Тұрмағамбет ауылындағы мектеп жанында «Сыр елі – жыр елі» атты музей бар. Жүз ақын туған ауылдың тарихымен осы жерде танысуға болады. Ұлттық өнерге қатысты жүздеген жәдігер отыз жылдан бері осында жинақталып, кейінгі буынның назарына ұсынылады. Соның ең құндысы – Фирдаусидің «Шахнама» дастанының аудармасы.
– Тұрмағамбет ақын репрессияға ұшырағаннан кейін бұл кітап «Шахнаманы» жұбайы Биға әжеміз сақтап, оны жер астына көміп, бізге дейін осылай жеткізген екен. Бізге бірінші көшірмесі берілген. Бірінші кітабы – «Жәмшитнама», екінші кітабы «Дарапнама» деп аталады. Оны Тұрмағамбет ақынның баласы өз қолымен берген болатын, – дейді музей меңгерушісі Айымжан Бектасова.
65 жыл бойы сақталған бұл баға жетпес мұраны облыстық сирек кітаптар қорына бірнеше рет сұратқан. Бірақ ауыл үлкендері ұлы шайырдың туған жерінде көне кітабы болу керек деп шешкен. Ғылыми ізденістеріне мәлімет алу үшін кейбір ғалымдар Тұрмағамбет ауылын іздеп те келеді. Мыңдаған жолдан тұратын бұл әйгілі шығарманың қазір аудио нұсқасы да бар. Дегенмен ең алғашқы көшірмесі 1959 жылы баспадан шыққан екен. Мамандардың айтуынша, Тұрмағамбет Ізтілеуов 30 жыл бойы жазылған осы «Шахнаманы» небәрі бір жылдың ішінде аударып шыққан.
Мұражайда алғаш баспадан шыққан кітаптан бөлек, ақынның шапаны, көзілдірігі, сиясауыты мен кездігі де бар. Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаздар сөз шеберінің тұтынған бұйымдар мен рухани мұрасы ауыл жастарына шабыт береді. Ақын Тұрмағамбеттің қазір бізге жеткен жәдігер ретінде де, артында қалдырған өзінің рухани байлығы ретінде де ұрпақтары оның жырларымен сусындап өсетіні анық. Тұрмағамбет ауылында текті өнерді жалғастырушы жастар көп. Ақын атымен аталатын мектепте 349 бала білім алса, соның 170-і қос ішекті аспаптың құлағында ойнайды екен. Жыршылық өнер – өміршең қазына деген осы болар.
С. БЕГІМБАЕВА