Бүгінде жазушының есімі «Менің атым Қожамен» қатар жүретіні баршаға белгілі. Шоқтығы биік қаламгер туындыларында өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеп, көргенін көркем жеткізген, оқиғадағы кейіпкерлерге жан бітіріп жазды. Биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтпек. Еліміздің руханиятында өшпес мұра қалдырған қаламгердің соқпақты өмірінен біраз деректерді білу үшін қаламгердің қызы Самал Соқпақбаевамен әңгімелестік.
– Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың биыл – 100 жылдығы. Классиктің қызы ретінде әкеңіз туралы естелігіңізді естігіміз келеді. Әкеңіздің еске алғанда, ойға оралатын не нәрсе?
– Бұл – тым ауқымды сұрақ. Бұл сұраққа қысқаша ғана жауап беру өте қиын. Әкемді еске алғанда әрқашан көңілді, өмірге құштар жан елестейді. Ол анамды да, мені де өте қатты жақсы көрді. Мені көп еркелетті. Әкемді ойлағанда бірінші Мәскеуде тұрған кез еске оралады. Мен ол кезде шамамен 5-6 жаста едім. Әкем Мәскеудің жоғарғы әдебиет курстарына оқуға түсті де, өзімен бірге анам екеумізді алып кетті. Біз сол әкем түскен институттың жанындағы отбасылық жатақханада тұрдық. Сол кезбен байланысты біраз естеліктер бар. Соның бірі – алғаш рет Мәскеуді көрдім. Әкем сол кездегі атақты Сергей Образцов театрына апарып, керемет қойылымдарды көруіме себеп болды. Міне, бұл – үлкен театрды тұңғыш рет көруім әрі бүкіл классиканы біріктіріп тұрған қойылымдарға куә болуым еді. Есімде, бұл театрға біз бір емес, бірнеше рет бардық. «Лебединое озеро», «Шурале» сияқты атақты қойылымдар мен дүниежүзіне әйгілі «Руслан и Людмила» операсын кішкентай кезімде көріп, тамашалағам. Бұлардың бәрі шеттерінен мықты классикалық туындылар еді.
Әкем мені тек театрға ғана емес, Мәскеудің түрлі саябақтарына алып барып жүрді. Біз «Тверской бульвар» деп аталатын көшеде тұрдық. Қыстыгүні әкем дәл осы көше бойымен шанаға отырғызып алып, мұз үстімен сырғанататыны әлі есімде. Ал жаз шығысымен екі дөңгелекті велосипед сатып алып келді. Сол кезде тұңғыш рет велосипед тептім, оны да әкем үйретті.
Балалық шағымда мені туыстарыма, Нарынқолға жиі апарып тұратын. Мен ауылды жақсы көрдім. Киіз үйдің иісін сағынып жүретінмін. Сол уақыттарда мені үнемі ауылға апарып жүрген әкеме көп рақметімді айтамын. Өйткені қазақтың ауылын әкем арқылы көрдім, әкем арқылы таныдым.
Ата-анам мал-дүниеге аса қатты қызықпайтын кісілер еді. Біз Алматы қаласының шеткі ауданындағы кішкентай ғана үйде тұрғанбыз. Егер қолдарында артық ақша болса, тек кітапқа жұмсайтын. Үйімізде үлкен кітапхана болды. Ол кезде қолға тимейтін талай кітаптар біздің үйден табылатын. Осы уақыттарда әкем «Менің атым Қожа» және басқа да шығармаларын жазды. Балалық шағым әке-шешемнің қасында қызықты сәттермен есте қалатындай болып өтті.
– Жазушы кітаптарының ішіндегі ең даңқтысы, әлем халықтарының көптеген тіліне аударылған «Менің атым Қожа» хикаяты ғой. Кеңестік цензура қиып-қидаласа да, идеологияға қарсы кейбір тіркестер өтіп кетті. Дегенмен «қарағайға қарсы біткен бұтақтың» өмірі қиын болды ма?
– Менің әкем – өмір бойы шындықты жазып өткен кісі. Өтірікті жаза алмаймын деп, тек шындықты бетке ұстап жүрген жазушы болды. «Менің атым Қожа» шығармасында қазақ ауылының сол кездегі жай-күйі мен халықтың тұрмысы ешбір бояусыз, қоспасыз, ауылдың дәл шынайы көрінісін келістіріп жазды. Өз уақытында бұл повестің жарыққа шығуына қатаң тыйым салынған болатын, мүмкін қазақ халқының тұрмысын нашар етіп көрсеткеннен шығар, кім білсін? Ол кездегі идеология деген мықты еді ғой. Бұл кітап жазылғаннан кейін осы себептермен шықпай қалды. Әкем Мәскеуге кеткенде осы шығармасын өзімен бірге алып кеткен. «Менің атым Қожа» повесін оқыған орыс жазушыларының бәрі таңғалып, мақтап, керемет жазылған дүние деп баға берген екен.
Мәскеудің сол кездегі үлкен әрі Кеңес Одағына әйгілі «Детская литература» деген баспасынан «Менің атым Қожа» алғаш рет басылып шықты. Әкем институтта оқып жүрген кезде өзіне сабақ берген, әлде институтқа жиі келіп жүрді ме, әйтеуір атақты Луи Арагон деген француз жазушысы болыпты. Сол жазушы «Менің атым Қожаны» қалай оқығанын білмеймін, мүмкін біреу аударып берген шығар, әкемнің аталған осы шығармасын қатты ұнатып, Францияға алып кеткен екен. Сөйтіп, «Менің атым Қожа» Францияның Париж қаласынан да басылып шықты. Міне, осыдан кейін ғана Ресейдің, шетелдің баспаларынан шыққан соң қазақ баспалары басқа тілге аударылып, басылып шыққан «Менің атым Қожа» жарық көре бастады. Қазір жұрттың бәріне әйгілі шығарманың өмірі осылай басталған.
– «Менің атым Қожа» деген сөз – «мен әлемнің Қожасымын» деген мағынаны білдіріп тұрғаны белгілі. Бұл ой, әрине жасырынып тұрғанымен, мұны көзіқарақты оқырман жақсы ұғынып отыр. Бұл әкеңіздің ішкі цензурасынан қалай өтіп кетті?
– Шынымды айтсам, «Менің атым Қожа» деген сөздің «мен әлемнің Қожасымын» деген мағына білдіреді дегенді әкемнен де, анамнан да естімеппін. Бірақ «Менің атым Қожаның» не үшін бұлай атаумен шыққанын әкемнің өзінен сұрамаппын, кейінірек анамнан сұрап едім, ол айтып берді. Айтуынша, қазақ аңыздарындағы әйгілі Қожанасыр кейіпкерінен шыққан болуы керек. «Өзің Қожанасырды танисың ғой, ол – өте ақылды, қулығы да бар кейіпкер». Анамның айтқаны бойынша, сондай керемет қызықты типаждан Қожаның бейнесі туған.
– «Менің атым Қожа» фильмінің жарыққа шығуына сеп болған – көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов екені белгілі. Тіпті, екі «қырсықты», яғни Абдолла Қарсақбаев пен әкеңізді кей «жағдайларда» «достастыруға» дәнекер болған да сол кісі деп естідік. Жалпы, фильм қалай түсірілді?
– Фильм «Қазақфильмде» түсірілді. Повесті өте талантты жазушы жазған болса, оқиға желісімен түсірілген киноны талантты режиссер Абдолла Қарсақбаев көрерменге ұсынған. Екі бірдей талантты кісілердің еңбегінің бір арнаға түйісуі осындай шедеврдің дүниеге келуіне ықпал етті. Өз уақытында Канн фестивалінде жүлдеге ие болған кинодан соң, оның орнын басатын әлі күнге дейін бірде бір фильмді айта алмаймын. Канн фестивалінің жүлдесіне ие болғанына алпыс жылға таяп қалған шығар.
Бұл фильм қалай түсірілгені туралы анығын білмеймін. Бірақ «Менің атым Қожа» киносына қатысты бір оқиғаны айтып берейін. Шамамен, алтыншы сынып оқып жүрген кезім болуы керек. Бір күні үйге режиссердің көмекшісі келді де, мені киностудияға алып кетті. Оларға әкем: «Менің қызым әртіс болғысы келіп жүр, барып көріңдерші, ылғи шешесінің көйлектері мен аяқкиімін киіп алып, билеп, үнемі тақпақ айтып жүреді» деген шығар мүмкін, кім білсін? Киностудияға келген соң суретке түсіріп, тақпақтарымды тыңдады да, өздері хабарласатынын айтты. Бір-екі апта өтті, жым-жырт. Хабар келмеді. Шыдамым жетпей, әкеме өзім хабарласып, болған жайтты басынан бастап айтып бердім. Оны әкем тыңдап болып, «керек адам өздері шақырып алады, оған уайымдама» деп айтқан болатын. Сөйтіп, мен киноға түсе алмай қалдым. Кино жарыққа шыққан соң, оны көруге бардым. Сондағы Жанардың рөлін сомдаған қызды көріп, өзім сондай сүйсіндім. Оның рөлін де, шеберлігін де ұнатпауға болмайды, әрине. Ол маған қарағанда нәзік, біршама жас кіші еді. Әкемнің кітапта сипаттап жазған образынан аумай қалғандай, режиссер тура сондай сипаттағы актрисаны дәл тапты. Жанардың рөлін алып шыққан Гүлнар Құрабаеваның талантына қарап, өзімнің бұл рөлді ойнауға шеберлігім жетпес еді деп іштей мойындадым. Кино маған қатты ұнады, қазақты дүниежүзіне танытқан шедевр болып шықты.
– Тағы бір керемет туындысы – «Балалық шаққа саяхат». Туындыдағы басты кейіпкердің прототипі – өзінің туған інісі. Бұл – өмірдің нақ өзінен алынып, ешбір бояусыз жазылған шығармасы. Аталған шығарма жарыққа шыққанда сіз шамамен он жаста болыпсыз. Бұл уақытта осы шығарма кейіпкерлерінің сол кездегі, одан кейінгі тағдыры қандай болды? Бұл жөнінде не айтасыз?
– Шынымды айтсам, бұл сұраққа жөнді жауап бере алмаймын. Жасырын емес, әке-шешем біраз уақыт бірге тұрды да, соңынан екеуі екі бөлек жолмен кетті. Әкемнің де, анамның да екінші отбасы болды. Ауыл жақтағы әкемнің туыстары біз жаққа жиі келіп тұратын, сырттай оқу оқып жүргендер де қысқы, жазғы сессиялары кезінде біздің үйге келіп жататын. Папам алысқа барған жоқ, екінші әйелі үйге келген қонақтарды жақтырмаған болуы керек, әйтеуір туыстың бәрі бізге жиірек келетін. Сол кісілердің көбін білемін, бірақ қазір олар ортамызда жоқ, өмірден өткен. Өзімнің кейбір замандастарым бар араласып, іздеп отыратын. Басқа туыстар бар ғой, дегенмен қазір ауылға барып жүргенім жоқ. Ауылға мен іздеп баратын, не болмаса мені іздеп келетіндер де азайған. Үлкен кісілерден қазір ешкім қалмаған болу керек. Олардың немерелері, ұрпақтары бар, бірақ олармен қарым-қатынасымыз жоқ.
– Қаламынан туған әр туындыны оқығанда өз уақытының ерекше сәтін көрсетіп тұрғандай болады. Бірақ «Өлгендер қайтып келмейді» кітабынан соң, «Жазғым-ақ келеді. Бірақ ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді» деген екен. Бұл уақытта шығармашылық ісін біржолата тоқтатты деуге бола ма?
– Иә, бұл сұрақтың жауабын өздеріңіз де біліп отырсыздар. Әкемнің біраз жыл бойы ештеңе жазбай кеткені рас. Оған себеп осы ғой. Әкем бұл туралы маған да айтқан, жолдастары да жақсы біледі. Мен де өтірік жаза алмаймын. Менің әкем қаншама шығармалар, кітап жазды. Бәрі өз өмірінен алынған жағдайлар. Ойдан шығарып жазып көрмеген. Білімге, кітапқа құштар болатын.
«Шындықты қалай көрсетіп жазғым келсе де, оны маған жазғызбайды. Жазсам да шындық көріністері келтірілген кітаптарымды шығармайды. Сондықтан жазуды тоқтаттым» дегені рас енді. Жазуын тоқтатқан кездер әкемнің өмірінде ең қиын шақтың бірі болып еді. Өзі – жазушы, бірақ жазуға мүмкіндігі болмаған соң, өмірі драмаға толы болады ғой. Содан кейін, шынында да ештеңе жазбады. Сөз үстінде әкемнен «Неге жазып шығармайсыз?» деп сұрағанымда, жаңағыдай өтірік жаза алмайтынын, басқалардың одан жалған дүние күтетінін айтқан болатын. «Сонда мүлде жазбайсыз ба?» деп қайта сұрағанымда, аз-маз қалам түртіп, біршама дүниелер жазса да, оларды шығармайтынын айтқаны есімде... Қазір ол қолжазбалары қалды ма, қалмады ма, оны екінші отбасынан сұрау керек шығар, өзім білмеген соң нақты жауап бере алмаймын.
– Рымғали Нұрғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Сайын Мұратбековтің естеліктерінен жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы біраз деректерге көзіміз түсті. Көбіне қай жазушылармен бірге жүретін, сүйіп оқитын жазушылары кім?
– Әкемнің жақын жолдастарының қатарында С.Шаймерденов, С.Қирабаев, С.Бердіқұлов, С.Байжанов, Т.Ахтанов, А.Мейірбеков, А.Сүлейменов болды. Бұлар туралы кішкентай кезімнен бері білемін. Әкем немересіне Тахауи Ахтановтың есімін берген болатын. Немересі Тахауи Соқпақбаев қазір үлкен азамат болды. Ауылдағы ең жақын досының бірі А.Мейірбеков болған, ол да жазушы еді. Әкемнің Алматыдағы үйі Желтоқсан көшесінде орналасты. Өзі пәтердің бірінші қабатында тұрған, ал екінші қабатында Асқар Сүлейменовтың үйі бар еді. Екеуі жақын араласатын. Сондықтан жолдасы болды деп осы кісілерді айта аламын. Ол уақыттарда үлкен жазушылардың барлығы бір-бірін танитын еді, дегенмен әкемнің жақын жолдастары көп болды деп айта алмаймын.
Жазушының да сүйіп оқитын шығармалары болады. Әкемнің сүйіп оқитын жазушылары өте көп. Сондай бір жазушылардың ішінен Марк Твенді үлгі тұтты деп ойлаймын. Оның шығармаларын қатты жақсы көрді, маған да оқытқан. Әкемнің жазған еңбектеріне қарасам, стилі жағынан Марк Твеннің туындыларына ұқсайды екен. Сондықтан әкемнің осы жазушыны үлгі тұтқанын анық айта аламын.
Өзім де кішкентай кезімнен бастап қолымнан кітап тастамайтын бала болып өстім. Дастархан басында отырсам да, ұйқыға жатар алдында да алдымда кітап тұратын. Маған әкем Джек Лондон, Роман Роллан, Чарльз Диккенс, орыстың классиктерін, А.Пушкиннің, Л.Толстойдың, шетелдің атақты жазушыларының шығармаларын оқытты. Соның арқасында кітапқұмар болып өстім. Олардың рұқсатын алмай, бір кітапты оқысам, екіншісін сұрап оқи беретін едім. Мектепте жүргенде Мопассанның, Эмиль Золяның шығармаларын оқыдым.
– Ұлттық арна «16 жасар чемпион» туралы сериал түсірейін деп жатыр. Одан бөлек, жазушының көркем шығармалары фильмге арқау болмады ма?
– Қай кітаптары, қай шығармалары кино болып түсірілгенін білесіңдер. Олардың ішінен «Менің атым Қожаны» бірінші кезекте айтып өтсек болады. «Балалық шаққа саяхат» та фильм болып шықты. Бірақ неге екенін білмеймін, оны өте сирек көрсетеді.
Ұлттық арнаның «16 жасар чемпион» туралы фильм түсірейін деп жатқанын мен де есіттім. Бірақ олар менімен әлі хабарласқан да жоқ. Онысын білмеймін. Сондықтан әкемнің талай кітаптары кино болып түсірілуге лайықты деп ойлаймын. Түсірілетін киноның әрқайсысы өте әсерлі фильм болып шығатынына сенемін. Жалпы, әкемнің қаламынан туған әр шығармасын, кітаптарын кәдімгідей дайын сценарий деуге болады. Егер талантты режиссер болса, шығармалар желісімен бірнеше керемет кинотуынды түсіруге болады.
– Әкеңіз туралы деректі фильм түсірілген бе? Ол кісінің жазбаларының бәрі кітап боп жарық көрді ме?
– Әкем туралы деректі фильм түсірілмеген болуы керек. Бұған дейін де кино түсірілді дегенді естігенім жоқ. Бірақ бір білетінім, архивтерде әкем туралы деректі хроникалар жоқ деп естігем. Маған бір зерттеушілер «өкінішке қарай, атамыздың деректеріне сүйеніп, кино түсірілгенін көргеніміз жоқ» деп еді. Болса да, Қазақстанның кинохроникасында аз ғана бар шығар. Оны тағы да іздеп отыру керек. Онымен іздеп жұмыс істемегені болмаса, әкеме арнап деректі фильм түсірген ешкім жоқ. Мүмкін биыл біреудің есіне түсіп, сұранып келіп тұрса, жақсы болар еді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ