Гуманоид-роботтар адамдармен жарыса бастады. Олардың қабілеттері де керемет.
Atlas роботы таңғаларлық қабілет көрсетті (видео)
Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Boston Dynamics/YouTube
1,502
оқылды

Адамға ұқсас гуманоид-роботтардың эволюциясына арналған newatlas.com сайтында жарияланған мақалада роботтардың таңғажайып ептіліктері айтылған. Aikyn.kz осы сайтқа сілтеме жасап, роботтардың техникалық мүмкіндіктерінің құпиясын ашады.

Atlas роботының іс-қимылына қарап отырып «бұл, шынымен, темір ме әлде сыртын темірмен қаптаған адам ба» деген ойға қаласыз. Робототехника саласында өзінің өнімдерімен үздік атанған Boston Dynamics компаниясының роботы адамнан ешбір қалмайтын дене қимылдары мен ептілік көрсете алады.

Төмендегі таңғалдыратын видеода Atlas қораптарды ашады және ауыр заттарды тепе-теңдікті сақтай отырып тасымалдайды, кедергілерден сүрінбей өту үшін өзіне тақтайдан жол жасайды. Осының бәрі, бір жағынан, таңғалдырса, екінші жағынан қорқыныш та туғызады. Бұндай роботтар автокөлік өндірісінде қолдануға өте қолайлы – үлкен көлем, ауыр бөлшектер, жарақат алу мүмкіндігі жоғары, дәлдік пен сенімділікке қойылатын жоғары талаптарды адамдардан гөрі жансыз темірге тапсырған тиімді. Қазірдің өзінде өндірістік және құрастыру желілерінде нақты жұмыстарға мамандандырылған көптеген роботтар жұмыс істейді.

Бірақ әлдеқайда күрделі операциялар жасауға қажетті көптеген жұмыс орындары бар және ондай жерлерде тек гуманоидты роботтар қатысуы тиіс. Ондай үлгілерді Tesla-ның Optimus пен BMW-нің зауыттарында болашақта жұмыс істейтін Figur 01 роботтарынан көруге болады.

Boston Dynamics ұсынып жүрген роботтар логистика саласында, қоймаларда жүктерді адамның көмегінсіз жылжыту, тасу сияқты ауыр жұмыстарды атқаруға әбден дайын сияқты. Бұл, әрине, коммерциялық тиімділігі миллиардтаған доллар табыс әкелетін жобалар.

Корей автогиганты Hyundai 2021 жылы жапондық Softbank корпорациясынан Boston Dynamics-ті сатып алғаны белгілі. Енді корейліктер робот жасайтын компанияның 80% акциясына иелік етеді, Boston Dynamics-тің құны 1,1 млрд долларға жуық деп бағалануда.

2021 жылы Hyundai компаниясы Boston Dynamics робототехника фирмасының бақылау пакетін сатып алды. Фото Hyundai ресми сайтынан алынды

Boston Dynamics-тің роботтары бүгінгі күні ең озық гуманоид робот екені анық. Оның электр қуатымен жұмыс істейтін және гидравликалық жетекті буындары оған теңдесі жоқ икемділік береді, бұл оны осындай гимнастикалық спортшы етеді. Ал басқа роботтар Atlas-тың жанында жүруді үйреніп жүрген сәбиді еске түсіреді.

Ұсынылған жаңа видео отқа май құятыны сөзсіз. Бірақ Atlas роботы әлі де жаппай өндіріске енгізілген жоқ, робот коммерциялық қолданысқа арналмаған.

Бұл он жылдан астам уақыт бойы әлемдегі көшбасшы компанияның керемет сынақ алаңы. Егер Boston Dynamics шынымен де гуманоидтарды кең ауқымда қолдануға шындап кірісетін болса, онда қазіргі дизайннан басқа интеллектуалды өнімді күтеміз.