Шымкентте жыл басталғалы мектеп оқушыларының сабақ үстінде көз жұму оқиғасы екінші рет болып отыр.
Үш дерек – ойлану керек
311
оқылды

Тағы біреуі өз-өзіне қол салған. Оның бірін­шісі,11 қаңтар күні болған. №48 орта мектебінде 8-сынып оқитын баланың  денешынықтыру сабағында кенеттен жүрегі тоқтап қалды. Оқиға орнында көз жұмған оқушы отбасындағы үш баланың ор­таншысы екен. 

Кеше ғана болған жағдай да дәл осыған ұқсас. Оқиға Шымкент қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде болды. Өкінішке қарай, бұл да 8-сыныптың оқушысы. Шымкент қаласы Білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Низамхан» орта мектебінің 8-сыныбында оқитын қыз құрбысына үйінен белгісіз дәрі ішіп келгенін айтқан. «Екінші сабақ болып жатқанда оқушы есінен танып құлаған. Тарих пәнінің мұғалімі және сынып жетекшісі «Жедел жәрдем» қызметін шақырады. Ал мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсетіп, «Жедел жәрдем» қызметкерлері зонт арқылы асқазанын шайған. Оқушының өзін жайсыз сезінгені байқалып, ауруханаға жеткізілген.  Өкінішке қарай, оқушы ауруханадағы жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қазір құзырлы орган өкілдері тергеу жұмыстарын жүргізуде», – деп хабарлады ресми өкіл.

Мектеп директоры Юлия Сергеевна баланың өзін нашар сезінгенін, дер кезінде  жедел жәрдем шақырылғанын айтады. Мектеп басшысы оқушының ешкімге ренжімегенін, сыныптастарымен қарым-қатынасының жақсы болғанын айтады. Олар түгелдей бір сынып болып, №79 мектептен ауысып келген екен. Білім ұясында балаларға қатысты ешқандай қысым болмапты. Алайда өкініштісі оқушы мұның алдында да өзіне қол жұмсамақ болған екен. Психологтар қарашадан бері қызбен жұмыс істеп келе жатқан. 

Сондай-ақ үшінші мегаполисте екі апта бұрын ғана үйінен 11-сынып оқушысының мәйіті табылған. Өз-өзіне қол жұмсаған жағдай бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Еңбекші аудандық полиция басқармасында тіркеліп,  қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Сот-медициналық экспертиза тағайындалған. Сабақ үлгерімі жақсы болған оқушының не себепті өз-өзіне қол жұмсағаны әлі-әзірге белгісіз.

Бұл жыл басталғалы небәрі 1 айдың көлемінде мектеп оқушылары арасында болған қайғылы оқиғалар. Жалпы, шыны керек, Шымкент қаласында оқушылар арасындағы суицид  жиілеп барады. Басқасы басқа, шымкенттіктер соңғы оқиғаға ерекше назар аударды. Себебі үйінен дәрі ішіп келсе де,  оқиғаның жекеменшік мектептің қабырғасында  болғаны  талай жанның пікірталасын тудырды. Оның үстіне бірнеше білім ұясы мен балабақша тұрғызған кәсіпкер Низамхан Сулайманов пен басқа да жекеменшік мектептер туралы соңғы кездері жиі сын ескертпелер айтылып жүрген. 

Педагог, қоғам  белсендісі Өмір Шыныбекұлы осынау жекеменшік мектептер туралы өзінің пікірін былай білдіреді. «Мемлекет өзінің нашар менеджер екенін мойындағаны ма, әлде билік басындағылардың басқа ойы бар ма, әйтеуір соңғы жылдары жекеменшік балабақша мен мектеп қаптап кетті. Құрылтайшы­лардың арасында кімдер жоқ десеңізші, арасынан педагогтан бастап дәнекерлеушіге дейін табасыз. 2018-2019 жылдары қала мектептеріне педагог қызметкер қабылдайтын комиссия құрамында болып, үміткер мамандардың басым бөлігінің деңгейінен шашым ағарып, жүрегіме салмақ түсіп, ақырында комиссия жұмысына бармай қойдым. 2020-2022 жылдары қала білім ошақтарын басқаруға үміткер­лермен әңгімелесетін комиссия құрамында болдым. Мұнда да сол. Үміткерлердің 90 пайызын десем қателеспейтін шығармын, бар болғаны кресло қызықтырады. Мемлекеттік білім беру мекемелері білікті мамандарға зәру болып отырғанда жекеменшік білім ошақтары маманды қайдан алып жатыр? Жекеменшік білім ошақтары шағын бизнес нысаны болғандықтан оларды тексеруге мораторий жарияланған», – дейді. 

Кәсіпкер Низамхан Сулаймановтың жеке меншігіндегі білім ұялары мораторийдің арқасында тексерілмейтіні және ол өз меншігіндегі нысандардың барлығына білім ошағы екеніне қарамастан өзінің, анасының, басқа да жақын жұрағатының атауын беріп тастағаны да көпшіліктің наразылығын туғызған. «Әрине, жекеменшік нысанды қалай атауға әркімнің өз құқы бар. Дегенмен балаларға білім беретін орын жан басына қаржыландыру бойынша мемлекеттен ақша алып отырғандықтан ондағы әрекеттер де қадағалануға тиіс. Мемлекет меншік нысанына қарамай білім беру мекемелеріне қойылатын талаптарды бір ізге түсіру керек» деген пікірде шымкенттік қоғам белсенділері.

Кешегі мектепте көз жұмған қыздың оқиғасы да жекеменшік мектептерге деген күдікті қоюландырған секілді. Әзірге 3 оқиғаның да нақты себебі белгісіз. Дегенмен бұл теріс жағдайлар Шымкенттің білім саласына үлкен сын болмақ. Айдың-күннің аманында өрімдей жастарымыз неге өз өзіне қол жұмсап жатыр?!...

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы