Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектеседі. Олар – Астрахан, Волгог­рад, Саратов, Самара, Орынбор облыстары. Бұлардың бәрі де Ресейдің өте ірі облыстары. Халқы да, әлеуеті де жоғары.
Батыс қақпа бекем бе?
2,056
оқылды

Біздің көп ауылымыз осы алып облыстар шекарасының түбінде жатыр. Жалпы, статистикаға сүйенсек,  БҚО бойынша 126 елді мекен шекара маңында орналасқан. Ол дегенің – облыстағы 12 ауданның  жетеуі шекара маңында деген сөз. Осы ауылдарда 94 526 адам тұрып жатыр. Ал осы ауылдардың әлеуеті қандай? Халқы немен күн көріп отыр?

Шекара маңындағы ауылдардың бас­­­қа ауылдардан айырмашылығы бар. Бұл ауылдардың иығына түсетін жауап­­­кер­шілік жүгі ауыр. Себебі шекара ма­­­ңын­­­дағы ауылдар дегенде шекара тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздік мәсе­­лесі көз ал­­­ды­­­­мызға көлбеңдей қалады. Еге­­­мендікке қол жеткізгеннен кейінгі ең бірінші мә­­­селе шекараны шегендеп, халық­­­аралық келісім­­­шарт­­тарды мықтап бекітіп алуы болған еді. Ол заңды да. Өйткені сырттан келетін шетелдіктер ең алдымен қарсы алдынан шығатын шекаралық ауылдар арқылы Қазақстан деген елмен таны­­­сады. Сол ауылдарға қарап, еліміз туралы алғашқы пікірі қалыптасады. 

Соның ішінде бүгінгідей геосаяси жағдай тұрақсыздау уақытта шекараны қымтай берудің зияны болмасын ел басқарғандар түсініп жүрген шығар. Атап айтсақ, шекаралық ауылдар жағ­­­дайы, ел шетіне халықты тұрақ­­­тандыру мен шоғырландыру – мемлекеттік дең­­­гейде назар аударуды қажет ететін мә­­­селе. Өкінішке қарай, даладан қалаға қо­­­ныс аударып жатқандардың басым бөлігі – осы шекара маңындағы ауыл тұрғындары. Біз мұны өзіміз естіп, көріп те жүрміз. Бұл пікірді мамандар да жоққа шығармады.

– БҚО бойынша 126 елді мекен ше­­кара маңында орналасқан. Осы ауыл­­­дарда халықты ұстап қалу үшін мемле­­­кеттік деңгейде бірқатар шара жасалуда. Мәселен, 2019-2022 жылдары шекара ма­­­ңындағы ауылдарды дамыту үшін бюд­­­­­­­жеттен 10 млрд теңгеден астам қара­­­жат бөлінді. Тек 2023 жылдың өзінде 7 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бұл қаражатқа 9 ауылдың денсаулық сақтау нысандары күрделі жөнделді. Екі ауыл­да мектеп салынды. 6 білім беру ны­­­саны күрделі жөндеуден өтті. Төрт ауыл­­­да мәдениет үйі салынды. 2023 жы­­­лы 10 ауылды сумен қамту жұмыстары жүр­­­гі­­­зілді. Шекара маңындағы ауылдар­­­дың жолдарын дамыту бойынша 30 жо­ба жүзеге асты. Осы жасалып жа­тқан жағ­­­­­дайға қарамастан шекара маңындағы ауылдардан халықтың көшуі азаймай тұр, – дейді БҚО Стра­тегия және эконо­­­­микалық даму бас­­қармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева. 

Иә, шекара маңындағы ауылдар үшін тиісті шаралар жасалып жатыр. Бірақ көшу тоқтамай тұрғаны жасырын емес. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып не­сі бар» деген. Егер жағдай жақсы болса олар ол ауылдардан кетпес еді. Мәселен, Жәнібек ауданын алайық. Осы аудандағы Ақадыр деген ауыл шекарадан 25 шақы­­рым ғана қашықта жатыр. Осы ауылда 2022 жылғы есеп бойынша небәрі 10 адам ғана тұрады. Ал Жігер ауылының хал­­­қы – бар болғаны 14 адам. Жәнібек ауданы қаладан 500 шақырым алыста орна­­ласқан. Бұл ауданның халқы жол азабын әбден тартқан. Аудан орталығына бармаған жол ауылдарына бармасы айтпаса да түсінікті ғой. Сон­­­­дықтан бала оқытамыз, қалада тұрғымыз келеді дегендердің көбі осы қашық аудан­­­дардан қашып қалаға көшіп келіп алған. Бірақ қалаға жақын орна­ласқан Бәйтерек ауданындағы шекаралас ауы­­лдар­­­­дың жағдайы да мәз емес. Бәй­­терек ауданы бойынша 15 ауыл мен 35 елді мекен шекара маңында орналасқан. Осы аудандағы Дариян, Озерное ауылдары көгілдір отынмен толық қамтылмаған. Озерное ауылында ауызсу проблема. Интернет жоқ. Мәселен, Чапурино ауы­лында тек 9 адам тұрады, Астафьево ауы­лында бар болғаны 17 адам қалған. Ал бұл ауыл шекарадан небәрі сегіз ша­қырым қашықта жатыр. Жалпы, шекара маңын­дағы ауылдардың электр желілері 85 пайызға тозған. 

Мамандар шекара маңындағы ауыл­­­­дарды үш топқа бөледі екен. Олар – ті­­ректі елді мекендер, спутник елді ме­­­кен­­дер және стратегиялық елді мекендер. БҚО бойынша 22 тіректі елді мекен, 28 спут­­­ник ауылдар, ал 35 ауыл страте­­­­гиялық маңызы бар ауылдар санатына жатады. 

Бұлардың ішінде ең маңыздысы – стратегиялық маңызы бар ауылдар. Се­бе­­бі бұлар шекараға ең жақын орна­­­ласқан ауылдар деген сөз. Осы ауыл­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­дар­­­дағы халықтың орналасуы мен тығыз­­­дығы көп мәселені шешеді. Өкі­­­­нішке қарай, жоғарыда атап өткен­­­дей, су болса газ жоқ, газ болса су жоқ. Әй­теуір бір жо­ғы түгенделмей қойғасын адамдар ауылды тастап көшуге мәжбүр.

Сол баяғы жұмыссыздық, ауызсу мен жолдың жоқтығы. Кей ауылдарда ин­­­­тернет желісі атымен жоқ. Жоғарыда атап өткеніміздей шекара маңында 126 елді мекен бар болса, соның тек 40-да ғана интернет желісі бар. Тек 2023 жылы қосымша 17 ауылға интернет желісі тартылған. 

– 2024-2025 жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 28 ша­­­ғын ауылға интернет желісін тар­­туды көздеп отырмыз. 2023 жылы 17 ауыл­ға интернет тарттық және сапа­сын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүргіздік, – деді БҚО Цифрлық даму басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрланұлы. 

Шекараны ашық қалдыруға бол­­­майды деп қанша әкім айтса да әзірге нақты мақсатты жұмыстар жасалмай жатқандай көрінеді. Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде шабан қимылдап отырған жоқпыз ба деген сұрақ та маза­­­­лайды. Біз осы сұрақты Парламент Мә­жі­­­­лісінің депутаты Абзал Құспанға қойдық. 

– Шекара маңындағы ауылдар деген­­де ең бірінші ұлттық, мемлекеттік қауіп­­сіздік деген қағида тұрғысынан қарау керек. Бұл ауылдарға міндетті түрде көңіл бөлінуі тиіс. Шекара маңындағы ауыл­дарға қатысты мемлекеттің бөлек жоспары, мақсаты жасақталуы тиіс. Ол ауылдарды жалпы ауылдармен салысты­­­­­­руға, барлық ауылға қолданатын шектеу­лерді қолдануға болмайды. Мәселен, бала саны жетпеуіне байланысты мек­­­­тептерді жабу, бастауыш сыныпты жабу деген секілді нормалар қолданылмауы тиіс. Екіншіден, ол ауылдарға жолдың, судың баруы қатты қадағалануы керек. Мен қазір бір үлкен ұсыныс дайындап жа­тырмын. Алдағы уақытта шекара маңындағы ауылдарды қайта құру, кү­­­шейту ол үшін бөлек нормалар енгізу мәсе­­­лесін қарастыру үшін арнайы ұсыныс әзірлегім келеді, – деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан. 

Мектеп демекші, БҚО Білім басқар­­масының берген мәліметіне көз жүгір­­­тейік. Жалпы, шекара маңындағы елді мекендерде 84 білім беру ұйымы қызмет атқарады екен. 126 елді мекеннің тек 72-де ғана мектеп-балабақша бар. Ал соңғы екі жылда бала санының жет­­­­пеуіне бай­­­ланысты шекара маңында орналас­қан төрт бастауыш мектеп жабылған. Атап айтсақ, Казталов ау­­данындағы Аққурай ауылындағы мек­­­теп, Бөкей Ордасындағы Шоңай мек­­­тебі, Бөрлі ауданындағы Қара­­шы­­ғанақ, Шыңғырлау ауданындағы Жаңа­­күш бастауыш мектептері жабыл­­ған. Жоға­­­рыда аталған ауыл­­­дардағы халық санына келейік. Мәселен, Казта­­­лов ауданы Аққурай ауы­­­лында 132 адам тұ­­ра­­­­ды. Бұл – стратегиялық маңызы бар ауыл. Бірақ соған қарамастан бастауыш мектеп жабылып отыр. Бұл деген ауыл­­­дан жастар көшіп, шал-кемпірі қалды деген сөз. Демографияға үлес қоса ала­тындары нәпақа табамыз деп қалаға көшіп жатыр. Жастар болмағасын бала саны қайдан толсын?! Бұл тек бір ауыл­дың мұңы емес. Жоғарыда мектебі жа­­­­был­ған ауылдардың бәрінің күні осы. 

Айтпақшы, БҚО әкімі Нариман Тө­ре­­­ғалиевтің бастамасымен «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы бастау алды. Осы жоба аясында ауылға көшкендердің алдына мал салынады, жұмыс тауып береді, үймен қамтамасыз етеді. 

Біздің атқамінерлер осы жобаны пайдаланып, қаладан ауылға көшемін дегендерді шама келсе шекара маңын­­дағы ауылдарға қарай орналастыра берсе ұтар еді. Себебі теріскейдегі көр­­шіміз ауық-ауық біздің жаққа қарап «ұли­тыны» бар. Дәл қазіргідей аумалы-төкпелі заманда шекараны бос тастауға болмайтының билік басындағылар түсі­нетін шығар. 

Мемлекет шекарадан басталады. Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік коми­­­­тетінің  шекара қызметіне сеніп тап­­­­сы­рылған. Шекара маңындағы ауылдар дегенде шекарашылар туралы айтпай кету жарамас. Бізбен сөйлескен шекара­­­шылар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі азаймай тұрғанын ай­тып қынжылады. Әсіресе, шекара ма­ңын­­­­дағы ауылдардың тұрғындарына мал ұстау өте қиын. Төрт аяқты жануар­дың шекараның арғы бетіне өтіп кетуі, оны іздеп барып иесінің өтіп кетуі, Ресей шека­­рашыларына ұсталуы секілді факті­лер жиі тіркелетіні бар. 

– Шекараны заңсыз кесіп өту фак­тілері азаймай тұр. Біздің шекарашылар да, Ресей тарапы шекарашылары да ұстап, жауапкершілікке тартып жатамыз. 2023 жылы шекараны заңсыз кесіп өту туралы 200-дей факт тіркедік, – дейді БҚО Шекара қызметі департаментінің офицері Арсен Дунаев. 

Мәселен, 2023 жылы төрт түлік мал­дың шекарадан өтіп кетуіне қатысты 57 факт тіркелген. Бір ғана Жәнібек ау­­данының өзінде 25 дерек тіркеліп отыр. 

БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Жұмахметқызы шекара маңында­ғы ауылдардың халқына бөлек жеңілдік­тер мен бонустар қарастырылуы керек деп есептейді. 

– Шекара маңындағы ауылдар халқы көшіп жатыр деген сөз – шекара ашық қалады деген сөз. Ал бұған жол беруге бол­майды. Сондықтан да осы ауылдың халқы үшін еңбекақысына үстеме төлеу, зейнетақыларын көтеру, немесе еңбек өтілін басқаша есептеу секілді жеңілдік­тер берілсе, шекара маңындағы ауылдар­да тұрғындар қалар еді. Себебі шекара маңы ашық қалса еліміздің есігі ашық қалды деген сөз ғой. Сондықтан да жер­гі­­лікті атқарушы органдар осы мәселені қолға алуы керек деп есеп­теймін, – дейді Райса Еркеғалиева.

БҚО бойынша шекара маңындағы 47 ауыл халқының саны 50-ден аз. Бұл енді ауыл деуге де келмейтін шағын ғана елді мекен ғой. Биыл 47 ауыл, енді бес жылда қанша ауыл халқының саны азая­рын кім біліпті?! Батыс қақпаның бе­ріктігі мен бүтіндігі үшін мемлекеттік дә­режеде шұ­­ғыл бағдарламалар қабылда­­нып, тиіс­ті шаралар атқарылуы керек шығар. Сон­­да ғана шекара маңындағы ауылдар­­ды тастап көшіп жатқан көшті тоқтатуға болар.  

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы