Олардың әрекеттерін арабтандыруға алып баратын науқан деп бағалады автор.
90-жылдары бандит, ұры болғандар сақал өсіріп, уағыз айтып жүр – Мұхтар Тайжан
14,849
оқылды

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің желідегі парақшасында соңғы кезде уағыз айтатын "молдалардың" қаптап кеткенін айтты, – деп хабарлайды Aiqyn.kz.

Ulysmedia.kz-тің жазуынша, ол 90-жылдары ұры, коррупционер, бандит болғандар қазір тақия киіп алып, сақал өсіріп, Тиктокта, Ютубта жастарға ақыл айтып отырғанын алға тартты.

"Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген жаман қарғыс сөз бар қазақта. Қарасам, өздері қараңғы, жоғары білімі жоқ, кітап оқымаған "білгіштер" мен уағызшы "молдалар" қаптап кетіпті. "Шалбар киме – ол голубойлардың киімі екен", "көкпар деген – ол сақабалардың, яғни арабтардың ойыны екен", "мұсылмандарда ұлт мен ру жоқ", "домбыра – харам" деп сандырақ әңгімені көп айта бастады. Мұндай әңгімелер иманға еш қатысы жоқ деп санаймын. Бұл қазақты ұлтсыздандыруға, тіпті арабтандыруға апаратын науқан”, – деді Мұхтар Тайжан.

Саясаткер ғасырлар бойы құлдар патшаларға, байларға өте керек болғанын, сол үшін қарапайым халықты дінмен қорқытып құлдықта ұстағанын айтты.

“Ата-бабаларымыз иманын жүрегінде сақтап қазақ болып қалды ғой. Ұлт деген не? Ол – тіл, дәстүр, діл, жыр. Бәрімізді Жаратқан жаратқаны рас, бірақ бәрімізді құл болсын жаратқан жоқ шығар? Біз өз туған балаларымызды бізге құл болсын деп туып, өсірмейміз ғой? Ұрпағымыз басқа дүниеде емес, осы дүниеде бақытты болсын деп өсіреміз. Сол секілді мейірімді я кешірімді Жаратқанымыз бізге құлдықты емес, бақытты өмірді тілеп отыр деп сенем. Ең қуатты Жаратқанға құлдар не керек?” – деді ол.

М.Тайжан Меккеге бару, өзге де діни амалдарды жасау әркімнің өз шаруасы екенін алға тартты.

“Шалбар мен сақалыңның ұзындығы, сенің намазың, сенің зяқатың (зекет – ред.), сенің мешіт салғаның, сенің Меккеге барып қайтқаның – ол сенің жеке шаруаң. Мұндай тірліктерді таза адамдар да, ұрылар да жасай береді.

Жаратқанға бізден не керек? Не үшін бізді жаратты, қандай мақсатпен? Біздің таза ниетіміз, біздің таза арымыз, ұрлыққа былғанбаған қолымыз керек. Нағыз иман деген осы деп білем! – деді Мұхтар Тайжан.