Әлихан Бөкейхановтың «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» деген сөзі бүгін де маңызын жоя қойған жоқ.
TÚRKISTAN осылай туған
1,562
оқылды

Жүздеген жылдық тарихы бар баспасөз саласы қай кезде болмасын билік пен халықтың алтын көпірі болып келеді. Тегінде қазақ баспасөзі туралы әңгіме өрбітер болсақ, TÚRKISTAN газетін атап өтпеуге болмас. Биыл осынау халықаралық газетке 30 жыл толып отыр. Ордалы жылдарда ормандай қалың оқырманның сүйікті газетіне айналған басылымның шығу тарихына көз жүгіртіп, алғашқы сандарындағы сапалы дүниелерге назар аударсақ дейміз.

«Бауырластар бір мұратта ұғысқан»

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Га­зеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрт­тардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ ма­­қау, көзі жоқ соқыр сықылды» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, та­рих сын­­дарынан сүрінбей өтіп, біздің за­ма­ны­­­мызға дейін жеткен адамзаттың ең асыл рухани қазыналарының бірі – газет жа­йын­да көптеген орамды ойлар айтуға бола­ды. 90-жылдардан кейін тұрмысы тұралаған, экономиканың қыс­­­пағын көрген қазақ жұртына ұлттың санасын сілкіндіріп, серпін беретін ақ­парат құра­­лы – мерзімді басылымның қажеттігі туын­даған болатын. Еліміз тәуелсіздігін алып, ұлттығын ұлықтап, жоғын түгендеп, жоғалтқанын қайта таба бастаған жылда­ры осы елдік мақсаттарды жүзеге асыра­тын ұлттық басылымдар да жарық көре бас­­­тады. Оның бірі әрі бірегейі, халықтық мүд­де мен елдік мұратты ту етіп ұстаған апталық TÚRKISTAN газетінің жарыққа шығуы бұлт ішінен шыққан күндей болған еді. Осынау тарихы терең басы­лым­­­­ның алғашқы сандарын арнайы іздеген едік. Енді сол бір басылымның алғашқы баспалдақтарына сапар шегіп, га­зеттің ішкі мазмұнына, сол кездегі мәселелерге тоқталып өтсек...

«Тұсау кесті төл газетің, Түркістан!»

Газет 1993 жылы Қазақстан Рес­­­­пуб­­­­­­­ликасы Үкіметінің қау­лысы негізінде ашылып, 1994 жылы 12 қаңтарда жаңа газет­тің аты «Түркістан» деп бекітіліп, бірінші нөмірі 28 қаңтарда жарық көрді. Оқырманымен 4 бет көле­мінде қауышқан басылым ә дегенде-ақ орамды ойлары­­­­мен, мазмұнды мақа­­­лаларымен көпші­­­ліктің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Басшы қандай болса, басылым сондай екені ертеден әйгілі қағидат. Газеттің алғашқы редакторлық қызметін абырой­мен атқарып шыққан Қалтай Мұхамед­жанов басылымның ел арасына кең тара­лып, халықтың көз­айымына ай­налуына сүбелі үлес қосты. Ұлт мүддесін алғашқы шепке қойған халық­аралық басылымда, сондай-ақ қоғамдық, ұлттық мәселелерді қаламына арқау еткен ақын-жазушы­­­лардың қатарында Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Нұрқасым Қазы­­беков, Дидахмет Әшімхан сынды «сен тұр, мен атайындар» болды. Сонымен, газеттің алғашқы саны тұ­тас түр­кі елдері тоқ болсын деген ниетпен «Түр­­кістан» атауы Түркістандағы Тайқазан бей­не­сінде жазылған Еркін Нұразхановтың таң­балы жазбасымен шықты. Үлкен форматтағы төрт беттік газеттің қам­тыған тақырыптары әр алуан. Газеттің маңдай­­шасында үлкен әріп­термен «Бауырластар бір мұратта ұғыс­қан, Тұсау кесті төл газетің, Түркістан!» деген жазу бар. Шер­хан Мұртазаның «Біртұтас Қазақстан» мақаласы жария­ланған. Сонымен қатар елі­міздің сол кездегі Президентінің  құттықтауы жарияла­­­­­нып­ты. «Тәуелсіздік туын көтеріп, өр­кениет кө­ші­­­­не батыл бет бұрған жас рес­пуб­­ли­­ка­мызда халықаралық жаңа бір басылым­­­ның жарық көруі – мәдени өміріміздегі елеулі оқиғалардың бірі. Дүниежүзілік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға ұмтылып келе жатқан Қазақстан үшін бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше болмақ. Осы орайда халық­аралық «Түркістан» газеті Тәуелсіз Дос­­­тас­тық елдерімен, шет мем­­лекет­­тер­мен әлеуметтік-эконо­микалық, рухани бай­­­ланыстарымыздың нығая түсуіне өз үлес­терін қосып, халықтар ара­­­сын­дағы дос­­­­тық пен ынтымақтастыққа ұйтқы бола бі­­леді деп сенемін. Тұсауы кесіліп отырған «Түркістан» газетінің редакция ұжымына зор шығармашылық табыс тілеймін», – делінген құттықтауда. Одан бөлек, сол кездегі бірнеше басылым да қатарына қосылып жатқан газетке сәттілік тілей оты­рып, құттықтау хаттарын жолдапты. Соның ішінде «Егемен Қазақ­стан», «Ка­зах­­­станская правда», «Қазақ әдебие­­ті», «Жас Алаш», «Ана тілі» газет­­терінің ізгі тілектері жарияланыпты. Газет­­тің бірінші бетінің астыңғы жағына Түр­кістан туралы ой-толғамдар беріліпті. Онда Мұстафа Шо­қайдың «Түркістан» атты мақала­­­сынан, Мағжан Жұмабаевтың «Түр­­­кіс­тан» атты ұзақ өлеңінен және өзге де тарихи деректердің үзінділер жария­ла­­­ныпты. Иә, алғашқы санында жария­лан­­­ған беташар мақаласы – газеттің алда ұс­­танатын бағы­­­тын айқындағандай еді. «Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой, Түр­­кістан – екі дүние есігі ғой» деп Мағ­жан ақын айтқандай, «Түркістан» газеті исі түркі жұртының басылым-бесігі болуды мақсұт тұтыпты. 

Германиядан жеткен дұғай сәлем!

Газеттің екінші бетінде Әбілмәжін Жұ­­­мабаевтың «Түркістан осылай туды» атты көлемді мақаласы жарияланыпты. Онда: «Туған республикамыздың эко­­­номи­­­калық реформаның қатал қыспа­­­­­ғына түс­­­кен тар заманда кең көлемді жүзеге асырып жатқан саяси-әлеуметтік батыл шаралары, қоғам­­­ның ішкі рухани бірлігі мен ын­­­тымағын нығайта түсу жо­лындағы ізгі істері салқын ақыл, са­­­бырлы сана тара­­­зысына салынып, жаңа­­­ша ой­­лап, түсінуді керек етті. Сол себепті де «За­­­ман-Қазақ­­стан» газеті ұжымы жина­­­ған азды-көпті тәжірибені сақтай отырып, оның жұмысын жаңа белеске кө­­­теру, көлемді өріске шығару қажеттігі туды. Сосын газет аты өзгертілді де, оның стату­­сы жоға­рылатылып, оған кең тыныс бе­рілді. «Түркістан» газеті, міне осындай жай-жағдаят нәтижесінде жарыққа шық­­ты», – делінген. Осы ма­қаланың ішінде бөлекше ерекшеленіп «Дұғай сәлем» деген атаумен Хасен Өралтайдың сонау Герма­­­нияның Мюнхен қаласынан жолда­­­ған ізгі тілегі беріліпті. Алыстағы қанда­­­сымыз «Түркістан», «Түркі» атауларына тоқтала келе: «Ал Түріктің кім екендігін «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік...» деуі арқылы Шәкерім Құдай­бердіұлы, «Арғы атам – ер Түрік, біз – қазақ еліміз..» деп Жүсіпбек Ай­­­мауытұлы анық аң­ғар­­­тады. Сіздер шы­ға­ратын және Сіз басқа­­­­ратын «Түр­­­­кістан» газетінің атына лайық болуын тілей­мін» деп дұғай сәлемін жол­­­­дапты. Сонымен қатар газеттің екінші бе­тінде экономика айда­­­­­рында Көлбай Адырбек­­­ұлының «Ынтымақтың жеңісі» мақаласы, Абзал Бөкеннің Парламент сайлауына қатысты «Көтере алмас шоқ­пар­­ды...» атты шолуы, сол кездегі Респуб­­ли­­­­ка Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің жауап­­ты хатшысы Жұма­­­ғали Нау­рыз­баевтың «Қазақстан сан тарау саясат жолында» мақалалары жарық көр­­­ген. Сонымен қатар газетте «Тү­р­кіс­танның құрылтай­­шы­лары» айдарымен За­манбек Нұрқа­­­­діловтың «Ал­маты – Астана, бас қала» атты көлдей мақаласы мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Уақыт және әдебиет» аты­­­­­мен әлем әдебиетіндегі қазақ әдебие­­­­ті­­­­­нің алатын орыны туралы ой-толғамы бе­рі­­­ліпті. Заманбек Нұрқаділов­­­т­ің өзі­нің жаз­­­ған мақаласында Алматының Алаш үшін маңызы мен орны туралы ай­та келіп, сол кездегі өткір мәселелерге тоқ­­та­­лады. 

«...Осы ретте «Алматы – жастар қа­ла­­­сы» деген қанатты сөздің иелері болып табы­латын студенттер қауымына жүкте­­­­лер міндет үлкен. Себебі астанада тәлім алып жүрген студенттер саны – 230 000-нан астам. Бір атап өтерлік жайт, респуб­­­­лика­­­ның кейбір облыс тұрғындарының саны біздің зейнеткерлер санына жет­­пейді екен. Осыдан-ақ 1,5 миллион­­­­­­нан астам тұрғыны бар алып қаланың әлеу­­меттік-тұрмыстық жағдайын тиісті дең­­гейде ұстау үшін қан­­­шама қажыр-қайрат екенін саралай бері­­­ңіз», – дейді Алматы қаласы­­­ның сол кез­дегі әкімі. Сондай-ақ сол бетте Түркияның Ис­­­­лам діні ғылы­мының профессоры Али Өзектің суреті беріліп, оның Ыстамбұлда жүз қазақ баласын оқытып жатқанын, сонымен қатар Алматыдағы салынып жат­­қан ме­шітке қаржылай қолдау көрсетіп жатқа­­нын атап өтіпті. Суретті түсірген Ж.Тұрлы­беков екен. Газеттің алғашқы са­нын­­да Жаңабек Шағатайдың «Асқын­­ған жара ашынтар. Қазақстанға қос азаматтық қажет пе?» атты өткір мәселе көтерген ма­қа­­­­­ласы жа­­­­рияланып, онда: «Тәуел­сіздігін жаңа алып, кешегі КСРО империясының әлеуетті шеңгелінен әрең ажыраған, күрмеуі қиын эко­номикалық, әлеуметтік, саяси дағ­­­дарыстардан тәлті­­рек қаққан респуб­­­ликалардағы орыс тілдес тұр­­­ғын­­дарға қосымша Ресей аза­­­мат­­­­тығын да беру керек пе, жоқ па деген сауал төңірегінде бас қатырып, қабырғасы қайыспаған саясаткер кемде-кем» дей келе, мақал соңында Олжас Сүлей­­­­меновтің пікірі беріліпті. Онда ақын: «Қа­­­зақ­­стан халқы­­­­ның 50 про­­­­центтен астамы басқа елдің азамат­­­тығын алған кезеңін көз алдыңа елестету мүмкін емес. Мұн­­­дайды әлемнің ешбір елі көріп-білген жоқ. Бұл деге­ніңіз –жолаушылар ұша­­­ғындағы жағдайға ұқсас. Жолаушы­­­лар­дың жартысының парашюті бар делік, егер жазатайым апат бола қалса, олардың аман қалуы мүмкін, ал екінші жартысы ше?» – дейді. Сондай-ақ соңғы бетте «Елшісі көп елдің еншісі көп» деген атаумен Алматыда тіркелген диплома­­­тиялық өкілдіктер тізімі жарияланыпты. Он­­да 34 мем­лекеттің елшілерінің аты-жөн­­­дері берілген. Міне, алғашқы санын­­­да-ақ елді елең еткізер ақпараттар мен мәнді де мазмұнды мақалалар жариялап бас­та­ған «Түркістан» газетінің ақпарат ай­­ды­­­нын­­­дағы ғұмыры осылай басталған еді. 

Тұрмыстық ақпараттар

Басылымның бір ерекшелігі – сол кез­дегі тұрмыстық заттарды, киім-ке­­­­шек­тердің бағасы қай жерде қанша тең­­­­геден сатылып жатқаны туралы ақ­па­­­раттарды бөлісіп отыра­­­­тын­­­дығы дер едік. Бүгінгідей ғаламтордың қанат жай­маған кезінде «халықтың көзі, құ­лағы һәм тілі» болған басылым жұрт­­­­шы­лыққа барынша қажетті ақпараттарды беруге ұмтылған­­­дығын байқаймыз. Мә­­­­селен, «Тұрмыстық ақпараттар» ай­­­да­­­­рымен Алматыдағы Сейфуллин кө­шесінде орналасқан «Таш­­­кент», «Алматы» дүкен­­­­деріндегі, Ленин кө­шесіндегі «Ынтымақ» сауда үйіндегі тұр­мыстық заттардың бағасы жариялан­­­ған мына бір ақпараттарға назар аударып көрелік.

Әйелдер плащы – 202 теңге

Әйелдер курткасы – 80 теңге 

Әйелдер етігі 156 теңге

Ерлер етігі – 125 теңге

Кілем – 480 теңге

Самаурын – 216 теңге

Көрпе – 300 теңге 

Әйелдер пиджагы – 139 теңге

Жемпір (Германия) – 228 теңге 

Сүлгі (Өзбекстан) – 25 теңге

Жайнамаз – 3 теңге

Тақия – 6 теңге 74 тиын

Ерлер көйлегі (Корея) – 48 теңге

Куртка (Түркия) – 456 теңге

Тон (АҚШ) – 800 теңге

Магнитофон (Алматы) – 500 теңге 

Шалбар (Түркия) – 198 теңге

Диван (Түркия) – 1 819 теңге 

Сонымен қатар «Саяхат-сапарға шық­­­­­қыңыз келе ме?» айда­­­­рымен шетел­­­дерге шығу, жол­­­сапар құны жарияланып отырған. Мә­­­­селен, Францияға 7 күн спарға – 1 400 теңге жұмсасаңыз, Сирия­­ға – 2 200 теңге, Мысырға – 1 864 теңге, АҚШ-қа 1200 АҚШ доллары, Индияға – 1 325 теңге, Араб Эмиратына – 1 210 теңге, Қытайға – бар бол­ғаны 150 теңгеге 7 күнге сапарлап қайтасыз. Басылымда сонымен қатар әлемдік геосаяси жағдай­­­лар да жиі қозға­лып отырған. Мәселен, «Қырым кімдікі осы?», «Таулы Қарабақ. Көкпар» тақырып­­­тарымен сол кездегі шиеленісті оқиғалар да назардан тыс қалмаған.

Басылымда халқымыздың небір қай­мақ қайраткерлері кенен де кемел ой-пікірлерімен руханият шырағданын маз­дата жақты. Сол тұстағы газеттің сар­­­­­ғай­ған беттерінен сая­сат­тың, әдебиет пен жур­налистиканың қайыспас кәтепті қара нарлары саналған арыстардың алаңкөңіл мақалаларын көптеп кездес­тіруге болады.

«Тіл үшін, дін үшін, ұрпақ пен ұлттың қамы үшін»

Газеттің алғашқы санынан бөлек, ке­йінгі сандарын да парақтап шықтық. Онда Орталық Азия республикаларының қо­­ғамдық өмірінің ты­ныс-тіршілігінен, түр­­­кілерге жататын ұлт­тардың салт-дәс­түрінен, өз еліміздің тарихы мен әлеу­­­­­­­­­­­мет­­тік-экономикалық жағдайлары, дін мәселесі жөніндегі білікті маман­дардың ма­қалаларын жарияланып, әдебиет те назардан тыс қалмаған. Газет тілшілері Жұ­ма­гүл Солтиева, Абзал Бөкен, Нұрқа­сым Қазыбеков, Сәбит Дүйсенбиевтің, ақын-жазу­шы, ғалымдар: Шерхан Мұр­таза, Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Әбіш Кекіл­баев, Асқар Сүлей­менов, Зейнолла Қаб­­долов, Мұхтар Мағауин, Камал Смайлов секілді тұлғалармен сұхбат­та­ры жарияла­­­нып, онда өзекті, өткір мәсе­ле­лер қозға­лыпты. Газетте Алаш арыстары мен та­рихи тұлғалар жөнінде «Тұманды жылғы тұл­ғалар», «Ол... және ол туралы» деп атал­ған тың тақы­рыптар ашып, Алаш арыстары мен Кеңес өкіметі кезінде халық үшін қызмет ет­кен жандар туралы зерттеу мақалалар жа­рық көріпті. Ғалым Тұрсын Жұрт­бай­дың «Тал­қы» сериялық мақалалары да бірнеше нө­мірге жария­­ланыпты. Кез келген га­зет сияқты «Түр­­кістан» газетінің де тұ­рақты айдар­­­лары болғанын көреміз. Олар: «Дүбірлі дү­ние тынысы», «Құлаққағыс», «Ар­хив­тен табылған асылдар», «Халықтың қамын кім ойлар?», «Түбі туыс түркілер», «Ой­тол­ғақ», «Беймаза мынау дүние», «Түр­­­­кістанның» танымдық мүйісі», «Алаштың алтын қорынан», «Қиырдан жеткен қандастар», «Тірлігі тосын адамдар», «Ой түбінде жатқан сөз» атты айдарлары түрлі тақырыпты қаузап, мәселелердің мәнісіне үңіліпті. Қоғамдық өмірдегі келеңсіз жағ­дайларды өткір сынға алған басы­­­­лымда өткен ғасырдың 90-шы жылда­­­­рының соңында елімізде өте толғақты мәселе­лердің біріне арнал­ған көші-қон проб­лемасына арнап, ар­­найы «Қоныс» қосым­­­шасын жүр­гіз­генін де атап өткен жөн. Қосымшаның редакторы Айтан Нүсіп­­­­хан Қазақстанның көші-қон сала­­сындағы іргелі саясатының қалып­тасуы жайында көп проблемаларды сөз еткен. Мәселен, 1994 жылдың 28 қазан күні шыққан санында «Елім деп келіп, еңіреп кетіп ба­рады» тақырыбымен «қыр­­­­күйектің 22-сі күні Ақмоладан 32 қазақ Моңғолияға қайта көшіп кетті. Бұған бас ауыртқан басшы бар ма?» деп алғашқы бетінде үлкен әріптермен көлемді ақпарат жарияланыпты. 

Сонымен қатар белгілі су­ретші, ка­ри­­­катураның шебері Еркін Нұраз­хан­ның ізденістерін айтпай кетуге бол­­майды. Сая­­си тақырыптарға салған әзіл-оспақ сурет­­­тері газеттің бірінші бе­тінің әрін кел­­­тірсе, ал Серік Тұрлы­беков пен Шүкір Шахайдың қоғамның қалта­­­­рыс­­­­тарын қалт жібермеген фотосуреттері де газеттің ай­­шығын аша түскендігін байқауға бо­­­лады. Әсіресе, «Нарық пен халық» атты айдармен ха­­лық­­­тың сол кездегі тұрмысын бей­нелейтін фотосуреттер бүгінде тарих­­­қа айналған құ­жаттардың бірі десек болардай.

Басылымның 25-ші яғни, 1994 жыл­дың 9 қа­рашасы күні жа­­­­­­рық көр­ген са­­­­нында «Тіл үшін, дін үшін, ұрпақ пен ұлттың қамы үшін» де­ген атаумен бір топ қа­зақ га­зет­­терінің оқыр­ман­дарға үндеуі жария­­­ла­­­ныпты. «Біз, қазақтар, бүгінгі күнге жарты жаны, жарты саны әзер жет­­­кен ха­лықпыз. Отар­шылар мен озбырлар жерімізді тоз­­дырды, елі­мізді аздырды. Дініміз кеміс, ті­ліміз мүкіс болды. Енді ес жия бас­таған кезде мынадай кезеңге тап болдық. Тұрмыс тау­қыметіне тап болған саналылар­дың көбі сауданы, ақылды дегеннің дені алыс-берістің жолына түсті. Сонда ұлттың, ұр­пақтың болашағы не бола­­ды? Демек, «ойлан, қазақ!» дейтін кез келді. Ал ойлай білетін әр қазақ бұл жолда өз қо­лынан келетін бір іс тындырса, біз сон­да ғана болашаққа үмітпен қарармыз. Бұл орайда біздің қолымыздан келетіні – халыққа бар шындықты жеткізу, ұйықта­­ғанды ояту, жігерсізді жану, қайратсызды қамшылау. Сіздің қолыңыздан келетіні – біз шығарған газетті болмағанда бір қа­­зақ­­қа жаздыру. Бұл – азамат ретінде, қазақ ретінде Сізге сын! Ал газетті бар жа­­ғынан халық қажетіне жарату – бізге сын. Бәрі де тіл үшін, дін үшін, ұрпақ пен ұлттың қамы үшін» деп келетін үн­деудің астына «Түркістан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Өркениет» газеттері деп жазылып­­ты. Осындай ұлттық мұратты серік еткен басылымдар өз үдесінен шыға да білді. 

 

ТҮЙІН:

Иә, осылайша «Түркістан» газеті ха­лық­­­­аралық басылым ретінде танылып, туған еліміздің тәуелсіздік жылнамасын жасауды қолға алды. «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, ха­­лық­­­қа газета сондай керек!» деп «Қазақ» газе­­­тінің алғашқы санында Ахмет Бай­­­­­­тұр­­­­­сынұлы жазғандай, ұлтты ағарту, ұлтты ұйыс­тыру бағытындағы өздерінің тарихи міндеттерін адал атқарған Қалтай Мұха­­­­­меджанов бас­таған қаламгерлер қазақ баспасөзіне қайыспай еңбек ете білді. Ең қиын кезең­дерде, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында, қаржының тапшы кезінде газетті шығарып отырды. Сол кездегі га­­­зет қыз­меткерлері де айлап жалақы ал­­маса да, алған бағытынан таймады. Га­­зетке еңбегі сіңген атпал азаматтардың ішінде сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділов пен сол кездегі Ақпарат ми­­­нистрі Алтынбек Сәрсенбаевтардың жанашырлықтарын атап өтпеске болмас. Заманбек Нұрқаділов редак­цияның Бө­­­генбай батыр көшесіндегі №150 үйді беріп, ғима­­­­раттан бөлек, бір көпорын­ды «Ра­фик», бір су жаңа «Волга» және «Жи­гу­ли» көлі­­гін сыйға тартса, Алтынбек Сәр­­сен­­­­баев­­­тың тұсында редакцияның әлеу­мет­тік жағдайы жақсара түскен екен. Міне, бү­­гінде 30 жыл бойы қазақ оқыр­манына жол тартқан, ұлттың рухымен үндескен, жалпы қазақтық һәм түрікшілдік идеясын ту еткен газет Түркі жұртының қара ша­ңы­­­­рағы – Қазақстанның басты ба­сылым­­­­дарының біріне айналды. Басылым ел тәуелсіздігімен қатар дамып, қазақтың ұлттық мәселелерін, қоғамның өзекті жайт­­­­­­­тарын нысана етіп келе жатыр. «Ха­лықтың қай дәреже алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді», – деп «Айқап» журналының тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айт­­­қандай, қазақ баспасөзі дамыса – ел де да­­миды деген сөз. Ендеше отыз жылдық та­рихы бар осынау басы­лымға ғұмыры ұзақ бол­­ғай деген тіле­гімізді жеткізгіміз келеді.

Наурызбек САРША