1970-1980 жылдары Қазақстанда қазақ әндерін әуелеткен музыкалық үштік болған. Олар – Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко және Татьяна Полтавская. Ел ішінде «Үш Татьяна» деп атанып кеткен олар қазақ әндерін нақышына келтіре орындап қана қоймай, домбыраның құлағында ойнаған. Тіпті, жұрт арасында «қазақ халқы үшін туған орыс қыздары» деген мәтел қалды. Бүгінде солардың бірі – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Полтавскаямен сұхбаттасудың орайы келді.
Оның айтуынша, Мәскеуде тұрып жатқанына 33 жыл өтсе де, қазақ тілін әлі ұмытпаған. «Ауызекі тілде еркін сөйлесемін. Өзге елге көшсем де өз елімді, жерімді ұмытпаймын. Ішкі жан дүнием де, өзім де өзгергенім жоқ. Шалғайда жүріп, қайта қазағыма деген өзегім одан әрі беки түсті» деген қазақ мәдениетін насихаттап жүрген қайраткер Қазақстанның ешбір жаңалығын қалт жібермейтінін айтты.
– Қазақстанда туып-өсіп, азамат болып қалыптасқан жан ретінде айтарым, сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін бойыма сіңіріп қана қоймай, өз ортамның діңгегіне айналды. Сол бір кезең – өмірімнің ең бақытты шағы. Соның арқасында қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуді үйреніп, ұйғыр тілін де меңгердім. Шынын айтсам, осы тілдерді өскен ортамда, көшемнің ауласында ойнап жүріп үйрендім. Ол уақытта ұлтқа бөліну жоқ. Әйтпесе, біздің ауылда қазақ қана емес, ұйғыр, дүнген, қытай, татар, корейге дейін болды. Орыс болсам да бәріміз бір үйдің баласындай өсіп, қазақ ішінде сары қыз атандым. Өйткені болмысым, тұла бойым, сана-сезіміме дейін қазаққа сіңіп кеткен, – дейді Татьяна Полтавская.
Айтуынша, өзі Жаркенттің тумасы. Тәлім-тәрбиені өскен ортасынан алған.
– Туған жерім – Жаркент. Қазақшалап Жәркент деп айтамыз. Бір жағы Жетісуская көшесі болса, екінші жағында Кульжинская көшесі болатын. Осы үш атаудың өзі жердің қандай екенін көрсетіп тұр. Бір бүйіріміз Жетісуға тиіп тұрса, арғы басымыз – Құлжамен шекаралас. Бұл – бір. Екіншіден, үйдің оң жағындағы көршіміз – ұйғыр молданың үйі. Өздері көпбалалы, үлкен әулет. Ал арғы жағымызда – Қырықбай әулетінің үйі. Аты айтып тұрғандай балалары өте көп отбасы еді. Олардың басшысы анасы Асылхан болатын. Ары қарай ұйғырлар мен қазақтар тұрды. Менің балабақшам – осы көше, – деді қайраткер.
Татьянаның Роза Бағлановамен таныстығы
60-жылдар... Қазіргідей теледидар, ұялы телефондар болмаған. «Сонда көшемізде радио саңғырлап тұратын-ды. «Туған жер» әні ағайынды Абдуллиндердің орындауымен есте қалған. Елдің маңдайалды өнер майталмандары – Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев, Бибігүл Ахметқызы Төлегенова, Роза Үмбетқызы Жаманова, Нұрғиса Тілендиевтердің шығармашылығын тыңдап өстік» деген ол кейіннен солармен жақын танысып, жүздескен.
– Өмірдің мені осындай ұлы адамдармен тоғыстырғанына ризамын. Көп нәрсе үйрендім, білдім. «Көп тілегі – көл» демекші, жүрген жерімде үлкендердің батасын алып жүрдім. Оның арасында Ермек Бекмұхамедұлы, Роза Үмбетқызы, Роза Тәжібайқызы, Төлепберген Әбдірашев, Нұрғиса Тілендев секілді ұлы тұлғалар бар. Тіпті, Роза Тәжібайқызының маған бата беріп жатқан суретіне дейін сақтаулы. Олардың батасын алған бақытты жанның бірімін ғой. Ол кісімен алғаш кездейсоқ кездесуім 80-жылдар еді... Роза Тәжібайқызы Ескендір Хасанғалиевтің кезекті әнін жазу үшін радиоға келген болатын. Дәл сол кезде мен де радиоға бағдарлама түсуге келіп қалдым. Екеуміз сөйтіп танысып, араласа бастадық. Роза апаның шақыруымен 7-8 жылдай оның гастрольдік сапарында болдым, – дейді ол.
Жұлдызы жанған сәт
Татьяна Полтавскаяның айтуынша, өнердегі жолын ашқан композитор Нұрғиса Тілендиев екен.
– Нұрғиса ағайды біздің Педагогикалық музыкалық факультетке Мырзатай Жолдасбеков шақырған. Өйткені Мырзатай ағаның ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері үлкен концерттік бағдарлама дайындады. Соған орай композитор бізге «Өз елім» әнін жазып берді. Тіпті, Нұрғиса ағаның сол жерде соңғы өзгерісін өңдегенін көрдік. Сөйтіп, хормен орындаған едік. Кейінгі жылдары сол ән бүкіл елге танылып, елдің Әнұранына айналды деуге болады. Себебі бұл ән елдің маңызды деген халықаралық шараларда, жиындарда, басқосуда орындалып жүр, – деген Татьяна Полтавская композитормен алғаш қалай жүздескенін еске алды.
– Үлкен сахнаға жол ашып, шығармашылықтың маманы ретінде қалыптасуыма көмектескен, негізін салған – Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев. Ол кезде бар-жоғы 20 жастамын. Сол Жетісуда естігеннен-ақ екі жұмадан кейін мені «Отырар сазының» репитициясында күтетін айтты. Әуелі сенбедім. Жап-жас қызды, жай ғана орындаушыны қалай шақырады деп таңдандым. Әнді ойлағанындай орындап берген болуым керек. Келесіде әнді 2-3 рет қайталатты да, мемлекеттің үкіметтік концертіне шығарып жіберді. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Мемлекеттік емтихан тапсырғандай болдым, – деді ол.
Татьяна Полтавскаяның айтуынша, осы кештен кейін оның жұлдызы жанған. Себебі оған Шамғон Қажығалиевтың басқаруындағы Құрманғазы оркестріне жол ашылған. Артынан Төлепберген Әбдірашев басқарған жылдары Абай атындағы симфониялық оркестрге шақырылған. Кейін «Сазген» ансамблінің құрамында болған.
Қазақтың музыка мәдениетінде өшпес із қалдырған әйгілі композитордың шеберлігіне Татьяна Полтавская тәнті болған.
– Нұрғиса ағай – мықты музыкант. Әуеннің әрбір ырғағын тыңдай білді. Ол кісі тек музыкалық жағынан талантты болған жоқ, философиялық ой толғамға толы жан еді. Әлемді өзінше көріп, жан дүниені тереңінен сезініп, әрбір әуенді әр аспапқа сай жазып, ойната білді. Адамның жан дүниесін, көңіл күйін әуенмен жеткізіп, елді тебірентті. Оның қай шығармасын алсақ та шедевр. Өзі барлық аспапта шебер ойнайтын. Сыйлық ретінде өзінің қолтаңбасымен «Құстар әні» кітабын берген. Бұл менің – үстел кітабым. 10 жылдан асты бағдарламалық құрал ретінде осының негізінде студенттерімен жұмыс істеп келемін, – дейді Татьяна Полтавская.
«Туған жерге деген жылылық жүрегімде мәңгілікке сақталған»
Әулетінде ұстаздықпен айналысып келе жатқан бұл – үшінші ұрпақ. Татьяна Полтавская музыка факультетінде музыкалық-педагогикалық пәндер циклін жүргізіп қана қоймай, студенттердің дауысын қойған. Соңғы 20 жыл бойы Мәскеу педагогикалық колледж директорының жастармен жұмыс жөніндегі орынбасары болды. «Ұстаздық ету – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұра. Бұған дейін анам Елена Семенқызы 70 жылдай білім саласында жұмыс істеген. Қазір қызым да мұғалім, қытай тілін оқытады» деді ол.
– Қазір жасым 60-тан асты. Балалығым да, жастығым да, өмірімнің мәні де, сәні де өткеніне 40 жылдан асты. Соған қарамастан туған жерге деген сезім, жылылық жүрегімде мәңгілікке қалған. Тіпті, жанымнан бөліп қарау мүмкін емес. Өмірімнің әрбір кезеңін жүрегімнің түбінде бейне бір сандыққа салып, ештеңесін жоғалтып алмайын деп қадірлеп-қастерлеп, сақтап отырған күйім бар. Тіпті, өткенімді еске ала отырып, сол кезеңге оралғандай болдым, – дейді Татьяна Полтавская.
Бүгінде ол – Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілі. Күйеуі жұмыс бабымен Мәскеуге ауысқан соң, ол да сонымен еріп барған. «Мәскеуге келгенде ең әуелі өзіміздің елшілікке бет алдым. Олар мені «Шаңырақ» қазақ диаспорасымен таныстырып, соның құрамында жүргеніме 33 жылдан асты. Шынын айтсам, Мәскеуде ұзағынан қаламын деп ойламаппын. Қазақстанды сағынғаным соншалық бір күнге, бір сағатқа, бір сәтке болса да құстай ұшып-барып келуді армандадым. Сол тілегім орындалды», – деген ол Астанада өткен «Отандастар» форумына арнайы Мәскеуден келіпті.
Фото: Р. Ханалы, kazpravda.kz