінде тиісті түрде жұмыс жүргізілмегені өкінішті, – деп толықтырды басқарма басшысы Нұрлан Ақылбеков. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы