Мемлекет қайраткері, қазақтың көрнекті дипломаты, Төтенше және өкілетті елші Асқар Ахметұлы Мусинов өмірінің 63 жасында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлім етті.
Ұзақмерзімді дипломатиялық қызмет барысында ол Қазақстан Республикасының СІМ Орталық аппаратында және шетелдердегі мекемелерінде өзі жетекшілік ететін жұмыстың барлық бағыттарында Қазақстанның мүдделерін тамаша қорғап, алға қойылған міндеттерді кәсіби түрде шешуде қабілеті мен терең білімін көрсете білді. СІМ жауапты хатшысы және Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде ол Таяу Шығыс және Африка құрлығы елдерімен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға, консулдық қызмет пен мемлекеттік протоколды дамытуға зор үлес қосты.
Мысырдағы, Сауд Арабиясындағы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші қызметін атқара жүріп, Қазақстан мүддесін кәсіби түрде ілгерілетіп, қорғады. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысының Ғылым және технология жөніндегі орынбасары және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры ретінде халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне адал қызмет етті.
Дипломатиялық ортада ол өз Отанының нағыз патриоты, жоғары деңгейдегі дипломат және араб бағытындағы қазақ дипломатия мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал болды.