Атырауда кәмелетке толмаған қыздың әлеуметтік желідегі әрекеті үшін анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жасөспірім TikTok желісінде тікелей эфир жүргізіп, балағат сөздер айтқан.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 14 қазанда болған. Қыздың тікелей эфирдегі әрекеті құқық қорғау органдарының назарын аударған.
Осы жағдайдан кейін полиция жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты әкімшілік шара қолданды. Анасы баланы тәрбиелеу, оған білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Полиция ата-аналар балаларының күнделікті тәртібіне ғана емес, әлеуметтік желідегі әрекеттеріне де назар аударуы қажет екенін ескертті. Құқық қорғау органдары интернетте өзгені қорлауға, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге және буллингке жол берілмейтінін атап өтті.
