Жақында әлеуметтік желіні ақтарып отырып онлайн сауда-саттық кең тарағалы бері Алматы базарларының іші қаңырап тұрғаны туралы видеоға назарымыз ауды.
Саудаңыз болса онлайн, өзгеріске бол дайын!

Видео авторының сөзінше, Қытайдан тапсырыс беру арқылы тауар сатып алатын онлайн платформалар халықтың бұрынғыдай базарға ағылып келуіне әсер еткен-мыс. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келе ме? Алматы базарларының іші расымен пиндуодо, таобао шыққалы бері бос қалған ба? Базардағы сауда-саттықтың қазіргі ахуалы қалай? Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін қала сыртында бірінен соң бірі тізіліп орналасқан базарларға ат басын бұрдық.

Бүгінде миллиондаған тұрғын қоныстанған мегаполисте жалпы саны 60-қа жуық базар жұмыс істейді. Қала экономикасының 60 пайыздан астамы cауда және ойын-сауық секторына тәуелді болып келеді. Әлемдегі ең ірі өндіріс орталығы ретінде жылдар бойы позициясын сақтап келе жатқан көрші Қытаймен аумағы шектесіп жатқандықтан, Алматыдай алып шаһарда сауда-саттықтың дамуы – заңдылық. Сонымен, бағыт алған бетімізден алғашқы аялдама – «Ялян» базарына келіп тоқтадық. Базардың сыртқы көрінісіне қарасаңыз, тоқтаусыз қарбалас тіршілікті көресіз. Ішке кірген бойда ары-бері шапқылаған жүк тасушылар мен «келіңіз, көріңіз» деп өзімізге ұмтылған саудагерлерге тап болдық. Бірақ базар маңынан тынымсыз қозғалысты көргенімізбен, ішінде мүлгіген тыныштық орнағандай дерсің. Сауда орнының барлық аймағын аралай жүріп, мұнда келушілердің аса көп еместігін аңғардық. Мүлдем адам саябырсыған деуге келмейді, әрине. Алайда алдымыздан киім-кешектен гөрі тұрмыстық техника алу мақсатында келген сатып алушылар жиі ұшырасты. Тағы бір байқағанымыз – базарда қытай саудагерлерінің көптігі. Онымен қоса, мұнда тауардың басым бөлігі тек қолма-қол төлем арқылы сатылады. Яғни, сіз өзіңізге қажет тұрмыстық техниканы Kaspi қосымшасы арқылы тапсырыс беріп немесе белгілі бір айға бөліп төлей алмайсыз. 

Қаңтар, ақпан айлары – «өлі кезең»

Әрмен қарай алматылықтар жиі қатынайтын «Кенжехан» базарына жол тарттық. Әдетте жаз, күз маусымында адам саны толастамайтын автобус ішінде жолаушылардан гөрі бос орын көп. Базар ішіне кірген сәтте әдеттегі орнында отыратын сатушы әжелерді осы жолы байқамадық. Дегенмен базарлық жасап, саудаласып жүрген жастарды жиі көзіміз шалды. Айтпақшы, сауда орындарының алдында күзгі, қысқы маусымға арналған киімдерге жеңілдік жариялаған жарнама қағаздарын жиі кездестірдік. Әу баста келген мақсатымыз – әлеуметтік желіде тараған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын білу еді. Базар ішін аралай жүріп біршама саудагерді әңгімеге тартып, сауда-саттықтың қазіргі ахуалы туралы сұрап көрдік. Пікір ағыны екіге жарылды: бірі пиндуодо, таобао сынды онлайн сауда платформалары жарыққа шыққалы бері келушілердің айтарлықтай азайғанын айтып қынжылса, екіншісі мұндай сауда түрлерінің базардағы сауда-саттыққа аса әсері болмайтынын, мәселе сапалы қызмет ұсынуға байланысты екенін алға тартты. Біз сауалнама жүргізген саудагерлердің 80 пайыздан астамы қаңтар, ақпан айлары «өлі кезең» екенін, бұл жылда болатын жағдай екенін атап өтті. Демек, базардағы саудагерлер мұндай баяу қарқындағы сауда-саттықты бұрыннан көріп, көздері үйренген деген сөз. Сауда-саттық ісінде әр жылдары қайталанатын кезең екенін назарға алған сатушылар әлеуметтік желіде тараған видеоның сондай бір кезеңде түсірілген болуы мүмкін деп топшылайды. 

Диляра – сауда-саттық саласында бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі саудагерлердің бірі. 53 жастағы әйел жаңа жылдың алғашқы екі айында суықтың әсерінен келушілердің аз болатынын, оның үстіне базарда жылу жүйесі тұрғысынан жағдай жасалмағанын жеткізді.

– Иә, қазір базарға келушілердің азайып кеткені өтірік емес. Өйткені базар іші суық, ал жылыну үшін толыққанды жағдай жасалмаған. Күн жылынған уақытта келушілер саны қайта көбейеді деген үмітпен отырмыз. Сауда-саттықтың нағыз маусымы – жаз. Бұл кезде базар іші келушілерге толады. Бірнеше жыл бойы осы базарда саудамен айналысып келемін. Пиндуодоның оффлайн саудаға қатты әсері тиеді деп ойламаймын. Телефон арқылы қосымшаны көбіне жастар жақсы пайдаланады ғой. Әсіресе, келінім мен қызым біраз затты пиндуодо арқылы тапсырыс беріп алдырды. Онлайн платформаны қалай қолдану қажет екенін білмеймін. Сондықтан барлығы бірдей онлайн сауда түрін игеріп кетеді деп ойламаймын. Біз сататын тауардың қасынан өткен балалар жай қарап өтіп кете алмайды. Баласы «осы затты алғым келеді» деп айтса, «қайтесің, Қытайдан өзіміз тапсырыс беріп алдыртып аламыз» дейтін аналарды да көрдім, – дейді алматылық саудагер.

«Саудагер де жан-жақты болуға тиіс»

Сатылымдағы тауарларын Қытай мен Түркия фирмаларынан арнайы тапсырыс беріп алдыртатын Айгүл де (есімі өзгертіліп берілді – ред.) Диляра ханымның пікірін құптайды. Қазіргі уақытта Айгүл тауарларын тек базарда сатып қана қоймай, әлеуметтік желі арқылы жарнамалап отыруды күнделікті әдетке айналдырған. Оның сөзінше, базардағы сауда деңгейінің төмендеуіне онлайн қосымшалар әсер етпейді. Себебі қолмен ұстап, көзбен көргісі келген әрбір тұтынушы міндетті түрде базарға келіп, керегін өзі таңдап алуды құп көреді. Сонымен қоса, кейіпкеріміз технология күші артып жатқан тұста саудагерлердің бір бағытпен шектеліп қалуы дұрыс емесін айтты.

– Бұл жыл сайын қайталанатын маусым болғандықтан өзгелерге ренжи де алмайсың. Халық қажетті азық-түлігін әрең сатып алып отырғаннан кейін, киімді көп сатып ала бермейді деп ойлаймын. Сондықтан біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Қазір көпшілігі шотына ақша түссе, бірден тамағын, керек-жарағын сатып алады. Әзірге киім сатып алуға уақыт жоқ. Көзі ашық адам қай жерде болмасын қаражатты қайда жұмсағанын бақылауда ұстайды. Егер жақсы зат сатып, сапалы қызмет көрсете білсек, тұтынушылар әрдайым табылады. Таныстарым пиндуодо арқылы тауарға тапсырыс беріп көргеннен кейін, менің де бір байқап көргенім бар. Бірақ сапасы ойдағыдай болмайды. Егер зат сапалы болмаса, тегін берсе де алғың келмейді. Тұтыну­шылардың арасында тауарларымызды суретке түсіріп алып пиндуодомен салыстыратындар баршылық. Онлайн сауда-саттық шыққанға дейін де, одан кейін де саудада аса өзгеріс байқалмайды. Заман күн санап дамып жатқандықтан, керісінше, саудагер де жан-жақты болуға тиіс, – дейді ол.

«Тауарымды өткізу проблемаға айналды...»

Ал сауалдарымызға жауап берген топтың екінші бір бөлігі «онлайн сауда-саттық базардағы кәсіпке әсер етпей қоймайды» деген пікірді ұстанады. Әңгімелесу барысында сатып алу көрсеткіші төмендегенін айтып шағымданған саудагерлердің көбі есімін жасыруды жөн көрді. Солардың бірі – Гүлмира (есімі өзгертіліп берілді – ред.). Онлайн сауда тұрақты тұтынушыларын да арбап кеткенін айтып, ренішін жеткізген Гүлмира қазіргі саудадан түсетін табыс күнделікті ішіп-жемге жарап тұрғанын, тауар өтпеген жағдайда, барынша арзан бағаға түсіріп беруге тырысатынын айтты.

– Шыны керек, базарға келушілер көп емес. Тіпті, бұрыннан сатып алатын тұрақты тұтынушыларымның өзі қазір базардан киінбейді. Қытайдан тапсырыс беретін мұндай онлайн сауда түрлері ашылмай тұрған кездері бізге күніне 30 шақты адам келсе, өкінішке қарай, қазір оның санаулысы ғана қалды. Тауарымды өткізу проблемаға айналды. Өзім де базарда саудамен айналысуға үйренгендіктен әрі амалдың жоқтығынан осында отыруыма тура келеді. Кейінгі кездері сатылмай қалған киімдер көп. Тауарды Қытай, Түркия елдерінен алдыртамын. Қазір көбі онлайн саудаға көшкеннен кейін біз де онлайн дүкен ашуға әрекет жасап отырмыз. Айтпақшы, пиндуодо қосымшасында сөздер  қытай тілінде жазылғандықтан, кейбірі тапсырысты қате беріп жатады. Жақында таныс құрбым кесеге тапсырыс берген еді. Тауар келген бойда қорабын ашып қараса, кіп-кішкентай ғана ойыншық секілді кеселер келіпті,  –  дейді Гүлмира.

Тапқан табыстың жартысы ғана қалтаға түседі

Саудагерлер сұхбат барысында тағы бір іште жатқан жанайқайын жеткізді. Кәсіпкер саудасын жүргізу үшін салық төлеуге міндетті. Мәселен, Kaspi қосымшасы, оның ішінде Kaspi Pay, ай сайын төленуге тиіс салық келіп түскен пайданың біраз үлесін иеленеді. Үйінен жырақ кетіп, таңнан кешке дейін бір орында отырып, тауарын сатумен айналысатын кәсіпкерлер тапқан табысының жарты бөлігі ғана қалтасына түсетінін айтып шағымын білдірді.

– Біз тауарды Қытайдан алдырамыз. Дегенмен өзім пиндуодо арқылы тапсырыс беріп көрмегеннен кейін киімдердің сапасында айырмашылық бар немесе жоқ деп айта алмаймын. Жақында телефонның қабына тапсырыс бердім. Расымен, мына базарда 4 000-5 000 теңгеге бағаланатын затты біз пиндуодо арқылы жеткізу құнымен бірге 1400 теңгеге сатып алдық. Тапсырыстың келуін 18-20 күн бойы күттік. Бірақ тауар сол күткен уақытымызды ақтады. Тура базардағы телефон қаптарының сапасымен бірдей. Қазір кез келген адам үйінде отырып-ақ тауар сатып, табыс таба алады. Әрине, өз үйінде отырғандықтан салық, жалға алу бағасын төлемейді. Сондықтан олар арзан. Ал біз мұнда ай сайынғы салықпен қоса электр энергиясы мен жалға алу құнын төлеуге міндеттіміз, – дейді сырт киімдер сатумен айналысатын Құралай (есімі өзгертіліп берілді – ред.).

Арзанның жілігі  татымайды

Кезекті кейіпкеріміз Әмина құрбы-құрдастарының пиндуодо арқылы зат сатып алғанын қызықтап, өзі де  киімге тапсырыс беріп көргісі келген. Бірақ тауардың сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ Әмина қаладағы сауда орталықтары киімдерді негізінен базардан сатып алатынын, онымен қоса біршама мөлшерде құнын өсіріп сататынын жасырмады.

– Пиндуодо мен таобао секілді онлайн сауда түрлері базардағы сауда-саттыққа айтарлықтай әсер етіп отыр. Өсу емес, керісінше төмендеу бар. Кейбір тұтынушылар бұл базар болғандықтан тауардың үстінен 2-3 есе баға қосып сатады деп ойлайды. Біз люкс сападағы киімдерді сатамыз. Бірақ келушілер киімдерді пиндуододағы тауарлармен салыстырып көреді. Шынымды айтсам, қала ішінде орналасқан көптеген сауда орталығы киімді бізден алып кетеді. Сауда орталығы болғаннан кейін, әрине киімнің сыртқы көрінісі жарықта басқаша көрінеді. Осында тұрған тауарды дәл сол қаладағы сауда орталықтарынан таба аласыз. Пиндуодо арқылы аяқкиімге тапсырыс беріп көрдік. Нәтижесі – сатып алған бағамызға лайық, сапасы нашар. «Арзанның жілігі татымайды» деп қазақ тегіннен айтпаған деп ойлаймын, – дейді Әмина.

Онлайн сауда-саттық бүгінде Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде кең етек жайған. Әсіресе, 2020 жылғы пандемия онлайн сауданың тынысын ашқандай болды. Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазір еліміздегі белсенді онлайн сатып алушылар саны 5 миллионға жуықтаған. Әлемдік сарапшылар онлайн сауда-саттық саласында Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстан нарығының әлдеқайда жоғары екенін жоққа шығармайды. Қалай десек те, онлайн сауда-саттықтың әсерін көріп отырған базардағы саудагерлер «тауарларымыз өтпей, өзімізге тиесілі үлесімізге қол жеткізе алмай қаламыз ба?» деген үреймен өмір сүріп келеді...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы