Ақмола облысы Аршалы ауданында боран салдарынан балық аулауға шыққан қарағандылық тұрғындар төрт күн бойы далада қалған.
Полицейлер боранда төрт күн айдалада қалған балықшыларды құтқарды
906
оқылды

Қар құрсауында қалған балықшыларды учаскелік полиция инспекторы құтқарып қалды,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Полицияның мәліметінше, 12 қаңтар күні Астана қаласынан шыққан екі адам Аршалы ауданында орналасқан Кенетай көлінде балық ауламақ болған. Көлге жеткен балықшылар автокөліктерін жағадан шамамен 1,5 шақырым қашықтыққа тастап, балық аулауға кіріскен. 

Боран соққанын байқаған балықшылар кері қайтпақ болады. Алайда  көліктерін орнынан  қозғалта алмайды. Жігіттер таныстары арқылы жергілікті учаскелік полицияға хабарласып, көмекке жүгінеді. Түк көрінбейтін ақтүтек боранға қарамастан, тәртіп сақшысы бірден ізге түсіп, балықшыларды дереу тауып алған. 

 

–  Балықшылардың көліктері қалың қар құрсауында қалып қойғандықтан, бірдеңе істеу мүмкін болмады. Мен балықшыларға көліктерін тастап үйлеріне барып, боран басылған соң қайтып келуді ұсындым,–  дейді полиция аға лейтенанты Асылхан Омаров. 

Екі күннен кейін боран басылғаннан кейін астаналық балықшыларға хабарласқан учаскелік полиция қызметкері көліктерін алып кетуге шақырады. Оқиға орнына келгенде полиция төрт күн бойы екі көлікпен айдалада қалған тағы да үш қарағандылық жігіттерді көреді. Олар төрт күн бойы боранда айдалада қалған. Барлық жерде омбы қар болғандықтан, жігіттер қар құрсауынан шыға алмаған. Балықшылардың азық-түлік және жанармай қоры болғандықтан, аман қалған.  

–  Мен қар құрсауында қалып, батып қалған автокөліктерді сүйреп шығару және жолды тазарту үшін К700 тракторын іздеуге мәжбүр болдым. Көліктерді алып шығуға екі сағаттай уақыт кетті. Еңбегіміз босқа кетпей, барлық жолаушы аман-есен үйіне жетті, –  дейді учаскелік полицей.  

Өз кезегінде үйіне жеткен елордалық тұрғын алғысын айтты. Учаскелік полиция инспекторының қиын сәттегі еңбегін елеп, өз ісінің шебері екеніне риза болған. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы