Бүгінде аталмыш тақырыптың қазақ қоғамы үшін маңызы ересен. Әсіресе, бұл термин көршілес мемлекеттерге қатысты айтылғанда, негізгі мәнін аша түседі. Қазақ ұлтының таным-түсінігінде де «итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса – тынысың» деп бекер айтпаған. Мұны қазіргі әлемдегі болып жатқан түрлі жағдай, қауіп пен қатердің өзі-ақ дәлелдеп отыр. Ендеше, бүгінгі сұхбатымызда территориялық тұрғыдан біздің ең жақын көршіміздің бірі Қытай Халық Республикасы жайлы, жақында ғана ашылған екіжақты виза мен қазақ-қытай қатынасы жайлы сөз қозғамақпыз. Спикеріміз – сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бойынша сарапшы, PhD, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры Айболат Дәлелхан.
– Айболат мырза, әңгімеміздің әлқиссасын мынадан бастайықшы. Жалпы, қытайтануға қалай келдіңіз? Салаға деген қызығушылығыңыз неден басталды?
– Қытайды тануға мектеп кезінен қызықтым демей-ақ қояйын, негізінен студент атанып, жоғары білім алып жүрген шақта ден қоя бастадым. Оның басты себебі – «Халықаралық қатынастар» мамандығында оқығаным. Білім бағдарламасының талабы бойынша болашақ маман екі шет тілін оқу қажет. Міндетті тілдің бірі ағылшын тілі болса, екінші тіл ретінде шығыс тілдері арасынан қытай тілін таңдадым. Өйткені қытай иероглифтерін жазу ұнайтын. Қытай каллиграфиясы деген де әдемі бір өнер ғой. Осылайша,қытай тілі арқылы Қытайдың тарихымен, мәдениетімен танысу басталды. Оған дейін, яғни бала кезімізде Қытай туралы тек үлкендердің әңгімесінен еміс-еміс естігеніміз ғана бар-тын.
«ХХІ ғасыр – қытай ғасыры»
– Үлкендердің әңгімесі қандай мазмұнда еді?
– «Ақырзаман болғанда қара қытай қаптайды», «қара шақай тартып жүретін аш-жалаңаш қытай», «апиын тартқан қытай» деген секілді әңгімелерді еститінбіз. Негізінен қытайлар жайлы жағымсыз мазмұндағы ғана ақпараттар болатын. Ал университетке келіп, Қытай жайлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын оқи бастаған кезде, әлемдік саяси-экономикалық сарапшылардың «ХХІ ғасыр – қытай ғасыры» дегендей болжам-пайымдарын кездестіре бастадық. Сол кезден бастап «Шынымен де Қытайды жарқын болашақ күтіп тұр ма? Қытайдың астам держава болуға әлеуеті жеткілікті ме?» деген сауалдар мазалай бастады. Осылайша, қытайтану жолына түстім. Отандық, орыс және батыс ғалымдарының зерттеу мақалаларын көбірек оқып, Қытай жайлы білімімді толықтыра бастадым. Қытай бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізіп, конференцияларға қатыстым.
Студент кездің өзінде-ақ екі ғылыми мақала жазып, ғылыми басылымдарда жарияладым. Оның бірі - жалпы Қытайдың 1990 жылдардағы экономикалық дамуы, Дэн Сяопин реформалары туралы болса, екіншісі - Қытайдағы қандастарымыз жайлы. Әрине, 90-жылдар мен 2000 жылдың басында жалпы көш қарқынды жүріп, шеттегі қандастарымыз атамекеніне ағылып жатқан кез еді. Сондықтан Қытайдағы қазақтар бойынша бүгіндегідей «мәселе» дейтіндей сұрақ болмайтын. Ол уақытта «Қытайдағы қазақтар елге неге көбірек келмей жатыр, қандай кедергілер бар?» деген сұрақтар талқыланатын. Осы тақырыптар жөнінде зерттеулер жасап, конференцияларға қатысып жүрдім. Кейін университеттегі оқуымды тәмамдаған соң, шетелге барып, білімімді одан әрі жетілдіргім келді.
Сол жылдары Қытай мен Қазақстан арасында білім саласындағы ынтымақтастық артып, студенттермен алмасу бағдарламалары іске қосыла бастады. Білім және ғылым министрлігінің (бұрынғы) сайтынан қазақстандық студенттерге арналған Қытай үкіметінің оқу грантына байқау жарияланғанын оқыдым. Бұл 2006 жыл еді. Тез құжаттарымды жинап, тапсырдым. Студент кезімнен Қытайды тануға құлшынып, ғылыми мақалалар жазып, зерттеулер жүргізіп жүргенімді бағаласа керек, Қытай грантымен Бейжіңге магистратураға оқуға кеттім. Осылайша, Қытайды ішінен танып-білуге мүмкіндік туды.
– Жаңа бір сөзіңізде 2000 жылдары Қытайдағы этникалық қазақтардың жайы үлкен мәселеге айналмағанын айтып қалдыңыз. Ал бұл қай кезден бастап ауқымды мәселеге айналды?
– Қазіргі ақпарат кеңістігін дүр сілкінтіп тұрған мәселе 2017 жылдары шыға бастады ғой. Әсіресе, Шыңжандағы лагерьлерге байланысты. Әйтпесе бұған дейінгі кезеңдерде, яғни 90-жылдардан бері Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесі екіжақты қарым-қатынастың айтарлықтай «өзекті сұрағына» айналған жоқ-тын. Әрине, бастапқы кездері Қытайдағы қазақтардың емін-еркін көшуіне бірқатар кедергі болды. Өйткені құжат алуға байланысты қиындықтар туындап тұратын. Қытай сол кезде миграция мәселесіне қатаң қарайтын. Бұл тек қандастарымызға ғана қатысты емес, Қытайда ішкі миграцияның өзі қатаң қадағаланатын. Әлі де солай. Яғни, Қытайда ауыл халқының қалаға көшу мәселесі үкімет тарапынан қатаң реттеледі. Осы тәрізді әр деңгейдегі түрлі кедергілерге байланысты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қытайдағы этникалық қазақтар лек-легімен елге көше алмады. Моңғолия, Өзбекстанның қазақтарымен салыстырған кезде, Қытай жағынан жөңкілген қазақ көші болмады.
Ең үлкен қазақ диаспорасы Қытайда
– Бірақ шетелдегі ең үлкен қазақ диаспорасы Қытайда ғой...
– Рас айтасыз, ең үлкен қазақ диаспорасы Қытайда, шамамен 1,3 миллион адам. Осы сұрақ бойынша докторлық диссертациямды жазу барысында бірқатар зерттеу жүргіздім. Жалпы, шетелдегі қандастарымыздың атажұртқа қоныс аударуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең - 1991-2000 жылдар аралығы. Бұл кезеңде Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қазақтарға негізінен әсер еткен «тартымды фактор» (pull factor) болды. Ол кезде Қазақстанның экономикалық жағдайы Қытайдың экономикалық жағдайымен салыстырғанда анағұрлым нашар болғанына қарамастан, Қытай қазақтары салыстырмалы түрде, аз да болса Қазақстанға қоныс аударуға шешім қабылдады. Бұл кезеңде Қытай қазақтарының миграциялық ағымға түсуіне ата-бабаларының жеріне, тарихи отанына оралуды мақсат етуі себеп болды. 1997 жылы Қазақстанда жаңадан қабылданған миграциялық заң қандастарға берілетін көмек көлемін азайтқан. Бұл заң Моңғолия қазақтарының Қазақстанға көшінің азаюына себеп болса, Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға оралуына ешқандай әсер етпеді деуге болады.
Екінші кезеңді құрайтын 2001-2008 жылдар аралығында Қазақстанның экономикалық жағдайы әлемдік нарықта мұнай бағасының көтерілуіне байланысты жақсара түскен еді. Осы уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық сауда-саттық қарым-қатынастары да үлкен қарқынмен өскен еді. 2000-2009 жылдар аралығында екіжақты сауда орта есеппен 36,1%-ға өскен. Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық пен «шоп-туризмнің» дамуы Қытай қазақтарының миграциялық қозғалыстарына жаңаша дем берді. Қытайдағы қазақ диаспорасы да осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысқанын байқаймыз. 1995 жылдан 2003 жылға дейін Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғандардың жалпы саны 4 293 адамды құраса, 2005 жылы олардың саны 13 190 адамға жетті. Қазақстан Үкіметі тарапынан бөлінетін квотаның саны шектеулі болғанына қарамастан, Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы жыл сайын үлкен қарқынмен өсе түсті. 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанға келген Қытай қазақтарының жалпы саны 37 788 адамды құраса, 2008 жылдың 1 қаңтарында 54 327 адамға жетті.
Жағдайын жақсартқан соң, туыстарын көшірген
– Шынымен де, үлкен қарқынмен өскен екен. Зерттеу кезінде одан бөлек тағы нені байқадыңыз?
– Зерттеу барысында тағы бір байқағаным, 2001-2008 жылдары аралығында Қытай қазақтарының Қазақстанға көшуі «қысқамерзімді созылмалы» сипат алған. Яғни, бұған дейін шетелдегі қазақтар Қазақстанға көшкенде аталас туысқандарымен бірге (әулет болып) бірден қоныс аударуға тырысса, 2001-2008 жылдары әулет болып көшу «қысқамерзімді созылмалы» сипатқа ие болған. Ол дегеніміз: Қазақстанға алдымен бойдақ жігіттер немесе жас отбасы қоныс аударып, бірнеше жыл ішінде жағдайын жақсартқан соң, артында қалған туысқандарын жанына көшіріп алып отырған. Шеттен келген қазақ жастарының аз уақытта жағдайын жақсартып алуына Қазақстан Республикасының қандастарға жасап отырған қолайлы миграциялық саясаты себеп болғанын да атап өту керек. Себебі Қазақстанның азаматтығына өтпей-ақ ықтиярхатпен арнаулы рұқсатсыз үй сатып алуға, тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алуға, мал және ауыл шаруашылығымен айналысуға, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндіктер бар.
Сонымен қатар Қазақстандағы экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы көлемінің өсуі де Қазақстандағы Қытайдан келген қандастарымыздың материалдық жағдайының жақсаруына себеп болды. Қазақстанға келіп кәсіп ашып, сауда-саттықпен айналысқан қандастар Қытайдағы өз туыстарын «сауда әріптестері» ете отырып, өздерінше бизнес моделін құрған. Қазірдің өзінде мұндай бизнес моделімен айналысып отырған қытайлық қандастарымыз көп кездеседі. Зерттеу барысында жүргізілген сұхбаттасу кезінде сол жылдары Қытайдан келген қандастарымыздың басым көбі кәсіп ашып, сауда-саттықпен айналысуда алғашқы капиталдарын Қытайдан алып келгенін атады. Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсарған жылдары Қытайдан қазақтардың көптеп көшуі бір қарағанда экономикалық сипаттағы еңбек миграциясы сияқты көрінгенімен, Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың Қытайдағы туысқандарына ақша жібергені жайлы ешқандай ақпарат кездеспейді. Демек,бұл Қытайдан келген қандастарымыздың өз болашағын Қазақстанмен тікелей байланыстыратынын көрсетеді.
Кейінгі жылдары Қазақстанның тартымдылық факторы төмендеп кетті
– Одан кейінгі жылдардағы көш қалай болды?
– Жаңа бір сөзімде атап кеттім ғой, жалпы миграция ғылымында pull factor және push factor деген түсінік бар. Қазақшалағанда тартатын фактор және итермелейтін фактор деген мағынаны білдіреді. Қазақстанның сол тартымдылық факторлары кейінгі жылдары төмендеп кетті. 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан дағдарыстық жағдай еліміздің экономикалық ахуалын қиындатып жіберді. Бұл еліміздің көші-қон саясатына да әсер етпей қоймады. Бұрынғыдай квоталар да берілмейтін болды. Сонымен қатар сол жылдары Қытайдың экономикалық жағдайы бізбен салыстырғанда анағұрлым жақсара түсті. Мына бір статистикаға қарайықшы, 2013 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ Қытаймен салыстырғанда екі есе көп болған болса (Қазақстан – $13890, Қытай – $7020), бірақ ол 2018 жылы теңесті ($9900 шамасында). Кейінгі жылдары қытайлардың жан басына шаққандағы ЖІӨ бізден жоғары болып келеді. Бұл жағдай да қандастар көшіне әсер етпей қоймады.
Бірақ соңғы жылдары Қытай тарапынан push фактордың артқанын байқап отырмыз. Шыңжандағы лагерьлер мәселесі және Қытай үкіметінің миграциялық талап-тілектерінің одан бетер қатаңдауы қандастарымыздың Қазақстанға қоныс аударуға қатысты шешімдеріне тікелей әсер ете бастағанын байқап жүрміз. Оған қоса, бүгінде Қытайдан келген қандастарымыз тез арада Қазақстанның азаматтығын алуға тырысып жатыр. Өткен 2023 жылы Қытайдан келген 2772 қандасымыз бірден Қазақстанның азаматтығын алған екен.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұрнағы жылдары Қытайдан келген қандастарымыз ықтиярхатпен жүре тұруды жөн көретін. 2017 жылы еліміздің көші-қон полициясының жасаған бір мәлімдемесінде «2014 жылдың 1 қазанына дейін Қазақстанға Қытайдан қоныс аударып, ықтиярхат алған қандастар қатарынан 17,7 мың адам Қытай Халық Республикасының азаматтығын сақтап қалған» деген ақпарат оқыдым. Кейіннен осы жағдай өзіміз айтып жүрген Қытайдағы қандастар «мәселесіне» себеп болғанын да атай кету керек.
Қытаймен арадағы визасыз режимнің Қазақстанға пайдасы қандай?
– Қазір енді Қытаймен екі арада визасыз режим орнады. Мұның бізге қандай пайдасы бар?
– Визасыз режимнің екіжақты сауда-экономикалық, іскерлік қатынастарға тигізетін оң ықпалын айтпағанда, бірінші кезекте қандастарымыздың барыс-келісіне өте қолайлы болады. Бір мысал айта кетейін, менің сабақ беретін тобымда Қытайдан келген бір қандас студент бар. 3-курста оқиды. Қазақстан азаматтығын 3 жыл бұрын келе сала бірден алған. Ата-анасы әлі Қытайда тұрады. Сол бала үнемі «ата-анамды көрмегелі 3 жыл болды» деп айтып жүретін. Бара алмай жүрген себебі, әрине, пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты және сонымен қатар бағана өзіміз айтып отырған «этникалық қазақтар мәселесінен» сескенетін. Сол бала өткенде Жаңа жылдан кейін Қытайға барып, әке-шешесімен қауышып, қатты қуанып келді. «Қазақстанның көк төлқұжатымен шекарадан еш кедергісіз әрі-бері еркін өтіп, Қазақ елінің азаматы ретінде алаңсыз жүріп қайттым» деп мәз. Міне, визасыз режимнің қандастарымыз үшін оңтайлылығы - осы.
– Ал туристер ше? Мәселен, Kazakh Tourism келтірген статистикалық мәліметтерде визасыз режимнен соң Қазақстанға келетін туристер саны 17 есеге өскен дейтін ақпарат айтылды.
– Әрине, туристер санының артатыны да сөзсіз. Мысалы, былтыр Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 75 мыңнан асып түскен. Яғни, бұл 2022 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. 2022 жылы бізге Қытайдан 45 мың турист келген болатын. Алдағы жылдары туристердің қарасы одан бетер артатынына күмән жоқ. Оның үстіне, биылғы жыл Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы деп белгіленіп отыр. Мұның өзі екі жақтан саяхатшылардың ары-бері ағылуына себеп болары анық.
Қытайлықтарды елге тартатын бірден-бір фактор – Димаш феномені
– Ал олардың біздің елге келуіне қандай дүниелер ықпал етеді?
– Қазір әлемдегі ең көп туристер – қытайлықтар. Олардың турист ретінде әлемдік экономикаға қосары зор. Ал бізде, шынын айту керек, қытайлықтарды елге тартатын бірден-бір фактор – Димаш феномені. Оларға осындай дауыс иесінің қайдан шыққаны, қай жерде тұрғаны деген секілді дүниелер кәдімгідей қызық. Қазір біздің ел туралы Қытай телеарналарында жағымды ақпараттар да көп таратылады. Мәселен, мамырдағы саммит барысында қытайлық телеарналарды қосып, біраз бақылап көрдім.
«Қытай-қазақ қатынасының алтын 30 жылдығы» деген айдармен қытайлық ұлттық арналарда көптеген материал беріліп жатты. Тіпті, CCTV кино деген арналарында біздің Томирис фильмін көрсетті. Толықтай қытайша дубляждалған. Жалпы, қарапайым қытайлардың еліміз жайлы білетіні өте жұпыны болатын. Қытайда оқып жүргенде байқайтынымыз, олар біз жайлы негізінен үш-ақ нәрсені бірден айта алатын. Біріншісі – Қазақстанның бұрын КСРО-ның құрамында болғаны, екіншісі – ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені, үшіншіден – Ресеймен өте жақын ел дейтін.
Жалпы, біз жайлы білетіні өте қарабайыр, көмескі еді. Енді осы визасыз режимнің арқасында олар бізге көптеп келе алады. Елімізді аралап, табиғатымызды тамашалап, мәдениетімізбен танысып қайтады. Ең бастысы, олар турист болып келіп, елімізге ақша қалдырып кетеді. Өткен жылдары Қазақстанға келген әр қытайлық турист күніне кемінде 100 доллар жұмсаған екен.
– Кейбір көзқарастардан байқаймын. Біздегі адамдар көбіне басқа мемлекетке барғанда басты мақсат ол елдің мәдениетін тану емес, жақсы көңіл көтеріп қайту деп қана ойлайтын сияқты. Әрине, бұл – менің көз көрген адамдардан байқаған субъектив пікірім. Себебі қазір теңізі, жағажайы бар аймақта демалу сәнге айналды. Ал қытайлықтарды қызықтыратын мұндай дүниелер бізде жоқтың қасы ғой...
– Иә, қазақстандық туристерді Қазақстанда жоқ нәрселер қызықтыратыны – заңдылық. Бізде жоғы – жаңағы өзіңіз айтқан, теңіз, жағажайлар. Кей туристерді қызықтыратын тарихи сәулет туындылары да бізде жоқтың қасы. Қытайлық туристерді де осы дүниелер қызықтырады. Олардың көбі Еуропа елдеріне барып, ежелден жасап келе жатқан қалаларды тамашалап, тарихи ескерткіштерді көріп, еуропалық жағажайларда демалуды қалайды. Бұрын кедей болып, кейіннен байыған елдердің әртүрлі комплексі болатынын білесіз. Қалтасы қалыңдаған қытайлар шоп-туризммен барып, белгілі брендтерді сатып алғысы келеді. Бұның бәрі бізде жоқ. Бірақ 1,4 миллиард қытайдың арасында біздің еліміздің табиғатына, мәдениетіне қызығатындар жоқ емес. Сол қытайлардың кем дегенде 1-2 миллионы елімізге турист болып келсе де, үлкен олжа болар еді.
Синофобияның артуына не себеп?
– Қытайға қатысты таптаурын көп секілді. Мұны әлеуметтік ғылымда «синофобия» деп атайды. Мысалы, Америкада сол қытайлықтардың иісіне байланысты көзқарастың нәтижесінде, «қытайлықтарға бөлек қала тұрғызып берілді» дейді. Әрине, мұның нақтылығын анықтау қажет. Оны былай қойғанда, тіпті қытайдан келген қандастарымыздың өзінде де қытайларға қатысты жағымды көзқарас сирек кездеседі.
– Сөзіңіздің жаны бар. Қазақстандағы синофобияның артуына кейде жанама түрде, кейде тікелей де осы қытайдан келген қандастарымыз ықпал етіп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Оны да түсінуге болады. Жалпы, Қытайда өмір сүріп жатқан қандастарымыздың (әсіресе орта буыннан жоғары) тарихи санасында, жадында қытайларға деген ырзашылықтан гөрі өкпе, ыза басым екенін байқауға болады. Оның бір себебі – өзімізге белгілі, Қабдеш Жұмаділов ағамыздың шығармаларында жазылған арғы беттегі қазақтардың қасіретті тарихы. Қазақстанға бертін қоныс аударған қандасымыз Жәди Шәкенұлының «Қаралы көшінің» мазмұнына үңіліңізші, ол да – қытай билігінің тезіне түсіп, теперіш көрген, қанды жол кешіп тентіреген қазақтың тағдыры. Ал Оспан батырға көрсеткен қорлығын қайда қоясыз? Өткен жылдары қазақ театрларында сахналанған «Алтайдан ауған ел» қойылымына қараңызшы, от пен су кешіп, ит-құсқа жем болып, зобалаңмен Түркияға зорға жеткен қазақтың зары.
Мұның бәрі – 2-3 ғасыр бұрын болған оқиғалар емес, әлі 100 жыл да болмаған қазақ тарихындағы қаралы беттер. Бұл бәрібір адам санасында қалады. Аға буыннан бала буынға беріледі. Осы жағдайлар бүгінде Қытайдан келген қандастарымыздың Қытайға қатысты пікір-пайымына әсер етпей қоймайды. Оның үстіне, қазірде Қытайдың батыс өлкесінде қытайландыру саясатының жүріп жатқаны жасырын емес. Сол себептен де, Қытайдан келген қандастарымыздың Қытай жайлы оң пікірде бола бермейтінін түсінуге болады.
Әрине, қанымыз бір қазақ болған соң, кей жағдайда эмоцияға беріліп жататынымыз бар. Алайда қазіргі күрделі халықаралық жағдайды ескере отырып, пайым-ұстанымымызды салқынқандылықпен қалыптастыра білгеніміз жөн. Шынайы ақпараттарға негізделген, ғылыми тұрғыда түйінделген сындарлы пайым болу керек. Әлеуметтік желілерден кейде көріп қалып жатамыз, қытайдан келген кейбір қандастарымыз қытайтанушы, сарапшы ретінде «салмақты» пікірлер білдіріп жатады. Әрине, елімізде қытайтанушылардың көбейгені жақсы. Алайда оның сапалы болғаны абзал.
Мысалы, Шыңжаң өлкесінде туып-өсіп, ішкі Қытайда бір күн де болмаған қандасымыз қытайтанушы болып қаншалықты сапалы сараптама жасай алады? Өзіңіз ойлап көріңізші, біздің солтүстік өңірлерде орыстар көп тұрады. Өмір бойы Қостанай, немесе Петропавлда тұрған орыс өкілі Ресейге барып, қазақстантанушы, қазақтанушы болып сараптама жасап отырса... Ол қаншалықты Қазақстан туралы шынайы ақпарат бере алады? Сол Қостанайдағы орыс оңтүстікте жатқан Шымкенттегі, Түркістандағы, Талдықорғандағы қазақтардың мұң-мұқтажын, арман-тілегін жете біле ме? Күмәнім бар. Дәл сол сияқты Шыңжаңнан келген «қытайтанушы» қандастарымыздың Қытай жайлы пікір-пайымдарын тыңдағанда, сарапшының жүріп өткен жолына (background) ерекше мән беруіміз керек. Білімі қандай, ғылыммен қаншалықты айналысты, шынайы сараптама жасауға біліктілігі жеткілікті ме, өмір тәжірибесі қай салада және қаншалықты болды деген сұрақтар тұрғысынан қарауымыз керек. Қысқасын айтқанда, шымшық сойса да қасапшы сойғаны дұрыс қой.
– Иә, жөн. Дұрыс айтасыз...
– Бізде Қытайдан келген қандастарымыздың арасында ғалымдар, білікті азаматтар өте көп. Бірқатарын айта кетсем де болады. Кез келген халықтың жан-дүниесін әдебиет арқылы танып біледі ғой. Қытайдың рухани әлемін қытай әдебиеті арқылы қазаққа таныстырып келе жатқан Дүкен Мәсімханұлы ағамызды айтуға болады. Қытай халқының ар-ұжданы есепті Лу Шүннің шығармашылығын терең зерттеп, Қытай жазушысының үздік шығармаларын қазақшаға аударып, қазақстандық қытайтануға үлкен үлес қосты.
Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ұзақ жылдар дәріс беріп, қаншама қытайтанушыны дайындап шығарды. Қазір Алматыдағы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтын басқарып отыр. Жұбайы Айнұр Әбиденқызымен бірге «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» құрастырып шығарды. Бұл еңбек қазақстандық қытайтану ғылымы үшін үлкен байлық екенін айта кету керек.
Қытай жазбаларынан қазақ тарихын түгендеп жүрген Тұрсынхан Зәкенұлы ағамызды да ерекше атар едім. Ғалымның «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары», «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» сынды ғылыми зерттеулері, қытай тарихшысы Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы», «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбектерін аударып, жариялауы – қазақстандық ғылым үшін үлкен қазына. Қазақ-қытай қарым-қатынастарын кешенді зерттеп келе жатқан, Қытайдағы қазақтар тарихы жайлы көптеген ғылыми еңбектердің авторы Нәбижан Мұқаметханұлы ағамызды да ерекше атап өтуге болады. Ол кісінің жетекшілігімен қаншама жас қытайтанушылар докторлық диссертацияларын қорғады.
Осы азаматтар сияқты ғалым қандастарымыздың саны көп болса, біз Қытай жайлы ғылыми негізделген шынайы ақпараттарды көптеп аламыз. Тағы бір айта кететін жайт, жоғарыда сөз еткен визасыз режимді пайдаланып блогерлер не журналистер Қытайға жиі барса, Қытайды ішінен көріп-біліп, әсіресе қазақ тілінде нақты ақпараттарды көбірек берсе, сонда біз Қытайдың шынайы келбетін көрер едік.
Жалғасы бар...