Қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні Алатау баурайында орын тепкен қала тұрғындарын шырт ұйқыдан оятқан жер сілкінісі көптің санасында үрей туғызды. Дәл сол түні қала іші баласын жетектеген анаға, абыр-сабыр жеңіл киіммен сыртқа қарай аптығып шыққан адамдарға, қала сыртына асыққан жандарға толды. Бірі үйін тастап туыстарына кетсе, бірі отбасына қауіпсіз орын іздеп әуре сарсаңға салынды. Былтыр Түркияда болған жойқын зілзала халықтың санасынан әлі күнге дейін өшкен емес. Онымен қоса, жаңа жыл басталған беттегі Жапониядағы жер сілкінісі тұрғындардың есінен шыққан жоқ. Бір қызығы, жер сілкінісінен кейін қала сыртына асыққан тұрғындардың қауқарсыздығын пайдаланып, такси құнын бірден көкке ұшырып жіберген азаматтар да сұрамай, «балалармен болса, тегін алып кетемін» деп хабарлағандар да табылды.
Аяқ-қолым дірілдеді де қалды
Қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алатын студент Дана (есімі өзгертіліп берілді-ред) жұмысына байланысты университет қалашығында орналасқан жатақханаға тұрақтаған. Негізгі себебі де сол – жатақхананың қала орталығында орналасуы әрі бағасының салыстырмалы түрде төмендігінде. Алайда апта басындағы жер сілкінісінен кейін Дананың санасын үрей билеп алған. Жатақхананың бесінші қабатында орналасқан ол сілкініс байқалған бойда баспалдақпен сыртқа шығып үлгерген. Университет қалашығының іші дүрбелеңге түсті, дабылдың болмауы кесірінен жұрт дал болып, кейбірі естен тана жаздады. Бір түнде. Бір түнде жатақханаларға келген жедел жәрдем көліктерінің саны да жиілеген.
– Жер сілкінген кезде жатақханада болдым. Ұйқыға енді жатайын деп жатқанымда төсегім кенеттен қозғалып кетті. Басында түсінген жоқпын. Жер сілкінгенін сезгенде қолыма телефоным мен сырт киімімді алып, жалаң аяқ күйде ілінгенін киіп сыртқа қаштым. Осы уақытқа дейін жер сілкінетіні жайлы түрлі қауесетті естіп келдік. Бірақ бұлай қорықпаппын, шыны керек. Сол сәтте аяқ-қолым дірілдеді де қалды. Түсінгенім, адамның жаны расымен тәтті екен. Мұндай сәтте ештеңенің маңызы болмай, басыңды аман алып қалудың қамын ғана ойлайсың. Сілкініс басылғанша, жатақхана сыртында болдық. Сосын группаластарыммен жатақхананың 1-қабатында отырдық. Өйткені дала сондай суық болды. Шынымды айтсам, таңғы 5-ке дейін көз ілмедім. Ешкімнің көмегіне жүгінбедім. Жатақхана қызметкерлері сақ болуымыз керек екендігі ескертті, – дейді әлі күнге дейін қорқынышпен өмір сүретін Дана.
Алматы – еліміздегі сейсмикалық қаупі жоғары қала. Бүгінге дейін алып шаһар бірнеше жойқын зілзаланы басынан өткерді. Солардың алғашқысы қала Верный аталған уақытта осыдан 137 жыл бұрын, яғни 1887 жылы 28 мамырда тіркелген жер сілкінісі. Таңғы бестер шамасында басталған зілзаланың күші 7,3 балды құрады. Кейбір деректерде «Верный апаты» деген атаумен қалған қайғылы оқиғада 332 адам опат болды. Осыдан кейін қаладағы ғимараттардың көбі ағаштан салына бастады. Оған дәлел әзірге дейін сақталған, мемлекет қорғауына алынған қаладағы ескерткіштер. Ал шаһардағы келесі жойқын зілзала 1911 жылы 4 қаңтарда болған. Қарап отырсаңыз, екі жер сілкінісінің аралығы – 24 жыл. 9 балдық жер сілкінісі 44 адамның өліміне себеп болды. Адам шығынынан тыс қаланы әп сәтте қиратқан жер сілкінісі тарихта «Кеминдік» деген атаумен таспаланды. Деректерге сүйенсек, апаттың салдарынан қала ішіндегі көшелер қақ айырылып, 780-ге жуық үй жермен-жексен болған.
Жақын күндері жойқын жер сілкінісін күтпеймін
Қаңтар айының басында Алматы қаласында болуы ықтимал жер сілкінісі туралы ақпарат тараған еді. Кейінірек ел ішін жылдам шарлаған хабарламаға қатысты Сейсмология институты мен ТЖД өкілдері арнайы мәлімдеме жасап, блогерлер дерегінің ғылыми негізі жоқ екенін атап өтті. Одан өзге эколог, қоғам қайраткері, Табиғат экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов Алматы қаласында кез келген уақытта 12 балдық жер сілкінісі болатынын ескертті. Үлкен апаттың әр жүз жылда қайталанатынын негізге алған ол жер сілкінісінің уақытынан асып бара жатқанын, сондықтан кез келген уақытта ірі зілзаланың болуы мүмкін екенін айтты. Экологтың пікірінше, жер сілкінісі 12 баллға дейін баратын бес мемлекеттің ішінде біз де бармыз. Сантүрлі болжамға толы ақпаратты сіңіріп алған халық санасында осыдан кейін күдік пайда болған сыңайлы. Алайда таяуда болған жер сілкінісінен соң Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта Алматыда 70 пайыз ықтималдықпен зілзаланың болмайтынын хабарлады. Сонымен қатар сейсмологтар да қалада жақын күндері қатты жер сілкінісі болмайтынын алға тартты. Осы жөнінде толығырақ ақпаратқа көз жеткізу үшін сейсмология ұйымдарының жетекшісі Мұхтар Хайдаровпен байланысқа шықтық. Сейсмолог сарапшы әлемдегі алпауыт елдердің деректерін мысалға ала отырып, жақын күндері жоғары шкаладағы жер сілкінісінің болмайтынын жеткізді. Дегенмен бұл ұзақ мерзімге жасалған болжам емес екенін де қоса ескертті.
– Жақын күндері жойқын жер сілкінісін күтпеймін. Қазір Америка, Қытай, Еуропа елдерінің ашық сайттарында жер сілкінісіне қатысы деректер көрсетілген. Осыдан 15 минут бұрын не жағдай болғаны жайлы толық ақпаратты лезде шығарып береді. Мен сол мәліметтерге қарап отырып, Алматыға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп бағамдадым. Сейсмолог мамандар циклдың екі түрі бар дейді. Біріншісі 500, 700 жылды қамтиды. Біздің өміріміз қысқа ғой, сондықтан бұл циклға аса мән бермейміз. Екінші цикл 25 жылды құрайды. Қала тарихында болған жер сілкінісін мысалға алайық. Олар 1887, 1889, 1911 жылдары болды. Арасында 24 жыл уақыт бар. Сол бір цикл болып саналады. Әлем тарихына назар аударсақ, 1906 жылы Сан-Франциско қаласы қирап қалды. 2004 жылы Индонезиядағы жер сілкінісінен 300 мың адам қырылды. 2008 жылы Қытайда магнитудасы 8 балл болатын жер асты дүмпуінен 75 мың адам қаза тапты. Онымен қоса, 2011 жылы Фукусимадағы апаттың салдарынан қырылып қалғандар саны көп болды. Соңғысы бәрімізге жақсы таныс былтыр Түркиядағы үлкен зілзала. Мен тізіп айтып шыққан оқиғалар – әлемде болған күшті жер сілкіністері. Мұның барлығы 25 жылдың циклы. Бұл расымен дәлелденген болса, циклдың соңына жету үшін 5-6 жыл уақыт бар деген сөз, – дейді ол.
Тәртіпті халық тығырықтан құтылады
Сейсмолог сарапшы Мұхтар Хайдаров жер сілкінісінің алдында ешқандай ақпараттық саясаттың жүргізілмегенін айтып ашынды. Маман Қазақстандағы сейсмологтардың біліктілігі мен тәжірибесіне де күмәнмен қарайды.
– Президент Алматы қаласындағы сапарында жауапты тұлғалардың ақпараттық тұрғыда жұмыс атқармағанын айтты. Алдын ала ескерту жүйесі істемей қалды. Олқылықтың орнын толтыру үшін мықты сейсмологиялық қызмет болу керек. Онда істейтін мамандардың бар жоғы 2-3 жылдық емес, 20-30 жылдық тәжірибесі болуы міндетті. Жер астындағы сейсмикалық толқындардың кинематикасын, әрбір толқынның күшін білуі тиіс. Кем дегенде 20 жыл зерттеумен айналысуы маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстарды ешкім істеген жоқ. Алдын ала ескерту жүйесі өзге мемлекеттерде де болған. Бірақ жер сілкінісін болжау өте күрделі болғандықтан, ескерту жүйесінің нәтижесі болған жоқ. Елімізде жауапты мамандар ақпараттық саясат ісін толыққанды атқармады. Ақпараттық саясат дегеніміз – халықты оқыту, жер сілкінісіне алдын ала дайындау және т.б. Ақпарат уақытылы жетпегендіктен, қарапайым халық сасқаннан не істерін, қайда барарын білмеді. Кез келген ұйымның жұмысында мақсат болмаса, оның нәтижелі болуы екі талай. Өкініштісі, елімізде білікті сейсмолог мамандар мүлдем жоқ. Қанша маман бар екенін санап айту үшін бір қолдың өзі жеткілікті, – дейді сейсмолог сарапшы.
Осы тұста Мұхтар Хайдаров 2011 жылғы жер сілкінісі мен цунамиден кейін Жапонияның жинаған тәжірибесі мен білімін мысалға алып, олардан көп нәрсені үйренуге болатынын айтты.
– Жапониядан біраз нәрсе үйренуге болады. Біріншіден, тәртіп дер едім. Тәртіпті ұстанған халық алысқа барады. Екіншіден, Жапонияның халықты жер сілкінісінен қорғау стратегиясы жақсы дамыған. Жапондар ең алдымен жер сілкінісіне төтеп бере алатын жоғары сападағы үй салумен айналысып жатыр. Зілзала болған сәтте халық биік ғимараттарға жүгіреді екен, сенесіз бе? Өйткені биік үйлер мықты тұрғызылған. Жапонияда салынған үйлердің бағасы бізден әлдеқайда қымбат шығар. Бір қызығы, жапондар қысқа мерзімді, орта мерзімді жоспармен аса айналыса бермейді. Өйткені олардың экономикасы тұрақты түрде жолға қойылған. Бір минут бір орында тұрып қалса, банкротқа ұшырайды. Олар экономикасын бір сәтке де тоқтата алмайды, сондықтан болжам жасаудан қашады. Ал бізге қашудың қажеті жоқ. Себебі экономикамыз, орналасқан аумағымыз басқа, – деп сөзін түйіндеді М.Хайдаров.
Саяжай мен жер үйді жалға алғандар саны төрт есеге өскен
Жер асты дүмпуінен кейін қаладағы жер үйлердің саудасы қызып тұрғандай дерсің. Онсызда көптің қалтасы көтере бермейтін Алматыдағы жер үйлер мен төменгі қабатта орналасқан пәтерлердің бағасы қазір тіптен шарықтап тұр. Сілкіністен шошынған халықтың жалғыз таңдауы да сол – қауіпсіз жер үйлер. Алматыда бір күннің ішінде саяжай мен жер үйді жалға алғандар саны төрт есеге өскен. Сондықтан тұрғындар тарапынан сұраныс артқан сайын пәтер құны да өсіп барады. Жер үй бағасының артқанын риэлтор маман Саяжан Мұханова да жоққа шығармайды.
– Қазіргі уақытта жер сілкінісінен кейін көпқабатты үйлерге сұраныс жоқ. Керісінше, жоғары қабатта орналасқан тұрғындардың бойында қорқыныш пайда болып, «жер үйге қалай көшсек болады?» деген сұрақ мазалай бастады. Маған жақында 10-15 қабаттағы тұрғындардан жер үй алу мәселесі бойынша қоңыраулар келіп түсті. Бірақ сұраныстың артуына байланысты жер үйдің бағасы сатып алу немесе жалға алу үшін 10 пайызға өсті. Кеше ғана тұтынушымның сұранысы бойынша жер үй іздедім. Кешкісін қарағанымда жер үйлердің бағасы 500 мың теңге болған, ал таңертең 600 мың теңгеге көтерілген. Жер сілкінісінен кейін көпқабатты үйлерге байланысты шешімін өзгертіп, таңдаудан бас тартқандар кездесті. Тіпті, жер сілкінісі болған түні отбасылы азамат «Жер үй іздеу керек, оныншы қабатта үш баламмен қалдым» деп хабарласты. Отбасына, балаларының болашағына жауапкершілік алған қаншама ата-аналар жер үйге көшкісі келеді. Көбіне бесінші қабаттан жоғары орналасқан тұрғындарда шамалы қорқыныш бар. Тіпті, сілкіністен кейін жер үйді жалға алып, сонда әлі күнге дейін тұрақтап жатқандар бар, – дейді риэлтор.
Риэлтор сұхбат барысында үйді сатып алар алдында оның қанша балдық жер сілкінісіне төтеп бере алатыны жөнінде ақпарат құжатта көрсетілмейтінін, ақпарат толық берілсе де, қазіргі ғимараттардың сапасы сын көтермейтінін ашып айтты. Оның сөзінше, егер жер сілкінісі бірнеше минутқа жалғасатын болса, үйлердің аман қалуына ешқандай кепілдік жоқ.
– Шыны керек, үй сатып алар алдында оның қанша баллға төтеп бере алатыны жөнінде ақпарат құжатта көрсетілмейді. Бастапқыда презентацияда көрсетілуі мүмкін. Бірақ соның өзінде сапасы берілген мәліметтерге сай келмейді. Мәселен, қаладағы Абай көшесінде орналасқан 15 қабаттан жоғары тұрғын үйлер қораптан салынған сияқты. Сондықтан тұрғын үй осыншама баллға қарсы тұра алады деп айту қиын. Қазіргі салынған ғимараттар қатты сілкініске шыдамайды. Бір жақсысы, кешегі жер сілкінісі бірнеше секундқа ғана жалғасты. Мен тіпті киімдерімді жинап үлгерген жоқпын. Заттарымызды жинап сыртқа шыққалы тұрған сәтте сілкініс басылды. Негізі қаладағы ғимараттар қанша жерден мықты деп айтылса да, кейінгі салынған тұрғын үйлердің көпшілігі сілкініске төтеп бермейді. Кейбір тұрғын үйлерде адамдардың дауысы, жүгіргені көрші үйлерге анық естіліп тұрады. Расын айтанда, алматылықтар қатты сілкініске рухани әрі материалдық тұрғыда дайын емес, – дейді қаладағы ахуалға алаңдаған С.Мұханова.
Мегаполис тұрғындарының көңілі әлі күнге дейін байыз тапқан жоқ. Әр түн сайын алматылықтарды «жойқын зілзала болып, өліммен бетпе-беп келмеймін бе?» деген ой мазалайды. Қалада 2-3 балл аралығындағы жер асты дүмпулері қазір де сезіледі. Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры, сейсмолог Дәулет Сәрсенбаев жойқын жер сілкінісінің болмайтынына 100 пайыз кепілдік беретінін, түнде 5 балды көрсеткен сілкіністен жоғары балды дүмпу болмайтынын, керісінше тербеліс күші кеми беретінін айтып сендірген еді. Алматыдай алып шаһар орын тепкен жер анамыз қашанға дейін зілді мінезін көрсетер екен?! Уақыттың еншісіне қалдырайық...
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы