Коронавирус қатаң бақылауда
Коронавирус қатаң бақылауда
137
оқылды
Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Дегенмен қауіпті дерттің таралуына жол бермеу үшін тиісті шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай деп баяндады.
Елжан Біртанов ең бірінші кезекте мерекелік жиын-той, спорттық іс-шаралар өткізілмей­тінін жеткізді. Сондай-ақ коро­навирус жұқтыру қаупі жөнінен ал­ғашқы са­натқа жатқызылған мемлекеттерге са­пар­ға шығуға тыйым салынады. «Келе­шек­те та­ғы бір мемлекет коронавирус қаупі жа­ғы­нан бірінші санатқа енгізілуі мүмкін. Сол се­бепті алдын ала ес­кертеміз. Сапарды ке­йін­ге қал­дырып, ешқайда шықпаған аб­зал. Ауруға байланысты жағдай күн сайын өз­геріске ұшырайтын­дық­тан, ахуалға күн­де­лікті жаңадан баға беріледі», – деді министр.
Қазақстан 4 наурызда бірінші санаттағы елдерден келген шетел азаматтары үшін шек­теу қойды. Бұл норманы енгізу жолау­шылар ағынын қысқарту үшін жасалып отыр. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар ескерту мен қауіп-қатерге қарамай, басқа елдерге сапарлауды тоқтатпай отыр. Ми­нистрдің айтуынша, қазақстан­дықтар коронавирустың таралуы бойынша бірінші санаттағы Оңтүстік Кореяға құмартуы ба­сылар емес. «Біз ауру кең таралып келе жат­­қан елдерге бірінші күн­нен бастап бар­мауға кеңес беріп жатырмыз. Бірақ кейбір азаматтар бұл шектеуді бизнеске кедергі келтірді деген сыңайда түсініп, сынайды. Біздің бұл ұсыныста­рымыз азаматтары­мыз­ды қорғауға бағытталған», – деді Е.Біртанов. Әйтсе де, осы күнге дейінгі ескертуге қарамай кетіп қалғандар баршылық. Енді олар елге оралған соң арнайы шектеу мен тыйым шараларына дайын болуы тиіс. Егер ол талапқа көнбесе, Ден­саулық сақтау ко­дексін бұзғаны үшін жауапкершілік қарас­ты­рылған. Министрдің айтқанынан түсін­геніміз, Қазақстан өз ішінде аталған шек­теулерді енгізгенімен, әрдайым басқа ел­дердің әуе­компанияларына ықпал ете ал­масы анық. Бірақ халықты қорғау мақса­тын­да елге келіп жатқан азаматтарды де­пор­тациялауға дейінгі әрекетті жасауға, жер аударуды жүзеге асыруға құ­қығымыз бар. «Мәселен, 4 наурыз күні Біріккен Араб Әмірліктерінен борт келді. Онда ҚХР-дың екі азаматы бар болып шықты. Біз оларды оқшаулап, бақылап, Қытайға жібердік. Басқа елдер де осындай шараларды қабыл­дауда. Бұл – үйлесімді саясат», – деді Біртанов. Десе де, Елжан Біртанов ор­талық дең­гей­де қандай да бір ша­раларды шектеп, қо­ғамдық орын­дарды жабу туралы бұйрық шықпағанын айтты. Себебі әр өңірге байланысты эпиде­миологиялық қауіп пен тәуекел де әртүрлі. Мәселен, бір облыста карантин енгізудің қажеті бол­маса, екінші бір ірі қалада халық­аралық әуежай қызмет ететіндік­тен, онда тәуекелдер баршылық. Себебі ол жерге күн сайын адам­дар келіп-кетіп жатады. «Әйтсе де, әкімдер немесе ай­мақтардың өзге де жауапты адамдары қан­дай да бір шараларды қабылдап, жария­лайтындай тиісті жоспар бар. Егер вирус­тың ошағы Қы­тайды алып қарасақ, ондағы Хубей провинциясында ғана карантин енгізілді. Бейжіңде белгілі бір шектеулер болды. Қалған қалалар кәдімгі күнделікті тірлігін жалғастыра берді. Оң­түстік Корея мен Италияда да жағдай сол. Бәріне салмақты қараған абзал», – деді министр.
Елордадағы баспасөз мәсли­хатында Елжан Біртанов коро­навирус қаупіне бай­ланысты Қазақстанда карантиндік шара­ларға жатқызылған азаматтар туралы да кеңірек айтып берді. «Бізде 992 адам ка­рантинде жатыр. Оның ішінде оқшаулан­ғандар да, үй жағдайында карантинде жат­қандар да бар. 2 және 3 санаттар бо­йынша, яғни тұрғылықты ме­кенжай тұрғы­сынан 7 515 адам бақылауда. Жалпы, түрлі елден келген 8 мыңға тарта адам Ден­саулық сақтау министрлігінің бақылауына алын­ған», – деді ол. Министрдің сөзіне қара­ғанда, карантинде жатқандардың ішінде көпшілігі Қазақстан азаматы, шетел­діктер де бар. «Ауру белгілері бар жағдайда олар ауруханаға жатқызылады. Бүгінге дейін бізде 60 адам ауруханаға жатқан. 18-і кеше шығып кетті. 42-і қалды. Олар зерт­теуден, диагностикадан өтуде. Осыған де­йін айтқанымдай, Ресей және ҚХР-дан өнер­кәсіптік өндірістен шыққан диагнос­тик­а­лық тесттер әкелінген. ДДСҰ-дан да қосымша тесттер жеткізілді. Біз 1 014 адамды тексердік. Тесттердің бірде-бірінде коронавирус ин­фекциясы анықталған жоқ», – деді министр.
  Тәуекел ДУМАНҰЛЫ