Халық ащы жанайқайын жазып, түйткілді шешуге ұмтылмаған жері де қалмаған. Су жетпеген халық арасында тіпті қарды ерітіп ішуге де мәжбүр болғандары бар. Бірақ сегіз ай өтсе де әлі еш нәтиже жоқ. Өкініштісі сол, тіпті ауданда судың тарифі де қымбаттап кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Алайда сегіз айдан бері төтенше жағдай күшінде болған тұтас ауданда қазір сапалы ауызсу мүлдем жоқ. Тіпті, өткен жылдың басынан бері Нұра топтық су құбырынан бір тамшы су да тамбаған. Сондықтан мыңдаған халық аудан орталығы – Егіндікөлдегі көршілес елді мекендерден тасып әкеліп, жинап қоятын су мұнарасында күн сайын сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Бұл судың өзі халыққа жетпей қалатындықтан, халық ішінде әлеуметтік шиеленіс күшейген. Тұрғындардың билікке наразылығы соншалық, әбден шегіне жетіп жарылуға шақ қалған.
Түйткілді мәселеге бір шешім болады-ау деген үмітпен тұрғындар Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Көбентаевқа өтініш хат та жазыпты.
Егіндікөл ауданында басқа да түйткілді мәселелерді жиып қойып, бірінші кезекте су мәселесі аса өткір тұр. Тұрғындар үлкен кезекте тұрып, Егіндікөлдегі жалғыз су мұнарасынан суды тасып ішуге мәжбүр. Мұның өзі де жеткіліксіз. Алайда осындай аса қиын жағдайға қарамастан, табиғи монополия субъектісі су айдау мұнарасындағы су тарифін литрін бір теңгеге көтеріп жіберді. Егіндікөл ауданы әкімдігімен ұсынылған су тасымалының есебі де бар. Ашық дереккөздерінен бізге «Егіндікөл ауданы әкімдігі аппараты» мемлекеттік мекемесі жеке кәсіпкер «Сағадатов Дүйсен Қазизұлымен» 2023 жылдың 3 қазанында Егіндікөл ауданы аумағында төтенше жағдайды жою және алдын алу үшін ҚҚС-ты қоса алғанда, жалпы 1 474 984,00 теңге қаржыға 5 мың литр көлемінде жанармай алуға келісімшарт жасалғанын білеміз. Келісімшартты қоса тіркейміз. Алайда осыған байланысты халықпен тарифті қайта есептеу жүргізілген де жоқ, – делінген Егіндікөл ауданы «Тіршілік –2023» қоғамдық бірлестігі жазған хатта.
Ауызсудан тарыққан жұрттың тарифтің қымбаттауына байланысты жанайқайына Егіндікөл ауданы әкімдігіне қарасты «Егіндікөл су арнасы» коммуналдық кәсіпорны ресми жауап та беріпті. Мемлекеттік кәсіпорын суды жақын маңдағы елді мекендерге тасымалдау қосымша шығын болғандықтан, тарифті көтеруге мәжбүр болғанын баяндаған.
Табиғи монополияларды реттеу комитетіне «Тіршілік – 2023» қоғамдық бірлестігінен өтініш түсуі негізінде тексеріс тағайындалды. Су беру келісімшартына сәйкес, Нұра топтық су құбырынан су көлемі жылына 322 мың текше болуы тиіс. 12 ай ішінде іс жүзінде 86 500 мың текше (26,9 пайызы) су жеткен. Ауызсу қарызы 134,2 текшені құрайды. Жүйелі түрде ауызсуды жеткілікті көлемде ала алмағандықтан, кәсіпорын айтып келмейтін шығындарға батып отыр. Атап айтқанда, Егіндікөл ауданындағы елді мекендерге 3 техникамен ауызсуды тасымалдап отырмыз. Суды жақын маңдағы елді мекендерден тасып әкелуге тура келеді. Бұл жанармайға қосымша шығын болып тұр. Өткен жылдың мамырынан бастап Егіндікөл, Қоржынкөл, Бауманское, Спиридоновка селосына су тасымалмен ғана ұйымдастырылып келеді. Егіндікөл селосында ауызсуды тасымалдау бойынша автокөлік қызметі есебіне сәйкес, 1 текше судың тарифтік құны – 217,7 теңге. Мұнда 1 литрге бір теңге тарифі қолданылмаған. Бір литрге бір теңге тарифі 2023 жылдың 2 мамырынан ауызсу тасымалына бекітілген 1 рейске калькуляциямен шығындалған жанармай құнына қарай есептелген. Өтініш қаралып орындалды. Заңбұзушылықтар тоқтатылды. Тұтынушылардан су үшін төлем бекітілген тариф 217,7 теңгеден жүргізілетін болады, – депті «Егіндікөл су арнасы» коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Ниязбек Мейрамов.
Алайда тұрғындар өзгертілген тарифпен келіскісі жоқ. Тұрғындар «Табиғи монополиялар туралы» заңды алға тартып, оған сәйкес тұтынушыларды тариф туралы ескерту қажеттігін жеткізді.
– Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» заңының 26-бабы 2-тармағы 14-тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі тұтынушыларды заңмен бекітілген мерзімде тарифтің өзгеруі туралы хабарландыруы тиіс. Алайда аталған мәселе бойынша тұрғындар WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы әкімдік өкілдері ұсынған ақпараттан ғана білді. Осыған байланысты тұрғындар өз наразылығын білдірді. «Құқықтық актілер туралы» заңның 60-бабы 4-тармағына сәйкес, заңды және жеке тұлғалардың өтініші бойынша олардың өкілеттілігіне сәйкес, тиісті мәселелерді шешу кіретін, яғни белгілі бір салада басқару және реттеуді жүзеге асыратын, мемлекеттік саясатты жүргізетін мемлекеттік органдар өз құзыреттері шеңберінде нақты жағдайға қатысты немесе нақты субъектілерге қатысты нормативтік құқықтық актілерге түсініктеме беруге міндетті. Жоғарыда аталғандарды ескере келе, біз «Тіршілік – 2023» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бағаларды мемлекеттік реттеу және баға тәртібін жүзеге асырушы өкілетті мемлекеттік органның басшысы ретінде аталған мәселені жеке бақылауға алуын және көрсетілген фактілер бойынша тексеріс жүргізуді сұраймыз. Жауапты тұлғалардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне осындай келеңсіздікке душар еткенін анықтап, тиісті шара қабылдануын сұрадық, – дейді «Тіршілік – 2023» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерік Серікбаев.
Елді мекенде төтенше жағдай режимі қашан жойылып, ауызсудың қашан құбыр арқылы берілетіні белгісіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы