Ақмола облысында өзін елордалық "полицей" деп таныстырған адамдарға сенген зейнеткер 3 миллион теңге қаражатынан айырылып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Ақкөлде зейнеткер жалған «полицейге» алданып, 3 миллион теңгесінен айырылды
813
оқылды

Алаяқтық оқиға Ақкөл қаласында болған. Қарияның полицияға берген арызына қарағанда екі жас жігіт 66 жастағы қарияның сеніміне кіріп, көшеде жүргенде ақшасын ұрлау үшін бірнеше минут ішінде барлық сауалнамалық мәліметтер алып тайып тұрған. 

Көшеде қарияға келген жас жігіт өзін Астана қаласының полиция қызметкерімін деп таныстырған. Жәбірленушіден сауалнамалық мәліметтері мен ЖСН нөмірін сұрап алған. Осы кезде оған жақын маңда  тұрған сыбайласы мәліметтерді телефонына түсіріп алған. «Жалған полицейлердің» түр-түсін ер адам есіне сақтап қала алмаған. Өйткені олар киімінің жағасын көтеріп, жалбағайларын төмен түсіріп алған. Дәл сол күні кешкісін зейнеткер «Халық банкіндегі» жеке есепшотынан 1 450 000 теңге сомасында ақшаның жоқ болып кеткенін анықтайды. Мұнымен қоса оның атына 1 700 000 теңге мөлшерінде тауарлық несие рәсімделген болып шықты, дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің өкілі. 

Жедел тергеу барысында полиция қызметкерлері қаскөйлердің алған биометриялық мәліметтер арқылы ақшаны ұрлағанын анықтаған. Қазіргі уақытта күдіктілер  іздестіріліп жатыр.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы