Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағаты кезінде депутат Азат Перуашев кәсіби спортты мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салу туралы ұсыныс енгізді. Ол бүгінгі таңда спорт үшін өңірлерге бөлінетін ақшалай қаражаттың 80 пайызы футболшыларға кететінін атап өтті. Депутат кәсіби футболшыларды ұстауға көп қаражат бөлудің орнына балалар-жасөспірімдер футболын, стадиондар мен инфрақұрылымды қаржыландыруды дұрыс деп санайды. Расында, кәсіби спорт бизнестің бір түрі болғандықтан, өзін-өзі асырауы, тіпті пайда да табуы тиіс. Онда біздің «профилер» неге мемлекет қаржысына ортақтасып келеді?
Біздің футболдың деңгейі төмен
Иә, әлемдік тәжірибеге қарасақ, кәсіби спорт өз шығынын өтеп қана емес, миллиондап пайда табатын деңгейге жеткен. Мысалы, әйгілі «Барселона» былтыр 840 миллион еуро кіріс кіргізіпті. Одан кейінгі орында – Мадридтің Реалы. Ол 2019 жылы 757,3 миллион тапқан. Үздік үштікті 711,5 миллион еуромен МЮ тұйықтап тұр. Әрине, бұл – кәсіби спорт дамыған елдердегі жағдай. Қазақстан демей-ақ қояйық, түгел ТМД футболы мемлекетке алақан жайып келеді. Осы орайда, футбол сарапшысы Бек Төлеуовтен мұның себебін сұрап көрдік. «Ресейден шыққан Роман Абрамович, Алишер Усманов сынды ірі кәсіпкерлер Ресейдің емес, Англияның командаларын қаржыландырып жатыр. Мысалы, «Челсидің» қожайыны Абрамович. Ол неге Ресейдің «Спартагын» алмайды? Өйткені Англияда аудитория үлкен. Жарнама арқылы, телевизиялық маркетинг арқылы ақша табуға мүмкіндік көп. Ал бізде маркетинг тұрғысынан өз-өзін ақтамайды», – дейді спорт сарапшысы. Оның пікірін кәсіби спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де қуаттап отыр. Айтуынша, көрерменнің футболға қызықпауына ойындардың тартымсыздығы да себеп. Кімнің чемпион болатыны күні бұрын белгілі, ішкі біріншіліктен жанкүйерлердің көңілі қалған. Ермұхамед қазақ футболындағы мәселені «Қазақстан футбол заңы жиі ауысады. Соңғы билік 10-15 жылда бір адамның қолында болып келді. Ол – Әділбек Жақсыбеков. «Астана» футбол клубы неге қайта-қайта чемпион бола береді? Мүмкін, ол жерде де бірдеңе бар шығар. Қазір таза спорттық принциптер бойынша мықты жағдай жасап отырған «Қайраттың» өзі чемпион бола алмай келеді» деп түсіндірді.Жемқорлық – аяққа тұсау
Спорт сарапшылары бірауыздан футболдың бюджеттен қаржылануы жемқорлыққа әкеліп, спорттың дамуын тежеп отырғанын айтады. «Қазір футбол әкімдерге байланып қалған. Ол келе салып клубқа жаңа басшы тағайындайды. Басшы өзі танитын жаттықтырушыны, ол өз ойыншыларын әкеледі. Жалақы келісіледі. Ешқандай сот дәлелдемесе де, баршаға белгілі факт. Сондықтан да басшылар футбол мәселесінде ұзақ мерзімге жоспар құрмайды, бәрі уақытша. Мысалы, сербиялық Джордже Деспотович деген спортшы бар. Кезінде «Жетісуда», «Қайратта», Астанада ойнады. Оның айтуынша, Талдықорған командасы ортаңқол ойыншыға 30-35 мың доллар айлық төлейді екен. Спортшы сол ақшаға неге бір стадионды жөндеп алмайтынына таңғалады. Алаңдары өте сапасыз. 30-35 мың долларға құрығанда киім шешетін орынды реттеп алуға болады ғой. Директор әкіммен бірге кететінін білген соң осылай қолда барда қонышынан басып қалуды ойлайды», – дейді Бек Төлеуов. Бұл пікірмен Ермұхамед Мәулен де келіседі. Айтуынша, былтыр «Атырауға» 1,8 млрд теңге бөлінген. Ал ол бірінші лигада алғашқы ойында-ақ жеңілді. Комментатор елдегі әр клубқа осылай «үлестіріліп» жатқан бюджет қаржысының далаға кеткеніне налиды.Бюджетсіз де дамуға болады
Алайда елімізде мемлекетке алақан жаймай, өз күндерін өздері көріп жүрген «профилер» де жоқ емес. Кәсіпқойлар арасында атой салып жүрген боксшыларымыз бен ММА майталмандары жетерлік. Қазақстанда кәсіпқой бокс тәуелсіздік алғалы ғана, ал ММА 2013 жылы мойындалғанын есептесек, еліміздің бұл салада алпауыттардың біріне айналуы таңғаларлық жайт. Боксшыларымыз әр салмақта чемпиондық титулға үміткер атанса, үздік аралас жекпе-жек жауынгерлері UFC-мен келісімге келіп үлгерді. Олардың материалдық жағдайы жетістігіне тікелей байланысты болғандықтан, жеңіске деген құлшынысы жоғары болып тұр. Осы орайда, қаншама кәсіпқой спортшы түлеп ұшқан Alash Pride промоутерлік компаниясының директоры Данияр Қасқарауовпен тілдескен едік. Бұл нарықта жүргеніне 10 жылдың жүзі болған промоушен басшысы да әзірге біздегі кәсіби спорт пайда табатын деңгейге жетпегенін айтады. Алайда мемлекеттен қаржылай көмек алу дұрыс емес деген пікірде. Айтуынша, турнирге жергілікті әкімдік ұйымдастырушылық жағынан қолдау көрсетсе де жетіп жатыр. Ал қалғаны промоушеннің пысықтығына байланысты. «Кәсіби спорт деген атымыз бар ғой. Біз пайда табуымыз керек. Билет сатамыз, трансляция сатамыз. Бірақ ТМД-да білесіз ғой, 1000 долларың – 380 мың теңге. Еуропадан, Америкадан мықты спортшы шақырсақ, олардың гонорары 10-20 мың доллар болады. Бізде ол – 8 млн теңге ақша. Бүкіл спорт сарайының билетін көрермен сатып алған күннің өзінде бір спортшының ақысын төлей алмайсың. Халық 100-200 доллардан билет ала алмайды. Бізде 1000, 2000 теңге. Трансляция сата алмаймыз. Өйткені біз үлкен промоушен емеспіз. Ол үшін UFC сияқты жылына кем дегенде 20 турнир өткізуің, күнтізбелік жоспар болуы, әлемдік деңгейдегі спортшылар қатысуы керек. Олар аз ақшаға төбелеспейді», – дейді Қасқарауов. Мамандармен тілдескен соң әр спорттың басшылығына шын жанашыр жандар келмейінше алға жылжу болмайтынын түсіндік. Өз қалтасынан шығын шығарып, барын салмайынша кәсіби спорттың көші түзелмек емес. Әрине, дәл қазір клубтарды мемлекет қолдауынан айыру орынсыз екені түсінікті. Дегенмен оларға бөлінген қаржыны қадағалап, біртіндеп бюджетке тәуелсіз деңгейге жеткізу керек. Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ