Қазіргідей табанының бүрі жоқ, бір қадам ілгері басса, екі қадам кейін кеткен қоғамда бір жерде тапжылмай, табан аудармай қырық жыл жұмыс істеу дегенің, әй сирек кездесетін құбылыс шығар. Ал Қайрағамның өзі болса, бүгін алпыстың асқарына шықты. Жай ғана шыға салған жоқ. Адамгершілік деген қарапайым (қарабайыр емес) түсініктегі кішілік пен кісіліктің қаншалықты биік болатынын айналасына көрсетіп, абыроймен шықты. Мені кем, алды кең азамат болмысы ешқашан атақ-даңқ қуған жоқ!
Қайрағам қатарының бірі жетіп, бірі кетіп қалған, қызығы мен қиындығы қатар өрілген өмірдің кемелдену мен кемеріне толуы саналатын алпысқа – асығып-аптықпай, алқынып-жұлқынбай, сабырын тауыспай сарқылмай жетті. Алпыс сабырдың жасы, ұлғаюдың басы деп жетті. Алпыс есірудің емес, еркін көсілудің, жарқын шешілудің, кішіні кешірудің, үлкеннің мерейін өсірудің кеңістігі екенін айналасына айшықтап, тайғақтап емес, айғақтап тұрып жетті. Ақты ақ деді, қараны қара деді. Жақсыны бауырға басты. Алысты жақындатты. Өткеннен өнеге алып, келер күннің өріс-өркенін пайымдап, айналасы мен аға болар тұғырлы тұсқа тіміскіленбей, көрінген жерге тұмсығын тықпай, тура жолдан таймай жетудің төте де төтенше өнегесін көрсетіп жетті. Қысқасы, ешқашан пендауилықтың арнасынан асқан жоқ!
Жаратылыс бойына көсемдік пен шешендікті қатар дарытқан Қайрағамды қазіргі жастар біле бермеуі бек мүмкін. Ол – заңдылық. Өйткені қанша дегенмен бұл заман «Инста» мен «Тик-токтың» заманы ғой. Бірақ мен ес біліп, теледидар көргелі Қайрағамның қою дауысы гүр ете қалғанда, сол теледидарға телміріп отырған жұрттың бәрі дір ете қалатындай әсер қалдыратын. Әсте, Әнуар Байжанбаев секілді аға буынның көзін көріп, тәрбиесін алып, тәлімін бойға сіңіргеннен кейін өз аузынан естідік. Сөйтсек, Қайрағам кешегі қылышынан қан тамып тұрған Қызыл империяның тұсында Репортер R7-сін арқалап алып, (өзі зілдей ауыр, мықшыңдап екі иығым кезек талатын деп айтып отырады) Желтоқсандағы ызғарлы оқиғадан жедел жаңалық пен хабар әзірлеп, зыр жүгіріп, іштей қынжылып, зар илегінін біз бейбақ жақсы біле бермейді екенбіз... Одан қала берді, қазақ азаттық алған елең-алаң шақта Жоғары Кеңес депутаттарының қызыл кеңірдек болып айтысып, жақ-жақ болып жаға жыртысып, қызылшеке пікір таласынан талай рет тікелей эфирге шығып, бүкіл қазақ сахарасына сан мәрте хабар таратқанын жалпақ жұрт қайдан білсін?! Тіпті, күні бертінге дейін Қазақ радиосының көшін Астанаға Қайрағам бастап келіп, елордадан алғаш рет 1997 жылы 10 қаңтар таңғы сағат 06:00-де «Ақмоладан сөйлеп тұрмыз», – деп хабар таратқан да Қайрат Жанатұлы екенін, сөйтіп қазақтың Әнұранын бірінші рет Астана аспанында әуелеткенін де екінің бірі біле бермейтіні анық енді...
Айтпақшы, қызыл сөзді сапырып отырып, санама тағы бір дүние сап ете қалды. Қазір ғой әлеуметтік желінің әкіреңдеген заманы. Лоқ еткізіп телефондағы тілдей бетке бәрін төге салады. Бетінен қақпаған соң, бетімен кеткен буынның келбеті бұл... Ал Қайрағамдар сөз бостандығы дегеннің қадір-қасиетін қатты сезінген буын. Журналистиканы тек жаңалық жазып, хабар тарату деп емес, сөз өнері, тіл ғылымы деп түйсінген ұрпақ. «Жауырды жаба тоқыса да» сын мен шынды жазған дүниелеріне сыналап кіргізіп, астарлап жеткізген шебер жетелі буын. Содан кейін ғой Қайрағам қатарлас аға буынның жазғандарын жұрт әлі күнге дейін іздеп жүріп оқиды. Оның үстіне цензура буып тұрған тұста, қалам алып, қара орман қалың оқырман мен тыңдарманның ішіне сіңіп көр! Сол Қайрағамдар алдыңғы толқын аға буын Шерхан Мұртаза, Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Құсыман Игісін, Сағат Әшімбаев, Ғаділбек Шалахметов, Ұлжан Пармашқызы, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Бүркіт Бекмағамбетов, Әбдірәлі Бөлебай сияқты кіл таланттан тәрбие алып, тәлім терді. Кейбіреуінің шөлмегін тасып, шөлін басып, аға буынның ішіне сыймаған шер мен сырына қанығып өсті. Қазір қарап отырсаңыз, сол аға буын мен бүгінгі буынды жалғап отырған алтын көпір ағаларымыздың да қатары азайып бара жатқан секілді сезіледі. Сондықтан да Қайрағам секілді көпті көрген қарапайым ғана қайраткерден біздің үйренеріміз әлі көп.
Қысқасы Қайрағам өзін қырық жыл қызмет істеген Qazaqstan Ұлттық арнасының ұжымына ғана емес, күллі қазақ еліне, қазақ жеріне адал қызмет етуден артық бақыт жоқ деп ұғатын ұлықтардың қатарынан. Әлгі «Ұлық болсаң кішік бол», – деген тәмсіл дәл осы Қайрағама қаратып айтылғандай. Өйткені ата жасы дейтін асуға сабырын сарқымай, салмақпен, салиқалы, сырбаз күйде жеткен жанның бүгінгі өмір сүру салты, еңбек ету тәртібі осыны меңзейді. Иә, ел мен жерге қалтқысыз қызмет ету – екінің біріне бұйыра бермейтін олжа. Қайрат Жанатұлы «өз биігіне» міне – ерен еңбекпен, қайсар жігермен, табанды талаппен, сабырлы мінез, салиқалы парасатпен келген орасан зор олжаның иесі. Әу баста туған жерін сүйіп, елімен ет-жақын араласып жетілген халықшыл, көпшіл жанның қалыбы әлбетте, кісілік кескіні осылай болуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, қазіргі қоғам дамуының үрдісінен қарасаңыз алпыс – шынымен тал түс. Сондықтан біз Қайрағамды тұғырынан түспей, бесін мен ақшамға қарай алқынбай алшаң басып, айналасына әлі талай таным мен пайым, тәлім мен тәрбие беріп жүретініне әлбетте, бек сенімдіміз.
Айбек ҚОБДАБАЙ,
Астана қаласы