Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысында министрлер кабинеті мен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс екенін айтты.
Руслан Қожасбаев: Мемлекеттік сатып алуда адами фактор болмауға тиіс
1,244
оқылды

Қазір бюрократияны тоқтатып, нақты нәтиже көрсететін кез. Президент мемлекеттік сатып алуды, мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жұмысын жетілдіруді тапсырды. Маңызды міндеттердің бірі – құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау. Жаңадан жасақталған Үкіметтің алдындағы негізгі міндеттер мен жауапкершілік жүгі қандай болмақ? Парламент Мәжілісінің «АMANAT» фракциясының депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Руслан Қожасбаевты әңгімеге тарттық.  

– Руслан Сәдуақасұлы, Үкіметтің кеңейтілген жиынында атқарушы органның жауапкершілігін күшейту қажеттілігі айтылды. Бұл қызмет немесе тауар сапа­сына қалай әсер етеді?

– Мемлекет басшы отырыста тауар, жұмыс және қызмет ұсынушылардың жауапкершілігін күшейту қажетін айтты. Әсіресе, аталған мәселенің құрылыс саласына маңызды екенін атап өтті. Қолданыстағы мемлекеттік сатып алу заңнамасымен шарттық міндеттемелерін орындамаған мердігерлерге тиісті шаралар (тұрақсыздық айыбын төлеу, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу) көзделген. 

Алайда тәжірибе көрсеткендей, аталған шаралардың өнім берушілерге тиісті деңгейде әсер етпейтіні байқалады. Салдары – баршамызға мәлім, салынбай қалған әлеуметтік ғимарттар, сапасы сын көтермейтін тауарлар. 

Осы ретте, мердігерлер үшін тұрақ­сыздық айыбын ұлғайту және шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуына шектеу қою мәселелері қарастырылатын болады. Бұл жұмыстардың уақытылы, сапалы орын­далуына және тауарлар мен қызметтердің сапасының артуына тікелей әсер етеді.

– Президент мемлекеттік сатып алулардың құрылыс үшін маңызы зор екенін атап өтті. Бұл саладағы олқылықтар тағы қандай секторларға кері әсер етеді деген ойдасыз?

– Бүгінде мемлекеттік сатып алулар көлемінің басым көпшілігін құрылыс жұмыстары құрайтынын атап өткен жөн.

Осы ретте, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап құрылыс-монтаждау және жобалау жұмыстары бойынша өткізілетін сатып алулар рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсіліне кө­шірілді. Бұл тәсілдің басты ерекшелігі – жеңімпаз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде анықталады. 

Жеңімпазды автоматты түрде анық­тауды ескере отырып, мұндай сатып алу қорытындылары шағымдануға жат­пайды. Бұл сатып алу уақытын айтар­лықтай қысқартып, қорытын­дыларды қайта қарау тәуекелдерін жояды.

Бұл ретте, конкурсты өткізу мерзімі 29 күнтізбелік күннен аспайтынын атап өткен жөн.

Жалпы, мемлекеттік сатып алулар әлеуметтік маңызы бар салаларда (ден­саулық сақтау, білім беру, қоғамдық қауіп­сіздік және т.б.) мемлекеттік қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарады. Осы ретте, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жекелеген олқылықтар ең біріншіден әлеуметтік салаға кері әсерін тигізеді.

Қолданыстағы сатып алу жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер бар. Олар: жекелеген тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасының төмендігі;

сатып алу рәсімдерінің шамадан тыс регламенттелуі және ұзақтығы;

өнім берушілер тарапынан негізсіз шағымдардың болуы;

құрылыс нарығының монополиясы.

Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, Парламент Мәжілісінің қарауындағы жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы жоғарыда аталған олқылықтарды ескере отырып, пысық­талып, жетілдірілетін болады.

– Орта бизнеске басымдық беретін мемлекеттік сатып алудың қандай тетіктері бар?

– Жалпы, Қаржы министрлігімен мемлекеттік сатып алу нарығын моно­полиядан арылту бойынша жұмыс тұрақ­ты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, 2023 жылы шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі және теріс мәндер түріндегі жаңа баға өлшемшарттары енгізілді. 

Жұмыстарды орындайтын жерде тіркелген өнім берушілерге 1% мөлше­рінде шартты жеңілдік беріледі. Бұл өлшемшарт шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға, сондай-ақ тиісті өңірде салық түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді. 

Сонымен қатар әрбір қолданыстағы шарт үшін сатып алу көлемін біркелкі бөлу үшін жалпы шартты жеңілдіктен 0,1% алынады. Көрсетілген шаралар мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге және жекелеген ірі компаниялардың монополиялық жағ­дайын болдырмауға бағытталған. 

Осылайша, қолданыстағы заңнама­мен шағын және орта бизнес субъекті­леріне басымдық беретін қажетті тетіктер көзделген.

Оң серпінді ескере отырып, атал­ған бағыттағы жұмыс жаңа «Мем­лекеттік сатып алу туралы» заң жоба­сын жүзеге асыру  шеңберінде жалға­сатын болады.

Бұдан басқа, заң жобасымен жеке­леген тауарларды, жұмыстарды, көр­сетілетін қызметтерді тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алу туралы ереже көзделген.

Бұл тәсілдеме шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекет тарапы­нан қолдау тетіктерінің бірі болып табылады.

– Мемлекет басшысы аудиторлар қызметін қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берді. Қазір бұл салада «дабыл қағатын» қандай мәселелер бар?

– Мемлекеттік сатып алу заңнамасын сақтауды бақылау саласында адами фактордың болуына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар.

Бұл саланың басты «дабыл қағатын» мәселесі – жоғарыда аталған адами фактордың болуы. Осы ретте, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін одан әрі автомат­тандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Сонымен қатар жаңа заң жобасын Парламент Мәжілісінде қарау шеңберінде сатып алу процесін реттеуді оңайлату және бюрократиядан арылту мақсатында шағымдарды қараудың жаңа тетігі енгізіліп, бақылаушы органның рөлі қайта қаралатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ