Елімізде жыл сайын 5 млн тоннаға жуық қалдық жиналса, оның 1 млн тоннасы ғана қайта сұрыптаудан өтеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы қоршаған орта мен адам өмірі үшін маңызы айрықша іспен 729 кәсіп­орын айналысқан.
«Қақпақтар қалашығы»
826
оқылды

Дегенмен кә­сіпорындардан өзге, күнделікті қолданыстағы заттардан шық­қан қалдықтарды қо­қысқа тастамай, оларды өңдеп, кәдеге асырған табиғат жанашырлары да баршылық. Солардың қатарын­да Алматыдағы №37 бөбекжай балабақшасының қыз­меткерлері мен тәрбиеленушілері де бар.

2017 жылдан бері балабақша ұжы­мы ескі заттарға жаңаша дем беріп, балалардың қызығушылығын оятатын ерекше бұйымдар әзірлеп жүр. Бір қызығы, тәрбиеленушілерге берілетін сүт, айран, шырын құтылары мен қақ­пақтарын қоқысқа тастамай, олар­ды көптеп жинауды әдетке айнал­дырған. Тағы бір ерекшелігі – тәрбие­шілер мен балалардың қолынан шық­­қан бұйымдардың экологиялық маңызы­­нан бөлек, медициналық пайдасы орасан. Себебі қақпақтан жасалған қолөнер туындылары бала­лардың ұсақ моторикалық бұлшық еттерін дамы­туға көмектеседі.

– Шыны керек, балалар қазір дүкен ойыншықтарынан жалыққан. Үйде де, сыртта да дайын сатылымдағы ойыншық өте көп. Сондықтан біз артық қалдықтарды пайдалану арқы­лы баланың қызығушылығын оятамыз әрі ысырапқа жол бермеуге үйретеміз. Балалар қарапайым заттарды қажет бұйымға айналдыра алатынын көрген­де қуанады, бойында сенім пайда бо­ла­ды. Мен Оңтүстік Корея, Герма­­ния және Ресей елдеріне барып, қысқа­­мерзімді оқу курстарынан өту кезінде бұйымдар жасауды үйрендім. Енді сол тәжірибемізді балабақшамызда қолда­нып жүрміз, – дейді №37 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Айнұр Әлімбекова.

Бұйымдардың жасалу техноло­гия­сы аса күрделі емес. Бар болғаны қо­лыңызда ине, жіп және желім болса жет­кілікті. Осындай қарапайым әдіс­терді қолданудың нәтижесінде бала­бақша түрлі түсті заттармен толығып, келушілердің назарын бірден өзіне аударады. Бөлме ішіне көңілді атмо­с­фера мен ғажайып эстетика сыйлаған бұйымдардың адам денсаулығы үшін пайдасы мол. Күн сайын тәрбиешілер балалар ұйқыдан тұрған соң оларды қақпақтан жасалған кілемше үстінен жүргізіп өткізеді. Осының арқасында майтабан диагнозы бар балалардың табаны қалыпқа келе бастапты. Бала­бақша тәрбиешілері дидакти­калық және оқу қызметінде үлестірмелі ма­териалдарды, сондай-ақ қақпақтан жасалған үстел ойындарын қолдану барысында балалардың ұсақ мото­рикасы дамып, сөздік қоры байығанын байқаған.

Қазір балабақшада қақпақтан жа­салған бұйым саны 500-ге жуық­таған. Небәрі 1 жыл уақыттың ішінде 50 мың­­­нан аса қақпақ жиналған. Тәр­биешілердің сөзінше, балалар өздері ішкен шырынның қақпағын қоқысқа тастауды ұмытқан. Жұмыс барысында қақпақ жетпей қалған кездері тәр­биеленушілер өз үйінен алып келеді екен. Әдетте қоқысқа кететін қалдық­тардан жаңа өнім пайда болғанын көрген ата-аналар енді балаларымен бірге қақпақ жинауға атсалысатын болған көрінеді. Жас та болса белсен­ділігімен, ерекше ынтасымен көзге түскен балабақша тәрбиеле­нушісі Әдия Ерік – қажетсіз заттарды кәдеге жаратып жүргендердің бірі. Кішкентай кейіпкеріміздің замандас­тарына да айтары бар.

– Қақпақтардан қуыршақ және санамақ жасап көрдім. Маған түрлі түсті қақпақтармен зәулім үй құрас­тырған ұнайды. Отбасымызбен тойға барған күндері қақпақ жинап, бал­бақшаға алып келемін. Әрі қарай біз сол қақпақтардан өзіміз қалаған ойын­шықтарды әзірлейміз. Әкем мен анама, ағама үйде босқа жатқан қақ­пақтарды жинап беруін сұраймын. Дос­тарыма Жер-Ананы қоқыстан қорғайық деп айтқым келеді, – дейді Әдия.

Қазір балабақша ұжымы қақпақтан жасалған бұйым саны мен түрін арт­тыруды көздеп отыр. Осы күнге дейін жасалған қолөнер туындылары да көптің назарынан тыс қалмай, ерекше бағаланып үлгерген. 2021-2022 жыл­­дары Алматы қаласында бала­бақшалар арасында республика көлемінде өткен көрмеде «Үздік экологиялық жоба» деп танылса, 2023 жылы «Тамыз ке­ңесінде» 90-нан аса маман тәжірибе жинау мақсатында осында келген екен.

– Экологиялық жоба ретінде бастау алған жұмысымыздың ар­­қа­сында балабақшамызда қал­дықтарға «екінші өмір» сыйлау үшін «Қақпақтар қалашығы» кабинеті ашылды. Қазір осы кабинетті қажетсіз заттардан жасалған түрлі жиһазбен, сондай-ақ балалар денсаулығына қажетті кілем­шелермен, дидактикалық ойын­дармен жабдықтап жатырмыз. Білімін шың­дап келген ұстаздарға шеберлік сы­ныбын ұйымдастырып отырамыз. Аудандық, қалалық, республика кө­лемінде мектепке дейінгі мекеме пе­дагогтеріне іс-тәжірибе алмасу үшін семинар жиі ұйымдастырылады, – деп сөзін қорытты Айнұр Батыр­бекқызы.

Эколог мамандардың айтуынша, 2 млн-нан аса тұрғыны бар Алматы бүгінде тұрмыстық қалдық шығаратын қалалардың қатарында көш бастап тұр. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Алматы облысында жиналған қалдық 9 млн тоннаны құраса, оның 440 мың тоннасы Алматы қаласынан тасымал­данатыны белгілі болған. Ал бала­бақша ұжымының білек сыбана ат­қарып отырған ісі қордаланған мә­­­­­­­селенің түйінін тарқатуға тамшыдай болсын үлес қосқаны деп білеміз.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы