Облыстық кітапхана орналасқан ғимараттың өзі өте көне, тарихи жәдігер. Бұл Орал қаласындағы Карев үйі. Үйді көпес Карев 1901 жылы салдырған. Қазір бұл жерде облыстық кітапхана мен облыстық филармония орналасқан.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Орал қаласындағы кітапхана ең көне, тарихи кітапхана саналады. Облыстық кітапхана 1871 жылы ашылған. Басында 1871 жылы әскери училищенің базасында орналасқан. Кейін 1924 жылы қалалық кітапханаға айналып, 1930 жылы облыстық кітапхана болып өзгереді. Ал 1939 жылы Надежда Крупскаяның есімі беріледі. Облыстық кітапхана Карев үйіне тек 1947 жылы көшіп келеді. Содан бері кітапхана сол тарихи ғимаратта. Ал облыстық кітапханаға қайраткер ақын Жұбан Молдағалиевтің есімі 2000 жылы берілген.
Тарихы терең, шежіресі кең, кітап қоры мол болса да бұл кітапхананың да шешілмей тұрған шаруасы шаш етектен. Басты мәселе ғимараттың өзінде болып тұр.
– Біздің облыстық кітапхананың үлкен шешілмеген проблемасы бар. Біріншіден, бізде кітап сақтайтын орын жоқ. Таршылық етіп отыр. Сіз өзіңіз біз отырған ғимаратты көріп отырсыз. Бұл негізі кітапханаға арналмаған. Қазір әлемде заманауи арнайы кітапханалар салынып жатыр. Ал біз ескі, тарихи ғимаратта отырмыз. Бұл жерде қандай да бір заманауи технология туралы айтудың өзі артық. Бізге бұл орын өте тарлық етеді. Бұл ғимарат – көне, тарихи жәдігер. Сондықтан да мұны өзгертуге, бұзып, басқаша бірдеңе істеуге болмайды. Осының өзі бізге қолбайлау болып отыр. Қазір облыстық кітапхана үшін жаңа ғимарат салу мәселесі әбден пісіп жетілді. Бізге заманауи, кең, жарық, оқырман үшін барлық жағдайы жасалған ғимарат керек, – дейді кітапхана директоры Шолпан Қуанышқызы.
Бүгінде БҚО-да 300-ден астам кітапхана бар. Онда шамамен 5 миллионнан астам кітап қоры сақталған. Өкінішке қарай, жалпы облыс бойынша тек екі кітапхананың жеке өз ғимараты бар. Қалған кітапхананың бәрі клуб, филармония, ауылдық әкімдік секілді мекемелердің бір бөлмесінде орналасқан.
– Жалпы, БҚО бойынша кітапхана ғимараты деген мәселе өте күрделі болып тұр. Бізде екі кітапхана ғана өз ғимаратында отыр. Бұл, әрине өз кезегінде оқырман үшін өте ыңғайсыз, қолайсыз. Біздің облыстық кітапхананың өзі өте биік, бірақ бұл жерде мүгедек жандарға жағдай жасалмаған. Халқы аз ауылдарда кітапхана жоқ. Біз сол ауылдарға көшпелі кітапхана ұйымдастырғымыз келеді. Бірақ оған да жағдай жоқ. Себебі біздің ешбір кітапханамызда библиобус жоқ. Қазіргі біздің астымыздағы көліктер әбден ескірген. Егер аудандағы кітапханаларда библиобус болса, олар алыс ауылдарды аралап, қызмет көрсетер еді. Ресейде сондай жүйе жақсы жолға қойылған, – деп қынжылады кітапхана директоры.
Оралдағы тарихи кітапхананың іші мұнтаздай таза. Ауасы кең. Қанша дегенмен тарихи жәдігер болғандықтан, өзіндік бір атмосферасы бар. Бірақ қазір әлемде түрлі заманауи кітапхана салынып жатқан тұста білдей бір облыстың жібі түзу кітапхана ғимаратына жарымай отырғаны сәл ұяттау енді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы