Елімізге сапарлап келген ше­телдік азаматтар біздегі қағаз ақ­шаның қолданылу аясы тарылып, аударымдардың дені электронды болып кеткеніне таңғалысын жасыр­майды.
Цифрлық қаржы қамбасы
631
оқылды

Ол рас. Соңғы уақытта кәсіп­тегі аударымдарды да, коммуналдық төлемдерді де, дүкенде де, тіпті так­сиге мінсек те жеке шотына ау­дара қойып, бұрынғыдай қағаз ақ­шаны шытырлатып санап тұрмай­мыз. Бұл да бір өркениеттің есігіміз­ден ентелеп кіріп келе жатқанының белгісі болса керек. Сонымен қатар цифрлық ақша, яғни блокчейн техно­логиясы да бірте-бірте өміріміздің бір бөлігіне айналып келеді. Әсіресе, кәсіпкерлер соңғы уақытта қаржы­сын осы бір жаңа заманның жаңа ақша түрін пайдалануға бейім.

Ал NFT токендері туралы естіге­ніңіз бар ма? Бұл технология қайдан пайда болды? Естімесеңіз, осы мақаламызда бұл туралы кеңірек толғамақпыз.

Сөзсіз блокчейн ХХІ ғасырдың іргелі технологиясына айналды. Бұл дегеніміз  – виртуалды ақшадағы (криптовалюта) активтер мен транзакциялар жазылатын деректер базасы. Соңғы бір-екі жылдықта әлемде криптовалюта, NFT, DeFi, GameFi, DAO және басқаларын қамтитын түрлі дәстүрлі емес қаржы бағытында өте күшті тренд жүріп жатыр. Соңғы уақытта бұл тақырып ТМД елдерінде барлық тыйым мен санкцияға байланысты өзекті бола түсті. Ал NFT дегеніміз не? Сарапшы­лар­дың пікірінше, NFT токендері өнер, ойын-сауық немесе тіпті жылжымайтын мүлік сияқты салаларда төңкеріс жасауға мүмкіндігі бар. NFT токендері бұл жерде орталық рөл атқарады, өйткені олар бүкіл блокчейнге негізделген экономиканың негізгі элементі болып саналады. Осы ретте біз IT сарапшы Тимур Бектұрдың Facebook-тегі мына жазбасын бөлісуді жөн көрдік. Сонда айтпағымыз түсінікті бола түсетіндей.

«Криптовалюта нарығының қатты һәм қарқынды дамып жатқаны соншалықты, биткойн форктанып, альткойндар жаң­бырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені өз алдына, енді криптокеңістікте NFT мен DeFi нарығы жанданып жатыр. Қысқа ғана түсініктеме берейін. Блокчейн деген технология бар. Мына криптовалюта нарығы осы технологияның негізінде жұ­мыс істейді, тіршілік етеді. Мәселен, әлеу­меттік желілер интернеттің күшімен жұ­мыс істейтіні секілді ғой. Яғни, интернет бол­маса, мына жаһандық байланыс бағ­дар­­ламаларының барлығы болмайтыны секілді. Енді сол блокчейн мүмкіндігін пайдаланып жасалған диджитал ақшаның атасы, яғни ең алғашқысы – биткойн. Ал диджитал ақша деп отырғаным – крипто­валюта. Қор нарығына әлдебір компания ІРО жасайтын болса, акциясын сатады иә? Сол сияқты криптовалюта әлемінде өзің жасаған криптовалютаны ІРО-ға шығар­ғың келсе, оны ІСО деп атайды. Ал ІСО-ға шыққан криптовалютаның «акциясын» токен дейді. Ал NFT дегеніміз – айырбасқа жатпайтын токен деген сөз. Одан да қызығы сол – Nyan Cat деп аталатын мына «шедевр» өткен аптада ғана құны 590 мың АҚШ долларына пара-пар 300 эфирге сатылды. Анау Еуропадағы бай-бағландар ескінің қалдығын коллекция ретінде са­тып алып, «Уааау, Джаконда!» деп жатады ғой, қысқасы, NFT дегеніміз – дәл сондай арт әлемінің нарығы. Тек диджитал һәм криптотокен нұсқасында», – дейді ол. Со­нымен қатар сарапшы блокчейн тех­ноло­гиясы мен криптовалюта әлемі май­нинг индустриясын тудырса, ол ендігі тым жаңа саладан тұрмыстық қажеттілікке айналатын күнге де жететінімізді,  жақын 10 жылда жейтін тамағымызды да майнинг арқылы сатып алуымыз да әбден ықтимал екенін айтады. 

NFT Tokens  тарихы

Сонымен, NFT токендерінің тарихы 2012 жылы түсті монеталар деп аталатын эксперименттер басталған кезге барып тіреледі. Кевин Маккой NFT токендерін алғаш рет әлемге 2014 жылдың мамырында таныстырды. NFT өнері саласының көш­басшысы болып табылатын Кевин өз әйелі жасаған ең алғашқы NFT, Quantum монета­сын шығарған еді. Технология 2017 жылы CryptoKitties виртуалды ойынымен таны­мал болды, бұл ойыншыларға вир­туалды мысықтарды сатып алуға және са­туға мүмкіндік берді. Ойынның іске қо­сылуы криптовалютаның танымалды­лы­ғының өсуімен сәйкес келді. Кейбір пайдаланушы­лар осы жерден тез баюдың жолын тапты.  (Мысалы, ең қымбат «мы­сықтар» 100 мың доллар тұрады). Алдымен NFT-ді блок­чейнге енгізу процесі жаппай қолданушы үшін көп уақытты қажет етті, сондықтан крипто өнерінің ізашарлары бірнеше жүз дол­лардан аспайтын қара­пайым сатылым­дарға риза болды. Бірақ opensea, Rarible, Super Rare, Nifty Gateway, foundation және т.б. сияқты сайттар пайда болғаннан кейін нарық қыза түсті. Енді кез келген адам өз туындыларын еліктіріп, оларды крипто үшін сата алатын деңгейге жетті.

Соңғы уақытта NFT атақты адамдар арасында да, бейне ойындарда да танымал бола бастады. Актерлер немесе спорт жұлдыздары өздерінің NFT-терін сатады. Әрине, саталымды олардың жанкүйерлері қыздыра түсуде. NFT токендеріне қызығушылықты арттырған 2017 жылғы серпіліске дейін NFT токендерінің апта сайынғы сатылымдары шамамен 100 болатын. Алайда танымалдығының артуымен және NFT әлемінің кеңеюімен сатылымдар аптасына 15 мыңнан бастап 50 мыңға дейін жеткен. Бұл орташа есеппен алғанда аптасына 10 миллион доллардан бастап 20 миллион долларға дейін деген сөз. NFT нарығының ай­налымы 2021-дің жарты жылдығында-ақ 2,5 миллиард долларға жеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 182 есе көп.

Сонымен, NFT деген не?

NFT (non-Fungible Tokens) «ал­мастырылмайтын токен» дегенді білдіреді, оны цифрлық актив деуге де болады. Онда файлдар блокчейнде жазылады. Блок­чейнде ешқашан қайталанбайтын дербес кодтар болады. Ол сол заттың нақты сіздің меншігіңіз екенін дәлелдейді. Мысалы, мемлекеттік базаларда пәтердің немесе көліктің иесі ретінде сіздің аты-жөніңіз жазылса, мұнда аты-жөннің орнында крип­товалюта әмиянының нөмірі жа­зылады. Көптеген NFT Ethereum блокчейн платформасында жасалады. Ethereum криптовалютасын кейде «эфир» деп те атайды. Оны канадалық бағдарламашы Виталик Бутерин жасаған. Айта кетейік, кез келген блокчейн платформасында NFT нұсқасын жасауға болады. Мысалы, суретші өзі салған суретті түрлі жолмен сатады (базарда, көшеде, әлеуметтік желіде, түрлі дүкенде немесе тағы басқа). Ал NFT-де сол процесс онлайн жасалады. Онлайн дүкеннен айырмашылығы — NFT-де туындының түпнұсқасының куәлігі беріледі. Куәлік сол заттың заңды иесі еке­нін дәлелдейді. Бірақ бұл суретті басқа­лар желіде бөлісе алмайды, қолдана ал­майды деген сөз емес. Керісінше, желіде ол сурет көп таралып, танымал болған сайын оның құны да өсе бастайды. Демек, сол туындыға сұраныс та көп болады. Барлық затты токенге айналдыруға бола­ды: сурет, музыка, виртуал ойын элемент­тері және тағы басқалары. Әр NFT қай­таланбайды және бір данадан болады. Автор мен иесі туралы барлық ақпарат келісімшарттың арқасында блокчейнде сенімді сақталады. Қарапайым сөзбен айтқанда, NFT – бұл цифрлық суретші өз жұмыстарына қол қою және оның ешқа­шан ұрланбағанын немесе плагиат емесіне көз жеткізу үшін пайдалана алатын құрал. Бұл коллекциялық карталарды, виртуалды жерлерді және цифрлық өнер туынды­ларын қоса, кез келген заттың сандық көрсеткіші. NFT өнеріне сандық өнер, музыка, бейнелер, гифтер, бейне ойындар, мемдер және т.б. кіреді. Ол блокчейн тех­нологиясы деп аталатын орталықтан­дырыл­маған бухгалтерлік желіде ерекше өнер туындысының бірегей иелігін тіркейді.

NFT-дің қандай пайдасы бар?

Біріншіден, ол инвестиция бола алады. Желіде «танымал болады-ау» деген туындыларды алдын ала арзан бағаға сатып алып, қорға жинап, кейін желіде таралғанда қымбат бағаға сатуға болады. Екіншіден, ол — коллекцияның жаңа түрі. Мысалы, туындының көшірмесі бәріне қолжетімді болса да, кейбірі түпнұсқасына ие болғысы келеді. Үшіншіден, NFT мәде­ни сала үшін маңызды, өйткені суретші, әнші, ақындар, композитор туындыларын делдалсыз сатады немесе заңды түрде біреуге сыйға тарта алады. NFT-токен жариялағанда ең маңыздысы – көпшілікке ұнайтын дүние жасау. Егер адамдарға туынды ұнаса, ол желіде танымал болып, құны өседі. Нағыз тиісті уақытта ұтымды сәтті ұстап қалу керек.

Цифрлық өнер соңғы уақытта күн сайын танымал болып келеді. NFT форматындағы суреттер миллиондаған долларға сатылып жатыр. Соңғы уақытта цифрлық заттар да үлкен сұранысқа ие болды. NFT форматындағы үй, жиһаз, суреттер көпшіліктің сұранысын арттыру­да. АҚШ-та цифрлық өнер туындыларына арналған онлайн-галерея ашылса, ал көршілес Ресейдегі Эрмитажда алғашқы цифрлық көрме өткені жария болған еді. 

2011 жылы суретші Кристофер Торрес «Поп-тартс Мысық» картинасын салды. Бұл – денесі тоқашқа ұқсайтын, ғарышта ұшып, кемпірқосақтың ізін қалдыратын мысықтың анимациясы. YouTube қолдану­шысы анимацияға жапониялық nyanyan­yan­yanyanya музыкасын қойып, Nyan Cat деп атап, ремикс пен мемуар жасады. 10 жылдан кейін, 2021 жылғы ақпанда Торрес Nyan Cat аукционда NFT-токен ретінде 580 мың долларға сатылды.

Тағы бір қызықты қараңыз, канадалық суретші Криста Ким файл түрінде ғана қолжетімді жылжымайтын мүлікті сатқан алғашқы адам атанды. Оның үйінде тек вир­туалды кейіпкерлер тұра алатынына қа­ра­мастан сатып алушы 288 ETH (эфи­риум, яғни криптовалютаны) сарп етті. Бұл долларға шаққанда 523 мың! Суретші Mars House – Марстағы үй атты жобаны алғашқы карантин кезінде жүзеге асырған. Футуристикалық үй атына сәйкес Қызыл пла­нетаның пейзажы айналасында орна­ласқан. 

Space X және Tesla компанияларының басшысы Илон Маск электро-дэнс стилінде блокчейн-технологиялар жайлы ән шығарып, оны Twitter-де жүктеген. Маск өз туындысын 420 миллион Dogecoin-ға бағалаған. Бұл криптовалютаны ақшаға алмастырғанда 24 миллион доллар шығады! Миллиардердің композициясы NFT технологиясына арналған. Соңғы уақытта NFT күнделікті жаңалықтарда сөз болып, әлемді таңғалдыруда. Мысалы, жақында танымал суретші Бэнксидің туындысын виртуалды активке айналдыру үшін жағып жіберді, ал Beeple есімді суретшінің цифрлық коллажы аукционда 69 миллион долларға сатылды. Snoop Dogg және Париж Хилтон нарыққа белсенді түрде кірді, Leon Kings өзінің альбомын шығарды, Ал Twitter басшысы Джек Дорси алғашқы твитін NFT түрінде аукционға шығарып, оны 2 миллион долларға сатты. Әнші Гримс NFT-де суреттер мен видеолар сатудан 5,8 миллион доллар тапты. NFT тізімін осылай шексіз жалғастыруға болады.

Елімізде NFT қалай дамып жатыр?

Біз осы ретте инвестор, Sauat invest мектебінің қалаушысы, жеке кәсіпкер Арман Көшімбековтен аталған заманауи тренд туралы ойын білуді жөн көрдік. Ол да NFT арқылы пайда тапқанын айтады. 

«Өз басым NFT-мен Stepn деген жоба арқылы таныстым. Ол Web3 бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін қызықты ойындар мен социалды элемент қосылған жоба болатын. Бұл жобада қолданушылар NFT түрде берілетін «крассовкілерді» сатып алып, жоба дайындаған токендерді, яғни монеталарды таба алады. Яғни, сіз виртуалды «крассовкіні» сатып алып, шын өмірде жүріп отырасыз, оны смартфондағы гаджетіңіз арқылы қадағалап отырады. Сіз осы арқылы GST GMT монеталарын жинайсыз да кейіннен басқа биржаларға, яғни криптовалютаға ауыстырып ақша таба аласыз. Мен де сондай «крассовкіні» сатып алдым. Оның төзімділігі, жылдам­дығы жөнінен бірегей саналатын крассовкі арқылы шынайы өмірде жүріп отырдым. Жүрген уақытымды, жылдамдығымды есептеп отырды. Мен бұл жоба арқылы өз сал­ған ақшамды екі еселеп шығарып алдым. Яғни, алған кроссовкамды жүру арқылы оның кейбір артықшылықтарын же­тіл­діре түстім де, оның санын үш кроссов­каға жеткіздім. Ақыры бұл жоба өзінің сұранысын жоғалта бастаған сәтте аталған кроссовкаларымды сатып жібер­дім. Бұл ақша табумен қоса саламатты өмір салтын ұстануға да септігін тигізеді. Себебі сіз жүру арқылы ақша да табасыз, денсау­лығыңызға да қарайсыз. Онымен қатар бұл инвестицияның бір түрі. Елімізде NFT жақсы дамып келеді деп айта аламын. 

Ци­ф­рлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин­нің айтуынша, біз әлемде цифрландыру бо­йынша ондыққа кіреміз. Мысалы, Қазақ-Британ университеті өзінің түлек­теріне дипломдарды NFT түрінде бергенін естідім. Яғни, ол дипломдардың ешкім кө­шірмесін жасай алмайды, ешкім иелік ете алмайды. Оның бірегейлігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Бүгінгі еліміздегі жағдайды айтар болсам, NFT қолдану­шылары соңғы уақытта өскенін байқай­мыз. Сауаты да артып келеді. Бір ғана мы­сал айтсам, бір жыл бұрын ғана  project-менеджер Әділбек Рамазанов деген азамат NFTime деген  қазақстандық NFT-маркетплейс шығарды.  Бұл маркетплейс арқылы өнер адамдары өздерінің туын­дыларын салып, сата алады», – дейді ол.  Оның айтуынша, соңғы уақытта Қазақ­станда NFT-суретшілер мен авторлар да көбейген. 

Сонымен қатар NARHOZ университеті Орталық Азияда алғашқы болып NFT дипломдарын беру туралы жақында хабар жарияланды. NFT дипломдары блокчейн жүйесінде сақталатын және қорғалатын бі­тірушілер метадеректерін қамтитын бол­ғандықтан,  бұл бастама Нархоз уни­верситетінің іскерлік кеңесінің қолдауына ие болып, оның маңызы мен болашағын растады. «NFT дипломдарын енгізу білім беруді цифрландырудағы маңызды қадам. Қазақстан мемлекет пен бизнестің цифр­лық трансформациясының көшбасшысы болуға ұмтылуда. Цифрлық дипломдарды енгізу – жалған диплом жасау алаяқтық әрекеттер жасау мүмкіндігін жояды. NFT дипломдарын жалған жасауға болмайды, өйткені олар блокчейн технологиясы арқылы беріледі. Нархоздың Орталық Азиядағы NFT дипломын беретін алғашқы университет болатыны қуантады», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (Нархоз Іскерлік кеңесінің мүшесі) Әсет Тұрысов.

Айта кету керек, NFT дипломдарын жасау тәжірибесі алғаш рет 2017 жылы Массачусетс технологиялық институтында қолданыла бастады. Енді бұл технология Қазақстанда да қолжетімді болады.

Ал белгілі кәсіпкер Марғұлан Сей­сенбай NFT-ге инвестиция жасайтынын жасырмады. Ол өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында  GameFi мен DeFi-ге инвестиция салатынын жария еткен еді. «Қазіргі заманда адам еңбегінің қалпы үнемі өзгеріп отырады, осының нәтиже­сінде жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастады. Бірақ сонымен бірге бізге таныс жұмыстың бір бөлігі автоматтандырылып, іс жүзінде адамның қатысуын қажет ет­пейтін деңгейге жетті. Біз шынайы өмір­дегі барлық жұмыс пен белсенділіктің үл­кен бөлігі виртуалды жүйеге көшкенін бай­қаймыз. Барлығы сайттардан, әлеу­меттік желілерден, ағындық қызметтерден, кәсіпорындарды басқару жүйелерінен басталды. Пандемия көптеген ірі дамыған компания үшін барлық жұмысты онлайн режиміне ауыстырып, кеңсесіз-ақ жұмыс істеу ыңғайлы екенін көрсетті. Қазір әлемде қарқын ала бастаған жаңа үрдіс – бұл мета-ғаламдар. Бұл саланың бір бөлігі крипто индустриясы саласында дүниеге келді. 2021 жылдың екінші жартысында ойнап отырып, ақша табуға болатын ойындар индустрия флагманына айналды. Сіз өзіңіздің кейіпкерлеріңізді және мета-ғаламда тапқан байлықтарыңызды басқа ойыншыларға сатып, ақша жасай аласыз. Мұның бәрі біртіндеп қазіргі уақытта саны 2 миллиардтан асқан ойыншыларға сүйікті ісінен ақша табуға мүмкіндік берді. 2000 жылдардың басынан бастап ойын бары­сында жиналған байлықтарды сату нарығы қалыптаса бастады. Адамдар нақты ақшаға сандық заттар мен ойын жақсартуларын сатып алу қалыпты жағдай екеніне бой үйрете бастады. YouTube, Nike, VK, Meta, McDonald's және басқа да көптеген ком­пания өз қызметтеріне өзара алмастырыл­майтын токендерді (NFT*) интеграция­лауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Әртүрлі ойын мен мета-ғалам пайдалану­шыларының саны артқан сайын NFT эле­мент­теріне сұраныс та артып келеді. Осы арада ескі, бәріне таныс концепт іске қо­сылады, бірақ мұнда ойыншы өз қажет­тілігі үшін ойын әзірлеушісіне емес, қа­жетті затының иесіне ақша төлейді. NFT сандық активті нақты бір авторға бекітуге кепілдік беретіндіктен, бұл әртүрлі ерекше электронды затты айырбастаудың ыңғай­лы әдісіне айналып отыр. Мета-ғаламдар, блокчейн, NFT, P2E – енді бұл  ойындарға ғана емес, сонымен бірге біздің күнделікті өмірімізге де қатысты. Күн сайын пай­да­ланушылар арасындағы әлеуметтік бел­сенділік элементтері қам­тылған жобалар көбейіп келеді. Инвес­торлар өз ресурста­рына қолданыс тапқысы келеді, ал GameFi индустриясы тек ірі компаниялар мен ойын әзірлеу­шілеріне ғана емес, қара­пайым адамдарға да дамуға,  ақша табуға мүмкіндік беріп отыр», – дейді ол.

 

ТҮЙІН:

Бұрын адамдар суреттерді түрлі аукционнан, дүкендерден сатып алып, үйлеріне іліп қойып жинаса, қазір ол онлайн алаңда іске асады. Дәстүрлі форматтың маңызы жоғалмаса да, NFT-дің заманы жеткенін, тиімділігін пайдалану артық етпейтінін түсіну қажет. NFT құру – уақыт талабы. Біріншіден, сандық өнердің үлкен халықаралық әлемі. Бұл суретшілерге, музыканттарға және кез келген авторларға жаңа нарықта өз күшін сынап көруге тамаша мүмкіндік береді екен. Абылай ханның кезінде: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген сөзі әлі де өзектілігін жоймақ емес.

Наурызбек САРША