Еліміздің көшбасшы партиясы атынан жаңа депутаттық корпус құрамына ұсынылатын тұлғалар сайлауға дейін жұртшылықтың алдын ала іріктеуінен өтетін болады. Елордада Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті.
Жиын барысында биылғы 18 наурызда ұйымдастырылатын партияның Саяси кеңесі отырысының күн тәртібі талқыланды.
Бюро отырысын ашқан Елбасы партия жұмысын жандандыру бағдарламасының, сондай-ақ «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» атты әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына оң баға берді.
Сонымен бірге Н.Назарбаев партияның өңірлердегі жұмысына назар аудартты.
– Партия басшылығы, Мәжіліс пен Мәслихат депутаттары жергілікті жерлерді аралап, соның ішінде шалғай аудандарға дейін баруы тиіс. Халықпен кездесу, проблемаларын жан-жақты зерделеу, оларды шешу маңызды. Бұл мәселенің барлығы өңірлік партия бағдарламаларында көрініс табуы қажет, – деді партия Төрағасы.
Бұдан бөлек, бюро отырысында еліміздің барлық өңірінде жаңа форматта партияның ішкі іріктеуін – праймериз өткізу туралы шешім қабылданды. Аталған шара 2020 жылдың 30 наурызы мен 16 мамыры аралығында ұйымдастырылмақ.
– Бұл дұрыс шара деп санаймын! Ол ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде партия атынан мәселелерді шешетін болады, – деді Елбасы.
Отырыстың қорытындысы бойынша бюроның қаулысы қабылданды. Оған сәйкес, іріктеуді жүргізу ережесінің жобасы алдын ала мақұлданды. Ереже 18 наурызда Саяси кеңес отырысында түбегейлі бекітіледі.
Праймериз нәтижесінде Nur Otan партиясынан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауалды партиялық тізіміне кіретін кандидаттар анықталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ партияның 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бекітілді.
Негізі, ағылшынның primaries (бастапқылар) сөзінен шыққан ішкіпартиялық дауыс беру институты АҚШ-та алғаш рет 1842 жылы пайда болыпты. Содан бері ол жетіліп, әлемдік қауымдастыққа тарады. Әсіресе, дамыған елдерде кеңінен қолданылады.
Сарапшылардың түсіндіруінше, праймериз – партияның саяси эволюциясының нышаны, елдің демократияландыру бағытындағы маңызды қадамы. Бұл – Қазақстанда көшбасшы партия енгізіп жатқан салмақты жаңа саяси құрал.
Бұл сын барысында Парламент немесе мәслихат депутаты болудан үміткер адам өз бағдарламасын қорғауы, қоғамды алаңдатқан көкейкесті мәселелерді көтеріп, шешімін ұсына алатынын паш етуі, жергілікті халық өкілдерінің басым қолдауын алуы шарт.
Праймериз кезінде сайлаушылар әр үміткердің жеке басының қасиетін, топ алдында сөз саптау шеберлігін, тосыннан қойылған салмақты сауалға дереу дәйек табар шешендігін, елді мазалаған мәселелердің байыбына терең бара білетін біліктілігін сынай алады.
Жалпы, праймериз атауы шетелдік болғанымен, заты мен болмысы қазаққа жақын. Ежелден осындай топ алдындағы сынақтарда бай-кедей, кәрі-жас демей, халық арасынан от ауызды, орақ тілді халық шешендері мен билері шыққаны, ел басқаруға, билік айтуға тартылғаны мәлім. Ендеше биылғы көктемде – наурыз айының соңы мен мамыр айының ортасына дейінгі аралықта халқымызды қызықты шара күтіп тұрғаны сөзсіз.
Айхан ШӘРІП