Бүгінде елімізде медицина саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – мәйіттік донор тапшылығы.
Мәйіттің ағзасын алу туралы заң қолдау тапса, науқастарды құтқарар едік – трансплантолог
3,454
оқылды

Кейінгі кезде мамандар осы мәселені жиі көтеріп, дабыл қағып жатыр. Мысалы, Еуропа елдерінде трансплантацияның 95 пайызы қайтыс болған донордан жасалса, бұл көрсеткіш елімізде әлдеқайда төмен, шамамен 7 пайыз ғана. Қазір елімізде 4 мыңға жуық азамат ағза ауыстыруға мұқтаж. Бұдан бөлек, ем қабылдап жүрген тағы 4 мың науқас көп ұзамай трансплантацияны қажет етуі мүмкін.

Өкінішке қарай, кезегін күткендердің арасында үмітін үзіп, өмірден өтіп кетіп жатқандар да көп. Мамандар оларды құтқарып, өмір сыйлаудың жолы мәйіттік трансплантацияны дамыту екенін айтып отыр. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният заңға өзгеріс енуі мүмкін екенін айтты. Ал бұл қоғамда қызу пікірталас туғызды. Егер жаңа заң қабылданса, мәселе қалай шешіледі? Жалпы, адамдардың бұған үрке қарауына не себеп? Көкейдегі сауалды трансплантолог дәрігер Рахымжан Үмбетжановқа қойған едік.

–  Рахымжан мырза, қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәйіттік донорлық мәселесін шешудің жолы қандай деп ойлайсыз? Маман ретінде заңға өзгеріс енгізілгенін құптайсыз ба? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Қазақстанда донор тапшылығы бойынша 5 мыңға жуық адам күту парағында тұр. Өзім жұмыс істейтін Шымкент қаласының өзінде 1 200 адам бүйрек, 600-дей адам бауыр жетіспеушілігінен кезекте. Бұл кісілер, күту парағында тұрғандар үмітсіз өмірден өтіп кетіп жатыр. Неге? Өйткені бізде мәйіттік трансплантация дамымаған. 

Статистика бойынша өңірде жылына 57 адам донор тапшылығынан көз жұмады.  Диагнозы – бүйрек жетіспеушілігі. Бұл – тек бүйрекке қатысты дерек. Ал еліміз бойынша айтатын болсақ, жылына 380 адам бүйрек жетіспеушілігінен жан тапсырып жатыр. Ол – біреудің анасы, әкесі. Қаншама бала жетім қалғанын ойлайсың. Мұндай жағдай әрқайсысымыздың басымызға келмесіне кім кепіл? Аяқ асты бүйрек істен шығып, бауыр циррозы болмайды деп айта алмаймыз. Сол кезде туған бауырымыздың доноры келмейтін болса, өзіміз де сондай күй кешетініміз анық. 

 

Еліміздегі қазіргі заңнама бойынша туыстарының рұқсаты керек. Енді қараңыз, жақынынан айырылып, қайғырып отырған адамнан туысының азғасын алуға рұқсат сұраған қалай болады? Дәрігерлер ондай адамнан қалай рұқсат сұрайды? Біздегі заңның бұрыс тұсы осы дер едім. Барлық мәселеде дәрігер тұйыққа тіреледі. Министрлік заңға өзгеріс енгізсе, халық дұрыс түсініп, қолдау білдірсе, қаншама адамды құтқарар едік. Бір мәйіт 7-8 адамға өмір сыйлай алады. Жүрек, екі бүйрек, бауыр, ұйқыбезі, өкпе, қолқа тамырлар, аяқ тамырлары және т.б. трансплантацияға жарайтын ағзалар алады. 

– Енді туыстық трансплантацияға тоқталсақ. Тірі донор науқасқа қандай ағзаларын беріп, құтқара алады?

– Бізде туыстық трансплантация жақсы дамыған. Мұнда тек бүйрек пен бауырға ғана жасалынады. Бауырдың қырық пайызы қалдырылып, алпыс пайызы алынады. Бұл ағза қайтадан өсе береді. Бірақ қанша дегенмен, мәйіттік донорға, толық бауырға жетпейді. Өйткені науқастыкі толық қалыпта өспейді. Ал бүйрекке келетін болсақ, тірі адам науқасқа бүйрегін бере алады. Алдымен оны тексереміз. Бір бүйрегі 49 пайыз, біреуі 51 пайыз жұмыс істеп тұрған болса, 49 пайызды науқасқа саламыз. 

– Елімізде мәйіттік донорлыққа келісім беретіндер аз. Сондықтан ағза алмастыру кезегінде тұрған науқастардың ішінде үмітін үзбей, шетелге баратындар бар шығар. Дертіне шипа іздеген отандастарымыз көбіне қай елге барады?

– Шетелге барып ота жасатуға көбінің жағдайы келмейді. Анығын айтсақ, ақшасы барлар барады. Ақшасы жоқтар қалады. Өйткені ота құны өте қымбат. Отандастарымыз көбіне Беларусь еліне барады. Өйткені ең арзаны осы елде. Оның өзі аз қаржы емес дер едім. Мысалы, бұл елде бауыр ауыстыру отасының құны теңгеге шаққанда шамамен 70-80 миллион теңге аралығында. Ал Кореяда – 380 мың доллар, Германияда – 320 мың доллар. Тосын жағдай болса, бұған өзімнің де шамам келмес еді. Сондықтан мәйіт донорлығы өз елімізде дамыса, халық сондай операцияны елімізде жасатса екен дейміз. Шетелде қыруар қаржы тұратын ота елімізде тегін жасалады. Донорлықты дамыту үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мамандарды шетелде оқыту, тәжірибе алмасу ісі жолға қойылған. Клиникалық орталықтар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. 

– Трансплантология саласына қалай келдіңіз, осы уақытқа дейін неше науқасқа ота жасадыңыз? Сол туралы да айта отырсаңыз.

– Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жеті жыл хирургияда оқыдым. Ары қарай резидентура бөлімінде білім алдым. №12 ауруханада интернатурадан өткен болатынмын. Сол кезде көп адам бауыр циррозымен ауырып келетінін көрдім. Сол кезде «Осы науқастарды қалай құтқаруға болады?», «Неге бұлар қан құсып, өле беруі керек?» деген сұрақ мазалады. Жетінші курс оқып жүргенде Алматыға бірінші рет Беларусьтен бауыр ауыстыруға мамандар келді. Сол мамандардың операциясына қатысып, қалай жасағанын көрдім, қызықтым. Ішіндегі профессорға «Біздің еліміздегі азаматтарды неге осылай құтқармасқа? Мен сіздерге барып, осы операцияны үйренгім келеді» дедім. Бұл менің арманым еді. Сонымен, Беларуське барып, үш жыл оқып, осы мамандықты меңгеріп шықтым. Трансплантолог деген диплом алдым. 

 

Қазір он жылдан бері Шымкент қаласындағы бірінші қалалық ауруханада қызмет етіп келемін. Екі жыл бөлім меңгерушісі болдым. Қазір докторантураға түсуіме байланысты жарты ставкада жұмыс істеп жатырмын. Тәжірибе алмасу үшін шетелге барып тұрамыз. Шетелде ел азаматтарымен бірге үш жылда 300-ге жуық бауыр, 200-ге жүзге жуық бүйрек транплантациясын, ал жиырмаға жуық бес айлық балаға бауыр трансплантациясын жасадық. 

– Шет елдерде мәйіттік донор мәселесі қалай шешіледі? 

– Шетелде туыстарынан рұқсат сұрамайды. Ағзасын ала береді. Сексенінші жылдан бері трансплантация жасалатындықтан ортақ ұғым қалыптасқан, тұрғындар түсінеді. Ешбір адам қарсы болмайды. 

Мысалы, Беларусьте мәйіттік трансплантация дамыған. Он жыл бұрын үш мың адам кезекте тұрған еді. Үш ай бұрын барғанымда бұл көрсеткіш отыз жеті адам екенін көрдім. Енді қараңызшы, қанша адамға өмір сыйлады.

– Еліміздің азаматтары Egov порталы арқылы электронды түрде мәйіттік донорлыққа рұқсат бере алады немесе бас тартуына болады. Министрліктің мәліметінше, қазір нақты 6 мың қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келіскен. Сіздің ойыңызша, бұл көрсеткіш көп пе, аз ба? Жалпы, саланы дамыту үшін тағы қандай бастамалар қолға алынғаны жөн?

– Заң жүзінде туыстарының келісімі қажет емес болса, тірі кезінде адамның өзі рұқсат бергені жеткілікті болса дер едім. Осындай заң қабылданғанын қолдар едім. Біз неге дамыған елдер сияқты науқастарымызды құтқарып қалмаймыз? Мұсылман елдері ішінде мәйіттік трансплантация ең көп жасалатын ел – Иран. Мұнда жылына шамамен 580 мәйіттік трансплантация жасалынады. Ал Сауд Арабиясында бұл көрсеткіш – 300. 

 

Egov порталында пікір білдірген отандастарымыз туралы айтып жатырсыз. Әрине, оған көп адам кіріп жатқан жоқ. Сондықтан басқа да бастамалар қолға алынса деймін. Мысалы, Еуропада халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы мамандар, психологтар жұмыс істейді. Олар көлік жүргізушілерінен «Жол-көлік оқиғасына тап болған жағдайда ағзаңызды беруге дайынсыз ба?» деп сұрайды. Егер келісім берсе, құжатында «Донор» деп жазылып тұрады. Елімізде осындай жұмыс атқарылса, трансплантация саласының дамуына үлес қосар еді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына күніне шамамен 200 адам келеді. Оның кемінде жүзімен сөйлескенде, оны келісім береді. 

– Дегенмен жұмыс барысында мәйіттік донорлыққа келісім беретін азаматттар бар шығар...

– Шымкент қаласында мұндай жағдай болды. Мәйіттік транплантация жасадық. Өзінің туған бауыры инсульттен қайтыс болып жатқан кезде ағасы транплантация жасауға келісім берді. Ол кісі төрт рет инсульт алған. Оның ағзасы Арыс қаласының тұрғынына сай келді. Қазір жағдайы жақсы.

– Қазір мәйіттік донорлыққа қатысты тақырып қызу талқыланып, түрлі пікір айтылып жатыр. Оның ішінде, «Егер заңға өзгеріс енгізілсе, елде ағза сату ісі өршіп, қылмыс көбейеді» деген де пікірлер бар. Бұған не айтар едіңіз?

– Біріншіден, мәйіттік трансплантацияны құқықтық органдар қадағалайды. Заңды түрде құқық, прокуратура саласынан  комиссия тексеріс жүргізеді. Содан соң ми өлімі диагнозы қойылғаннан кейін мәйіттік донор болады. Екіншіден, оның арнайы кординаттары бар. Ми өлімін дәлелдейтін болса, ешкімнің басы екеу емес, ешқандай адам ондай әрекетке бара алмайды. Қазір компьютердің заманы. Онда кімге жасау керек, не істеу керек, бәрі тұр. Сол операцияны ғана жасаймыз. 

Шетелге орган қалай сатылады? Бұл – ақылға қонымсыз ақпарат. Шетелде ағза сатылып жатса, Қазақстан азаматтары сатылып алар еді. Неге сатып алмайды? Мысалы, жүректі алатын болсақ, ол 3 сағаттан кейін жарамайды. Ал бауыр 5-6 сағаттан артық уақыттан соң жарамсыз. Сондықтан ми өлімі тіркелгенде жүректі үш сағатта,  ал бауырды  бес сағатта реципиентке салып үлгеру керек. Науқас жанында жатады. Бұл жағдайды басынан өткергендер жақсы түсінеді.  

Қоғамда түрлі пікір болатыны анық. Тұрғындарды кінәлауға болмайды. Бұл сала бізге он жыл бұрын ғана келгендіктен әлі дұрыс ақпарат жетпей жатады. Сондықтан түсіндіру жұмысын жан-жақты жүргізу керек. Сонда ғана дұрыс ұғым қалыптасып, мәселе реттеледі деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!