Әрбір оқушының үйлесімді дамуы үшін тұлғаның, көшбасшының үлгісі болу өте маңызды. Бұл адам сіздің дәуіріңіздің замандасы болса, ерекше құнды. Мектебіміз есімін мақтанышпен айтатын бір ғажап тұлға туралы айтқым келеді. Білім ордамызға Абыхан Жексембеков есімінің берілуі заңдылық деп ойлаймын.
Өлмейтұғын артында із қалдырған
1,673
оқылды

Уақыт көрсетіп отырғандай, Жексембековтің көп идеясы мен ісі өз заманынан озық болды. Оның мал дәрігері мамандығын таңдауының  себебі туған жерінде еңбек етіп, ауылдастарына пайда­сын тигізсем деген ниетімен ай­қын­далды. 1963 жылы институтты үздік бітіріп, өз елінде кәсіби маман атануы – соның дәлелі. Абыхан Жексембековті совхоздың шалғайдағы көшпелі мал шаруа­шылығына жібереді. Әр жерде ол жақсы нәтижелерге жетеді. Жас маман ретінде оның ұйымдас­тырушылық қабілеті дәл осы жерде көрінеді.

 1972 жылы туған ауылына, Ленин атындағы колхозға оралып, бар күш-қуатын, іскерлігін, жұмыс қабілеттілігін осы ауылдың өсіп-өрлеуіне арнады. Колхоздың даму тарихы адамдардың еңбек жетіс­тіктерімен, өз күштері мен мүмкін­діктеріне деген сенімімен, жақсы заманға деген үмітімен тікелей байланысты. Ал бұл жерде Абыхан Жексембековтің жаңа идеяларды ұйымдастырушы және насихат­таушы ретіндегі  рөлі өте маңызды. Өйткені күнделікті болып көрінетін еңбек ерліктері, қазіргі атаулар осыған байланысты болды. Шын­дығында, егін өнімділігін, сүтті, мал басын т.б. арттырудағы ең­бектері  ең жоғары қажыр-қайратты қажет етті. Әрине, бұл мемлекет назарынан тыс қалмады. Абыхан Жексембеков 1972 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Кеңес Одағы жылдарындағы бұл сыйлықтың мақсатын, Одақтың тарихын зерделеу – қазіргі жас ұрпаққа сабақ емес пе? 

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дары қиындықтарға төтеп беретін, колхозды басқаратын мықты басшы, ұйымдастырушы керек еді. Жеке ауылшаруашылық құрылым­дарын ұйымдастыру, сонымен бірге соғыс және еңбек ардагерлерін, халықтың аз қамтылған және әлеу­меттік қорғалмаған топтарын ұмыт­пау идеясын Абыхан Жек­сембеков шешті. Экономикалық қиын жағдайды ескере отырып, Германия мен Ресейге жаппай кетіп жатқан жұмысшыларды жоғалт­пау, инвесторлар тарту үшін шешуші шаралар қабылдау қажет болды. Бұл уақыт қабатын әлі де жас ұрпақ зерделеуді қажет етеді. Бірақ Жексембеков өзінің пікір­лестерімен бірге  бүгінде ілгері бас­қан тұңғыш тұқым шаруа­шылығын құрды. 

90-жылдары тәуелсіз мемле­кетіміз үшін уақыттың жаңа есебі басталып, Абыхан Жексембеков сынды тұлғалар тәуелсіздіктің қалыптасуына жүргізуші ғана емес, қатысушысы да болды. Жаңа мемлекеттің қалыптасуы барлық салада кадрлардың болуын біл­діреді. Ал мектеп оқушыларын ана тілінде оқыту мәселесі, әсіресе, тарихта бұрын-соңды ұлттық мектеп болмағандықтан Түрген ауылында осы сұрақ өзекті мәселеге айналды. Абыхан Жексембеков ауыл әкімшілігінің басшысы бола тұрып, бұл мәселемен тығыз жұмыс істей бастады. Тағы да мемлекеттік мекемелерді аралап, 1994 жылы ауыл тарихында тұңғыш рет қазақ мектебі ашылды.

Ол кезде материалдық базасы болмағандықтан оны мектеп деп айтуға да қиын болатын. Әкім Абыхан Жексембековтің табанды­лығы мен ұстаздардың сенімі ғана  ғажайыпты жасай алды. 1995 жылы  алғашқы түлектері мектепті бітіріп шықты. Мұны тек ұстаздар ғана емес, мектептің алғашқы түлектері де есте сақтайды деп сеніммен айта аламын. Абыхан Жексембековке берілген «Білім беру ісінің үздігі» атағы  соның айғағы. 

Жыл сайын 1 ақпанда оқушы­лар мен ұстаздар қауымы Абыхан Жексембековтің өмірбаянын зерделеп, оқу жетістіктері  мен атқарылған игі істерді қорытын­дылап, жаңа бастамаларды  жос­пар­лайды. Демек, осы мектеп ар­қылы Абыхан Жексембековтің ізі жалғасуда. 

Рысгүл ШАЛҒЫМБАЕВА,

А.Жексембеков атындағы орта 

мектеп директорының орынбасары 

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы