Опырылған жерден 110 мыңнан астам тонна топырақ пен тау жыныстары шығарылды.
Майқайың кенішіндегі автобусты іздестіруге қосымша техника жұмылдырылды
1,363
оқылды

Павлодар облысындағы Майқайың кеніші аумағында жоғалып кеткен автобусты іздестіруге қосымша техника жұмылдырылды. Салмағы 3,5 тонналық шағын экскаватор ойық түбінде қазу жұмыстарын жүргізеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары шұңқырдың түбінде маркшейдер рейкасын орнату және автобустың болжамды орналасқан жерін сигналдық лентамен белгілеу бойынша жұмыстарды жүргізді.

«Техниканың өтуі үшін бағаналы жолды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жалпы опырылған жерден 110 мыңнан астам тонна топырақ пен тау жыныстары шығарылды. Сонымен қатар, жазатайым оқиғаның себептерін тергеу жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда. Комиссия мүшелері ойықтың үстіңгі қабаттарындағы опырылу әсерін анықтау мақсатында кеніштің астына түсіп, зерделеп шықты», – деп хабарлады өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінен.

Автобусты іздеу жұмыстарына барлығы 142 адам, 50 техника, 3 кинологиялық топ және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.