Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына азаматтардың реформалар мен ұсыныстарға бастамашылық жасау үшін онлайн-петициялар институтын құру жөнінде нақты міндет қойды.
Бұл заң ашық қоғам құруға ықпал етеді
639
оқылды

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Парламент Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, сондай-ақ онлайн-сұрау салу арқылы азаматтарға өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік беретін және азаматтар мен биліктің өзара іс-қимылы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын петицияларды беру мен қараудың тәрті­бін реттейтін «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­пуб­­­ликасының заңдарын қабылдады.

Айта кету керек, цифрлық технология­лар мен жаһандану дәуірінде Қазақстан мемлекеттік басқарудың ашықтығын жә­не азаматтық қоғамның дамуын қамтамасыз ету саласында елеулі қадам жасап келе­ді. Осы орайда заңның негізгі ережелеріне толығырақ тоқталғым келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық нысанда жіберілген және Әкім­шілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұ­дан әрі – ӘРПК) 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс деп сипатталатын петиция ұғымы енгізілді.

Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет-порталы арқылы бере алады. ӘРПК-те пети­ция­ларды беру және қарау тәртібі бе­­­­­­­­­кі­­­­­­­­­­­ті­­­леді, ол әдеттегі өтініштер бойынша белгіленген рәсімдерден айтарлықтай өз­геше болады. Мемлекет пен азаматтық қо­ғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган заңмен бекітілген талаптарға сәйкестігін анықтау бойынша жұмыс жүргізетін болады (петиция жария болғанға дейін және оған қосылу үшін қолжетімді болғанға дейін). Сәйкес келмеген жағдайда петицияны қабылдамауға құқылы.

Азаматтар басқару нысанын, Респуб­ликаның әкімшілік-аумақтық құрылысы мен Мемлекеттік шекарасын өзгерту, сот төрелігі, адамдарға рақымшылық және кешірім жасау, ұлттық қауіпсіздік сияқ­ты және заңда қарастырылған басқа да мәселелер бойынша петиция бере алмайтынын атап өту маңызды. 

Қойылған талаптарға сәйкес келетін петицияларды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үш жұмыс күні ішінде азаматтардың қосылуын бастау үшін интернет-ресурста орналастырады, бұл туралы өтініш берушіге хабарланады. Азамат петицияға қосылу және (немесе) интернет-ресурста пікір жариялау арқы­лы оған өз қатынасын білдіруге құқылы.

Қазақстан Республикасының азаматтары петицияға қосылуды интернет-ресурста мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе жазбаша түрде куәландыра отырып жүзеге асырады.

Қосылудың қорытындысы бойынша: Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан Республикасы аза­­­маттарының кемінде елу мың даусына; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі пайыз даусы­­­на;облыстардың, республикалық маңы­­зы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бір пайыз дауысына; қалалық, аудандық жергілікті өкілді органдардың құзыретіне жататын мә­­­селелер бойынша оны қолдауға тиісті әкім­­­шілік-аумақтық бірліктің халық са­ны елу мыңнан асқанда – Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бес мың даусына, қалғандары үшін – халық санының кемінде он пайызына; аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, республикалық маңызы бар қалалардағы (астанадағы) аудандардың, облыстық ма­ңызы бар қалалардағы аудандардың әкімдері аппараттарының, аудандық ма­­ңызы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттердегі, ауылдық округтердегі әкімдер аппараттарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкім­­­­­ші­­лік-аумақтық бірліктің халық са­ны елу мыңнан асқанда – Қазақстан Рес­­публикасы азаматтарының кемінде екі мың бес жүз даусына, қалғандары үшін – халық санының кемінде бес пайызына ие болған петиция қолдау тапқан болып есептеледі.

Шекті мәнге жетпеген петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі және ӘРПК-те белгіленген тәр­тіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады. Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шараны іске асыруға міндетті болады.

Атап айтқанда, петиция авторын ша­қы­ра отырып және міндетті түрде хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шеші­мінің жобасын жария талқылауды ұйым­­дастыру, жеке комиссия немесе жұ­­мыс тобын құру (мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің, Парламент және (немесе) мәслихат депутаттарының, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді құрамына енгізе отырып), петицияға келіп түс­­кен пікірлерді, сондай-ақ петиция та­­қы­ры­бы бойынша экономикалық, социологиялық, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдауы қажет.

Мұндай шаралар петицияларға ерекше мәртебе беруге және олардың қоғамдық маңыздылығын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды. Қазақстанда петициялар беру және қарау туралы заңның қабылдануы елдегі демократия мен адам құқықтарын нығайтуға жасалған елеулі қадам болып табылады. Себебі ол азаматтарға халық пен билік арасындағы байланысты ны­ғайта отырып, мемлекеттік саясат пен бас­қаруға әсер етудің тиімді және қол жетімді құралын ұсынады.

Бұл тәсіл неғұрлым жауапты және ашық басқаруды құруға ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар қоғамдық сенімді нығайтады. Цифрлық дәуірде, ақпарат пен байланыс барған сайын қолжетімді бола бастаған кезде, біздің еліміз бұл мүмкіндіктерді азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік басқаруды демократияландыру үшін пайдаланады.

Петицияға қатысты заң ашық қоғамды дамыту бағытындағы маңызды қадам болып табылады, мұнда әрбір азаматтың дауысы елдің болашағын анықтайтын про­цестерді қабылдауда ескерусіз қалмайды және оған әсер етуге мүмкіндік жасалады. 

Қорытындылай келгенде, бұл заң біз­дің еліміздегі демократияны және азаматтық бостандықтарды нығайтуға жаңа көкжиектер ашып, әділетті, инклюзивті және ашық қоғам құруға ықпал етеді.

Қайрат ТАСТЕКЕЕВ,

Сенат депутаты