Зардап шеккендер полицияға арыз жазды.
Банк менеджері 47 адамның атынан кредит алған
Фото: polisia.kz
5,690
оқылды

Банк менеджері тұрғындардың атынан несие рәсімдеп, 21 миллион теңгені қалтасына басқан. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бір топ аудан тұрғындары арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, олардың атына бейтаныс біреу заңсыз несие рәсімдегенін жеткізді. 

Аталған фактіні полицейлер «Алаяқтық» бабы бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел іздеуге кіріскен. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді.

31 жастағы күдікті банк қызметкері болып жұмыс істеп жүрген уақытында мәселемен алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланып, 70 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында несие рәсімдеп отырған. Осылайша, 47 адамды алдап, ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Келтірілген шығын көлемі – 21 миллион теңге.

Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.