Ақмола облысындағы ондаған ауылдың тұрғындары жұт басталды деп шырылдап отыр. Жем-шөбі таусылуға таяған тұрғындардың малға берер азығы там-тұмдап қана қалған.
Құт болған малы жұт болды
3,679
оқылды

Кей­бірі тіпті мүлде жем-шөптен ада қалып, құны аспандап кетсе де сатып алуға мәжбүр болғанын айтады. Оның үстіне, қысы-жазы дала төсін еркін кезетін жылқы малы да көтерем болып қолға қараған ауыл көп. Тіпті, қылқұйрықты түлігінің біразы пышаққа ілінбестен арам өліп жатқандар да баршылық. Бұл малмен күнелткен ауылдағы ағайынның шақшадай басын шарадай етті. Жем-шөбі жетпей, қыстан шығудың өзі мұңға айналған ауылдағы ағайын дағдарып отыр...

Қара малды да далада бағып жүр

Көкшетаудың дәл іргесіндегі Василь­ков кентінде тұратын Қажығали Сақы­­пов – жастайынан малмен көзін ашқан қазақтың бірі. Осыдан ондаған жыл бұ­рын бір аяғынан айырылып, үшінші топ мүгедегі болса да, атакәсіптен ешқа­шан қол үзіп көрген емес. Далада шыңылтыр аяз тұрғанымен, шаруа­­­ның малы аппақ қардың үстінде көл жиегіндегі қамыс, қардың бетіне шы­ғып қалған қау шөпті талғажау етіп жүр.

Васильков ауылына арнайы ат басын бұрған бізді ауылдың шетінен көлігімен өзі қарсы алған алпысты алқымдап қал­­ған ақсақал үйіне бастап барды. Мал күтімінің қиындығына қарамастан ата­кә­­сіпке ден қойған Қажығали аға ұлы Рүстеммен бірге 50 қара мал, 150-ден аса қой мен айғырлы бір үйірде он бестен аса жылқы бағып отыр. Дегенмен ақсақал да ауылдағы жұртқа мал бағудың тым қиын­дап кеткенін ашына жеткізді. 

– Ауылдарда жайылым жер жоқ. Бұ­рын осы Васильков ауылында ауылдың бәрі жаппай мал ұстайтын еді. Қазір ме­­­нен басқа көп мал ұстайтын ешкім қал­­ма­ды. Қысқа азығы таусылғандардың қа­расы көп. Ал шөп пен сабанның баға­­­сы аспандап кетті. Қазір сабанды сонау Солтүстік Қазақстан облысынан әкеліп жатырмыз. Ал осында әкеліп сататындар сабанның 250 келі ғана болатын бір бу­­масын 11 мың теңгеден сатып жатыр. Шөп­­тің 300 келілік бір орамы 15 мың теңгеден асып жығылды. Тіпті, малдың өзіндік құнынан да пәлен есе асып кетіп тұр. Асырап баққан адал ақы малыңа дел­далдардың берген бағасы көк тиын. Жуырда ғана 100 келі таза ет тартады де­­ген ірі бұқамды 170 мың теңгеге әзер өткіздім. Бұрынғыдай үйдің ауласында соя алмайсың. Қазір шөп болмаған соң қыс бойы қара малды да далада бағатын бол­дық. Үйде тек бұзаулаған, қоздап қал­ған мал мен көтерем болғандары ға­на тұр, – дейді ақсақал Қажығали Сақы­пов. 

Малдың жайын бес саусағындай бі­­­ле­тін Қажығали ақсақал елдің ауыл шаруа­­­­­­­­­­­шылығының, әсіресе мал шаруа­шы­­­­­­­лықтарының тұралап қалуына түрткі болған бірнеше себепті атады. Ақсақал бұрын мал тұқымын мемлекеттік орган­­дар селекция жүргізіп жаңартқанын, жылқы малының қыстың қыты­­мыр аязына төзімді тұқымының азайып бара жатқанын, жайылым жерлердің тары­­лып, тіпті ауылдың дәл іргесіне де­йін егін егіліп жатқанын сынға алды. Әсіре­се, жайылым мен шабындық жерлерден айырылып, мал баға алмай қалған ауыл­дардың жайы мүшкілдене бастаған. 

Мал бағатын жайылым жоқ

Тақырыпты талдау барысында Ва­силь­­­ков ауылындағы Қажығали ақсақал ғана емес, өңірдегі ондаған ауылда кә­дім­гідей жұт басталғанын анықтап жа­ны­­­мыз ауырды. Әсіресе, Зеренді, Бу­ра­­­бай аудан­дарында ондаған ауыл малдың тісіне ба­­сар тікенек шөптің де таусыл­­ғанын айтып зар илеп отыр. Атап айтқан­­да, Зеренді ауданына қарасты Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздоль­­­ный, Күсеп, Первомайский ауылдарында ұлтарақтай жайылым болмауынан жыл­қы­­­лары жап­пай қолға қараған тұрғын көп. Даладағы қардың беті жылтыр мұз басып, жыл­қылар тебіндей алмай, бие­лер құлын тас­тап, тіпті кей ауылдарда арам өлген жылқылар да болған. Үйге алып келге­­німен, қыр арқасы көрі­­ніп, әбден жүдеп, көтерем болған жыл­­қы­­­­­ларды кө­теріп алар жем-шөп те тау­сыл­ған. Салда­­­рынан ауылдарда мал бақ­­қан жұрттың жағдайы мүшкілдене бастапты. 

– Жайылым қылатын жаялықтай жер жоқ. Жылдағы жағдай биыл тіпті ауылда­ғы малымен күнелткен қазақты әбден қинады. Ауылда малдан басқа күнкөріс жоқ. Осындағы қоңсылас жатқан онда­­ған ауылдың жағдайы аса мүшкіл. Жем-шөп бәрінде таусылуға таяп қалған. Оның үстіне, жылқылар қолға келіп жа­­тыр. Биелер құлын тастаған. Арық, сүйе­­гіне терісі жабысқан етсіз малды кім ал­­сын?! Сабанды да, шөпті де аса қымбат бағаға қарызданып-қауғаланып сатып алу­ға мәжбүрміз. Бағасы удай. Әбден қиналып кеттік, – дейді Ақадыр ауылы­­­­­ның тұрғыны Әдебиет Сағидолла. 

Жем-шөп қоры 100 пайыз жиналған

Ауылдар жем-шөп таусылды деп шу­­лап жатқан соң Ауыл шаруашылығы бас­­қармасы былтыр жаздың соңында жария еткен жем-шөп қорының есебіне тағы бір мәрте назар аудардық. Ведомство об­лыс бойынша қыстық қорды 100 пайыз жинадық деп жоғарыға есеп берген. Бас­­қарма басшылығымен тағы бір тіл­дес­­­­­кенде де жем-шөп қоры облыс бойынша барлық ауданда толықтай жеткілікті кө­лемде жиналғанын жеткізді. 

– Облыста жем-шөп қоры 100 пайыз жиналған. 1 млн 306 мың тонна шөп, 188 мың тонна пішен, 150 мың тонна сүрлем мен 375 мың тонна сабан жина­лып, жоспар толықтай орындалған. Ау­дан және округ әкімдіктері жеткілікті кө­лемде шөп жиналды деп есеп берген. Егер қандай да округке қарасты ауыл­дарда малдың жем-шөбі таусылып жатса, сол округ әкімдігі қол ұшын созуға тиіс. Об­лыс әкімінің төрағалығымен штаб та құ­­рылған. Жалпы, мал ұстаған соң жаз­­­дай жинап қор жинап алуы керек қой. Округ әкімдіктерінен біліп көруіңізге болады. Қазір ауылдарда жылқыға аса қиын болып кетті. Осы соңғы екі-үш жыл­­да қыс ортасында жаңбыр жауып, қардың беті мұз құрсанып қалатын бол­ды. Тұяқты жылқы тебіндей алмай қалып жатыр, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруа­шылығы және жер қаты­­настары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.

«Жем-шөбін ала жаздай қамдауы керек» 

Түйткілді мәселе жөнінде ауыл әкім­дерімен де тілдесіп, жем-шөп мәселесінің қиындығы жайлы пікірін білмек болдық. Зеренді ауданы Шағалалы ауылдық ок­ру­гі­нің әкімі Болат Дүйсенов тұрғындар ала жаздай жем-шөбін қамдама­­ғандық­тан, осындай жағдайға душар болғанын, сондай-ақ жайылым жерлердің де жет­кілікті екенін айтып ақталды. Әкім мұ­нымен қоса ауылдарда мал бағатын малшы таппайтынын айтып, тағы бір үлкен мәселенің шетін шығарды. 

– Күзге дейін екі КамАЗ-бен 50 тең сабан тасылды. Саумалкөлден де келіп апта бойы шөп, сабан сатып тұрды. «Әй, сабан-шөп алыңыздар! Қысқа қам жа­саңыздар!» деп талай айттым. Бірақ ал­ған жан болмады. Апта бойы тұрып-тұрып кетіп қалды. Ауылда жайылым жер де бар, округ бойынша 17 мың гектар жайылым бар. Былтыр 3,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарылды. Шөпті мал ұстаған соң өздері шауып, яки болмаса арзан кезінде сатып алуы керек қой. Қыстың қамын ойлауға тиіс. Мал­ды көп ұстайтын ағайындар бар. Мал­ды ауылдың маңын шиырлай бермей әрірек жерде бағыңыздар деп те айттым. Өйткені тапталып кетеді ғой. Сондай-ақ ауылдарда, тіпті бізде ғана емес, осы аймақтың бәрінде мал бағатын жан жоқ. Өздері мал ұстайды. Бірақ мал бағатын малшы жоқ. Ешкім шықпайды. Мәселен, малы көп Ақадыр ауылы ке­зектесіп бағады. Осындай жағдай­лардан кейін, әрине мал күтімі төмен­дейді. Мал баққан соң оны жаздай қам­данып, жем-шөбін өздері дайындамаса, біреу әкеліп бермейді ғой, – дейді Ша­ғалалы ауылдық округінің әкімі Болат Дүйсенов. 

 

P.S. 

Қысқасы, халықтың жүйкесін жұқартқан жем-шөп мәселесінің жайы мәз болмай тұр. Түйткілдің түйінін тарқатуда құзырлы һәм жергілікті атқарушы органдардың да қолынан келер қайран қалмаған ба деген ойға қалдық. Әлде сол ала жаздай әзірленген жем-шөп қағаз жүзінде ғана болды ма деген де ой келеді. Қайткенмен де «Қыстың қамын жаз ойла...» деген аталы сөзге билік әлі де болса назар аудармай тұрған сияқты...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы