Еліміздің бидай және басқа да ауыл шаруашылығы экспортын осы корпорация арқылы жүзеге асыру тұжырымдамасы жарияланды. Яғни, аграрлық экспортты сол монополияландырмақ. Бұған отандық экспорттаушылар наразы.
Төл нарығынан айырыла бастады
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2030 жылға дейінгі жаңартылған Даму жоспарының жобасын жариялады.
Айта кету керек, бұл ұлттық компанияның қолданыстағы стратегиялық құжаты ел Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №945 қаулысымен бекітілген болатын және 2021 жылы күшіне енді. Яғни, сонша көп уақыт өте қойған жоқ. Сонда жаңа даму жоспарын қабылдай қоятындай елде және әлемде не өзгерді? Ауыл шаруашылығы министрлігі Украинада соғыс басталғанын алға тартады.
«Экспорттық нарықтарда сұраныс өзгерді және бұл өзгерістер келесі сыртқы факторлармен байланысты: біріншіден, Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекара дүркін-дүркін жабылады. Екіншісі – Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыс төңірегіндегі халықаралық жағдай. Үшіншісі – Ресейге қарсы санкцияларға және рекордтық астық жинауына байланысты Ресейдің Орталық Азия нарығындағы баға демпингі», – деп санамалады министрлік.
Қолданыстағы даму жоспарында Азық-түлік корпорациясына қазақ астығын өткізетін басты нарық ретінде Өзбекстанда сауда өкілдігін, сондай-ақ қазақстандық бизнестің қатысуымен астық қабылдау кәсіпорнын және диірмен кешенін ашу» жүктелген болатын. Алайда Өзбекстанның, бүкіл Орталық Азияның нарығынан Қазақстанды Ресей ығыстрып шығаруда. Санкциядан оқшауланған Мәскеу ұшан-теңіз астығын өткізер басқа нарықтардан айырылды. Содан онысын арзан болса да, біздің аймаққа жанталаса өткізіп жатыр.
Қазіргі даму жоспарында Қытайға «астық өткізудің басқа стратегиялық нарығы, перспективалық нарығы» деген мәртебе берілген. Оған да күмән туды. Жуырда Қазақстаннан Қытайға бидай экспорты қайтадан тоқтатылғаны мәлім болды. Бұған шың елінің өз аумағында қазақстандық пойыздардың вагондарынан жүкті түсіруге басымдық бермей, кезекті кейін ысыра беруі себеп көрінеді.
Осыған байланысты ҚТЖ 2024 жылғы 4 қаңтардан бері екі ел шекарасындағы «Достық» стансасы бағытында астық жөнелтуге тыйым енгізуге мәжбүр болды. Салдарынан Қазақстан жағында астық артылған 60 теміржол құрамы қаңтарылып тұр. Бұдан бөлек, Қытай территориясында 10 тәуліктен астам уақыттан бері қазақстандық 564 вагон жатып қалды.
ҚХР әлдебір әкімшілік мәселелер туындағанын сылтауратып, жүкті ол вагондардан тапсырыс бергендерге түсіртпей қойыпты. Сондықтан Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин алдағы күндері көршінің меморгандары өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін Қытайға аттанады деп жоспарланған.
Ал «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының даму жоспарынан Өзбекстан, Қытай деген сияқты нақты елдердің аттары жойылады. Оның орнын «перспективті нарықтар» басады.
«ҚР мен ҚХР арасындағы шекараның жабылуы, Ресей және Украина арасындағы қақтығыс төңірегіндегі халықаралық жағдай, Орталық Азия нарығында Ресейдің баға демпингі сияқты сыртқы факторлар белгілі бір өткізу нарықтарында жөнелту көлемін болжауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан стратегиялық өткізу нарықтарының атауы бөлінісінде астықты тиеп-жөнелту көлемі бойынша егжей-тегжейлер алынып тасталды», – деп түсіндірді жоба авторлары.
Геосаяси жағдайдың өзгеруі Үкіметті орындалмауы мүмкін мақсат-міндеттерден бас тартуға итермеледі.
100 млрд теңге қайда жұмсалады?
Әйткенмен, құжаттың нарықты дүрліктірген жаңалықтары басқа. Ол жүзеге асса, Азық-түлік корпорациясы монополиске айналмақ. Осы мақсатта ол экспорттық тауарларды өндіруге жәрдемдесу құралдары мен тетіктерін иеленеді. Өзге нарықтарға кіру кедергілерін азайту үшін Қазақстан атынан шетелдік мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу, жатжұрттарда экспорттық арналарды құру, эспорттаушыларға өнімді ілгерілетуге жәрдемдесу сияқты жаңа құзырларға қол жеткізеді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» қазақстандық астықты импорттаушы елдерде өз өкілдіктерін ашады.
Корпорация тағы бір салада монополист болады: «Өңірлердің азық-түлік және жемдік астыққа қажеттілігін қамтамасыз ету: 2024–2030 жылдар аралығында – 100%» деген нысаналы мақсаты белгіленбек.
Сонымен бірге корпорация басқа да мандаттарды олжалайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қолдау үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне «көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін белгіленген бағадан 70% мөлшерінде аванс төлей отырып, жеңілдікті шарттармен (пайызсыз қаржыландыру және қатты кепілге қойылатын талаптардың болмауы) АШТӨ-ні қаржыландыратын болады».
АШМ отандық астықты жаһандық «базарға» жеткізу және өткізу жұмыстарын орталықтандыруды, басқаша айтқанда монополияландыруды ұсынып отыр.
«Қазақстандық нарық қатысушыларының сыртқы нарықтарға қол жеткізуі бойынша үйлестірілген іс-қимылдарын қамтамасыз етуге бағытталған орталықтандырылған жұмыс шеңберінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы өтетін астық экспортын біртіндеп ұлғайту қажет. Оның экспорттағы үлесі 50%-ға жеткен кезде корпорация Қазақстанның Бірыңғай экспорттаушысының функцияларын орындай алады. Оны 2 кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда», – деп дәйектеді министрлік.
Бірінші кезеңде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» шағын және орта фермерлер өндіретін астықтың экспорттық партияларын өз қолында шоғырландырып, оны сыртқы нарықтарға өзі өткізетін болады. Сыртқы нарықтарда сатып алушыларды іздеумен де корпорацияның өзі шұғылданады. Ол сатып алушы мен сатушы үшін кепіл-гарант қызметін атқарады. Осылайша, корпорация фермерлерге экспорттық нарықтарға шығуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен сатуға көмектеспек. Бірақ ұсақ ойыншылармен шектелмейді.
Екінші кезеңде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» отандық астықтың бүкіл көлемін сатып алып, оны шетелге орталықтандырылған түрде экспорттауды жоспарлауда. Министрліктің пайымдауынша, бұл үшін корпорация арқылы өтетін экспорт көлемін арттыру керек және оған берілетін қаражатты ұлғайту қажет. Тиісінше, ұлттық компанияға биылдан бастап миллиардтар тасқыны арна тартуы мүмкін.
Шикізат емес, дайын өнім экспорты маңызды
Нәтижесінде, осы онжылдықта, 2030 жылға қарай «Азық-түлік келісімшарт корпорациясын» Қазақстан шығаратын бірқатар ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа ілгерілететін және экспорттаушыларға жәрдемдесетін мемлекеттік монополиске айналдыру көзделген.
Аграршылар, ауыл шаруашылығы өнімін сыртқа экспорттаушылар Үкіметтің бұл жоспарын құптамады. Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеушілері ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов құжаттың шикі тұстарын, олқылықтарын айтып берді.
– Біріншіден, перспективті шетелдік нарықтарда Азық-түлік корпорациясының Сауда өкілдіктерін ашу мемлекеттік бюджеттің емес, корпорацияның өзінің таза табысы есебінен жүзеге асырылуға тиіс. Өйткені бұл ел бюджетіне салмақ түсіреді әрі өз шикізатын немесе дайын өнімін жаһандық нарықтарда өз бетінше ілгерілетіп жүрген отандық компанияларды тең емес жағдайда қалдырып, бәсекелестікті жояды. Екіншіден, АШМ перспективті шетелдік нарықтарда корпорацияның астық қабылдаушы кәсіпорындарын, диірмен кешенін салуды жоспарлауда. Қазақстанның астық және дәнді дақылдар бойынша өңдеу қуаттылықтарын, яғни кәсіпорындарын көрші мемлекеттерге көшіруінің теріс тәжірибесі болды. Салдарынан отандық ұн тарту саласы күйреді, – деді Я.Ибрагимов.
Қауымдастық басшысы мұндай жоспарды отандық өңдеу саласын өз елімізде дамытуға төнген сын-қатер деп бағалады.
«Бұл ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі және Президенттің өз Жолдауында қойған тапсырманы – алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін орындауды жарға жығуы мүмкін. Азық-түлік корпорациясы бұған дейін бар күш-жігерін республикада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, сақтаудың және өткізудің толыққанды желісін құру, сондай-ақ бағаның өсуін тежеу үшін интервенцияларды жүзеге асыру, көктемгі дала жұмыстарын, күзгі орақ науқанын қолдау сияқты салаларға шоғырландырып келді. Алда оған ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай экспортын жаһандық нарықта ілгерілету сияқты ірі міндеттер жүктелмек. Бар аңсары соған ауады», – деп ескертті сарапшы.
Сарапшылардың пікірінше, корпорацияның бидай экспортын қуатты ілгерілету, бұл үшін логистиканы – тасымал мен қоймалауды арзандату, теміржол құрамдарына тиеуде басымдық беру және басқа да қолдау шаралары Президенттің бидайды, майлы дақылдарды және басқасын шикізат түрінде сатпай, 70%-ға дейін өңдеу, ең құрығанда, ұн, сұйық май сияқты дайын өнім түрінде өткізу тапсырмасына қайшы келеді. Оның орнына корпорация қосылған құны жоғары болатын өңделген өнімдердің экспортын қолдауға ден қойғаны абзал.
Әйтпесе, үш жыл қатарынан жиған рекордтық мол астығын қайда жіберерін білмей дағдарған Ресей Қазақстанның дәстүрлі нарықтарын шикізатпен мелдектете молықтырып, бағаны жаппай арзандатты. Соның кесірінен Қазақстан да бидайын, өзге шикізатын арзан өткізуге мәжбүр. «Аттыға ерем деп жаяудың таңы айырылыпты» дегеннің кері келмес үшін еліміз шикізат экспорттауда Ресеймен бақталасуға тырыспай, басқа жолды таңдағаны, яғни өңдеп, дайын өнім шығаруға көшіп алғаны жөн. Оның табысы да көбірек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, сарапшылар қоғамдастығының сын-ескертпелері ескеріліп, даму жоспары тағы пысықталады. Ал өңдеуге қатысты Мемлекет басшысы қойған міндетке сәйкес, Азық-түлік корпорациясы бірте-бірте монодақылды, яғни бидайды қаржыландыру көлемін төмендетіп, өзге дақылдарды қолдауды арттырады.
Елдос СЕНБАЙ