Сенаторлар вандализмге қарсы заңнаманы қатаңдатуды ұсынды.
Соңғы уақытта вандализм мәселесі ушығып тұр – Геннадий Шиповских
803
оқылды

Сенат депутаты Геннадий Шиповских вандализмге қарсы күресті күшейту қажеттілігі туралы айтты. 

«Соңғы уақытта вандализм мәселесі ушығып тұр. Күн сайын БАҚ беттерінде біреулердің халықтың мүлкін, коммуналдық меншігін бүлдіргені туралы жаңалықтар желдей есуде. Вандализм дерті эпидемия сынды. Бұған, әрине, жол жоқ. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының жақында айтқан сөзінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық тәртіпсіздіктер мен мәдениетсіздікті болдырмау жөніндегі міндеттер ерекше өзектілікке ие болып отыр», – деп атап өтті сенатор. 

Осыған байланысты депутат вандализмге қарсы заңнаманы қатаңдатудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі жағдай мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді қайта қарау керектігін дәлелдеп отыр. Сенаторлар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруға дайын. Біз барлық мүдделі тараптарды осы бағыттағы бірлескен қызметке шақырамыз. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамалық шаралардан басқа, бірінші кезекте жастар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет, жергілікті атқарушы орындар және құқық қорғау органдары бақылауға алуы керек. Өз тарапынан сенаторлар да бұған белсенді қатысуға әзір», – деп атап өтті депутат.

Бұған дейін  "Жастар рухы" еріктілерінің вандализмге қарсы күресі жайында жазған болатынбыз.