Трагедияға толы бір тағдыр баяндалған «Қара жәшіктің» қамтыған тақырыптары қарапайым халықты бейжай қалдырмасы анық. Жасөспірімдердегі ауыр психологиялық «травмалардың» алдын алуға негізделген драма жанрындағы сериалдың жалғасын сұрап жатқандар көп. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген телехикаяның продюсері Нартай Сауданбекұлы сериалдың негізгі идеясы мен түсірілім барысындағы жағдайлар туралы айтып берді.
– Әңгімемізді «Қара жәшік» идеясының пайда болуынан бастасақ. Трагедияға толы оқиға желісінің пайда болуына белгілі бір себептер әсер етті ме?
– Алғашында Khabar телеарнасына комедия жанрындағы телехикаяны ұсынған едік. Сол кезде арнаның директоры Берік Уәли қазір комедияның тым көп екенін айтып, әлеуметтік жағдайды қозғайтын тақырып аясында түсіруді ұсынған болатын. Солардың бірі ретінде әлеуметтік желідегі неше түрлі ойынды, жастар ғана емес, еңкейген қариялардың да телефоннан бас алмай отыратыны жайлы мысалдар келтірген. Бір апта ойланып, бұл ұсыныс бойынша «Желі» деген атпен телехикая түсіруді жоспарладық. Желі туралы Голливуд кино түсіріп қойған, бірақ тақырыбы мүлде басқа болды. Біз ұсынған тақырыпта әлеуметтік желідегі кесірі туралы баяндалады. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанда да «көгілдір кит» аталған қауіпті ойын болды. Дәл осы қауіпті ойынның кесірі қаншама жасөспірімнің өмірін қиды? Оның нәтижесі суицидке алып келді. Еліміз ересектерді қоспағанда жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдерінің ішінде көш бастап тұр. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналған суицид тақырыбын көтерейік деп шештік. Сценарий жазылғанша, түрлі мәселе көтеріліп, ақыр аяғы бір қыздың басындағы трагедияны баяндауды қолға алдық. Сөйтіп, Берік Уәли телехикаяның шығуына сеп болды.
– «Қара жәшік» телехикаясының мазмұны ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, буллинг, суицидтік жағдайларға негізделген. Тура осындай жағдай басты кейіпкер Айымның әлеуметтік желіде тараған қауіпті ойыннан өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаны туралы баяндалды. Бұл үздік оқушының жасайтын әрекеттері деп түсіну бір жағынан қиын. Сонда негізгі мақсат – әлеуметтік желінің кесірін түсіндіру болды ма, әлде ата-ана арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауының нәтижесін жеткізу ме?
– Телехикаяда тек бір адамның өлімі не болмаса оған себепкерлерді көрсету деген идея жоқ. Байқасаңыз, сериалда суицид мәселесі ғана емес, қазіргі қоғамдағы ең өткір мәселенің бәрі қозғалады. Мәселен, үлкен отбасына төнген зауал, мектептердегі буллинг, кибербуллинг мәселесі, қоғамдағы әділетсіздік, ата-аналардың балаларына дұрыс көңіл бөлмеуі сияқты жағдайлардың бәрі көрермен назарына ұсынылған сериалда айтылды. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты көрсетудегі мақсатымыз – отбасындағы күрделі мәселелердің баланың психологиясына әсер етіп, сорақы нәтижемен аяқталатынын түсіндіру болды. Өйткені қазір елімізде қаншама толық емес отбасылар бар, толық болса да отбасының тірегі болып отырған нашар жағдайдағы ата-ана көп. Мысалы, «Қара жәшіктің» басты кейіпкерінің бірі Айымның әкесі – маскүнем, жеңіл жүрісті кісі. Қазір біздің қоғамдағы ең үлкен дерттің бірі де – осы. Яғни, әкелердің отбасына жауапкершілікпен қарамай, өзіне артылған жүкке жауапсыздықпен қарауы осы тақырыпқа арқау болды. Сонымен қатар телехикаяда жалғызбасты ананың да басынан өткен ауыр күндер көрініс табады. Ол – екі қызын ертіп алып, жалдамалы үйде жанын бағып жүрген әйел. Сөйте тұра, өзі көрген қиын күндерді қыздары көрмес үшін элиталы гимназияда оқытуға тырысып жүрген ананың кейпі сомдалған сахналар бар.
Соңы суицидпен аяқталатын оқиғалар баланың үздік не нашар оқуымен өлшенбейді. Мәселе онда емес. Егер оқушы үздік оқып, барлық жағдайы жақсы болып тұрса да, ауыр психологиялық жағдай қатты әсер етеді. Әсіресе, әлі буыны бекіп, ой-санасы толық қалыптасып үлгермеген жасөспірім қиын жағдайға келгенде әлсіздік танытады. Мұндайда ешкім сақтандырылмаған. Біз осыны айтуға тырыстық. Мысалы, әскер қызмет саласында да сұмдық әлімжеттік оқиғалардың белең алғанын көрдік. Енді қарасаңыз, қазаққа қазақ дұшпан секілді. Мектепте де осы сияқты буллинг жасап жүрген балалар өзінен әлсіз құрдастарын қорлап жатқанын, оларға қысым көрсетіп жатқанын түсінбейді.
– «Қара жәшік» қоғамда резонанс тудырған телехикая болды. Аталған сериал көбіне мектеп оқушыларының арасындағы мәселелерді көтеретін тақырып болғандықтан, оның көрермені де мектеп жасындағы балалар. Бірақ сериалда баяндалған оқиғалар қазіргі психологиясы ерекше балаларға кері әсерін тигізеді деп ойламайсыз ба?
– Иә, жас көрерменнің психологиясына кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Таяқтың екі ұшы бары сияқты сериалды да әркім өзінше қабылдайды. Бірақ біз осындай мазмұны түсініксіз болып қалмасын деген мақсатта флэшбектерді көбірек пайдаландық, көрерменге түсінікті болуы үшін әдейі асықпай, осы тәсілдерді қолдандық. «Мұндай жағдай болмасын» деген сөздің өзін бірнеше рет қайталадық. Түсірілім барысында кейбір қиын тұстар да болды. Соның бірі – тергеу сахналарын түсіру. Бұл сахнаны өте ұзақ түсірдік және тергеу барысын әдейі көрсеттік. Себебі балалармен дұрыс сөйлеспеудің, сатқындықтың арты қалай аяқталатынын, адамның жан дүниесіне үңілмеудің салдарын түсіндіру болды.
– Отандық телехикаялардың бөлім саны да аз келеді ғой негізі. Мүмкін, осы үшін «Қара жәшіктің» екінші бөлімін сұрап жатқан шығар көрермен. Тіпті, бұл аяқсыз қалды деген пікірлер де айтылып жатыр.
– Телехикая түсіру тәжірибемізде байқағаным, көрермен ұзақ сериалдардан тез жалығып, соңына дейін шыдамы жетпей кетеді. Тіпті, күрделі тақырыптың мазмұнын тәптіштеп түсіндіру үшін флэштерді көбірек қолдансақ, бір оқиғаны тым созып көрсетті деп айтады. Осындай жағдайларға да көзіміз жетті. Телехикаяның екінші бөлімін түсіруге де сұраныс көп. «Қара жәшік-2-нің» қаншалықты актуалды болатынын уақыт көрсетер. Көтерілген мәселе өзекті болғаннан кейін телесериалдың жалғасы түсіріліп жатар. Қазірге ештеңе айта алмаймын. Көрермен соңғы бөлімде қылмыскер тұтқындалса екен деп тілек білдіреді. Ал қылмыскер тұтқындалмағандықтан, оны көрермен аяқсыз қалды деп түсінеді. Голливудтың осылай аяқсыз қалған мыңдаған киносы бар, олар көрерменге ой қалдырады. «Қара жәшік» те көрерменге ой салумен аяқталады. Қылмыскердің тұтқынға түспеуінің себебі мынада: әр қара жәшіктің иесі өз ішінде отыр. Өзімізді-өзіміз әлеуметтік желіге қамаймыз, сондай сорақылықтарға өзіміз кінәлі боламыз негізінде. Телехикаядағы алысып жүрген қара жәшік иесінің құрықталмауы да содан. Өйткені жаңағы айтқанымдай, қара жәшік – өз ішімізде. Көрермен осы тұрғыда көбірек ойлануы керек. Түрлі ой тастаған сериалды түсіру кезінде сұрапыл кастинг болды, әр актерді рөлге бекітер кезде қатаң талаптардан өткіздік. Эпизодтық рөлдерге телеэкранда жарқыраған кәсіби актерлерді тарттық. Бұл өзінің нәтижесін көрсетті деп білемін және келешекте де актер таңдау ісіне адал боламыз. Шынында, кез келген істі кәсіби маман атқаруы керек деп ойлаймын.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ