2009 жылы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Фи­лософия, саясаттану және дінтану институтының директоры, ҰҒА ака­­демигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев ағамыз Шалқар радиосының бас редакторы, журналист, шәкірті, ізденуші Болатбек Төлепбергенмен таныстырды.
Қазаққа қандай ұлттық идея қажет немесе ұстазына адал шәкірт
965
оқылды

Әбекең Болатбектің ғылыми жетекшісі екен. Тақырып ертеректе бе­­­­­кі­­­­­тіліпті. Ғылыми еңбегі дайын. Институт басшысының жұмысы көп, тікелей жетекшілік етуге уақыт тапшы. Маған өзімен бірге жетекшілік етіп, жас ғалымның жұмысымен тікелей айналысу тапсырылды. Зерттеу нысаны өте маңызды, әлі күнге дейін өте өзекті. Бұл мақаламызда атал­ған тақырып қазіргі қоғамымыз үшін де аса маңызды болғандықтан, ав­тордың еңбегін таразылап, тарқатып айтуды жөн санадық.

Басында бірден «ғылымнан жырақта жүрген жігіттің қадамы қалай болар екен» деген күдік келгені рас. Бірақ сол кезге дейін Болатбек бірнеше кітап шығарып, бірқатар тарихи тақырыпты қаузап үлге­­­ріпті. Ұлттық мәселелер турасында өз автор­­­­лығымен және құрастыруымен шы­­­­ғарған кітаптарымен таныстырды. Ең­­­­бектері публицистік сарында болға­­­нымен, көтерер жүгі ауыр, тарихи тағылым­ды дүниелер. Алдымен жарық көрген бірқатар кітабымен танысып шықтым. Сосын ғы­лыми жұмысын оқып, кеңесімді айтып, ширату тұрғысындағы іске кірістік.

Болатбектің әлеуметтік философия ма­­мандығы бойынша философия ғылым­­­дарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы: «Қазақ­стандағы ұлттық идеяның рухани-адамгершілік негіздері» (әлеуметтік-фило­софиялық талдау) деп аталады. Тақы­­рыпқа дендеген сайын өте ауқымды әрі күрделі екені көріне бастады. Ғылымнан тыс жүрген ізденуші неліктен осындай өзекті мәселені зерттеуге алды екен деп тағы ой­ла­­­­­дым. Дегенмен Болатбекпен сөйлесіп, диссертациялық жұмысын толық оқып шық­қан соң ол ойымнан айныдым. Із­­­дену­­­­­шіге тақырып таныс әрі оң жамбасына келеді екен.

Ұлттық идея туралы ғылыми әдебиет­­терде, бұқаралық ақпарат құралдарында, ауызекі әңгімелерде де өте көп айтылады. Еліміздің тәуелсіздік алу кезеңінде, яғни 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында ұлттық идея тікелей тәуелсіздік идеясымен байланыстырылды және бұл ұлттық рухани құндылықтардың негізгі салаларын (мысалы, тіл мен діл, дәстүр мен мәдениет, ұлттық сана мен ұлттық тарих және т.б.) қамтып, тіпті сол кездегі пар­тиялар мен қозғалыстардың атауының өзі­нен оның мазмұны аңғарылып тұрды: «Азат», «Азамат», «Желтоқсан», «Невада–Семей», «Қазақ тілі» және тағы басқалар. Тура осы мәселелер Болатбектің зерттеп жүрген еңбектерінде қамтылыпты. Алайда кейінірек, ұлттық идея ұстындары жоғары­дан ұлттық жобалар мен бағдарламалар түрінде түсіріле бастады және бұлар көбіне әлеуметтік-экономикалық сипатта болды, мысалы: «Қазақстан – 2030», «Интеллек­­­туалды ұлт қалыптастыру», «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру» және т.б. Ұлттық тәуелсіздік тақырыбынан бұлай ауытқушылық еліміздің мәдени әртектілігінен де туындады.

Осы мәселеден елімізде ұлттық идея ма, әлде жалпыұлттық идея ма, қазақ идея­сы ма, әлде қазақстандық идея ма деген пікірталас туындады. Осы кезде аталған мәселені жіті зерделей алатын Бо­­латбек секіл­ді практик зерттеушіге тақы­­­рып сеніп тапсырылған екен. Осы уақытта ғылыми әдебиеттегі пікірсайыс ұлттың саяси-аза­маттық және этно-мә­­­дени түсі­­­нігінің ара­қатынасынан туын­­­дады. «Ел бірлігі» док­­тринасының қоғамда қайшы­­­лықты пі­кір­лер тудырғаны да бұл тақы­­­рыптың әрі өзектілігін, әрі маңыз­­­дылығын алға тартты. 

Иә, кандидаттық диссертация осы дау­лы, өзекті мәселеге арналды. Тақы­­­рыптың атауы мен бұл бағытта таңдалуы да кездей­­­соқ емес. Болатбек Төлепберген есімі 1990 жылдардың ортасынан мерзімді бас­­пасөз беттерінде өзінің публицисти­калық мақалаларымен таныла бастады. Ұлттық мәдениет пен қоғамдық өмірдің алуан қы­рын қамтығын бұл еңбектер 2004 жылы жа­рияланған «Көшкен күннің бояуы» деген жинақта берілді. Сонымен қатар 2006 жылы «Біз білмейтін Желтоқсан» кітабы жарық көрсе, 1986 жылғы Желтоқ­­сан көтерілісінің 20 жылдығына арнап шық­қан 10 томдық «Желтоқсан-86» жина­ғы авторларының бірі. Төл тарихымыздағы қаралы беттердің бірі – тоталитаризм тұ­сын­­дағы қуғын-сүргіннің 70 жылдығына арнап «1937-2007:Тауқымет пен тағзым» жи­нағын, «Алаш» партиясының құрылуы мен Алашорда үкіметінің 90 жылдығына арнап, «Мәңгі жас – Алаш идеясы» ғы­лыми-публицистикалық зерттеулер кіта­­бын жариялады. Және де 2009 жылы «Ұл­­тым деп соққан жүректер» жинағын, 2010 жылы «Желтоқсан қарлығаштары» кіта­бын жарыққа шығарды. Яғни, Болат­­­бекке бұл тақырып таңсық емес, керісінше оның ондаған жыл бойғы ізденісінің же­­лісін құрайды, сондықтан осы мәселе бо­йынша диссертация қорғауға ниет етуі заң­­­­­­дылық еді. Себебі «ұлттық идея» – өзі­­­­нің көптен бері зерттеп жүрген тақырыбы.

Болатбектің сол кезде ұсынған жұмысы қа­зақстандық қоғамдағы жоғарыда сипат­талған өзектілікке өзіндік жауап берді. Оның үстіне, бұл мәселе әлеуметтік-гума­­ни­­­­­­­тарлық ғылымда біздің институттың ат­қар­ған ғылыми қолданбалы зерттеуле­­­рінде де кеңінен сөз болғанымен, елімізде фи­­лософиялық тұрғыда арнайы әрі терең зерт­теле қоймағанын да ескеру қажет екені көрініс берді. Ұлттық идеяның рухани-адамгершілік қырларын әлеуметтік-фило­софиялық тұрғыда қарастырған аталған диссертация отандық ғылымда осы мәсе­леге қатысты сұранысты қанағат­тан­дыр­­ды, сондай-ақ қазақ ұлттық идеясының эво­­лю­­циясында қарастырғандықтан, қазақтың және классикалық мәдени мұра­­ны иге­румен байланысты мемлекеттік бағ­­­дар­ламаларға да қатысы бар еді. 

Жалпы, жұмыс құрылымы өзара қи­­сынды байланысты екі бөлімнен тұрды: бі­рінші бөлімі ұлттық идея феноменінің теориялық-әдіснамалық және рухани сабақтастық қырларына арналса, екінші бөлімінде қазіргі Қазақстандағы ұлттық идеяның қалыптасуы мен орнығуы әлеу­мет­­тік-философиялық қырынан талдан­­­ды. Болатбек ғылыми жаңалық мәртебе­­­сіне ие бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Алдымен «ұлт» «халық», «идея» түсінікте­­­рі­нің фило­софиялық мән-мағыналарын аша отырып, «ұлттық идея» ұғымы және оның мазмұны мен зерттелу сипатын тал­дай келе зерттеу­дің әдіснамалық, тұжы­­­рымдамалық негіз­дерін айқындады. Одан ары қазақ халқы­ның рухани және тарихи-әлеуметтік дамуы аясындағы ұлттық идея­­ның эволюциясы тарихи қырынан да, логи­­­калық қырынан да зерделенді. Қазақ ұлттық идеясының дамуында ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясы оның шырқау шыңы ретінде түсін­­діріліп, ұлттық сипаты анықталды. Тағы бір ұтымды тұсы, іздену­­шінің осы уақытқа дейін белгісіз бо­лып келген мәліметтерді кел­тіре отырып, ке­ңестік дәуірдегі ұлттық идея­ның транс­­формациялануын талдауы болып сана­лады. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақ­стандағы ел бірлігі мәселесінің руха­­ни не­­гіздері осы жайтқа қатысты пікір­­­­таластарды салыс­­­тыру арқылы пайым­дады. Еңбек жаhан­­­дану жағдайын­­дағы Қазақ­стандағы ұлттық идея мәселе­сінің болаша­ғы, оған қатысты тың тұжырымдармен түйінделді. 

Ұлттық идея тақырыбы соңғы кездері әлемде ұлттық жаңғырудың салдарынан, сондай-ақ біздің еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуімен даулы да өзекті мәселе­лердің біріне айналды. Бастапқыда адам­дар­­­­дың бірігіп әрекет етуінен басталған қарапайым арақатынастар біртіндеп күр­­делі қауымдастықтар мен қоғамдық жүйе қалыптастырып, мемлекеттердің пайда болуына алып келеді. Қазақтар ұлт болып қа­лыптасты ма, қалыптаспады ма, ол басқа әңгіме. Бірақ егер біз қазақ елінің дербес, тәуел­сіз мемлекет болуына мүдделі болсақ, онда біз болашақтың темірқазығы ұлттық идеяны анықтап, заңдастырып бекітуіміз және осы бағыттағы ұстанымы­­­мыздан ауыт­­­­­­­­қуға жол бермеуіміз қажет. Әлемдегі   мем­­­лекеттердің саяси ұстаны­­­­мының, яғни ұлттық идеяларының өзегі барлық мемле­кетке тән бір ортақ заңды­­лыққа  бағынады. Автор осындай аса нәзік те өзекті мәселені салқынқан­­дылық­пен саралады, тақырып­­тың астарына байып­­пен бойлады.

Зерттеу жұмысында Болатбек қарас­­­тырып отырған мәселенің тұжырымда­­малық-әдіснамалық негіздерін ашу үшін ұлттық идея ұғымы және оның мазмұны мен зерттелу сипатына тоқталып, «ұлт» пен «идея» түсініктерін философиялық талдау арқылы анықтайды. Бұл тұста «идея» мен «ұғым» түсініктерінің диалек­­­тикалық бай­­ланыстарына, «ұлт» пен «ха­­лық» ұғым­­дарының айырмашы­­лықтарына тереңірек талдау жасайды. Иә, маркстік әдебиеттерде көп кездесетін ұлттың бес белгісіне (тілдің, діннің, мәдениеттің, территорияның, шаруашылық үрдісінің) түбегейлі келісуге болмайды. Мысалы, яһу­­­дейлерде ғасырлар бойы террито­­­­рия­­лық, шаруашылық бірлік болған жоқ, тіпті тілдерінен де айырылып қалды, сонда да ұлттық бірегейлігін жо­­­ғалт­­қан жоқ. Әдетте ұлтты біріктіретін бір құндылық бо­­­лады, оны өз ұстанымында автор ең­бе­­гінде анық көрсетеді. 

Одан ары Болатбек қазақ халқының рухани және тарихи-әлеуметтік дамуы аясындағы ұлттық идеяның эволюциясын қарастырады. «Атамекен», «Жерұйық» идея­­­­ларын жіті сипаттап, жүйелі бір қы­­­рынан алып талдайды. Автордың бұрын­­­нан бері жете зерттеген, арнайы айна­­­лысып, кітаптар жариялаған ХХ ғасыр басындағы қазақтың Алаш идеясының ұлттық сипаты терең талданған. Қазақтың көрнекті зия­лыларының бірі – Мұстафа Шоқай сынды қайраткерлердің ұлт жө­­ніндегі көз­­­қарас­­тарын келтірген. Бұл мә­­­селеге қатысты ол өз мақаласында Ниц­­­шені сынап, Кант пен Фихтеге сілтеме жа­­­сайды. Әрине, Мұс­тафаның «Алаш» идеясынан гөрі «Түркіс­тан» идеясына жақын болғанымен де автор мұны назар­дан тыс қалдырмайды. 

Ең маңызды деген қазіргі Қазақ­­­стан­дағы ұлттық идеяның қалыптасуы мен орнығуы мәселесінің түп тамыры кешегі кеңестік дәуірдегі ұлттық идеяның транс­­формациялануын қарастырудан бастайды. Болатбек кеңестік дәуірдегі диссиденттік қозғалыс пен жастар ұйымдарының астыр­тын қызметіне қатысты, сондай-ақ Жел­­тоқ­­­­сан көтерілісіне орай көпшілікке бей­мә­­­­лім көптеген мәлімет келтіре оты­­рып, қызықты тарихи материалдар ұсынады. 

Зерттеу жұмысының келесі нәтижесі тәуелсіз Қазақстандағы ел бірлігі мәселесі­нің рухани негіздерін айқындаумен сипат­­талады. Мұнда да соңғы онжылдықтарда еліміздегі ұлттық идеяның көтерілуі мен қойылуы сөз болады, бірақ бізге ұлттық идея керек пе, әлде жалпыұлттық идея ке­рек пе, бұл қазақ ұлтынан туындауы қа­жет пе, әлде жалпықазақстандық ұлттан туын­­­дау тиіс пе, қазіргі ұлттық идеяның маз­­­мұны неде болуы керек деген даулы мәсе­­­лелерде автор өз ұстанымын айқын біл­­­ді­­­ре­­­ді. Еңбектегі соңғы нәтиже жаhан­дану жағдайындағы Қазақстандағы ұлттық идея мәселесінің болашағын талдаумен сипатталады. 

Жалпы, ұлттық идеяны аспаннан ізде­мей, еліміздің өз даму тарихынан, төл мә­дени қозғалыстарынан іздеген автор тек мұнымен шектелмей, оларды кең және ау­­­қымды философиялық талдаудан өт­­кізіп, жалпы адамзаттық философиялық даму ая­сында қарастырған. Ол «этнос», «ұлт», «менталитет» ұғымдарының айыр­ма­­­шы­лы­ғын және арақатынасын терең зерттеген. Тарихи талдауға келсек, автор, әсіресе Алаш дәуірінің қайраткерлерінің қыр-сырын ашып берген. Өзі «Мәңгі жас – Алаш идеясы» кітабының авторы. Мұндай кәсіби мамандану да зерттеу құнын көп жоғарылатқан. 

Автор алған тақырыбын білікті және жан-жақты көрсеткен. Бұған автордың та­лантты журналист екені де біраз сеп бол­ған шығар. Әрине, кейде журналистік сурет­­­теме философиялық талдаудан ба­­сым, бірақ бұл әлеуметтік философия маман­­­­дығы бойынша тақырып, сондықтан бәрі орынды. Егер нақтырақ айтсақ, автор мақсатына жеткен, ұлттық идея тақыры­­­­бын, оның тарихи, саяси және философия­­­­лық дамуын да ашқан. Негізгі ғылыми тұ­жырымдары да кесек және көлемді, оның ең бастысы: кез келген ұлттық идеяның мәні оның біріктірушілік күші мен ыды­­­ратуға қарсы ықпалында екенін атап көрсеткен.

Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы зор, қазіргі мәдени, саяси дискуссияларға бағыт беретін дә­­­режеде. Себебі Қазақстандағы ұлттық идея­­­­ның адамгершілік-рухани негіздерін әлеуметтік-философиялық тұрғыда қа­­растыратын бұл зерттеу жұмысы әлі де те­рең зерттеле қоймаған, өзекті жұмыс. Бо­латбек терең және жеткілікті түрде ма­­­­­те­­­­­­­риалдарға талдаулар жасап, ғылыми еңбекті үлкен шығармашылықпен игерді. Тақырыптың зерттелу деңгейін кеңінен ашуға тырысты. Жалпы, жұмыстың кіріс­­песі еңбектің бағыт-бағдары мен зерт­теу барысында автордың қол жеткізген ғылы­­ми нәтижелері жөнінде біршама тия­нақты мағлұмат береді, өзектілігі жақсы ашылды. 

Автор зерттеу жұмысына өзек болып отырған «ұлттық идея» түсінігін анықтап, оның мазмұны мен сипатына теориялық-әдіснамалық тұрғыда тоқталды. Оны дә­­йек­­­­теуде тәуелсіздік алғаннан бергі қа­­был­­­данған ресми құжаттарға, Филосо­­фия және саясаттану институты ұжымы­ның еңбектеріне тоқталып, «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша жа­салған еңбектерге талдау жасады. Зерт­­теуші одан ары ежелгі прототүріктік кезеңнен қазіргі тәуелсіз Қазақстанға дейінгі ара­лықта үзілмей келе жатқан ұлттық идеяны ашып көрсетеді. ХХ ғасыр басында ұлттық сананың оянуына қарай қазақ зиялылары, Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» идея­сымен халыққа ой тастады, соның нәтиже­­­сінде Алаш қоз­ғалысы басталды және Алаштың әлеу­­меттік, саяси және тұлғалық белсен­­­ділігі мен еркіндігі ұлттық идея ре­тінде ұсы­­нылады. 

Автор Кеңес дәуіріндегі ұлттық идея­­ның бой көрсетуіне кері әсерін тигізген факторларға, ұлттық жастар ұйымдарының іс-әрекеттеріне қатысты көп материал жи­на­ған. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілі­­­сіне байланысты тың материалдар ұсына оты­­рып, қазақ тарихындағы ұлттық рухы мен ұлттық идеясы аспандаған асқақ сәт­терінің бірі екенін нақты дәлелдей білген. Ға­сырлар бойы армандаған тәуел­­сіздікке қол жеткеніне қаншама жыл өтсе де, бүгінде ұлттық идея қалыптастыру мәсе­­­лесі әлі де шынайы нақтылыққа айнал­­­мағаны айты­лады. Дегенмен «ұлттық рух­­­ты, намыс пен жігерді асқақтата түсу ке­­­рек, осы мәселелер ұлттық идеяның өзе­г­ін құрайды» дейді автор. Әрі жаhандану жағдайындағы ұлттық идея мәселесінің болашағы да на­зар­­­­дан тыс қалмайды.

Қазақстандағы ұлттық идея қалып­­­­­тас­тырудың рухани-адамгершілік негіздерін зерттеудің ғылым мен философия үшін ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің дербес рухани дамуы үшін де теориялық және тәжірибелік маңызы жоғары. Болатбек Төлепбергеннің зерттеу барысында алын­­­ған ғылыми нәтижелері мен тұжы­рымдары осы тақырыпқа қатысты болашақ зерт­­теулерге түрткі бола алады, сондай-ақ олар­­ды жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқытылатын философия, әлеуметтік философия, мәдениеттану жә­не қазақ мәдениетінің тарихы мен фило­софиясы, қазіргі Қазақстан тарихы сияқты пәндер мен арнайы курстарда пайдалануға болады. Сондай-ақ еліміздегі стратегиялық мемлекеттік бағдарламарды іске асыруға өзіндік үлесін қоса алады. Себебі барлық талапқа сай, құнды, теориялық және қол­данбалы деңгейі жоғары еңбек.

 Біз сөз еткен еңбек 2010 жылы БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Ғылыми кеңесінде қарал­­­ды. Ғалымдарымыз еңбекке оң бағасын беріп, қорғау сәтті өтті. Ең бастысы, «ұлт­тық идеяға» қатысты соңғы кезде жазылған бірегей, құнды жұмыс екені айтылып, жоғары баға берілді. Болатбек Төлепберген ғылым саласында жұмыс істемегендіктен, Ғылым және білім министрлігі Ғылым ко­­ми­­­­тетінің сарапшы комиссиясына шақы­­­рылып, Астанаға барып, құзырлы орган­­­ның сұрақтарына жауап беріп, екінші рет өз жұмысын қорғап шықты. Осындай маң­­­­­­­д­ай тер, үлкен еңбекпен келген «фило­­со­­фия ғылымдарының кандидаты» ғылы­­ми дәрежесін алған соң да тоғайып, тоқтап қалмады. Таңдап алған тақырыбы бойын­ша жұмысын жалғастыра берді, ғылымға қыз­­мет етті. 2011 жылы канди­­­­даттық дис­­­­­­сер­­­­­­­­тациясын «Ұлттық идея – тәуелсіз­­дік тұ­­ғыры» атты кітап етіп шығарып, Ал­­­ма­­­­­­ты­­­­­­­­­дағы Ұлттық кітапхана мен Астана­­­­­дағы Ұлттық академиялық кітапханада таныс­­ты­­­­­рылымын ұйымдастырды. Аталған ша­ра ғалымдар, саясаттанушылар, саясат­­керлер арасында «Бізге қандай ұлттық идея қажет?» деген пікірталасқа ұласты. Кан­­ди­даттық жұмысын қорғап қоя сал­май, ғы­лыми еңбегін кітап етіп шыға­рып, со­ның негізінде үлкен шара ұйымдастыру «ғы­лымға қызметтің» жарқын үлгісі дер едім. Бұдан кейін де автордың 2015 жылы «Біз осы не бітіріп жүрміз?», 2017 жылы «Алаш жолы», 2022 жылы «Азаттық аңса­ған» және жақында «Алаң жұрт» кітабы жарық көрді. Бұл Болатбектің ғылымға кездейсоқ келме­генін көрсетсе керек. Қай­­та ғылымға жолы қиысып, осындай жі­­­­­­гіттің келгені ол­жа болды деп ойлаймын.

Сонымен қатар Болатбек өзінің кәсіби қызметімен қатар ғалым ретінде де, ұстаз ретінде де білім-білігін өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Ғалым ретінде халықаралық және республикалық ғылыми журналдарға мақалалар жарияласа, ұстаз ретінде сту­дент­­терге дәріп оқып, шәкірт тәрбиелеуде. Қызмет бабымен Астанада тұрған жыл­­­дары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті Журналистика және саясат­тану факультетінде аға оқытушы, қазір әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­­­­ситетінің Журналистика факультеті Бас­­пагерлік-редакторлық және дизай­нерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы ре­тінде дәріс оқиды.

ҚР ҰҒА академигі, философия ғы­лымдарының докторы, профессор Әбді­­мә­лік Нысанбаев пен шәкірті Болатбек Төлепберген 90-жылдары танысып, содан бері ағалы-інідей араласқан. Әбекеңнің мерейтойларында ұстазының мерейін асырып, мақала жазса, былтыр Әбдімәлік Нысанбайұлы өмірден озғанда «Қазақ әдебиеті» газетіне «Әкесін ақтап алған ака­демик» деген мақала жариялап, радио­хабарлар ұйымдастырып, ұстазын ұмытпай шәкірттік парызын да өтеген-ді. Ұстазға құрмет деген осындай-ақ болар.

Президенттің БАҚ саласындағы сый­­лығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Жастар одағы сый­­лы­ғының иегері, мәдениет қай­раткері, философия ғылымдарының кан­­дидаты, Шалқар радиосының дирек­­­торы Болатбек Төлепбергеннің бір қыры – ғы­лымға қа­тысты еңбегіне мақа­ламызда шо­лу жаса­­дық. Жақында елуді еңсерген шә­­кіртімнің бұл еңбегінің уақыт өткен сайын маңызы арта бермек. Алдағы уа­қытта да осы ба­ғытта жұмысын жалғас­­тырып, ұлт­тық идея­мызды ұлықтау бары­­­сындағы ең­бек­тері еленіп, еңсесі әрдайым биік бола берсін деген тілек қосамын! 

Бақытжан САТЕРШИНОВ,

философия ғылымдарының докторы, 

профессор