2000 жылдардың басында Атырау облысындағы жас баланың ерте қартайып бара жатқаны туралы жаңалық елді елең еткізді. Сол кездері шетелдік бағдарламаларға дейін шақырту алып, экраннан түспеген Нұржан Өркешбаевтың есімін бүгінде бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде 30-дан асып, жігіт ағасы болған Нұржанмен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тілдескен еді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол 1991 жылғы 1 мамырда Атырау облысының Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Көзін ашқаннан осында тұрып жатыр. Нұржан бала кезінен терінің ерте қартаю (прогерия) сырқатына шалдыққан. 2011 жылы Нұржанға Алматы қаласында бірнеше операция да жасалды. Ал 2015 жылдың жазында үйленген еді. Үйленгеннен кейін бірнеше жылдан бері оның қайда немен айналысып жүргенін көбісі білмейді.
Оның екі інісі бір қарындасы бар екен.
– Інімнің біреуі үйленген, екі қызы бар. Кіші інім студент, қалада оқиды. Ал қарындасым тұрмысқа шыққан. Бес жиенім бар. Барлығы ойдағыдай өмір сүріп жатыр. Олардың кішкентайларын иығыма мінгізіп, қызықтап жүремін. Бауырларымның барлығы да өзімнің қамқорлығымда, – дейді Нұржан Өркешбаев.
Бүгінде өмірден өткен әкесінің ізін жалғап, отбасын қамқорлыққа алған. Әкесі де мал баққан кісі. Сол себепті, Нұржан үйреніп қалған ауылынан асып ешқайда кеткісі келмейді. Ауылдың тыныс-тіршілігі ол үшін бөлек.
Сонымен қатар мал бағып қана қоймай, өнерді де бірге алып жүр. Ара-тұра тойға да шығып тұратынын тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда өзіме қарасты екі-үш асаба бар. Солармен біге тойға шығып жүрмін. Музыкант ретінде аппаратурада отырамын. Қазір тойдың маусымы емес. Сондықтан көп той-томалақ жоқ. Енді ақпан айынан басталады. Сол кезде шығамын, – дейді кейіпкеріміз.
Естеріңізде болса, Нұржан 2015 жылы шаңырақ көтеріп, айдай сұлу Әсемгүл атты сұлуға үйленіп, ауылында дүркіретіп той жасаған еді. Нұржанның туған ауылында ұлан-асыр той жасап, шаңырағына келін түсіргені туралы көпшілік әлеуметтік желілерге шыққан шақырту билеті арқылы білген болатын. Тойларда домбыра тартып, ән салып, өз нәпақасын тауып жүрген азамат сол кезде 300-дей қонақтың басын қосқаны жайында БАҚ өкілдері жарыса жазды. Ең бір қызығы, ауылдағы тойды бір емес төрт бірдей асаба басқарған.
Өкінішке қарай, бұл қуанышы көпке созылмады. Отау құрған Нұржанның жұбайымен дәм-тұзы жараспаған екен.
– 2015 жылы шаңырақ көтеріп, Құлсарының Әсемгүл деген қызына үйлендім. Белгілі себептермен екеуіміз екі жаққа кеттік. Ажырасып кеткенімізге біраз жыл болды. Қазір бір-бірімізбен хабарласпаймыз. Мүлде сөйлеспейміз. Ол өз өмірін, мен өз өмірімді сүріп жатырмын. Алла амандығын берсе, тағы да үйленетін шығармын. Қазіргі таңда ұнатқан қызым жоқ, – дейді Нұржан.
2011 жылы оған бірнеше операция жасалды, нәтижесінде бірнеше жылға жасарып шыға келген еді. Одан кейін қаралып, ем-дом алмаған көрінеді.
– Алматы қаласында үш рет пластикалық ота жасаттым. Маған сәтті операция жасаған хирург Болат Байыровқа айтар алғысым шексіз. Одан кейін тағы ота жасатуға ешқайда бармадым. Шетелге барып емделетіндей жағдайым жоқ. Оған қомақты қаржы керек. Қаржы жағы қиын болып тұр. Қазір алып бара жатқандай, денсаулығым бойынша айтар шағымым жоқ, – деді 32 жастағы Атырау облысының тұрғыны.
Алыс ауылда қоңырқай тіршілік етіп жатқан Нұржан өз өміріне риза. Десе де, көңіл түсірер жайттар да аз емес. Бүгінгі таңда Нұржан денсаулығы бойынша мемлекет тарапынан ешқандай көмек ала алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет мұндай азаматтың бар екенін де ұмытып кеткен секілді.
– Еліміздің тарапынан ешқандай көмек жоқ. Үкімет менің бар екенімді де білмейді, – дейді Өркешбаев.
Айта кетейік, 2012 жылы Нұржан Өркешбаевқа «Нұрсая» ықшамауданынан бір бөлмелі пәтер берілген еді. Жаңа бес қабатты үйлердің бірінің кілтін қолына алған Нұржан әлі күнге дейін пәтеріне кіре алмағанын айтады. Арада 12 жыл уақыт өтсе де, жергілікті билік оған мән бермей келеді.
– Бұл пәтерді әлі күнге дейін өзімнің атыма аудара алмай отырмын. Үшінші топтағы мүгедек деген қағаз керек дейді. Оның үстіне ақша төлеп, сосын ғана аударта аласың дейді. Зейнетақы алатын едім, оны да шығарып бере алмады. Үкімет өздеріне керек кезде іздейді, ал басқа уақытта мүлдем керек жоқпын. Жиналыс бірдеңе болғанда, оларға тек спикер ретінде керексің. Ал жай күндері мүлде ескерусіз қаласың. Денсаулық сақтау министрлігі іздеп, хабарласып көрген емес. Тіпті, ауруханаға қаралайын десем, медициналық сақтандыруым жоқ. Өлсең, далада өле бер дейді. Ешқандай көмек жоқ. Жабулы қазан сол күйінде жабулы қалды, – дейді ол.
Нұржанның бар тілегі – Атыраудағы пәтерді өз атына аударту және зейнетақы мәселесін шешу.
– Жағдайыма байланысты ешқандай жер мені жұмысқа алмайды. Сол себепті, бірінші кезекте медициналық сақтандыруды және үйді, зейнетақы мәселесін шешіп берсе екен деймін. Жұмысқа да орналасқым келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда Нұржан аталмыш пәтерді не сата алмай, не жалға бере алмай отыр. Үй атыңда болса, тым болмағанда оны сатып, жер үйге ауыстыруға болатынын айтады. Әкімшілік тарапы бұған селқос қарап отыр.
Әкімдікке де жүгіндік. Олар ештеңе шеше алмай отыр. Айтатындары «біз ештеңе істей алмаймыз», болмаса қарастырамыз, жасаймыз, хабарласамыз. Айтатындары тек осы. Одан кейін мүлде хабарласпайды, – дейді ол.
Нұржан Өркешбаев туралы 2000 жылдары алғаш айтыла бастады. Ол кезде Нұржан небәрі 10 жаста болатын. Нұржан туралы БАҚ кеңінен жаза бастағаннан кейін ерте қартайған бала Ресей, Германия елдерінің бірқатар клиникасына барған. Бірақ әйгілі клиникалар Нұржанның ДНҚ сараптамаларын тексергеннен басқа ем көрсете алмады.
Десе де, Нұржанның емделуге әлі де үміті бар. Бірақ қаржылық жағдайы жоқ. Мемлекеттен үлкен үміті бар. Бірақ Үкімет тұрмақ, жергілікті билік әлі күнге дейін бір пәтерді атына аударып бере алмапты.