Осындай салалық кітапхананың бірі – Астана іргесіндегі Шортанды ауылында орналасқан Александр Бараев атындағы Астық шаруашылығы кітапханасы. Аталмыш ғылыми-зерттеу орталығына арнайы барып, кітапхананың тарихымен терең таныстық. Кітапхана меңгерушісі Ольга Проскураның айтуынша, бұл жер сирек кездесетін кітаптар қорымен де ерекшеленеді.
– Ольга Павловна, бұл кітапханаға кімдер келеді?
– Көбіне ғылыми бағыттағы ізденушілер, магистранттар мен доктаранттар келеді. Ғалымдар да жиі бас сұғып тұрады. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, арнайы іздеп келетіндер бар. Алыс-жақын шетелдік ғалымдар мен зерттеушілер, соның ішінде селекционерлер де бар.
– Ескі кітаптар бар дедіңіз, сонда олар қаншалықты ескі кітаптар? Олардың маңызы неде болып отыр?
– Айталық, кітапхана 1 800 жылдардағы кітаптар қорынан басталады. Бұл дегеніміз – Кеңес дәуірі орнағанға дейінгі заман. Сол кездің өзінде ғалымдар ауыл шаруашылығымен түбегейлі айналыса бастаған. Оқып отырсаңыз, олардың дәлелдемелері қазіргі күннің өзінде маңызын жоғалтқан жоқ. Кейбір қолжазбаларды қарап отырсақ, өте қызықты деректерге тап болады екенсің. Мысалы, сол кездегі топырақтың жағдайы, судың ахуалы, астық тұқымдастарының селекциясы сынды дәлелдемелер бүгінгі ғалымдар үшін де, ғылым үшін де өте өзекті. Тағы бір мысал, сирек қор бөлімінде Климент Тимирязевтің ғылыми жобаларымен бірге 1860 жылдары тұрақты түрде жарық көрген «Сельское Хозяйство» журналы, сол уақыттарда жарыққа шығып отырған «Лъесоводство» журналын табуға болады. Одан бөлек, кеңестік және отандық ғалымдардың қолжазбалары мен ғылыми диссертацияларының да топтамасы сақтаулы.
– Осы уақытқа дейін елімізде талай құнды дүние жойылып кетті. Керемет кітапханалар ешкімге керек болмай қалғанын көзіміз көрді. Сіздер бұл кітапхананы қалай сақтап қалдыңыздар?
– Иә, кітапхана түгілі ғылыми орталықтың өзінің халі мүшкіл болған уақыттарды бастан кештік. Ол кезде мен өзім селекция бөлімінде жұмыс істейтін едім. Қысылтаяң уақытта бұл орынды қойма ретінде де пайдаланып жүрді. Бір қуанатыным, біздің ғалымдарымыз да, осында жұмыс атқарған өзге де қызметкерлердің бірде-біреуі кітапхананың бір кітабына тиіскен жоқ. Себебі олар бұл дүниенің қаншалықты құнды, маңызды екенін жанымен түсінді. Осылайша, барлығымыз мұндағы әр газеттің өзін қызғыштай қорыдық десем болады. Уақыт түзеліп, заман жақсарған уақытта қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ қаражаттың жетпеуінен жұмыс соңына дейін жүрмей орта жолда қалып қоя берді. 2020 жылы ғана үлкен күшпен, мол қаражат жұмсай отырып кітапханамызды қайта қалпына келтірдік. Көп дүние бүліне бастаған екен. Біз оны реставрациядан өткізіп, кейбір қолжазбаларды өз қолымызбен қайта тігіп, түптеп, сөрелерге қойдық.
Ескі кітаптардан бөлек, кітапхана қорын молайту үшін жыл сайын елімізде жарық көріп жатқан ауыл шаруашылығы саласына байланысты басылымдарға тапсырыс беріп алдыра бастадық. Тіпті, шетелдік маңызды басылымдар да келіп тұрады. Қазір университеттен тәжірибеден өтуге келетін студенттер көп. Студенттер үшін арнайы оқу залын да аштық. Ғылым үшін кітапхананың маңызы мол екені белгілі. Қолдан келгенше кітап қорын толықтырып отырамыз. Бір қызығы, ертеректе орталықта жұмыс істеген ғалымдар өздері хабарласып, жеке кітап қорын бізге әкеліп өткізіп жатады. Кейде өзіміз өмірден өтіп кеткен ғалымдардың ұрпақтарына хабарласып, үйінде жеке кітапханалары болса салтанатты түрде табыстауын сұраймыз. Көбі келісіп жатыр. Бұл – ғылым үшін үлкен шаруа. Бір айта кетерлігі, кітапханамыз түгел-дерлік электронды жүйеге өткен.
– Мұндағы кітап қоры қанша?
– Мұнда бүгінде 72 500 шамасында кітап бар. Астық шаруашылығы мен өсімдіктер әлемі, еліміздегі тұңғыш тұқым саласының дамуы мен топырақ жағдаяттары туралы қолжазбалар сөреде сіресіп тұрғанын көз көрді. Әр құжаттың бетін ашып қарап отырып, шынымен де тың игерудің тылсымына сүңгігендей әсерде қаласың.
P.S.
Иә, тыңның тарихын құжаттармен сәйкестендіретін бірден бір орын осы кітапхана болар деген ой түйдік. Бұл жерде Александр Бараевтың, Валентин Кузьминнің, Банцат Көпеевтің, Мехлис Сүлейменовтің және өзге де қазақ астығының атасына айналған ғалымдардың естеліктері мен қолжазбалары сақтаулы тұр. Қазақ астығының алғашқы дәнін әлемге таныта білген А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы кітапханасында ғалымдардың өткені ғана емес, бүгіні де айнымай тасқа басылып, ғылыми жұмыстары қатталып, сөрелерге қойылып жатыр.
Бердібек ҚАБАЙ