«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Бұл біздің кейіпкеріміз Қылыш­бек Құрмантегіне арналып айтылғандай.
Ұлттық құндылық қорғаушысы
819
оқылды

Қарағандыда оны ағаш­тан түйін түйген шебер деп та­ны­ғанымен, оның бесаспап екенін біле бермейді. 

Балаларды өнерге жетелеген

Қылышбек Жұматұлы бүгінде Қара­ғанды қаласындағы Майқұдық Мә­дениет үйінде «Атамұра» ұлттық қолөнер орта­лығында балаларды ағаш пен те­мірден қазақтың көнеден келе жатқан бұйым­дарын жасауға баулуда.

2022 жылы ашылған бұл орталыққа Қылышбек бірден келген жоқ. Оның алдында бірнеше таңдау болған.

 – Елордада өткен «Экспо – 2017» көрмесінде күміс медаль алдым. Ол жер­де ұлттық өнерді ұлықтадым. Негізінде көр­меге көне жәдігерлерді дайындап, ел наза­рына қойдым. Сол уақытта ұлттық қолөнер орталықтарын ашу туралы айтылды. Ма­ған министрлік тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Туған жерім де жібергісі келмеді. Оңтүстіктен де шақыр­ту алдым. Дегенмен мен Қарағандыны таңдадым. Осында келіп шәкірттер тәрбиелеп жатыр­мын, – дейді шебер.

Алғашында алпысқа жуық бала келіп, іріктеліп 20 бала қалған. Алыс-жақыннан ат арылтып шәкірт болғысы келгендер саны артқан. 600 шақырымды артқа тастап Ұлытаудан да Серік, Ерғазы деген екі жігіт Қылышбектей шеберден тәлім алған.

 – Екеуі де алғыр, ұғымтал. Ұлытау жақтан әжелерімен келіп, пәтер жалдап жатып, қолөнер шебері атанып кетті. Қа­лай ырза болмайсың?! Енді екеуі өз ауылдарында қолөнер шеберханасын ашпақ болып, ұста жабдықтарын сатып алған деп естідім. Қалай ырза болмай­сың?! – дейді Қылышбек Жұматұлы.

Ал қалған балалар Қарағанды қала­сынан ғана емес, Абай, Саран шаһарла­ры­нан да келіп сандық, кебеже, ожау, астабақ, ат әбзелдері, домбыра жасаумен қатар, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеру үстінде.

Тозған аспаптарды жөндейді

Қылышбектің тағы бір қыры бар. Қо­лынан келген жақсылығын жар сал­май-ақ істей береді. Жұмыс орнына бар­­ғанда үстел үстінде бірнеше домбыра жат­ты, ескі, тек қаңқасы қалған. Солар­дың бәрін жөн­деп, ескірген тұстарын жаңалап, қол­дануға қайта жарамды еткен. 

– Былтыр 23 желтоқсан күні қоқыс­тан тауып алдым. Сол домбыраны Май­құдық Мәдениет үйіндегі «Атамұра» қолданбалы қолөнер үйірмесінің жетек­шісі, қазақ көне ағаш шебері Қылышбек Құрманов бауырыма жөндету үшін апарып бергенмін. 9 қаңтар күні «Дом­быраңыз дайын» деге­сін барып едім, жөндеп, күйлеп қойған дом­быраны қолыма табыс етті. Домбыра­ның күм­бірлеген даусын естіп, алғысымды ай­тып, батамды беріп үйге келдім, – дейді Қарағанды тұрғыны Сәкен Келдібаев.

Бұл Қылышбектің алдына тек дом­бы­раны жөндету үшін келеді деген сөз емес. Анығында, ескі дүниелердің бәрін бұрын­ғы қалпына келтіреді. 

Ат әбзелдері, оның бір дүниесі ерто­қымның бірнешеуін «атамнан қалған мұра еді» деп алып келген жан­дардың, жап-жаңа болып тұрған затты көргендегі таңданысы да ол үшін бір алғыс.

Ұсталық – көнеден келе жатқан киелі кәсіп

Шынымен де, қарағандылықтар Қылышбекті тек ағаштан түйін түйген шебер деп қана біледі. Бірақ ол ұста да.

Қылышбек – Баянауыл өңірінің тумасы. Оған бұл өнер бабасы, зама­нында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлынан (1827-1893 жж.) дарыған. Құлмағанбет ұста 1883 жылы Омбы қаласында көр­меге шыққанда оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп, суретке басып алған да екен. Соның көшірмесі де қолында. Суреттің жа­нында бойтұмарындай болып, қымыз құятын ожау ілініп тұр.

– Бұл қымыз ожау қайыңның тамы­рынан (безінен) ойып жасалған. Қа­зақтың қолөнерін Еуропаға алғаш та­ныс­тырған темір ұста, зергер, ағаш шебері, өрімші, ерші, атақты ұста Құлмағанбет Байба­қыұлы бабамыздың өз қолымен жасалған көп жәдігерлерінің бірі, 1995 жылы осы ожаудың көшірмесін жасап, ақша беріп, Омбы музейінің жұмыс­керлерінен алдық. Ол жерде әлі көп заты тұр. Ер тоқымы, жүк­аяқ, ас адал, ағаш төсек, ыдыс-аяқта­ры, оюуланған он екі қанатты киіз үйі, зергерлік бұйымда­рын қайтармады. Бұл көненің көзі бабамыздан қалған құн жетпес мұрасы, 140 жылдан асқан, біраз жарылған жерле­рін жөндеп, осы ожауды бойтұмардай іліп қойдым, – дейді ұста Қылышбек.

Баянауылда ұстахана бар, бабалары­нан мұра болып қалған.

– Былтыр қайта жөнге келтірдім. Көрікке арнап Түркиядан қалың был­ғарыны 500 мың теңге жұмсап алдырдым. Ондай затты Қазақстаннан таба ал­майсыз. Сол былғарымен қаптап, көрікті баяғы қалпына әкелдім. Биыл барып іске қоса­мын. Содан кейін ас береміз. Ұсталықты сағынып жүрмін, – дейді Қылышбек.

Қылышбек қолөнерге қалай келді?

Қылышбек басында өзі туған ауданда етікші болып қызметке орналасады, кейін ағаш өңдеуге көңілі ауады. 33 жа­сынан бастап ағаштан түрлі заттар жа­саумен айналысып келеді.

– Осыдан шамамен 30 жыл бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жыл­дығына орай облыс бойынша шеберлер арасында байқау өтетінін естідім. Өзімді шыңдап әрі сынап көрейін деп осы сайысқа қатысып, бас жүлдеге ие бол­дым. Кейін бір жарым ай дайындалып, қазақ құрылтайына барып келдім. Кел­генімде сол кезде аймақ басшысы болған Ғалым­жан Жақиянов мені зор қуа­нышпен қарсы алды. Өнеріңді одан әрі шыңда деген мақсатта Баянауылда бос тұрған сегіз­жылдық мектептің ғима­ратынан маған орын берді. Өкінішке қа­рай, белгісіз жағдайда іштегі құрал-саймандарым, жасаған барлық затым жанып кетті. Сол оқиғадан соң көп уа­қыт қолөнерге жақындамадым. Іштегі қалауымды тың­дап, ауданнан Павлодар қаласына келіп, жиһаз жасаумен айна­лыстым. Қала ор­талығынан бір бөлмені жалға алып, қайта ағаш өңдеу ісіне көштім. Содан бері қолөнерден қол үзген емеспін, – дейді ол.

Ұлттық орталықтар ашылса...

«Басты арманым баю емес. Керісін­ше, өзімнің артымнан менен асқан шә­кірттерді тәрбиелеу», – дейді Қылышбек. 

– Бір жылы Қытайға бардым. Бір қала­сынан қазақтар салған үшқабатты киіз үй пішінінде салынған ғимаратқа бас сұқтық. Ішінде ұлттық өнердің жеті атасы бар. Ұстахана, ұлттық киім тіге­тіндер бөлмесі, қолөнершілер бұрышы. Біреулер темір қыздырып, төске салып ұрып жатса, бірі қайыс тіліп жатыр, енді бірі ою ойып әлек. Қызығып кеттім. Шіркін-ай, бізде де осы­лай ұлттық құндылықты дәріптейтін ғима­раттар салынса ғой, – деп арманын айтты Қылышбек Құрмантегі. 

Иә, нағыз шебердің қолынан шық­қан астабақтан ас ішкенге не жетсін?! Қылыш­бек те: «Негізінен, қазір саты­лымда жүрген астабақтарды жай ағаштан жасай салады. Ол астың дәмін бұзады. Әр ыдысты жасар­да ағашты арнайылап алдырамын. Маған тапсырыс Қазақстан­ның әр қиы­рынан түсу себебі де содан болса керек», – дейді.

Арман орындалып, Қазақстанның әр қаласында ұлттық құндылықты дәріп­тейтін ғимараттар соғылса, Қылышбек ағамыз сол жерлерде еңбек ететін шебер­лерді дайындап беруге әзір...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы