Бірақ «Күту парағынан» жыл сайын 150-300 адамның есімі «жоғалады» екен. Себебі 6-7 жылдап донорын күтетін науқастардың сырқаты дендеп, өмірден өтіп кетіп жатады. Кейін ол тізімді қауіпті диагноз қойылған жаңа науқастар толықтырады.
Мамандар Қазақстанда «мәйіт донорлығы» жақсы дамыса, бір мәйіттің ішкі ағзалары кемінде 7 адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік беретінін айтады. Бірақ трансплантацияға қатысты қауесет құшағында отырған қоғамға донор болудың маңызы туралы шынайы ақпарат жетпей жатқанға ұқсайды.
Қазақстанда «мәйіт донорлығына» заңмен рұқсат берілген. Бірақ дәрігерлер мәйіттің ағзаларын донорлыққа марқұмның туыстары келісімімен ғана ала алады.
Атырау облыстық №2 ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Дәурен Елеуовтің айтуынша, адам қайтыс болып кеткеннен кейін марқұмның ағзасын алудың медицина үшін пайдасы жоқ.
«Адамның миы жұмысын тоқтатқаннан кейін, белгілі бір уақытқа дейін оның жүрегі жұмыс істеп тұрады. Осы кезде біздер науқастың туыстарынан донорлыққа дене мүшелерін алуға рұқсат сұраймыз. Рұқсат алғаннан кейін ғана аппаратты өшіріп, операция жасай аламыз. Бірақ донорлықтың маңызын біздің қоғам әлі де болса түсіне алмай отыр», – дейді маман.
Атыраулық Нұрлан Қапажанов екі жылдан бері бүйрек ауруымен күресіп келеді. Осы уақытқа дейін үш рет операцияны өткерген Нұрлан қазір Гемодиализ орталығында ем алып жүр. Бұл орталықта ол бүйрек қызметін «атқаратын» арнайы аппаратқа аптасына үш мәрте қосылып ем қабылдайды.
«Бүйрек ауыстыруға мұқтаж екенімді туыстарыма ғана айттым. Әрине, трансплантация жасау – күрделі операция. Сау адам үшін де дене мүшесімен бөлісу оңай шешім емес. Әзірге ем қабылдауды жалғастырамын. Бәрі үйлесіп, сәтті ота жасататыныма үміттімін», – дейді Нұрлан.
Былтыр Қазақстанда 19 ағза ауыстыру операциясы жасалған. «Бұл – өте төмен көрсеткіш» дейді Гемодиализбен ауыратын науқастар қауымдастығының жетекшісі Айжан Кударова.
«Қазақстанда ағза ауыстыру отасын жасайтын 7 транспланттау орталығы бар. Мұндай күрделі оталар елде тегін жасалады. Бірақ донор болмағандықтан, жылына «күту парағынан» 300-ге жуық адамды жоғалтып жатырмыз. Сондықтан мәйіт донорлығын дамыту өте өзекті», – дейді Айжан Кударова.
Жоғары санатты дәрігер, трансплантолог Жанат Спатаев тірі адамның ағзасын донорлыққа пайдалану үлкен тәуекел екенін айтады.
«Сараптап қарағанда, дені сау адам өзгені құтқару үшін өмірін тәуекелге тігіп, үлкен қадамға барады. Қажеттілікке қарай, оның бүйрегі немесе бауырының жартысы алынады. Операциядан кейін ол адамның саулығы қалай болатыны да белгісіз. Сондықтан бұл мәселеде мәйіт донорлығын насихаттау бағытындағы ақпараттық жұмыстар көбірек керек», – дейді маман.
Тірі донорлықтың қаупі туралы мамандар пікірімен келіспеуге болмайды. Себебі өз ағзасын өзгеге беру арқылы мүгедек атанып жатқан қилы тағдырлар көп. Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылы тұрғыны Ақжол Нұрлыбайқызы – осындай ерекше тағдыр иелерінің бірі. Ол 2016 жылы анасына бауырының бір бөлігін берген. Ақжол – үйінің үлкені. Өзінен кейін төрт бауыры бар. Анасы Гаухар трансплантологиядан кейін 2015 жылы көз жұмды. Бауыр циррозына шалдыққан Гаухарға жиырмаға толмаған қызы Ақжолдың ағзасы көмектесе алмады. Ақжолдың анасына ағза ауыстыру операциясы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығында жасалған. 11 сағатқа созылған ота сәтті өткенімен, Гаухар жансақтау бөлімінің төсегінде көз жұмған. Бауырының елу пайызын анасына берген Ақжол – қазір үшінші топ мүгедегі. Бірақ ол анасының өмірі үшін соңына дейін күрескеніне өкінбейді.
«Барлығы бойымда өкініштің бар-жоғын сұрайды. Мен не жасасам да, анам үшін жасадым. Анам да, әкем де маған риза деп ойлаймын. Мүгедек атанғаныма емес, анамның жанымызда жоқтығына өкінемін», – дейді Ақжол.
Мамандардың айтуынша, ең ауыр және күрделі оталардың бірі – бауыр ауыстыру. Операция ұзақтығы да әртүрлі. Орта есеппен 8-10 сағатқа созылады. Ең ұзақ уақыт алған операция, тіпті 26 сағатқа дейін созылған екен.
«Себебі бауырды байланыстыратын майда қантамырлар мен өт жолдары сияқты жалғауды қажет ететін мүшелер көп. Ота сәтті өтсе, адам әрі қарай тағы 30-35 жыл өмір сүреді. Көп жағдайда науқастардың туыстары донор болып жатады. Елімізде ота жасайтын материалдық-техникалық жағдай да, тәжірибелі мамандар да жеткілікті. Тек донор табу қиынның қиыны. Сол үшін азаматтар арасында донор болуды насихаттау жұмыстары көптеп жүргізілсе екен», – дейді мамандар.
Елімізде алғаш рет қостанайлық азаматтың жүрегі алмастырылған болатын. Отаны «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» базасында 2012 жылы Қазақстанның жоғары білікті кардиохирургы Юрий Пя жасады. Кейін осы еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мәліметінше, 2012 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде барлығы 2 619 ағзаны ауыстырып салу операциясы жасалған. Әр цифрдың артында адам және оның өмірі тұрғанын ескерсек, мәйіт донорлығын дамытуға мықтап кірісу керек-ақ.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА