Женевадағы Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің отырысында Қырғыз Республикасының өтініші бойынша қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай талқыланды. Қазақстанның БҰҰ жанындағы және өзге де халықаралық ұйымдардың Женевадағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова қырғыз елінің шағымын негізсіз деп атады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қырғыз Республикасының өкілдері Қазақстан Республикасы ДСҰ келісімдерінің кейбір ережелерін бұзды деп наразылық білдірген. Айырқалпақты ағайынның айтуынша, шекарадағы жағдайдан соң қырғыз экономикасының көрсеткіші нашарлаған көрінеді.
Жанар Айтжанова қырғыз тарапына Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағы арасында кедендік декларациялау мен мемлекеттік бақылауды, соның ішінде кедендік, көліктік, ветеринарлық және санитарлық бақылауды қолданбастан тауарлардың еркін өткізілетінін айтты. Демек, Қырғыз Республикасынан Қазақстанға келетін, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін барлық тауар кедендік бақылау талабынан босатылған. Осыған байланысты Қырғыз Республикасы көтерген мәселелер тек ЕАЭО заңнамасының құқық қолдану практикасымен ғана байланысты және осы ұйымның алаңында талқылануы тиіс.
Сондай-ақ елші Жанар Айтжанова Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің назарын Қырғызстандағы кедендік әкімшілендірудің нашарлығына байланысты жүйелік проблемаларға тап болатынына аударды. Бұл ЕАЭО мүше мемлекеттерінің жалпы бюджетіне түсетін кедендік баж салығының толық алынбауына әсер ететінін тілге тиек етті.
«2019 жылдың өзінде Қырғыз Республикасы Қазақстанның жалған резиденттеріне тауар әкелудің 2,6 мыңнан астам оқиғасы анықталды. Сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағына қырғыз тауарларын «жалған транзитті» жүзеге асырудың 4,8 мыңнан астам оқиғасы анықталды, ол тауарлар ұлттық бюджетке жанама салықтарды (ҚҚС) төлемей Қазақстан нарығында сатылды», – деді елші.
Қазақстан қабылдаған шаралар салықтық әкімшілендіруді және ел бюджетіне ҚҚС түсімдерінің толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар бұл шаралар ішкі жүк тасымалдаушыларға, ЕАЭО мүше мемлекеттерінің және үшінші елдердің жүк тасымалдаушыларына бірдей қолданылады.
Қазақстан елшісі сөзін қорыта келе Қырғыз Республикасын ДСҰ мен ЕАЭО-ға кіру кезінде алған міндеттемесін толық орындауға, сондай-ақ өз серіктестерінің ұлттық заңнамасын сақтауға шақырды.
Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, егер қырғыз тарапы Қазақстанмен соттасатын болса, ДСҰ алаңындағы сот процесі аясында өзінің мүддесі мен құқықтық шараларын қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, былтыр бірқатар салықтық және кедендік заңбұзушылық болған. Қазақстан аумағына кірген 72 мың автокөлік ЕАЭО талабына сәйкес импорт тауарлар үшін қосымша құн салығын төлемеген. Атап айтқанда, 10,3 мың автокөліктің тауарлық-транспорттық ілеспе құжаты Қазақстандағы жалған тұлғаларға рәсімделген. Оның ішіндегі 2,6 мың автокөлік Қырғыз Республикасына тиесілі.
51 мың автокөлік іздестіріліп жатыр. Олар да тауарлық-транспорттық ілеспе құжатты Қазақстандағы жалған тұлғаларға рәсімдеуі мүмкін деген қауіп бар. ЕАЭО елдерінің ішінде автокөлік құралының жалған бағыт бойынша қозғалғаны жөнінде 11 мың дерек тіркелді. Оның ішінде 4,8 мың көлік Қырғызстан Республикасына тиесілі екені анықталған.
Мұндай заңбұзушылықтар алдағы уақытта болмауы үшін Қазақстан мен Қырғыз Республикасының Үкімет мүшелері арасында бірнеше мәрте екіжақты кездесу өткізілген. Алайда кедендік және салықтық заңбұзушылықтар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Мысалы, қырғыз елінің мемлекеттік салық қызметінің дерегі бойынша, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан аумағына 18 млрд теңгенің тауары экспортталған. Алайда тауарды кіргізу мен жанама салық төлеу барысында ол сома 186 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Ұсынылған ақпарат арасындағы айырмашылық 10 есе!
Ал қырғыз елінің мемлекеттік кеден қызметі 2019 жылы Қырғыз Республикасы аумағына Қытайдан 75 мың тонна халық тұтынатын тауарлар кіргізілген деген дерек ұсынған. Алайда Қазақстан мен Ресей аумағына 149 мың тонна тауар экспортталған. Осылайша, импортталған тауар көлемінде екі есе айырмашылық бар екені белгілі болды.
Былтыр Қазақстанда пилоттық жоба негізінде енгізілген навигациялық пломбалар автокөлік құралдарының тауарлық-транспорттық ілеспе құжатта көрсетілген бағыттан өзге аумаққа қатынағанын анықтаған 11 дерек тіркелді. Құжатта Қырғыз Республикасынан Ресейге өтеді деген тауарлар Қазақстан аумағында қалып қойған.
29 көліктің жүргізушісі навигациялық пломбалар ілінгеннен кейін әрі қарай жол жүруден бас тартқан. Ал Қырғызстанда навигациялық пломбаларды енгізу тоқтап тұр.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ