Мәтін қазіргі заманда ақпараттық соғыстың негізгі құралына айналды.
Гүлшат Бақытжанқызы: 1930 жылдары қазақ аудармасы қатты манипуляцияға ұшырады
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев
6,571
оқылды

Сондықтан көп жағдайда мәтінге саяси тұрғыдан өзгерту енгізіліп, қиянат жасалатыны жасырын емес. Бұл үдеріс осы ғасырға дейін жалғасып келді, жалғасып та жатыр. «Әсіресе КСРО-ның 1930 жылдардағы аударма саясатында осы құбылыс қатты белең алды. Ал Алаш қайраткерлері сол аралыққа дейін шетелдік жазушылардан аударған шығармаларды ұлттық үлгіге бейімдеді», – дейді бүгінгі спикеріміз. Осы және өзге де тақырыпты талқылау үшін жақында ғана Англиядағы Абердин университетінде аударма саласы бойынша доктор атанған Гүлшат Бақытжанқызымен сұхбаттастық. Ендеше сол әңгімемізді қадірлі оқырман қауымның назарына ұсынамыз!

– Гүлшат ханым, ең алдымен, сізді жақында ғана Ұлыбританияның Абердин университетіндегі оқуыңызды тәмамдап, аударма саласы бойынша доктор атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Енді әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастайықшы. Шетелдегі жиған-терген тәжірибеңіз бен қорғаған ғылыми тақырыбыңыз жайлы айтсаңыз...

– Көп рақмет! Шетелде білім алу барысында 3 бағыт бойынша терең жұмыс істедім деп айта аламын. 1) Аударма саласындағы теориялар мен методологияларды зерттедім; 2) Аударма мәтіндерге ықпал ететін идеологиялық, саяси, әлеуметтік факторларды анықтадым; 3) Осы аталған факторлардың мәтінге ықпалын 1920-1930 жылдар аралығында қазақ тіліне аударылған мәтіндер негізінде көрсетіп, жұмыс жаздым.

Зерттеу билік ауысып жатқан кезең, яғни Алаш қозғалысы мен коммунистік биліктің Қазақ қоғамына кірігу кезеңін қамтығандықтан, екі билік орталықтарының (ресми және бейресми) қоғамды өз ықпалына алу үшін күресуі қалай жүргенін аударма мәтіндер мысалында көрсетті. Ықпалға алу, қоғам санасын билеу үшін қандай идеология компоненттерін қолданғаны және ол элементтердің әдеби аударма саласына қалай кірігіп кететінінің механизмі көрсетілді. Бұл бір жағынан, тоталитарлық режимнің табиғатын ашады. Оның Қазақстан жағдайында қандай амал-тәсілдерге сүйенгені, жұмыс стилінің қандай болғанын аударма мәтіндер негізінде дәлелдеп береді.

Осы мақсатта екі билік орталықтарының (ресми және бейресми) Алаш қозғалысы мен коммунистік партияның идеологиясы, оның компоненттері анықталды. Содан соң барып, оларды қоғам салаларына (біздің жағдайымызда аударма, әдебиет салалары) кіріктіру үшін қандай іс-әрекеттер жүзеге асқаны анықталды. Мысалы, екі түрлі идеологияның (Алаш және коммунистік) әдебиет пен аударма салаларында орнықтырған нормалары нақтыланды. Содан соң, олар әдеби аударма мәтіндердегі өзгеріске түскен тұстармен салыстырылды. Идеологиялық әсерлер нақты көрінді. Теория бойынша, аудармада идеологиялық әсерлер шетел авторының имиджіне қатты ықпал етеді.

– Ал Алаш қозғалысының аударма саласында ескерген талаптары болды ма?

– Әрине, Алаш қозғалысының аударма саласында талап еткен нормалары болды. Ол мыналар: бірінші талап – қазақ тілінің тазалығын сақтау (А. Байтұрсынұлы жасаған грамматикалық нормаларды сақтау және қазақ тілінің мүмкіндігін барынша пайдалану). Бұл норма – А.Байтұрсынұлы еңбегінің канон болуына ықпал етуші факторлардың бірі. Екіншісі – мәтінді қазақ оқырманының контекстіне бейімдеу. Үшіншісі – аудармалардың тілі көркем болуы (эпос, жыр тілінің өрнектері мен байлығы жоғалмай, прозаға кіріктіру мақсаты көзделді). Ең соңында мәтіннің оқырманға түсінікті болуы талап етілді (бұл талап аударма мәтіндерге енгізілген идеологиялық ақпаратты қазақ оқырманына жылдам тарату қажетінен туындады).

– Аталған нормалар қайдан шықты?

– Алаш кезеңінде аударма туралы жазылған 16 мақаланың негізінде шығарылды. Олардың он екісі Ә.Бөкейханға, екеуі Ж.Аймауытұлына және екеуі М.Әуезовке тиесілі. Ол кезде саяси ақпарат көзі – публицистика, әдебиет және аударма мәтіндер болатын. Алаш қозғалысы идеологиясының бір компоненті – қазақ тілін орыс, татар тілдерінің ықпалынан арылтып, салалық тілі ретінде қалыптастыру және дамыту бағытына орай туды. Өйткені олардың түсінігінше, тілмен бірге барлық мәдени қабаттар жоғалады. Демек мәдени капитал жоғалатын еді. Ал орыс пен татар тілдері арқылы біз империяға бағынышты ететін білім алып, ұлттық кімдігімізден айырылатын едік.

«Қазақ» және «Айқап» мерзімді басылымдары редакциясының пікірінше, қазақ тілін сақтау, қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамыту ұлттық кімдіктің негізін құрауы керек еді. А.Байтұрсынұлы ("Орынбор, 10-ақпан" мақаласы, Қазақ газеті, N2) халықтың сақталуының, жойылып кетпеуінің негізгі шарты – оның тілі дей отырып, қазақ халқы ұлт ретінде сақталсын десек, күнделікті нанымызбен бірге тілімізді де сақтауды ойлауымыз керек екенін осы мақалада түсіндіреді. Оның пікірінше, тіліміздің қазіргі күйі өзгермесе, жойылатынын атап айтады. А.Байтұрсынұлы тілдің қазіргі күйі деп қазақ тілінің әлеуметтік өмірден шеттетіле бастағанын айтқан. Оған келесі пікірді келтірсек, мағынасы түсінікті болады. Алаш қозғалысы өкілдері мұсылман және орыс университеттерін бітірген студенттер екі тілде сөйлейтін екі түрлі халықтың өкілдеріне ұқсайтынын айтқан (1913 жылы Троицк, Семей, Қарқаралы, Орск, Қызылжар медреселерінде 10 мыңнан астам қазақ студенті оқыды) (А. Жанталин, "Медреседен оқып шыққан шәкірттерімізде не болашақ", Қазақ газеті, N1, 2-ақпан). Мұсылман медреселерінде оқитын қазақтар әдеби тіл деп татар, араб, парсы тілдерін араластырған. Яғни сол кездегі жағдайда неғұрлым бөтен сөздер қолданылса, тіл соғұрлым сауатты деген пікір сіңді. Олар таза қазақ тілінің сөздік қорын пайдаланбады да, кириллицада жазды. Кейін олар қазақ бастауыш мектептерінде молда, мұғалім болды.

– Тағы қандай мәселе айтылды?

– А.Байтұрсынұлы ("Орынбор,10-ақпан" мақаласы, Қазақ газеті, N2) қазақ оқығандарының алғашында қазақша жазуды ұят санайтынын, бұлай жалғасса қазақша сөйлеу ұят деген түсінік қалыптасатынын, ал бұл жалғаса берсе тіл шеттетіліп қалатынын айтты. Газетіміздің атауы осыған байланысты "Қазақ" деп аталады және ол қазақылықты (ұлттық кімдікті) сақтауға бағытталған, ал оны сақтап қалу қазақ аты мен тілі өміріміздің бір бөлшегі болып қала берсе ғана мүмкін деп жазды (сонда).

Өз кезегінде "Қазақ" таза қазақ тілін қолданатын бірден-бір газет болды. Байтұрсынұлының өзі реформалаған араб графикасына негізделген әліпбимен жарық көрді. Газеттің алғашқы сандарының бірінде ол ("Орынбор,10-ақпан" мақаласы, Қазақ газеті, N2) газеттің таза, қарапайым қазақшасы оның халыққа түсінікті және жақын болуын көздеуден дейді. Осыған орай ол  қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық жүйелерін зерттеп, қазақ әліпбиін жүйелеу, жеңілдету жұмыстарын жүргізді. Оның шығармашылығының маңызды қыры – жазба қазақ тілін қажетсіз және жат сөздерден, сондай-ақ басқа тілдердің синтаксистік әсерінен арылту әрекеті.

– Алаш қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймауытұлы кезінде Джек Лондонның да біраз шығармасын аударды. Ал Дж. Лондонның сол кездегі саяси көзқарасына қатысты КСРО-да оны социалист, коммунист ретінде қабылдау басым болған сияқты. Сондықтан зерттеушілер оның еңбектері орыс тіліне көбірек аударылғанын айтады. Сіздіңше, дәл осы Джек Лондонның сол кезеңдердегі саяси көзқарасы шығармаларындада көрініс тапты ма? Егер көрініс тапса, ол қазақ оқырманын қалай жетті?

– Жалпы идеология компоненттері мәтінге дискурс ретінде қатты ықпал етеді. Жүсіпбек Аймауытұлы – Джек Лондонды алғаш рет қазақшаға аударған адам. Ол оның екі әңгімесін 1925 және 1927 жылдары аударып жариялаған.

Осыған байланысты, Джек Лондоннан аударылған мәтіндер Алаш идеологиясының компоненттеріне бейімделіп, өзгертілген. Сол сияқты өзіндік идеология компоненттері коммунистерде де дамыды әрі мәтін құрылымына енгізілді. Коммунистік партияның аудармаларға енгізген нормалары оның қазақ қоғамына, соның ішінде әдебиет, аударма субсистемаларына кіріккен 1927 жылдан бастап жүзеге асты. Осы екі схема (Алаш идеологиясы мен аудармалар және коммунистік партия идеологиясы мен аудармалар) бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде қазақ әдебиетіне, оқырмандарға Джек Лондонның екі түрлі имиджі таныстырылды. Біріншісінде (Алаш Қозғалысы кезеңінде) Алашшыл образды жазушы болып келсе; екіншісінде коммунист жазушы образында келген.

Бірінші схема бойынша, Дж.Лондон қазақша таза және жатық сөйлейді, қазақ оқырманына таныс батырлық жыры тақырыптарында, білімге ұмтылу, жер мәселесі, «ояну» мәселесі туралы сөз қозғаған (Жүсіпбек Аймауытұлы, Тұрағұл Абайұлы аудармаларында) және оқырманға жанр, тіл қарапайымдығы, түсініктер беріліп жатық аударылғаны себепті тез сіңсе, коммунистік кезеңде ол автор ретінде байлардың меселін қайтарушы коммунист тақырыбын көтерген, қазақшасы орыс тілінің грамматикалық ережелеріне бағындырылған, арасында орысша сөздер кіріктірілген аударма болып шыққан.

– Демек оны социалист жазушы дей алмаймыз ғой?

– Жалпы Дж. Лондон тек социалистік көзқарастағы жазушы болмаған. Оның социализм туралы көзқарасын бір түйінмен айтсақ: ол социализмді адамдардың барлығына ТЕҢ ҚҰҚЫҚТАР әкелетін жүйе деп ұқты. Шығармасын да сол идеямен жазды. Оның социализм туралы көзқарасы Маркс пен Энгельс айтқан таза социализм еді. Социализмді жақтаған осы көзқарасына байланысты оны кеңестік коммунистер өзіне «меншіктеп» алды. «Меншіктеп» алды дейтініміз – аударма мәтіндердегі өзгерістер мен Лондон шығармаларының барлығына дерлік монополист сыншылардың түсініктемелер жазуы осыны көрсетеді. Ал түсініктемелерде Лондонның шығармашылығында индивидуализмнің (социализмге қарама-қайшы көзқарас), сонымен қатар капиталистік көзқарастардың да болғаны туралы кеңінен жазбаған. Жай ғана, оларды капиталистік қоғамда көп өмір сүргеннен жазушының «жолдан тайған кей кездері» ретінде сипаттайды.    Ал фактілерге қарасақ, кеңестік кезеңде ешбір ұлт адам құқығы, тілі, мәдениеті жағынан ешқашан тең болмады. Орыс тіліне латентті басымдық беріліп, қазақ тілінің заңдары зорлыққа ұшырады (Э. Сүлейменова, 2010, Rusifikaciya I kazakhizaciya: kak yazykovaya gomogenizaciya mnogoyazychnogo Kazakhstana’ Russian Language Journal, No60, pp. 229-252). Сондықтан кеңестік кезеңде шын социализм теориясының негізі болатын теңдік принципі ешқашан жүзеге асқан жоқ.     

–  Жалпы Алаш кезеңіндегі аударма саласы несімен ерекшеленеді, несімен құнды?

– Жоғарыдағы контекске қарасақ, Алаш кезеңінде қалыптасқан аударма нормалары – (тілдегі сөздік қордың барынша қолданылуы, мәтіндер қазақ тілінің заңдарына сәйкес болу нормасының трендке айналуы) біздің дамуымызға атсалысатын нормалар. Ол жерде мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі және оның мәдени капиталын ұстап тұрған тілінің дамуына жағдай жасайтын нәрселер қамтылған. Атап айтқанда, оның сақталуы мен қолданыс салаларының кеңейуі, яғни модернизациялануы негізгі мақсат болды. Өзіңіз білетіндей, Алаш Қозғалысы Бағдарламасының басты пункттерінің бірі – ана тілімізде білім беру болды. Ол үшін қазақ тілін сол салаға кіріктіру керек еді. Осыған орай оның тазалығы, ережелері, мол потенциалын қолдану мақсат етілді. Ахмет Байтұрсынұлы осы идеологияға сәйкес қазақ тілінің ережелерін реформалады, ресми бекітіп берді. Оның «Оқу құралы» (7 рет қайта басылған) мен «Тіл құралы» (6 рет қайта басылған) қазақ мектептерінің негізгі оқулығы болып, тұтас бір кезең буынын елге пайдалы, яғни мемлекетті өзіңнің «кімдігіңді сақтау» идеологиясында тәрбиелеп берді. Ол нормалар бізге сонысымен пайдалы. Жалпы әр мәдениет аударманы өзінің жүйесіне, идеологиясына сәйкес жасайды. Ешбір тәуелсіз, дамыған мемлекет өзінің ұлттық кімдігіне зиян келтіретін нормалар қалыптастырмайды. Өкінішке қарай, осы  өз кімдігімізді қолдайтын нормалар коммунистік партияның орыс тіліне басымдық беру саясаты кесірінен  жойылып кетті.

–  Енді сіздің зерттеуіңіздің негізгі мәнін сөз қылсақ деп едім. КСРО-ның 30 жылдардағы әдебиет пен аударма саласындағы ұстанған саясаты қалай жүргізілді? Дәлірек айтсақ, қазақ аудармасы бұдан қандай зардап шекті?

– Коммунистік идеология бойынша, әрине, біріншіден, барлық образдар тек коммунистің «мықты, мызғымас, супермән» тұлғасын қалыптастыруы керек болды (Ленин «Партийная организация и партийная литература» атты 1905 жылы шыққан мақаласында жаңа коммунистік әдебиетте жаңа образ жасалуы керек және ол партиялық әдебиет пен образ болуға тиіс десе, Сталин әдебиетте қолданылатын метод тек біреу – социалистік реализм болуға тиіс деді); Екіншіден, орыс тілін негізгі ету арқылы барлық «кіші, бауырлас» ұлттарды орыстандыру үшін ортақ мәдени капитал қалыптастыру керек болды (бұл  үшін кириллицаға көшіртті, төте жазумен шыққан білім қорынан айырды, қазақ тілінің фонетикалық заңдарына кереғар орыс тілі дыбыстары мен жалғаулары енгізіліп, терминдер толығымен орыс тілі арқылы кіріктірілді (Isaev, M.I. (1978). O yazykah naroodv SSSR. Moskva: Nauka; Э. Сүлейменова, 2010, Rusifikaciya I kazakhizaciya: kak yazykovaya gomogenizaciya mnogoyazychnogo Kazakhstana’ Russian Language Journal, No60, pp. 229-252), аудармаларда орыс сөздері интенсив қолданылды, мәтіндердің барлығы орыс тілі арқылы ғана аударылуға тиіс болды, сөйлем құрылымы калькалана бастады – осылардың барлығы Алаш Қозғалысы мүшелері қалыптастырған нормаларға қарама-қайшы еді); Үшіншіден, ұлттық колориті бар сөздерді қолданбау құпталды, қолданылса қатты сыналды (мысалы, 1957 жылы шыққан «Аударма теориясының кейбір мәселелері» деген жинақта сол кезеңдегі Қазақстандағы партия тарапынан бекітілген монополист аудармашылардың барлығы  ұлттық колоритті сөздерді қолдануды «артта қалғандық» деп сынаған).

Осы нормаларға сәйкес, 1930 жылдардағы аударылған Джек Лондон мәтіндеріне көз салсақ, біріншіден, автордың өзінің автобиографиялық деректі эсселері әңгімеге айналдырылып, ондағы образы коммунист болып кеткен. Жолда жүрген қаңғыбас кезеңінде жазылғандықтан, оның түпнұсқадағы жаргон, сленгтері қазақша сыпайы сөздермен беріліп, кейіпкердің өзі қаңғыбас емес, басына қиындық түскен соң еріксіз жолаушылап жүрген кедей жолаушы болып өзгеріп кеткен. Бұл өзгерістер жоғарыда келтірілген «мықты» коммунист-кедей образының критерийлеріне сай жасалып тұр. Осы жылдарда Алаш Қозғалысы саяси аренадан тықсырылған соң, жаңадан келген, коммунистік рухта білім алып, тәрбиеленген аудармашылар қатары бой түзейді.  Олардың аудармаларына орыс тілінің заңдарын қазақ тіліне енгізу, терминдерден бөлек қарапайым, баламасы бар қазақ сөздерінің орнына орыс сөздерін қолдану тән. Мысалы, сол кезеңдегі аудармаларға тән дүние мыналар: 1.Қазақ тілінде баламасы қалыптасқан сөздерді орысша беру; 2.Терминдерді толығымен тек орысша беру; 3.Көптеген сөздің орысшасын беріп, бұрыннан бар қазақшасын жақша ішінде беру немесе керісінше; 4.Кейбір ремаркаларды (мысалы «черт побери!» (М. Дәулетбаев, 1935 «Маркстің жас шағы», 7-б.)) орысша қалдыру; 5.Сөйлем құрылымын орыс тілінің құрылымымен бірдей ету нормалары қалыптасқан. Бұлай орыс тілін агрессивті енгізу – партияның орыстандыру идеологиясының жемісі болды. Сондықтан 1930 жылдары шыққан аудармаларды оқып-түсіну қиын. Тілі қазақша жатық емес болып шыққан.

 – Ғылыми зерттеуіңіз объективті болуы үшін қандай әдістерді пайдаландыңыз?

– Бұл зерттеуде қолданылған әдістемелік құралдар Қайта жазу теориясынан алынған. Теория аударманы белгілі бір қоғамдағы әдеби жүйелердің бірі ретінде қарастырады. Қайта жазу теориясының негізгі сұрақтарының бірі –  патронаж, идеология, поэтика, түпнұсқа мәтін мен аударма мәтіннің шектеулері сияқты контекст факторлардың ықпалын сипаттау. Соған қатысты мәліметтерді қалай жинау және қалай жүйелеу керек екенін көрсетеді. Аударма мәтіндердегі манипуляцияларды түсіндіреді және оларға әлеуметтік, саяси, және мәдени ландшафттардың ықпалын анықтайды.

–  Бір пікіріңізде Кеңес үкіметі тұсындағы аударма жайлы: «ол кездегі аударылған он кітаптың алтауында КОКП тарихы немесе Лениннің идеялары насихатталатын» депсіз. Бұған қандай нақты дәлелдер ұсынасыз?

– Мысалы, 1980 жылы мақсатты түрде аударылған кітаптардың статистикасына қарасақ, 616 шығарма одақтың орыс тілінен басқа 63 тіліне аударылған. Тиражы 14999,9 ғана. 63 тілге тек 15 мыңдай ғана тираж әдеби аударма кітап. Марксизм-ленинизмді насихаттайтын 263 кітап-брошюралар шыққан. 

Ал тек орыс тіліне 841 шығарма 1 433 193 тиражбен аударылған (мәліметтер 1980 жылы шыққан «Печать в СССР за 1980 год» және 1957 жылы шыққан «Печать СССР за сорок лет 1917-1957» деген Кітап палатасы шығарған кітаптан алынды). Әрине, бұл сандар өте аз. Одақтағы ұсақ ұлт тілінде шетел әдебиеті дефициті болды. Ал әдебиетті білгің келсе, «орысша оқы» деген латентті орыстандыру саясатының меңзеуі болды. 

– Алаш қайраткерлері жасаған аударма үлгісі бүгінгі күні өзекті ме? Мәселен, қазір қазақ аудармасы сол кездегі бәлкім ұстанымдардан, бәлкім мәтінді оқырманға бейімдеудегі дәстүрлі жолдан өзіне қажетін алса, артық етпес пе еді?

– Әрине, Алаш Қозғалысы мүшелері орнықтырып берген аударма нормалары біздің тәуелсіздік идеологиямызға сәйкес келеді. Сондықтан біз оларды қайта жандандыруымыз керек.

–  Ал ендігі мәселе – шет тілден орыс тіліне тәржімаланған аудармалар хақында. Орыс аудармасы һәм советтік аударма саласы, әсіресе ағылшын тілінен әдеби шығармаларды аударғанда, қандай принциптерді қатаң ұстанды?

– Көркем аударманың саяси бағыты мен цензураның осы кезеңдегі аудармашылардың стратегиясы мен әдістеріне ықпалы әсіресе Ж. Д. Селинжердің "The Catcher in the Rye" романына қатысты анық байқалады. Америкада біраз уақыт тыйым салынған роман КСРО-да рұқсат етілгендер тізіміне енді және «антиамерикан өмір салтының» көрсеткіші болды: буржуазиялық елде өмірден шаршаған жасөспірім қалыптасқан капиталистік тәртіпке қарсы тұрады.

Главлит (Главное управление по делам литературы и издательств) құрылған кезден бастап оның қызметінің негізін қалаған негізгі құжаттардың бірі 1922 жылы алғаш қолданысқа енгізілген, кейін Халық Комиссарлар Кеңесі түзетулер енгізген «Әдебиет және баспалар жөніндегі бас басқармасы туралы ереже» болды. 1931 жылы 6 шілдедегі осы құжатта ұйымның негізгі міндеттері төмендегідей болды.

«2. Главлит және оның жергілікті органдары: а) жариялауға арналған барлық жұмыстарды – мерзімді басылымдарды, жазбаларды, карталарды және т.б. алдын ала тексереді; б) айналымына тыйым салынған баспа туындыларының тізімін жасайды; 3. Главлит баспа туындыларын басып шығаруға және таратуға тыйым салады: а) кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат болса; б) әскери құпиясын жария етсе; в) қоғамдық пікірді қозғаса; г) ұлттық және діни фанатизмді қоздырса; д) порнографиялық сипатта болса» (Положение о Главлит, 2004, 32-33 б.).

Ж.Д. Сэлинджердің романында «дұрыс» идеологиялық бағыт болды. «Главлит туралы ереженің» 3 тармағының а – г тармақшаларына сай, яғни роман кеңестік билікке қарсы үгіттемеген, керісінше АҚШ-ты "жамандаған". Алайда роман Ереженің 3-тармағының е тармақшасына сәйкес келмеді (порнография). Автор мәтінінде балағат сөздер, әдепсіз идиомалар бар, әрі олар өте көп, жиі. Роман тілі цензураға сай болуы үшін аудармадағы барлық балағат сөздер норматив әдеби лексикамен ауыстырылды. Кейіпкер сөзінің аудармасында ауызекі тілдің барлығы дерлік жойылады. Сөйтіп, роман мәтінінің тілдік құрылымы КСРО-да билік еткен цензураның әсерінен түрленді. Сонымен Холден Колфилд бейнесі белгілі бір дәрежеде өзгертілді. Мысалы, Аксенов, Шефнер және Бальтердің ең жақсы кеңестік романдарының кейіпкерлеріне жақын стандарт образға айналдырылды.

–  Біз бұл секілді мысалдардан не түйеміз?

– Шынын айтқанда, бізге кеңес кезеңінде ешбір шетелдік жазушының идеясы, болмысы жеткен жоқ. Олардың барлығы қарадүрсін коммунистік идеологияның жонуынан өтіп, жетті. Сондықтан біз әлем әдебиеті мен ондағы әдеби үдерістер, жаңалықтардан қаншалықты алыс қалғанымызды өзіңіз елестетіп көріңіз.

–  Сонымен Алаш қайраткерлерінің біздің аударма саласына қосқан үлесін қалай бағалайсыз? Егер бүгінгі уақыттың тезіне салсақ, олар қазіргі қоғам үшін қандай мұра қалдырды деп айта аламыз? Жалпы атқарылған еңбектің парқына жете алып жүрміз бе?

Алаш кезеңіндегі болсын, жалпы әр кезеңдегі аударма мәтіндер жеткілікті зерттеле қойған жоқ. Біздің аударма саласындағы ғылымда кеңестік жүйе орнықтырған принциптер әлі өзекті. Мысалы, аударма мәтіндердің тарихи контекстін зерттеу теорияларын, методтарын қолдану өте аз. Талпыныс бар, бірақ жүйелі емес. Мысалы, Дж. Лондон мәтіндерінің аудармаларын зерттеген еңбектер бар, бірақ олар жүйесіз. Оның ішінде ертеректе жүргізген менің де зерттеулерім бар. Ол кезде отандық аударма саласында қолданылып жүрген теориялар жиынтығына сүйенген едім. Оның басты мақсаты – аудармадағы балама деген мәселе. Бұл – норматив теориялар. Мәтінді тек формал қасиеттері арқылы ғана тану. Бірақ мұндай зерттеулер аударма жақсы немесе жаман, дұрыс немесе бұрыс, балама немесе сіреспе деген сияқты бітпейтін теңеулер, бағалаулар берумен аяқталады. Бұлай аударма туралы зерттеулерді дубликаттай берудің ғылымға пайдасы жоқ деп түсінемін. Ғылыми зерттеу «неге, не үшін осы мәтін аударылды?», «олардың ішіндегі өзгерістерге не нәрселер әсер етті?» деген сұрақтарға жауап берсе, қоғамға, оқырманға пайдалырақ болады және білім береді. Өйткені оқырман ретінде саясат пен идеологияның біз тұтынатын мәтіндерге қалай ықпал ететінін, олардың механизмі қалай жұмыс істейтінін түсіндіре алады. Сол арқылы мәтін оқығанда сыни пайыммен оқу қасиетін қалыптастырады оқырман бойында. Жалпы мәтінге жасалатын манипуляцияларды зерттеу және оны оқырманға көрсету – сананың деколонизациялануына да үлес қосатын нәрсе. Бұл – әсіресе, біз сияқты, тоталитар режимнің қамытынан шыққан оқырмандарға пайдалы деп ойлаймын. Аударма туралы әлем теориялары осындай бағыттарға бет бұрғалы көп болды. Ал бізге осы теориялар мен методологиялар әлі толыққанды келген жоқ.

– Сауалдарыма ден қойып, жауап бергеніңізге көп рақмет!

– Сізге де көп рақмет!