Елімізде биылғы жылдың құсы деп маубас жапалақ танылды. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) мүшелері 2024 жылдың құсын анықтауда маубас жапалақ пен қара сайрақты қатар қойып дауыс бергенде алғашқысы 83%-бен озып шыққан.
Маубас жапалақ – жыл құсы
1,806
оқылды

Қазақстанда жыл құсын таңдау шарасы осымен он тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Табиғат қорғау ма­мандары іс-шараның мақсаты – құстың түрiн сақтау, қорғау мәсе­лесiне жұртшылықтың назарын ау­дару екенін айтады. «Биыл негізгі жұмыс қала құстарына бағыт­­­та­­латын болады. Алматы мен басқа да қа­­лаларда оқытушылар мен оқу­шы­лардың көмегімен жапалақтарға арнап ұя орнатылады, одан бөлек ашық сабақтар мен сурет кон­курс­тары өткізіледі. Ал мамыр айын­да Алматы қаласында маубас жапа­лақтарының санағын жүргізу жос­парлануда. Мұндай санақ төрт жыл бұрын 2020 жылы өткізіліп, нәти­жесінде Алматыда жапалақтар ту­ралы 400-ге жуық жазба алынды», – дейді АСБК ғылыми бөлімінің ма­маны Құдайберген Әміреқұл. 

Орнитологтардың зерттеуінше, біздің елде жапалақтың 13 түрі кездеседі. Солардың ішіндегі маубас жапалақ (Otus scops) деген түрінің денесі кішірек, шамамен 20 санти­метр болады. «Оның көлемі кіш­кентай, сайрақпен бірдей. Бірақ қауыр­сындарының әсерінен үлкен көрінетін құс. Еркегі мен ұрғашысын сырттай айыру мүмкін емес», – дейді Қ.Әміреқұл.

Әдетте жапалақ құсы ту­ралы сөз болғанда «Жапа­­лақты таспен ұрса да, жапалақ өледі. Жапалақпен тасты ұрса да, жапалақ өледі» дейтін көп­шілікке мәлім мәтел еске түседі. Ха­лық ауыз әдебиетінде жапалаққа қатысты айтылған сөздер жетерлік. Мәселен, әйгілі қол бастаған батыр, күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы­ның жорық жырларында:

«Жалп-жалп еткен жапалақ,

Жазыда кімге жолдас болмаған.

Жағы түкті айуан,

Мұңлантып кімді жаяу сал­маған», –

дейтін жолдар кездеседі. Бір қызығы, жапа­­лақ құсына қа­тыс­ты сөздер жырау­­лық поэзия өкіл­де­рінде, жортуылда жүріп ел-жұрттан жырақ, саяқ өмір сүр­ген, дүниеден баз кешкен жан­дардың жырларында жиі ұшырасады. Шалкиіз жыраудың «Жапалақ ұшпас жасыл тау,

Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау» деп толғайтыны бар. 

Күндіз ұйықтап, түнде ұшатын осынау ерекше құс кейінгі кеңестік империяның қуғынына түскен тұлға­лардың да өлең – жырына арқау бол­ған. Мысалы, 1937 жылдың қырғы­­нында өзін ұстап берген жа­н­­дай­­­­­­­­­­-

шап­тар жайында Қапез ақын­­ның «Дүние-ай» атты әні: 

«Жапа­­­лақ жалп етеді жар басында, 

Немене жоқтың күні бар қасында. 

Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай, 

Қасқыр да қас қылмайды  жолдасына», – 

деп басталатыны белгілі. Ал Балуан шолақ болса: 

«Жапалақ құс болғанмен неге дәрі, Жаманның кісілікке бар ма сәні?!», – деп жырлайды. 

Осы айтылғандарға қарап, қазақ үкіні кие тұтып, қастерлегенімен жа­палаққа жақсы сөзін қимаған ба де­ген де ой келуі мүмкін. Себебі хал­қымыз үкінің қауырсынын баскиімге қадап, домбыраға тағып, бесікке іліп, ерекше қадірлейді. Ал үкі ғы­лымд­а жапалақтәрізділестер отря­дына жатады. Бүгінде сирек кезде­сетіндіктен, Қызыл кітапқа енген құс. Десе де, халқымыздың жапа­лақ­­тың ұшқан сәтін қардың жаууы­­мен қоса сипаттап, «жапалақтап жауып тұр», «қапалақтап жауып тұр» сурет­­­тей­­тіні бар. Болмаса, жазылға­нына 60 жылдай болған «Шырша әнін» еске түсірейікші: 

«Әппақ, әппақ жапалақтап,

Қар жауады тынбастан.

Қалың орман қар жамылған

Маужырайды түнгі аспан». 

Белгілі балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің сөзіне жазылған Ла­тиф Хамидидің осынау тамаша әнін кім білмейді?!

Сондай-ақ балалар ақыны Қастек Баянбаевтың «Бір қазан сүт» атты өлеңіндегі: 

«Жапалақ келіп жалп етіп,

Жарымын ішіп ол кетті.

Қарға келіп қарқ етіп, 

Қалғанын ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ етіп,

Сарқып ішіп ол кетті», – деген жол­дарын тұтас бір буын жаттап, өскені анық. 

КӨШПЕЛІ ҚҰС

Жапалақ – жыл сайын көк­тем шыға қазақ да­ласына оралатын құс­­тың бірі. «Маубас жапалақ елімізге сәуір-мамыр айларында ұшып ке­леді. Қар кетіп, жер қарайысымен олар алдымен оңтүстік өңірге ке­леді. Өйткені ол жақтағы жәндік­­­терге ер­терек жан бітеді. Кейіннен солтүс­­­тікке ұшып жетеді», – дейді АСБК ғылыми бөлімінің маманы Құдай­­­берген Әміреқұл. Орнитологтың сөзінше, аталған құс негізінен еліміз­дің оңтүстік-шығысы мен шығы­сында кездеседі. Қарқаралы, Бура­бай, Наурызым қорығында және Жайық өзенінің бойында қалың то­ғай, қарағайлы орманда көбірек та­ралады. Ал оңтүстікте Түркістан­­нан Жетісуға дейінгі аралықта кеңінен кездеседі. «Жалпы, маубас жапалақ ағашы бар жерді мекен етеді. Ол ор­мандарда, таулы немесе шөлді жер­де­­гі ормандарда, бау-бақшаларда кездеседі. Тіпті, қалалар мен елді ме­­­кендерді де мекен етеді. Оларды Ал­­­­маты, Шымкент секілді ірі қала­лардың орталығынан да кездестіруге болады», – дейді Қ.Әміреқұл. Тамыз, қыркүйек айында жылы жаққа ұшуға қамдана бастайтын құс тропикалық Африканы, Сахараның оңтүстік жағын қыстап шығады. Күн жылына ұя салған, көбейіп өркен жайған ор­­­нына қайта оралады. Сондықтан жа­­палақ көрсеңіз, «туған жеріне ора­лып келген омыртқалы жануар ғой деп есіркеп, жәрдем бере жүріңіз» дейді орнитолог мамандар. Өйткені жапалақ адамға зиянсыз құс болға­нымен, адамнан оған төнер қауіп көп. «Ол, әсіресе қалалардағы сая­­­бақ­­тарда, топтасып өскен қайың-қарағайлы орынды мекен ететін­дік­тен, адамдардың іс-әрекетіне бай­­­­­­­­­­­ланысты жағдайлар туындайды. Жуас әрі адамға сенгіш болған­­дық­тан, өзіне тым жақындатып, ұшпай отыра беруі мүмкін», – дейді АСБК маманы. Одан бөлек, жәндіктерді химиялық заттармен улау, ағаштарды кесу әрекеттері де күндіз ұйықтайтын құсқа жиі кедергі келтіріп жататын көрінеді. «Ондай іс-әрекеттер көп жағ­дайда жапалақтың жасырын ұя­сын өзге құстар мен жыртқыштарға әшкерелеп береді. Сауысқан, қарға секілді құстар жапалақтың ұясын көрсе бұзып кетеді. Ал оңтүстікте көп кездесетін алақанаттар (майна) жапалақтарға көп қысым көрсетеді. Көп жағдайда жапалақтар қысымға шыдамай, ұясын тастап кетеді», – дейді Қ.Әміреқұл. Сондай-ақ орни­тологтың ескертуінше, көктем ке­зінде таулы аймақтарды мекен ететін маубас жапалақтар қатты суық пен қар түсудің әсерінен қырылып қалуы мүмкін екен. Ал ұядан енді қанат­та­нып шыға бастаған балапандарға далада еркін жүретін мысықтар қауіп төндіреді. «Сол себепті маубас жапа­­­лаққа адамның қолдауы өте қажет. Бұл құсқа жасанды ұялар жасау ар­­қылы көмектесуге болады. Ал өсіп тұрған ірі ағаштарды себепсіз кесудің қажеті жоқ», – дейді маман. Егер күн­­діз демалып отырған құсты көр­­сеңіз, оны мазалаудың қажеті жоқ. 

ЖАПАЛАҚ ӘН САЛАДЫ, ТҮНГІ ОРМАН ТАМСАНАДЫ

Орнитологтардың айтуынша, ол ағаштың басында отырып мұңды үн шығарады. Құмығып шыққан үн араға 2-3 секунд салып қайталанып тұрады. 

Жапалақтың бұл түріне «маубас» деген жанама аттың қосылғаны да осы ерекшелігіне қатысты болуы мүм­кін. «Маубас жапалақты орысша «сплюшка» деп айтады, менің ойым­ша сол сөзден аудара салған сияқты. Бірақ оған «сплюшка» деген атауды ұйықтағаны үшін емес, дауысына қарай берген», – дейді Құдайберген Алтынұлы. Оның сөзінше, жапалақ­тар көктемде ұшып келгеннен кейін сайрай бастайды. Негізі, әнді кешке салады, дегенмен бұлтты күндері оның үнін күндіз де естуге болады. «Ән­ді тек еркегі емес, ұрғашылары да айта береді. Кейде қосылып айтуы мүмкін. Алматыда маубас жапалақ­­­тың әнін шілденің басына дейін ести аласыз», – дейді ол.

АСБК мамандарының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда маубас жапа­­лақтың 2 түршесі кездеседі. Кәдімгі маубас жапалақ (Otus scops scops) еліміздің бастыс бөлігінде кездессе, сі­бір маубас жапалағы (Otus scops pulchellus) қалған аймақ­тарда ме­кендейді. 

ҚАНАҒАТШЫЛ ҚҰС

 

Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы адам бала­сы қанағат қылуды жапалақтан үй­­ренсін деген өсиет қалдырған екен. «Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұ­мыртқа табады. Соның бәрін бір­ден жарып ұшырмайды. Екеу-екеу­ден жарып, бала қылып ұшыра­ды. «Бәрін бірден жарып бала қыл­сам, тамақ жеткізе алмаспын» деп өзі на­маздыгерден жоғары, бесіннен тө­мен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек», – дейді ғалым. 

Орнитолог Құдайберген Әміреқұлдың сөзін­ше, маубас жапалақтар ұя салуға ерекше мән береді. «Ұшып келгеннен кейін, сәуір-маусым ай­­ларында жұмыртқалауды бастайды. Егер ұясы әлдебір себептермен жо­­йылса, қайта жұмыртқалайды. Жұ­мыртқаларды 25 күн ішінде басып шығарады», – дейді ол. 

Маубас жапалақтың белсенділігі кеш бата басталады. Өз қорегін қа­рауылдап табатын құс. «Олардың негізгі қорегі жәндіктер, түнде ұша­тын қоңыздар, көбелектер, кейде шегірткелер мен өрмекшілерді де ұстайды. Реті келсе, кіші құстар мен кеміргіштерді де ұстауы мүмкін. Жән­дікті көргеннен кейін дереу ұшып, аяғымен ұстап алады. Ал жер­дегі жорғалаушы жәндіктер мен құрт­­тарды жүріп ұстауы мүмкін», – дейді Қ.Әміреқұл.

Маубас жапалақтар та­биғи ортада 6 жылдай ғана өмір сүргенімен, пайдасы орасан. АСБК мамандары олардың орман және ауыл шарушы­­лығына зиян келтіретін жәндіктер­­мен және кеміргіштермен қоректенуі арқылы қоршаған ортаға тиімділігі жоғары екенін айтады. 

Сөз басында «Жыл құсын» таңдау науқаны 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын жаздық. Ең алғаш 2006 жылы тарғақ құсына сондай мәртебе берілсе, 2007 жылы –қар­­­лығаш, 2008 жылы – тырна, 2009 жы­лы – қара бозторғай, 2010 жы­лы – қараторғай, 2011 жы­лы – шымшық, 2012 жылы – дала қыраны, 2013 жы­лы – шиқылдақ қаз, 2014 жылы – ақбас үйрек, 2015 жылы – орақтұм­сық, 2016 жылы – торғай, 2017 жы­­­лы – үкі, 2018 жылы – то­­­­қыл­­­­­дақ, 2019 жылы – дуадақ, 2020 жы­лы – ителгі, 2021 жылы – бір­­қазан, 2022 жылы – бұлбұл, 2023 жы­лы көкқұс таңда­лыпты.

Мұндай тәжірибе шетелдерде кеңінен танылған. Мәселен, Жаңа Зеландияда жыл құсын таңдау шара­­сына тұтас халық болып атсалысады екен. АСБК мүшелері Қазақстандағы «Жыл құсы» акциясын барша аза­маттың қолдауын құптайды. 

Айта кетейік, Қазақстан осы ке­зеңге дейін «Биологиялық алуан­­дықты сақтау конвенциясы», «Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясы», «Көшіп-қонып ме­кен ететін жануарларды сақтау кон­вен­­­циясы», «Жыртқыш құстарды сақтау келісімі», «Сүйріктұмсықты шал­шықшы жөніндегі өзара түсі­ністік меморандумы» сияқты түрлі халықаралық құжатты ратифи­ка­циялаған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп «Био­­логиялық әртүрліліктің жаһандық шеңбері: алғашқы әрекеттерді қол­дау» жобасын жүзеге асыруда.

Бауыржан БАЗАР