Алматыда қолжетімді интернет, байланыс сапасы мен қымбат тариф мәселесі талқыланды

«Digital Almaty – 2024»: «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» VI цифрлық форумы аясында «Интернет: байланыс сапасы және тарифтер бағасының өсуі» тақырыбында панельдік сессия өтті.

«Digital Almaty – 2024»: «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» VI цифрлық форумы аясында «Интернет: байланыс сапасы және тарифтер бағасының өсуі» тақырыбында панельдік сессия өтті. 

Оған Сингапур Ұлттық университеті жанындағы мемлекеттік саясат мектебінің профессоры, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ инновациялар бөлімінің бас директоры, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының өкілдері қатысты.

Панельдік сессия «250+» жобасын талқылаудан басталды. Оның аясында ұялы байланыс операторлары халық саны 250 адамнан асатын ауылдарда жоғары жылдамдықты мобильді Интернетке қол жеткізу үшін инфрақұрылым жүргізген болатын.

«Өткен жылы телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған стратегиялық құжат - «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бекітілді. Жоба аясында 3000 ауылды оптикалық интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте біз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, біз шағын және орта операторларды қамтитын Интернеттің «соңғы милін» субсидиялау бағдарламасын іске асырамыз. Сондай-ақ облыстық және республикалық жолдарды байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2027 жылға дейін 5G технологиясын қамтитын 3,5 мың базалық станция орнату міндеті қойылған еді, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мерзім 2025 жылға дейін қысқарды. Бұл ретте тиісті жұмыстарды атқару үшін телеком-операторларға 90% жеңілдік беруді жалғастыруды көздеп отырмыз, бұл мәселе тиісті органдармен әлі де талқыланады», - деді Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.

Сондай-ақ қатысушылар 5G технологиясының негізгі басымдылықтарын атап, оны енгізу тетіктеріне тоқталып өтті. Спикерлер өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісіп, саладағы бәсекелестікті дамыту мәселесін де тілге тиек етті.

«Өткен жылы біз талдауды аяқтадық. Оның қорытындысы бойынша біз негізгі үш субъектіні белгіледік. Олардың екеуі мемлекеттік, яғни «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі. Әрине, бұл бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан біз бір операторды бәсекелестік ортаға шығаруды ұсындық. Салаға жауапты Цифрлық даму министрлігі де бұл ұсынысты қолдайды. Бізде байланыс операторлары неғұрлым көп болса, мемлекеттің қатысуы соғұрлым аз болады. Бәсекелестік бар жерде сапа да, қолжетімді баға да болады», - деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов.

5G енгізілген көптеген елдерде байланыс қызметтері үшін бағаның өсу үрдісі байқалады. Мұндай құбылыс Қазақстанда да бар. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов көптеген қазақстандықтарды толғандыратын маңызды сұрақтардың біріне жауап берді. 

«2022 жылдың ортасынан бастап барлық ұялы байланыс операторлары байланыс қызметтерінің бағасын көтеруде. Мониторинг нәтижелері бойынша байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарларының құны 7-ден 57 пайызға дейін қымбаттаған. Біз негізсіз өсу туралы көптеген шағымдар аламыз және тиісті шараларды қабылдаймыз. Айта кету керек, 2017 жылға дейін бағалар мемлекет тарапынан реттелді, ал содан соң баға еркін нарыққа жіберілді. Біз баға бойынша бес хабарлама жібердік, кейбір субъектілер тарифтерін төмендетті. Қалғандарына қатысты тергеу жүргізілуде», - деді Болат Самбетов.

Өз кезегінде «Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков байланыс қызметтері бағасының өсу себебін түсіндіріп, бұл мәселе компанияның шығындарына байланысты екенін атап өтті.

«Практикалық тұрғыдан алғанда, 5G шынымен қымбат. Интернеттің көлемі артып келеді, сатып алынатын жабдықтың құны өсуде және технологияның өзі айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді. Алдыңғы жылдары біздің компания жылына 500-ден 1000-ға дейін базалық станция салды, бұл сұранысты қанағаттандыру үшін жеткілікті болды. Алайда, соңғы кезеңде қажеттілік 2-3 есе өсті. 4G және 5G үшін базалық станциялардың құрылысы бір-бірінен ерекшеленеді, 5G көбірек электр қуатын қажет етеді, ал жұмыс істейтін жабдықтың үлкен салмағы қосымша шығындарды қажет етеді. Осы факторлардың барлығы бағаның өсуіне әкеледі. Тарифтерді реттеу және бағаны жасанды түрде ұстап тұру инвестиция көлемін және салымдарды азайтуы мүмкін. Сондықтан «техникалық даму» тұтынушылардың талаптарын қанағаттандыру және байланыстың жоғары сапасын сақтау үшін қажет. Мұны жасамаған жағдайда тұтынушылардың байланыс сапасына қатысты наразылығы арта түседі», - деп жауап берді «Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.

Сондай-ақ панельдік сессияның шетелдік қонағы – Сингапур ұлттық университеті мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Якоб Ибрагим 5G технологиясын енгізу арқылы саланы дамытудың және нарықта бәсекелестікті сақтаудың табысты стратегияларына қатысты пікірімен бөлісті. Ол Қазақстан өзінің телекоммуникациялық инфрақұрылымының тиімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қолдана алатын кейбір озық халықаралық тәжірибелерді атап өтті.

«Өткен жылдан бастап Сингапур толығымен 5G-ге қосылды. Ол бізге жаңа технологияларды енгізуге үлкен мүмкіндіктер береді. Мысалы, зауыттардағы роботтар 5G жүйесі бойынша жұмыс істейді. Тіпті мемлекеттік басқару саласында да біз қызметтерімізді оңтайландыру үшін кейбір қосымшаларды қолданамыз. Сондықтан біз қазір 5G-ді дамытып жатырмыз, тисінше басқа операторлар да осы нарыққа кіре алады», - деді ол.

Панельдік сессияда «5G»-ден басқа, телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері қалалар мен ауылдарды Интернетпен қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және байланыс сапасын жақсарту мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.