Көрмеде қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзербайжан, түрік және славян халықтарының да ұлттық баскиімдерін көруге болады. Дені – әйелдердің баскиімі. Сонымен қатар көрмеге қатысушылар әр ұлттың баскиімін киіп шығу тарихымен танысты. Қатты қағаздан жасалған үлгілерін түрлі моншақтармен өздері безендіріп көрді. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – кез келген елде баскиімнің құрметке лайық екенін көрсету. Мамандар ежелгі дәуірде баскиім биліктің символы болғанын айтады. Тек ақсүйек, бай-бағландар ғана биік, сәнді бөріктер мен қалпақтар киген. Баскиімі неғұрлым үлкен, биік болған сайын оның иесінің дәрежесі соғұрлым жоғары болғанын көрсетеді.
– Музей қорында 14 елдің 50-ге жуық баскиім үлгілері сақталған. Музейдің мамандары қорға түскен баскиімдерді өздері үнемі қалпына келтіріп сақтайды. Үшінші бөлімде көрсетілген халықаралық баскиім үлгілері өкінішке қарай бізде жоқ. Бірақ музей қоры жыл сайын толықтырылып отырады. Мүмкін алдағы уақытта толығады, – деп пікірімен бөлісті «Ұлы дала елі» орталығының ғылыми қызметкері Ақниет Жарылқасын. Сонымен қатар ұйымдастырушылар баскиімдер әр жердің өзінің табиғи ерекшелігі мен ауа райына байланысты өзгеріп отырғанын айтады.