Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен мәлімдеді.
Енді құрылысы бітпеген үйлерден пәтер сатып алуға тыйым салынуы мүмкін
1,001
оқылды

Қазақстанда баспана сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасауға тыйым салынбақ, - деп хабарлайды Aiqyn.kz. 

Қазір құрылыс компаниялары қолданыстағы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңды айналып өтіп, нотариалдық куәландырусыз және әділет органдарында тіркелмей-ақ адамдармен келісімшартқа отырады. Бұл - брондау, инвестициялау және тапсыру келісімдері. Осыған байланысты жаңа проблемалық нысандардың пайда болу қаупі бар.

Бүгінде Қазақстанда баспана сатып алу үшін алдын ала құжаттарға қол қойып, жосықсыз құрылыс салушыларға алданып қалған 6,8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік салымшылары бар.

Осы себепті министрлік осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейту үшін түзетулер әзірледі. Олардың қатарында салынып жатқан көпқабатты үйлерде үй-жайларды алуға байланысты алдын ала келісімдер жасасуға тыйым салу да бар.

Сонымен қатар ғимарат құрылысын тоқтата отырып, үлескерлерден заңсыз ақша жинағаны үшін айыппұлды 300 АЕК-тан 2 мың АЕК-қа дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ рұқсаты болмаса, үлескерлердің ақшасын тарту мақсатында жарнамаға тыйым салынады.

Жоғарыда аталған заңның реттеу аясына "аз қабатты құрылыс" ұғымы енетін болады. Ал әкімдіктер компаниялардың үлескерлерден ақша тартуының заңдылығын қадағалауы керек.