Оның ішінде ағылшын тілінде сөйлейтін барлық құрлық пен елден жиналған 500 мың сөз бен сөз тіркесінің мағынасы, тарихы мен қолданылуы туралы мәлімет жинастырылған. Тарихи сөздік болғандықтан, OED қазіргі заманғы ағылшын сөздіктерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Мұнда тек заманауи мағыналарды емес, сонымен қатар жекелеген сөздердің тарихын да таба аласыз. Оның ішінен қейбір сөздердің XI ғасырдан басталатын этимологиялық жолын көруге болады. Сондай-ақ классикалық әдебиет пен арнайы мерзімді басылымдардан бастап киносценарийлер, ән мәтіндері және әлеуметтік медиадағы жазбаларда қолданылған 3,5 миллион цитатаны бақылап, талдау арқылы жасалған тіл тарихы да бар.
Қазір сөздікте 850 мыңға жуық анықтама бар және оған жыл сайын шамамен 15 мың өзгеріс енгізіледі. Бұл – XIX ғасырдың екінші жартысынан бері жалғасып келе жатқан ұзақмерзімді және ауқымды жоба әрі Oxford University Press білім беру миссиясының ең басты міндеттерінің бірі.
2028 жылы OED-тің бірінші басылымының дайын болып, жарыққа шыққанына 100 жыл толады. Мерейтой қарсаңында OED командасы сөздіктің пайдалылығы мен құндылығын және ауқымын арттыруға арналған OED 100 деп аталатын арнайы жұмыс бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл жобаның ауқымы кең. Оған сөздіктің мазмұнын бұрынғыдан да жеделірек жаңарту, түрлі құрлық пен мемлекеттегі ағылшын тілінің түрлерін қамтуды кеңейту, сөздікті түсінікті және мәдени тұрғыдан тез қабылданатын ету, OED қолданушылармен ынтымақтастық пен өнімді қарым-қатынас орнату мен oed.com сайтына жаңа платформа жасау сияқты жұмыстар кіреді.
ОЕD тарихы
Оксфорд ағылшын сөздігі жүз жылдан аса уақыт бойы ағылшын тіліне қатысты ең беделді еңбек саналады. Бірақ оның ғылыми маңызы мойындалып, зор сенім артылса да бұл еңбектің қалай пайда болғаны туралы көп мәлімет жоқ. Оксфорд ағылшын сөздігінің тарихы қандай? Жүздеген қызметкер мен мыңдаған автор жұмыс істеп, 500 мыңнан астам сөздің анықтамасын жинастырған аса зор шығарманың тарихы қандай?
1857 жылы тілді ғылыми зерттеумен айналысатын Лондондағы ұйым – Филологиялық қоғамға ұсыныс жасалады. Онда қолданыстағы ағылшын сөздіктерінің кемшіліктері туралы баяндала келе «Жаңа ағылшын сөздігін» жасау туралы айтылады (ол бастапқыда осылай аталған). Ричард Ченевикс Тренч, Герберт Кольридж және Фредерик Ферниволлдың жетекшілігімен ағылшын-саксон дәуірінен бастап ағылшын тілін толығымен қайта қарап шығу көзделеді. Бұл өте батыл және ауқымды жұмысқа ақырында бастапқыда ойлағаннан әлдеқайда көп уақыт пен күш жұмсалды. Бұл сөздік тіл тарихының барлық кезеңіне қатысты баспа дереккөздерден алынған сөздердің қолданылуы туралы нақты мәліметтерге негізделуі керек еді. Кольридж алғашқы редакторы болып тағайындалды. Кольридж бен Фернивалл ағылшын әдебиетін оқып, сөздердің қолданылуын көрсететін цитаталарды дайындайтын ерікті оқырман тобын жинайды. Бұл цитаталарды оқырмандар «слиптер» деп аталатын шағын қағаздарға жазып, редакцияға жіберіп отырған. 1861 жылы Кольридж қайтыс болып, орнына Фернивалл редактор болып жұмысты жалғастырады. Алайда ол бұл қызметті ойдағыдай атқара алмай, салдарынан бұл істің дамуы баяулап кетеді.
1879 жылы Оксфорд университетінің баспасы бұл жұмысты басуға келіседі және Филологиялық қоғам мүшелерінің арасынан Джеймс Мюррей жаңа редактор болып бекітіледі. Мюррей – Шотландияның азаматы. Ол ерте жастан тілге қызығып, осы әуестігінің арқасында өзі ізденіп ғалым болады. «Сөздіктің» редакторы болған соң ол еріктілердің мәтінін оқып, сөздік құрастыруға көмектесуге ниетті бір топ қызметкердің басын қосады. Олар алғаш темір қоймада жиналатын болған, Мюррей оған «Скрипторий» деген атау береді. Бұл «офистер» алғашында ол редактордың Лондондағы Милл Хиллдегі, содан кейін Оксфордтағы үйлерінде ашылған еді. Бұл іске Мюррей өз балаларын да тартады. Оның балаларына (оның он бір баласы болады) сөздіктің парақтарын алфавиттік ретпен сұрыптағаны үшін азын-аулақ ақша да төленетін. Мюррейдің есебі бойынша сөздікті тұтастай жасап шығу үшін он жыл қажет болды. Бес жылдан кейін, яғни 1884 жылы, кітаптың бірінші бөлімі (немесе техникалық терминмен айтқанда фасцикл) шықты. Бұл жайт осыдан 30 жыл бұрын филологиялық қоғам ойлағаннан әлдеқайда кең әрі ауқымды жұмыстың атқарылып жатқанын анық көрсетті. Шын мәнінде, сөздік құрастыру жұмысында сырттан келетін хат-хабардың көп болғаны сонша, Мюррейдің Оксфордтағы үйінің дәл алдына пошта жәшігі орнатылады. Ол жәшік сол орнында әлі күнге дейін бар.
Жұмысты жылдамдату үшін Мюрреймен қатар екінші редактор тағайындалды. Ол Генри Брэдли болатын. Кейінірек оған Уильям Крейги мен Чарльз Лук деген тағы екі редактор қосылды. Әрқайсысы өз көмекшілерімен алфавиттің әртүрлі бөлімі бойынша жұмыс істеді. Олар қазір Оксфорд Ғылым тарихы мұражайына айналған ғимаратта еңбек етсе, Мюррей мен оның командасы өз жұмысын Скрипториумда жалғастыра берді. Төрт редактор мен олардың айналасында топтасқан қызметкерлер талмай еңбек етіп, сөздікті құрастыруға зор еңбек сіңіреді. Ақырында 1928 жылдың сәуірінде сөздіктің соңғы бөлігі жарияланады. Алғашында бұл сөздік төрт томнан тұратын 6 400 беттік жұмыс болады деп жоспарланған еді. Кейін 250 мыңнан астам негізгі мақала мен 2 миллионға жуық цитатадан тұратын он томдық еңбек болып шығады. Сөздік А new English Dictionary on Historical Principles – «Тарихи принциптерге негізделген жаңа ағылшын сөздігі» деген ерекше атпен жарық көрді. Кейін ол Оксфорд ағылшын сөздігі деген атаумен де белгілі болды. Өкінішке қарай, Мюррей мен Брэдли қайтыс болып, бұл еңбектің жарыққа шыққанын көре алмады. Бұл сөздік бүкіл-әлемдік баспа тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістікке айналды.
Тіл тірі ағза ретінде әрдайым өзгеріп отырады. Бұл бірде-бір сөздіктің ешқашан толық аяқталып, нүктесі қойылмайды дегенді білдіреді. Сөздіктің бірінші нұсқасын дайындау үшін елу жыл еңбектенген редакторлардың жұмысы да бұл заңдылыққа бағынғаны сөзсіз. Бастапқы он том дайын болған соң қалған екі редактор Крейги мен Лук сөздікке толықтыру ретінде бір томдық арнайы еңбекті құрастыра бастайды. Ол 1933 жылы жарық көрді. Сонымен қатар бірінші басылым он екі томдық болып қайта жарық көреді де, «Оксфорд ағылшын сөздігі» деген өзінің ресми атауына ие болды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оксфорд университетінің баспасы OED штаб-пәтерін қалпына келтіру және 1933 жылғы «Толықтыруды» қайта қарау жөнінде шешім қабылдайды. 1857 жылы Филологиялық қоғам алғаш рет ағылшын тілінің жаңа сөздігін құрастыру жөнінде шешім қабылдағаннан кейін араға тура бір ғасыр салып, яғни 1957 жылы Роберт Берчфилд өз қызметкерлерімен бірге жаңа «Толықтырудың» редакторы міндетін өз мойнына алып, оқырмандардан қайтадан көмек сұрайды. Бастапқыда «Толықтыру» шамамен 1 300 беттен тұратын бір томдық жұмыс ретінде ойластырылған еді. Алғашында оны құрастыру үшін жеті жыл уақыт кетеді деп есептелген. Бірақ ол 5 750 беттен тұратын 4 томдыққа айналып, 1972-1986 жылдар аралығында жарияланды.
Заманауи өзгерістер
1980 жылдардың басында баспа монументалды сөздікті қазіргі дәуірге қалай икемдеу керегін ойластырады. Сөздік құрастырудың дәстүрлі әдістері енді жарамайтыны белгілі болды. Мәтінді қайта қарауды бастамас бұрын бірінші басылым мен толықтыруларды біріктіру туралы шешім қабылданады. Ол үшін деректерді электронды форматқа аудару қажет болды, содан кейін мәтіндерді сыртқы авторлардың көмегімен біріктіруге және өңдеуге мүмкіндік туар еді. Сол себептен жұмысты жүргізу үшін лексикографтармен қатар жоба менеджерлері мен жүйелік инженерлер қажет болды. Баспа «Жаңа Оксфорд ағылшын сөздігі» жобасын құрып, 1984 жылы осы жұмысқа толықтай кіріседі. Джон Симпсон мен Эдмунд Вайнер бірлескен редакторлар ретінде Оксфордтағы лексикографтардың негізгі тобын басқарды. Олар жаңа электронды мәтінді тексеріп, редакциялап, өңдеп, сөздікке 5 000 жаңа сөз бен мағына қосады. Жалпы алғанда, қызметкерлер жұмыстың 85%-ын бағдарламалық құрал арқылы жасап шығады. Ал қалған 15%-ына редакторлар тікелей араласқан еді. Бұл үлкен жобаның шарықтау шегі мәтінді теру мен оны басып шығару болды. Осының бәрі атқарылған соң 1989 жылы уақытынан кешікпей Оксфорд ағылшын сөздігінің екінші басылымы жарыққа шықты. Бұл жинақтың көлемі 22 мың беттік жиырма томды құрайды.
1990 жылдары OED-ті жан-жақты қайта қарау жұмысы басталды. Ондағы мақсат толық жаңартылған мәтін жасау болды. Сол арқылы әр материал жаңа құжаттық дәлелдер, ғылым саласындағы заманауи жетістіктер және жаңа мақалаларды ескере отырып қайтадан жан-жақты қаралды. Бұл Джеймс Мюррей мен оның замандастары құрастырып, 1928 жылы жарыққа шыққан бірінші басылымдағы материалдардың алғаш рет өңделуі еді. Сөздіктің электронды нұсқасының болуы басқа баспа форматтарын қолдануға мүмкіндік берді. 1987 жылы бірінші басылымның CD-ROM нұсқасы шығарылды, ал 1992 жылы бір компакт-дискіде екінші басылым да шықты. Сөздіктің дискідегі нұсқасы оның алғашқы кітап түрінде сөреде бір метрден астам орын алып, салмағы 70 келіге жуық жиырма томдық еңбек болған кезінен қатты ерекшеленетін. Оны CD-ROM-да жарыққа шығару өте пайдалы әрі сәтті болды. Цифрлық формат ақпаратты іздеу және алу үшін сөздікті қолдануда төңкеріс жасады. Бұл болашақта Оксфорд ағылшын сөздігі жасайтын технологиялық прогреске ашылған терезе секілді еді. 2000 жылы OED Online іске қосылды. Ол сөздікті айрықша қолжетімді етті. Мұндай мүмкіндік бұрын-соңды болмаған еді. Сондай-ақ ол үшінші басылымның материалдарын онлайн нұсқаға тоқсан сайын жүктеп отыруға мүмкіндік берді. 2023 жылы OED Online сайты өзгеріп, соның нәтижесінде бүгінгі қолданыстағы платформа пайда болды. Қазір де үш ай сайын сөздікке өзгерістер енгізіліп отырады. 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан бұл жүйе толықтай жаңартылған Оксфорд ағылшын сөздігін жасап шығуға мүмкіндік береді.
1857 жылы Филологиялық қоғам өз алдына нақты мақсат қойған еді. Бірақ бұл істің олардың өздері күтпеген феноменалды жетістіктерге жол ашатынын білген жоқ. Оксфорд ағылшын сөздігі – сөздерді және олардың этимологиясын табуға ыңғайлы еңбек ғана емес, ағылшын мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол – тіл эволюциясының жылнамасы ғана емес, ол сонымен қатар ағылшын қоғамының үздіксіз дамуына куәлік етіп, оны құжат түрінде сипаттайтын шығарма. Оксфорд ағылшын сөздігі – бүгінде де өте өзекті құрал.
Оксфорд ағылшын сөздігінде сөздердің соңғы жүздеген жылдағы тарихы туралы толық ақпарат жиналған. Осы мәліметтер жазылған карталар Оксфордтағы сөздіктер бөлімінде (және университеттің жақын маңдағы баспасөз мұрағаттарында) сақтаулы. Сөздікте 1980 жылдардың аяғынан бастап ақпараттың көп бөлігі электронды түрде британиялық, солтүстік америкалық және әлемдік ағылшын тілдеріндегі оқу арқылы жиналған іздеу функциясы бар (Incomings) мәліметтер базасында сақталады. Ол деректер барлық редакторға қолжетімді. Соңғы 30 жылда лексикографтарға ыңғайлы әрі қолжетімді онлайн зерттеу ресурстары тез көбейді. OED лексикографтары үшін Early English Books Online (EEBO) және Eighteenth Century Collections Online (ECCO) сияқты толықмәтінді тарихи дерекқорлар өте қызық. Сондай-ақ олар үшін іздеу функциясы бар әлемнің бұрыш-бұрышындағы ағылшын тілді мемлекеттердің мерзімді басылым мұрағаттары да аса тартымды. Google Books көптеген тарихи және заманауи материалды қолжетімді етті әрі оларды іздеп табу да ыңғайлы.
Саят ЖӨКЕНҰЛЫ