Кәсіби спортты қашанғы асыраймыз?
Кәсіби спортты қашанғы асыраймыз?
285
оқылды
Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағаты кезінде депутат Азат Перуашев кәсіби спорт­ты мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салу туралы ұсыныс енгізді. Ол бү­гінгі таңда спорт үшін өңірлерге бөлінетін ақшалай қаражаттың 80 пайызы футболшыларға ке­те­тінін атап өтті. Депутат кәсіби футболшыларды ұстауға көп қаражат бөлудің орнына  ба­­лалар-жасөспірімдер футболын, стадиондар мен инфрақұрылымды қаржыландыруды дұ­рыс деп санай­ды. Расында, кәсіби спорт бизнестің бір түрі болғандықтан, өзін-өзі асырауы, тіпті пайда да табуы тиіс. Онда біздің «профилер» неге мемлекет қаржысына ортақтасып ке­леді?  

Біздің футболдың деңгейі төмен

Иә, әлемдік тәжірибеге қара­сақ, кәсіби спорт өз шығынын өтеп қана емес, миллиондап пайда табатын дең­гейге жет­кен. Мысалы, әйгілі «Бар­­се­ло­на» былтыр 840 миллион еуро кіріс кіргізіпті. Одан кейінгі орын­да – Мадридтің Реалы. Ол 2019 жы­лы 757,3 миллион тапқан. Үздік үш­тік­ті 711,5 миллион еуромен МЮ тұйық­тап тұр. Әрине, бұл –  кәсіби спорт дамыған елдердегі жағдай. Қазақстан демей-ақ қояйық, түгел ТМД футболы мемлекетке алақан жайып келеді. Осы орайда, футбол сарапшысы Бек Төлеуовтен мұның себебін сұрап көрдік. «Ресейден шыққан Роман Абра­мович, Алишер Усманов сын­ды ірі кәсіпкерлер Ресейдің емес, Англияның командаларын қар­жы­­ландырып жатыр. Мысалы, «Чел­сидің» қожайыны Абрамович. Ол неге Ресейдің «Спартагын» ал­май­ды? Өйткені Англияда аудито­рия үлкен. Жарнама арқылы, теле­­визиялық маркетинг арқылы ақша табуға мүмкіндік көп. Ал біз­де мар­кетинг тұрғысынан өз-өзін ақ­тамайды», – дейді спорт са­рап­­­шы­сы. Оның пі­кірін кәсіби спорт ком­мен­таторы Ермұхамед Мәулен де қуаттап отыр. Айтуын­ша, кө­рер­меннің футболға қы­зық­па­уына ойындардың тартым­сыз­ды­­ғы да себеп. Кімнің чемпион бо­ла­тыны күні бұрын белгілі, ішкі біріншіліктен жанкүйерлердің кө­ңілі қалған. Ермұхамед қазақ фут­бо­лындағы мәселені «Қазақстан футбол заңы жиі ауысады. Соңғы билік 10-15 жылда бір адамның қо­лын­да болып келді. Ол – Әділбек Жақсы­беков. «Астана» футбол клу­­бы неге қайта-қайта чемпион бола береді? Мүмкін, ол жерде де бір­­деңе бар шығар. Қазір таза спорт­тық принциптер бойынша мық­ты жағдай жасап отырған «Қай­рат­­тың» өзі чемпион бола ал­май келеді» деп түсіндірді.  

Жемқорлық аяққа тұсау

Спорт сарапшылары бірауыз­дан футболдың бюджеттен қаржы­ла­нуы жемқорлыққа әкеліп, спорт­тың дамуын тежеп отырғанын ай­­та­ды. «Қазір футбол әкімдерге бай­ла­нып қалған. Ол келе салып клубқа жаңа басшы тағайындайды. Басшы өзі танитын жаттықтырушыны, ол өз ойын­шыларын әкеледі. Жалақы ке­лісіледі. Ешқандай сот дә­лел­­демесе де, баршаға белгілі факт. Сондықтан да басшылар фут­бол мәселесінде ұзақ мерзімге жос­пар құрмайды, бәрі уақытша. Мы­салы, сербиялық Джордже Дес­потович деген спортшы бар. Кез­інде «Жетісуда», «Қайратта», Аста­нада ойнады. Оның айтуынша, Тал­дықорған командасы ортаңқол ойыншыға 30-35 мың доллар ай­лық төлейді екен. Спортшы сол ақшаға неге бір стадионды жөндеп ал­­майтынына таңғалады. Алаңдары өте сапасыз. 30-35 мың долларға құ­ры­ғанда киім шешетін орынды реттеп алуға болады ғой. Директор әкіммен бірге кететінін білген соң осы­лай қолда барда қонышынан ба­сып қалуды ойлайды», – дей­ді Бек Төлеуов. Бұл пікірмен Ер­мұ­­хамед Мәулен де келіседі. Ай­туын­ша, былтыр «Атырауға» 1,8 млрд теңге бөлінген. Ал ол бірін­ші лигада алғашқы ойында-ақ же­­ңілді. Ком­ментатор елдегі әр клуб­қа осы­лай «үлестіріліп» жатқан бюд­жет қар­­жысының далаға кеткеніне на­ли­ды.  

Бюджетсіз де дамуға болады

Алайда елімізде мемлекетке ала­қан жаймай, өз күндерін өздері көріп жүрген «профилер» де жоқ емес. Кәсіпқойлар арасында атой са­лып жүрген боксшыларымыз бен ММА майталмандары жетер­лік. Қа­зақстанда кәсіпқой бокс тәуелсіздік алғалы ғана, ал ММА 2013 жылы мойындалғанын есеп­­те­­сек, еліміздің бұл сала­да ал­па­уыт­­­тардың біріне айна­луы таң­ға­ларлық жайт. Боксшы­лары­мыз әр салмақта чемпиондық титул­ға үміткер атанса, үздік аралас жек­пе-жек жауынгерлері UFC-мен ке­лісімге келіп үлгерді. Олардың ма­териалдық жағдайы жетістігіне тіке­л­ей байланысты болғандықтан, жеңіске деген құлшынысы жоғары болып тұр. Осы орайда, қаншама кәсіпқой спортшы түлеп ұшқан Alash Pride промоутерлік компаниясының ди­ректоры Данияр Қасқарауовпен тіл­дескен едік. Бұл нарықта жүрге­ні­не 10 жылдың жүзі болған про­моу­шен басшысы да әзірге біздегі кәсіби спорт пайда табатын дең­гей­­ге жетпегенін айтады. Алайда мемлекеттен қаржылай көмек алу дұрыс емес деген пікірде. Ай­туын­ша, турнирге жергілікті әкім­дік ұйымдастырушылық жағы­нан қол­дау көрсетсе де жетіп жатыр. Ал қал­ғаны промоушеннің пысық­ты­ғы­на байланысты. «Кәсіби спорт деген атымыз бар ғой. Біз пайда табуымыз ке­рек. Билет сатамыз, трансляция сатамыз. Бірақ ТМД-да білесіз ғой, 1000 долларың – 380 мың теңге. Еуро­падан, Америкадан мық­ты спортшы шақырсақ, олар­дың го­норары  10-20 мың доллар бо­ла­ды. Бізде ол – 8 млн теңге ақша. Бүкіл спорт сарайының билетін кө­рер­мен сатып алған күннің өзін­де бір спортшының ақысын төлей алмайсың. Халық 100-200 доллардан билет ала алмайды. Бізде 1000, 2000 теңге. Трансляция сата алмаймыз. Өйткені біз үл­кен промоушен емеспіз. Ол үшін UFC сияқты жылына кем де­ген­­де 20 турнир өткізуің, күн­тіз­бе­­лік жоспар болуы, әлем­дік дең­­­­­гей­дегі спортшылар қаты­суы к­е­рек. Олар аз ақшаға төбе­­лес­пейді», – дейді Қасқарауов. Мамандармен тілдескен соң әр спорттың басшылығына шын жанашыр жандар келмейінше алға жылжу болмайтынын түсін­дік. Өз қалтасынан шығын шы­ға­рып, барын салмайынша кәсіби спорттың көші түзелмек емес. Әри­не, дәл қазір клубтарды мемлекет қолдауынан айыру орынсыз екені түсінікті. Дегенмен оларға бөлінген қаржыны қадағалап, біртіндеп бюджетке тәуелсіз деңгейге жеткізу керек.   Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ