Дегенмен оның түп-тамыры тереңде: XVI ғасырда, яғни италиялық ренессанс дәуірінде суретшілер тас жолға сурет сала бастапты. Оны madonnari деп атаған. Бүгінде әлемдегі көптеген қалада бормен, тіпті пастельмен көркемделген асфальтті жабындыны жиі кездестіруге болады. Әсіресе, жолдағы көлемді 3D суреттер – түпсіз тұңғиық шыңыраулар, азуы ақсиған жыртқыш аңдар тосыннан бой көтеріп, жұрттың зәресін алып жатады.
Көшедегі сурет те кіріс көзі
Маркетологтар халық арасында танымал болып, үлкен қызығушылық тудырған осы өнерге де «қол сұқты». Нәтижесінде, Street 3D Painting немесе өзге стрит-артпен айналысатын суретшілер жарнамадан, ақылы қызметтен де күреп табыс табады.
Мәселен, асфальттағы сурет бағытының ең бір көрнекті өкілі – америкалық Курт Веннердің (Kurt Wenner) әлемнің әр түкпіріндегі қалаларда, яғни далада салған картиналары әрдайым фурор, дүрбелең мен көл-көсір әсер туғызады. Оның соңынан еріп, түрлі елді аралап жүретін өнеріне тәнті қаптаған фанаты бар. Америка, Италия, Германия, Франция, Швейцария, Мексика және басқа да мемлекеттерде оның суреттеріне телебағдарламалар, сюжеттер мен газет мақалалары арналды.
Қысқасы, асфальттағы сурет – заманауи кескіндеме өнерінің авангарды болмағанымен, қарапайым халыққа ең қолжетімді, жетекші бір бағытына айналып келеді. Алайда Қазақстан оған тыйым салуы немесе кем дегенде, қатаң шектеуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі соны қарастыратын тиісті заң жобасын әзірлеп шықты.
Бұған Үкіметті қу бастан қуырдақтық ет алуға тырысатын пысық, бірақ мемлекетке салық төлегісі келмейтін қытымыр кәсіпкерлер итермелеп отырған көрінеді. Мәселенің мәнісі сол, олар тротуардағы кескіндемені де жарнама көзіне айналдырып алды.
Мәселен, әлеуметтік желіде компанияның кез келген жарнамасын қарапайым қаріп немесе әдемі сурет түрінде асфальтқа түсіріп шығуды ұсынатындардың хабарландырулары жетерлік.
Жазда ірі қалаларда аяқ алып жүре алмайтын «Наташа + Владимир = махаббат» деген сияқты, жүрек символымен әдіптелген аяқ астындағы көркем суреттер де көбіне, солай тапсырыспен салынады.
Тротуарды жарнама орналастыру орны, алаңы ретінде қолданғаны үшін ешкімге ақы, ешқандай алым-салық төлемейді.
Мұның сыртында, қалалардағы сыртқы және көрнекі жарнама заңмен реттеледі, ал асфальттағы өнер және оған ілескен жарнама еш заңмен реттелмейді.
Сорақысы сол, есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын жазба-суреттер де пайда болды.
Осыған орай, мемлекет бұл саланы бақылауға алып, заңмен реттеуге, соның ішінде тыйымдар қарастыруға ниетті.
Көшенің көркі – көршінің үлгісі
Ел Парламенті «мақұл» десе, онда Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 455-бабы жаңа 7-2) құрамымен толығады. Ол бойынша «сыртқы (көрнекі) жарнаманы тротуарлардың, велосипед жолдарының, автомобиль жолдары мен көшелердің бетіне орналастыру» «Қазақстанның жарнама туралы заңнамасын бұзу» болып есептеледі. Тиісінше, оған тыйым салынады.
Жолдарға тек жол белгілерін түсіруге рұқсат. Басқасының бәрі сыртқы, көрнекі жарнама деп танылып, тыйым салынуы мүмкін. Өйткені әкімдіктің рұқсатынсыз асфальтқа түсірілген суреттердің әрқайсысын іздеп тауып, маманын шақыртып, сараптама жүргізіп отыруға Жергілікті атқарушы органдардың адами және қаржылық ресурстары жетпейді.
«Мұндай реттеуді енгізу қажет. Себебі «Жарнама туралы» заңдағы тыйымдарды бұзудың жолын кесу маңызды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада сөз болып отырған салаға қатысты қандай да бір реттеу қарастырылмаған. Соның кесірінен, әкімдіктерге, меморгандарға тұрғындар тарапынан ұжымдық шағымдар түскенде, бақылау органдары әрекетсіз қалады. Заңнамада оған тыйым салынбаған, әрі еш реттелмейді. Сондықтан тротуарларға, веложолдарға және автожолдарға жарнама түсіруге тыйым салу ұсынылып отыр», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалия Омарова.
Оның айтуынша, ұлттық заңнамада сондай-ақ тротуар-жолға бормен-бояумен жарнама және басқа жазу жазған адамдарға қатысты әкiмшiлiк ықпал ету шаралары да көзделмеген. Салдарынан, жергілікті әкімдіктер оның бәрін елді мекенді, қаланы абаттандыруға бөлiнген қаражат есебiнен жоюға мәжбүр.
Бұған коммуналдық қызметтер жұмысшыларының уақыты шығындалады. Әрі тротуар арт әкімдікпен келісілмейтіндіктен, ол қаланың дизайн-кодына сәйкес келмей, көшенің көркін келтіру орнына, көркін қашырып тұруы әбден мүмкін. Яғни, заң жобасын әзірлеушілердің пайымдауынша, бұл тыйымдар қаланың эстетикалық және сәулеттік келбетін сақтау үшін де қажет.
Осыған байланысты заңнама өзгертіліп, бұл салада жаңа тыйым және оны бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары енгізіледі.
Ұлттық экономика министрлігі бұл ретте Ресейдің үлгісі алынып отырғанын жасырмады. Солтүстік көрші мемлекеттік минстрінен бір қарыс шетке шыққандарды шектеп, тыйым салудың шебері екені мәлім.
Мәселен, РФ-та асфальт жолға биліктің рұқсатынсыз, трафареттің көмегімен немесе онсыз сурет салғаны, телефон нөмірлерін, логотиптерді, бағыттамалар мен әлдебір дүкен не мекемеге апаратын іздерді түсіргені үшін айыппұл салынады. «Мұндай жарнама қалалық абаттандыру ережелерін бұзады» деп бекітілген. Бірақ оларда тек жарнама емес, рұқсатсыз түсірілген кез келген сурет пен жазбаға тыйым салынады.
Асфальтта жазбалардың болмауын жергілікті абаттандыру бөлімдерінің шенеуніктері, кейбір қалада, тіпті полицияның өзі бақылайды. Табылған жарнаманы суретке түсіреді және акт толтырады. Одан кейін телефон нөмірі немесе логотипі қандай кәсіпкерге тиесілі екенін анықтап, оны тауып, түсініктеме сұрайды. Дәлелдемелерді әкімшілік комиссияға тапсырады: ол айыппұл тағайындайды.
Суреттен жарнаманы сүзіп алған абзал
Ресей – әр субъектіден құралған федерация, сол себепті суреттер мен жазбалар үшін салынатын айыппұлдар көлемі әр субъектінің, республиканың әкімшілік құқықбұзушылық туралы жергілікті заңдарында жазылған. Оның көлемі астрономиялық сомаға – бірнеше жүз мың рубльге дейін барады.
Мәскеуде тротуарлардағы, веложолдардағы жазулары мен бояулы суреттері үшін жеке тұлғалар – 500-ден 2 500 рубльге дейін, жеке кәсіпкерлер – 5 000-нан 7 000 рубльге дейін, заңды тұлғалар – 7 500-ден 15 000 рубльге дейін айыппұл арқалайды.
Петерборда өз бетінше, жолға ресми рұқсатсыз түсірілген суреттер мен жазулар үшін жеке тұлғаларға – 3 000-нан 5 000 рубльге дейін, жеке кәсіпкерлерге – 30 000-нан 50 000 рубльге дейін, заңды тұлғаларға – 70 000-нан 100 000 рубльге (шамамен 550 мың теңгеге) дейін айыппұл қаупі төнеді.
Ең үлкен айыппұл – Самара облысында: бүгінде онда жеке тұлғаларға – 2 000-нан 5 000 рубльге дейін, жеке кәсіпкерлерге – 30 000-нан 40 000 рубльге дейін, заңды тұлғаларға – 400 000-нан 800 000 рубльге (немесе 4,4 миллион теңгеге) дейін айыппұл салынады.
Қанқасап соғыс жүргізіп жатқан Ресейдің халық жазбаларынан сескенуінің реті бар: кейінгі кезде РФ өңірлерінде және қалаларында соғысты доғаруға шақырған бейбітсүйгіш жазулар жиі көрініс табады. Бұл Мәскеудің саясатына қайшы.
Қазақстанда тротуарларға, веложолдарға, автожолдарға жазу жазып, сурет салғандарға, яғни ұсынылып отырған тыйымды бұзғандарға айыппұл тағайындалуы мүмкін. Оның ақырғы мөлшерін Парламент анықтайды деп күтілуде.
Белгілі арт-консультант Владислав Слудский кез келген түрдегі өнерге тыйым салуды құптамайды. Мемлекеттің реттегені жөн, алайда шектеу қоюға болмайды.
«Стрит-арт өз ісін жаңа бастаған суретшілер үшін әлеуетін ашып, өнерін көрерменіне паш етудің ең бір қолжетімді жолы. Әрине, туындыларын әлеуметтік желіге, YouTube-ке орналастыруға болар, бірақ жазылушылары көп болмаса, танымал блогерлер назарына ілікпесе, таргетке шығындалмаса, онысын ешкім көрмейді. Кейде түрлі партия өз брентін ілгерілету үшін бүлдіршіндер арасында асфальтқа сурет салу байқауын өткізіп жатады. Бұл жарнама ма? Жарнама. Оған рұқсат етіледі. Ендеше бәріне рұқсат ету керек. Тек заңға қайшы жазбалар мен суреттерге ғана тыйым салсын. Бұл үшін жауапты мекемелер мониторинг жүргізіп, жұрттан түскен шағымдармен жұмыс істегені жөн», – деді сарапшы.
Шенеуніктер бұған бас қатырмау үшін жаппай тыйым салуды жеңіл санап отырғандай. Қазақстанда заңмен тыйым салынғанын білсе, Курт Веннер сияқты стрит-арттың жаһандық жұлдыздары Қазақстанға ешқашан ат ізін салмасы сөзсіз. Яғни, туризмнің өркендеуіне, елдің халықаралық имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Олай болса, Үкімет пен Парламент қандай да бір тыйымды енгізбес бұрын, он ойланып, жүз толғанып, «жеті рет өлшеп бір рет» кессе игі. Бұл жөнінен «тыйымқұмар» Ресей бізге ұлағатты өнеге бола алмайды.
Елдос СЕНБАЙ