Түркістан облысында ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болған апалы-сіңлілі қыздар қазір Алматыда арнайы ем алып жатыр. Қыздар алғаш рет ата-анасы туралы айтты.
"Мамам да, папам да жақсы еді. Кішкентайымда әкемнің қасында жүретін едім. Құндыз ол кезде кішкентай еді", – дейді Назгүл.
Бұл видеоны журналист Руслан Өтепбай желідегі парақшасында жариялады.
"Апалы-сіңлінің жаңа өмірінен үзінді. 5 ай бойы бақылауымызда жүрген қыздар бірде-бір рет ата-анасы жайлы сөз қозғамаған еді. Олардың жанын жараламау үшін біз де ләм-мим демедік. Алайда күні кеше Назгүл ата-анасы жайлы сыр шертті… Өткен күндер туралы естеліктер ақтарып, марқұм ата-анасымен бірге өткізген күндері жайлы айтып берді. Расымен осы жазбаны көріп, шын қуандым. Айтылған ақпараттар үшін емес, әсте. Қыздар жаңа өмірге үйренісіп, бізге қысылмастан сыр шертетін күнге жетті. Осы үшін дән ризамын. Ал біз ем-домды әрі қарай жалғастырамыз. Қыздардың бастан өткерген қиындықтардан қуат алып, бұдан да мықты болатынына сенемін! Себебі Назгүл мен Құндыз әкесі Сұлтанбектің ғана емес, күллі қазақтың аманатына айналды", – деп жазды журналист.