Сол кездегі «Литер-Медианың» президенті Ерлан Бекхожин сырттан дизайнер шақырып, газеттің дизайнымен бір айдай арнайы жұмыс істеді. 2004 жылдың ақпан айынан бастап бас редактор Серік Жанболат кадрлар жинай бастады. Алғашқы бұйрықтар шығып, жаңа стильдегі кабинеттер берілді. Барлық журналистер бір кабинетте отыратын. Әрқайсысының алдында бір-бір компьютер. Ешқайсысының жан-жаққа қарауға шамасы жоқ. Бәріне арнайы тапсырма берілген. Есіктен кіріп келген адамға компьютерден бас алмай отырғандар жіпке тізілген торғайлар секілді көрінетін. Бұл сондай әдемі көрініс еді. Кейбір журналистер түскі уақытта тамақтануға да шықпайтын.
Мен меншікті тілшілер бөлімінің меңгерушісі болдым. «Тілшілер қосыны» деп аталды. Мақсатым – облыстан тілшілер табу еді. Өзіме берілген тапсырма бойынша Ұлттық кітапханаға барып, облыстық газеттердің бәрін шолдым. Мақаласы жиі шыққан журналистерді қарап, қай тақырыпқа қалай жазатындарын байқадым. Әуелі әрқайсысының сыртынан біліп зерттедім. «Жас Алаштың», әсіресе «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшілеріне хабарласып, осындай жаңа басылымның ашылғалы жатқанын айтып, олардан алғашқы тұрақты кадрлар табылғанша атсалысатындарын сұрап, әрқайсысына өтініш жасап шықтым. Сол кездегі әріптестердің барлығына үлкен алғыс айтамын. Себебі қазақтың тағы да бір басылымы шығып жатқанына бәрі қуанды. Айқын есімді журналист «газет менің атымда екен» тіпті мәз болды. Содан кейбір басылымның облыстағы меншікті тілшілері бүркеншік атпен мақалалар жазып тұрды. Осылайша, жазып жүрген бір тілшінің былай деп айтқаны бар: «Aiqyn-да алатын қаламақым өзім жұмыс істеп жатқан қызметім мен сондағы қаламақымды қосқаннан да жоғары». Aiqyn-ның жалақысы да, қаламақысы да өте жоғары болды.
Облыстық тілшілерді іріктеп, жинау басталғанда, алғашқылардың қатарында бір-екі ай жұмыс істегендер де болды, сынақтан өте алмай 4-5 айдан кейін қайта келгендер де болды. Біздің талапқа сай келген журналистердің бәрі мықты жұмыс істеген. Атап айтсам, Қостанайдан марқұм Тұрсын-Мәмет Нүсіпханұлы, Түркістан облысынан марқұм Мұхтар Наушабай, Жамбыл облысынан марқұм Мұқан Әбілқайыр, кейін олардың орнына келген Атыраудан Тұрсын Қалимова, Ақтаудан Тельман Бейсен, Павлодардан Бейбіт Бөжен, Қызылордадан Нұрбек Әмиша, Солтүстік Қазақстаннан Гүлмира Сәулебекова, Ақтөбеден Асқар Ақтілеу, Алтынай Сағындықова, Қарағандыдан Қамбар Ахмет сияқты журналистер тұрақты жұмыс істеді. Олар берілген тапсырманы жылдам орындайтын. Кейде ақпаратты телевизияның журналистерінен бұрын беретін едік.
Aiqyn алғашқы кезде ақпараттық сипаттағы басылым болды, кейіннен барлық тақырыпты қозғайтын басылымға айналды. Әсіресе, ірі-ірі сараптамалар жазылып, мықты мамандар, экономистер тартылды. Ақпараттарын ақиқи әрі жылдам жеткізуінің арқасында оқырамнның жүрегіне жол тапты десек болады. «Айқын» мықты басылымдардың бірі болды әрі тиражы да көп еді. Әрине, басылымды мықты ететін – оның кадрлары. Aiqyn-ға сайдың тасындай журналистер жиналды. Алғашқы кездегі облыстық және меншікті тілшілердің көбі қазір жақсы қызметте. Aiqyn біз үшін үлкен мектеп болды деп өздері де мойындайды. Газет сол кездегі жақсы жаңалықтың да, игі жақсылықтың да жаршысы болды ғой. Сынайтын нәрсесінің өзін тапқырлықпен, көркем тілмен жеткізген. Соның негізінде тәуелсіз еліміздің торы берік, нығыз болуы жолында не атқарылуы тиіс деген сынды сараптамалық, салыстырмалы материалдар жиі шығып тұратын. Басылымға деген пікірлер де өте көп болды. Ризашылық білдіріп жатқан оқырмандар тарапынан белгілі бір мәселе төңірегінде ұсыныстар келетін.
Менің таңғалатыным, түн ішінде меншікті тілшілерге хабарласып, тапсырма бере қалсақ, ешбір сылтаусыз сол мезетте берілген тапсырманы орындауға шұғыл кірісіп кететін еді. Одан бөлек, нұсқаулар, басшылықтан тапсырмалар күтіп отырмай, өздерінің көтергісі келетін мәселесін айтып, ұсыныстарын айтып отырған. Осы тұста айтып өткім кететіні – Тұрсын Қалимованың тынымсыз еңбегі Атыраудағы әуежайды әйгілі батыр қызымыздың есімімен атауы, сол жақта ескерткіш ашылуына бірден-бір түрткі болған. Бұл игі жұмыстар журналистің бастамашыл топ құрып, бастаған ісін аяғына дейін жеткізу жолында тынбай, тынымсыз еңбегінің арқасында іске асты деп айтуға толық негіз бар. Біздің әрбір журналист өзінің жүрген жерінде осындай ел үшін атқарылатын келелі істердің басы-қасында жүрді. Олар ешқашан тартынбады, жаңалықтың жақсысын да, болып жатқан кемшіліктерді де көрсетуде алдарына жан салдырмады. Сол кездегі тілшілердің әрқайсысын «балам», «бауырым» сияқты көретінмін. Журналист ретінде де, адам ретінде де ғажап жандар болды. Оларды қалай мақтасақ та, олармен қалай мақтансақ та соған татитын журналистер.
Жалпы, «Айқын» сүттей ұйыған әдемі орта болды. Мысалы, әрқайсысының туған күндерімізді атап өттік. Оған төрағамыз арнайы құттықтауын жолдайды немесе бәріміз жиналып туған күндерді атап өтетін болдық. Қысқасы, бір үйдің баласындай ғұмыр кештік. Сол сәттер әлі күнге көз алдымда, еске түскенде жаныма нұр құйылады.
Aiqyn Алматыдан Астанаға көшкен кезде мен зейнетке шығып кеттім. Сонда да көңілім құлазып, жабырқап, «төркінім» басқа бір мемлекетке көшіп кеткендей әсерде қалдым. Себебі газет Алматыда болған кезде жиі барып, журналистерімен көрісіп кететін едім. Соның өзі бір ғанибет болатын. Алыстап кеткен кезде қимастық па, сағыныш па, сондай бір сезім әлі күнге менің жүрегімде. Aiqyn-ға деген сағынышым да, құрметім де жоғары. Мен телевизия саласында 22 жыл жұмыс істегем. Ал Aiqyn-да 14 жыл жұмыс істедім. Сонда Aiqyn өмірімнің әдемі бір кезеңдеріне айналды. Әсіресе, меншікті тілшілердің әрқайсысы жеке бір ірі тұлға.
Жамбыл, Түркістан облыстарынан жұмыс істеген марқұм Мұқан Әбілқайыр мен Мұхтар Наушабайдың жұмыстары ерекше-тұғын. Бір күні Мұқан хабарласты. «Сіз ақталдың қайда өсетінін білесіз бе?» – дейді. «Жоқ», – десем, «Қаратаудың басында өседі екен», – деп еді. Сонда сирек өсетін, қызыл кітапқа енген тал Қаратаудың шыңында өсетінін айтып отыр. Ешкімде жоқ жаңалықтарды газетке ұсынғанда, газеттің оқырмандары таңғалып жататын. Жамбылдан Әбден, Оңтүстіктен Мұхтардан кейін жалғастырған жігіттер де бұрынғы меншікті тілшілердің қызметі сияқты жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарған.
Алматы облысындағы меншікті тілшіміз Болат Абаған – материалын жылдам әрі шапшаң ұсынатын бірден-бір журналист. Бір тапсырманы Болатқа айтсам, «жарайды» дейді де, жарты сағатта сол материал қолымызда болады. Болат біздің осы тапсырманы тапсыратынымызды қайдан біледі деп, мен кейде таңғалатынмын. Аймақтағы журналистер айналада болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, қадағалап, ұсынуға дайындап отыратын секілді. Бірақ редакциядан тапсырма берілсе, кез келген меншікті тілші материалын кешіктірмейтін, материал кешігіп, уақытында шықпай қалды деген болған емес. Тіпті, ойлағаннан да тез жететін.
Біздегі ең бір жақсы нәрсе, «Литер-Медианың» бір жылдығында барлық меншікті тілшілерді шақырып алып, кездесулер мен әңгімелесулер өтті. Одан бөлек, журналистерді әр жыл тоқсынында бір рет шақырып, редакцияның жұмысымен, алдағы жоспарлармен таныстырып отыратын едік. Мұндай жиындар бас редактор Серік Жанболаттың кабинетінде өтетін. Осындай пікір алмасудан әріптестеріміз, облыстағы меншікті тілшілеріміз тың серпін алып қайтқаны рас ол кезде. Сондықтан аймақтағы тілшілер де редакциядағы жаңалықтардан хабардар болып отыратын. Мұның бәрі журналистерге айрықша көңіл күй сыйлағаны анық.